19-05-20 |
1310 рет қаралған
Ер Бейсен.
Ер Бейсен

Эссе

Уайымы – өзгенің дерті, қайғысы – қазақтың шері еді. Бойында басқаның азап-мехнатын өз бейнетіндей көрген таң-тамаша қасиет бар-тұғын. Біреудің сырқатын естіп-біліп, тыңдап тұрғанда, өз тәні қиналып жатқандай жаны ауыратын. Көз жанарында – жас, кейде мұң, кейде қуаныш.

Бөтенді туысындай көрді, жатты – жалғызындай. Елдің мұңына – ердің ері, егеудің сынығы. Жүгін көтерді, жүрегін тосты.

Отқа түскенді қолдады, суға батқанды құтқарды. Шатасқанға жөн айтты, адасқанға бағыт-бағдар сілтеді. Қорғансызды қорғады, панасызды бауырына басты.
Көзінде – нұр, жүзінде – сәуле. Жұрт хабарына қолы жеткенде, жұмаққа жолы түскендей қуанды. Оны құтқарушыдай қабылдады, алайда ол – бар болғаны кісі еді, жай емес, кісілікті кісі еді.

Қазақты бөлмеді, жіктемеді, тең көрді, бірдей көмектесті. Жұрт мәселесін үйіп-төкті. Ол халық үмітін арқалағанды бақытындай білді. Алаш баласы арқа сүйеді, мәселесін үйгеннің үстіне үйді. Үйілген мәселе бел қайыстырған тауға айналды. Өзі тау көтерген Толағайға айналды.

Пейіліне, ниетіне Құдай тағала қуат берді. Ауырды жүктеді, алысты еңсерді. Құлаған жоқ. Сүрінбеді, жығылмады. Жақсы адамның жауы да жоқ екен, аяқтан шалған аяр пенде де болған жоқ. Ол қырдан қалаға келген Энкиду тәрізді жақсылық үшін күресті.

Елім деп от кешті, мұз жастанды.
Кешкен от ішіне түсіп кетті.

Енді оның өзін құтқару керек еді. Шүкір, алдында ер-азамат, артында елі бар екен.
Ішіне шоқ түсті. Күресті. Айқасты. Өрт сөнген жоқ. Одан сайын өртенді. Жанды.
Ізгіліктің жарқырап ізі қалды. Ізінде жасаған жақсылықтары жазулы еді. Енді оны біз оқитын боламыз. Өшпейтін із, өртенбейтін қолжазба.

Құдайдың тағы бір сынағы.
Тәңірі жақсыны да берді, жаманды да көрсетті.
Көтерді. Артық ауыз сөз айтқан жоқ, алысты, бірақ, берілмеді, арпалысты, алайда сынбады. Қуанышты да, қайғыны да көтере білді. Даңқтан да, науқастан да есі кеткен жоқ.

Тас тілді, тау қопарды, бірақ, әр нәрсенің өз өлшемі бар екен. Көтерген тау сан ұрпаққа жүк болар – тау. Өзі де таумен алысып тауға айналды.
Таудай жігіт. Төмпешік емес, тау көтерген Толағайдай жатыр.

Ер Бейсен!
Елі үшін туған ер Бейсен!

 

Дидар Амантай, жазушы

19.05.2020

Дереккөз: teledidar.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.