30-10-23 |
1510 рет қаралған
Лакшми Митталға халықаралық іздеу жариялау ұсынылды.
Лакшми Митталға халықаралық іздеу жариялау ұсынылды

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов Қарағандыдағы жарлысқа қатысты ойымен бөлісті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Костенко шахтаcында кеншілердің қаза болуына байланысты кеше жалпыұлттық аза тұту күні болды. Осы жолы билік бірден назар аударып, мәселені тез реттеуге тырысқандай көрінді. Апат жайлы хабар тарағанына 3 сағат өтер-өтпестен соң Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал» иелерімен комбинатты қайтару жөнінде мәмілеге келгенін жариялады. Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев олармен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бірақ биліктің бұл «жедел» әрекеті қайғы жұтқан ел-жұртты жұбатпайды да, құлазыған көңілге сенім ұялатпайды да. Апат пен активтерді қайтару арасында қандай байланыс бар? Ондаған адамның өмірін қиған трагедияны тек сол мүлікті қайта бөлісуге сылтау еткен боп көрінеді – деді ол.

«Қарметтің» мемлекет меншігіне қайта оралғанына көпшілік риза болған шығар.

Бірақ бұл жерде де аталмыш мәміленің шарттары туралы жұртшылық хабарсыз екеніне назар аударғым келеді. Бұрыңғы иесі мемлекетке қандай да бір өтемақы төлей ме, әлде, керісінше, оған төлене ме? Үкімет ол туралы үн қатпады. Кезінде су тегінге алған дүниені Лакшми Миттал қайтарды делік. Сонда ол осымен ғана құтылып кеткені ме, билік шынымен де осыншалық ғана материалдық жазамен шектеп қоя бермек пе? Ынтымақтастықты жәй ғана тоқтатқанның орнына неге Митталды және қатысты адамдардың бәрін Қазақстанға алдыртып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді соттамасқа? Билік не, оларды келмей қояды деп қорқа ма? Олай болса, оларға халықаралық іздеу жарияласын. Тіпті болмағанда халықаралық заң орындарына жүгінсін, жүздеген қаза болғандардың, мыңдаған денсауылығын жоғалтқандардың құнын сұрасын, содан барып зауытты қайтарсын, басқа тыйым салсын. Бірақ осының бәрі «активтер қайтару» науқаны аясында емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту шеңберінде мүлікті тәркілеу арқылы жүзеге асуы керек – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Әрине, тергеу мен сот процесі жүрген кезде қайғылы жағдайға ұшараған және еңбек қауіпсіздігі сақталмаған барлық кәсіпорындар тоқтатылып, олардың жұмысшыларына жалақы, жәрдемақы және қосымша төлемдер кінәлілер есебінен төленуі тиіс.

Ең бастысы – «АрселорМитталТеміртауда» осы уақытқа дейін қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына толық компенсация талап ету қажет. Осындай экологиялық және техногендік апаттар кезінде сол Миттал тұратын Үндістан немесе Ұлыбритания үкіметтері компаниялардан қаншама миллиардтаған доллар талап ететінін білеміз. Біздің де отандастарымызға тиісті өтемақыны төлеуге оның капиталы толығымен жетер. Жылдар бойы Митталға қараған өндіріс орындарында апаттардың жиі болғанның өзі бөлек және үлкен бір әңгіме. Осыдан екі-үш ай алдында ғана Қарағандыдағы тағы бір шахтада 5 кенші қаза тапты. Сонда тиісті мемлекеттік органдардың шахталарды тоқтатпағаны, еңбек қауіпсіздігінің тексермегені, ешкімді жауапқа тартпағаны таң қалдырады. Егер сол тамыз айында біздің құқық қорғау органдары жауапкершілік пен табандылық танытса, қазіргі үлкен трагедияға ұшырар ма едік? Енді келіп, Төтенше жағдайлар министрі осы бір шахтаның өзінде ғана 212 заң бұзушылық фактілер анықталғанын мойындап отыр. Ондай болса, неге оларға кезінде жұмыстауға рұқсат берілді? Неліктен сол министр үнсіз қалды, неге сол тексерулердің нәтижесіне прокуратура да, үкімет те, Қауіпсіздік кеңесі де назар аудармады? Егер осы трагедиядан сабақ шығармасақ, шахталарының қожайыны кім болғанына қарамастан кеншілердің өмірі қиыла береді – дейді ол.

Arasha.kz

ФОТО: ulysmedia.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.