21-03-19 |
3430 рет қаралған
Бала сүйгім келеді: жасанды ұрықтандырудың жолдары.
Бала сүйгім келеді: жасанды ұрықтандырудың жолдары

Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 20% бала сүю мүмкіндігінен айрылған. Дәрігерлер мұндай тенденция бүкіл әлемде байқалады дейді. Мәліметтерге сүйенсек, қазір әлемде бедеуліктің жиілігі орта есеппен 15%. Оның себебі экологияның бұзылуы, адамдардың салауатты өмір салтын ұстанбауы мен суық тиюден екен. Мамандардың айтуынша, бедеулікке шалдыққан 50% әйелдер болса, қалған 50% ерлер. Сондықтан қазіргі уақытта медицинаның жетістігі болып саналатын экстракорпоралды ұрықтандырудың (ЭКО) маңыздылығы зор.

Елімізде экстракорпоральды ұрықтандыруға 2010 жылдан бері квота беріліп келеді. Қазіргі уақытта жасанды ұрықтандыруға кезекте тұрғандар саны 15 мыңға жуық. Экстракорпоралды ұрықтандырудың мемлекеттік квотасына кезекке 18-48 жас аралығындағы әйелдер тұра алады. Алайда мамандар үйленгеннен кейін жұптар 2-3 жылдың ішінде балалы бола алмаса, уақыт создырмай кезекке тұрғандары дұрыс дейді. Себебі елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасатқысы келетін әр әйел шамамен 4 жылға дейін кезекте тұрады. Сонымен бірге әйелдің жасы өткен сайын оның ЭКҰ арқылы бала көтеруге мүмкіндігі азая береді.

Бір жасар егіз балалардың анасы Баян Құмарқызы ЭКҰ кезегінде екі жыл тұрған. Ол кезекке қалай тұрғанын бізге әңгімелеп берді.

-«Мен ЭКҰ-ны Төле би-Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысындағы Репрадуктивті медицина институтына жасаттым. Олар жекеменшік болғанымен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Бірақ олардың өз талаптары бар екен, барлық адамға жасай бермейді. Бала табуға қабілетің бар ма, жоқ па анықтайтын гармонды талдамалар мен бедеулікті растайтын құрсақ түтігінің рентген нәтижесін талап етті, сосын өзім тіркеуде тұрған емханадан жолдама да апардым. Ол жерде репродуктолог-дәрігерге кірдім. Ол барлық құжаттарымды тексеріп, «біздің барлық талаптарымызға сәйкес келеді, мемлекет ақша бөлсе, біз бұл адамға ЭКҰ жасауға дайынбыз» деген мазмұндағы хаттама толтырды. Содан ол хаттаманы алып, тіркеуде тұрған емханама бардым. Ол жерде тапсыру керек анализдер тізімін берді. Олардың барлығын тапсырып, емханадағы дәрігеріме бердім. Ол менің денсаулығыма байланысты құжаттарымды Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына апарып, ЭКҰ-ға кезекке қойды. Арасында барып, кезегім туралы мәліметтер біліп тұрдым».

-ЭКҰ-дағы кезегіңді электронды үкімет арқылы білуге бола ма?

– Жоқ. Оны тек қана қалалық денсаулық сақтау департаментіне барып білесің. Егер сенің кезегің келсе, ол жылдың басында белгілі болады. Мұны емханадағы дәрігерің өзі хабарласып айтады. Содан кейін ЭКҰ орталығына барып, барлық талдамаларды қайта тапсырып, қайта хаттама алдым. Себебі сен кезек күтіп жүрген уақыт ішінде денсаулығың өзгеріп кетуі мүмкін. Олардың хаттамасын алып емханаңа қайта барғанда, емханадағылар бұрынғыдан да көп анализдер тапсыруыңды талап етеді. Гармондарыңды, қаныңды тексереді, ағзаңда инфекция бар-жоғын да қарайды. Сосын денсаулығыңа қатысты барлық құжаттарды жинап, мөр басып, ЭКҰ орталығына жібереді.

Одан кейін сені ЭКҰ-ға дайындау кезеңі жүреді. Дәрігерлер саған гармонды күшейтетін екпелер салады. Егер сен ЭКҰ-ны ақылай жасатсаң ол дәрілер тым қымбат. Ал мемлекеттен квота алғандарға тегін. Бұл екпелерді бір күн кешікпей дер уақытында жасатып отыру маңызды.

Одан кейін наркоз арқылы сенен клетка алады. Ол клетканы жұбайыңдікімен қосып, үш-бес күндей күтеді. Сосын одан алған эмбрионды әйелге салды. Сөйтіп, мемлекеттің саған бөлген квотасы аяқталады. Ары қарай өзің күтініп, тіркеуің бойынша емханаға барып қаралып жүресің. Жүктілік табиғи жолмен бала көтергендердікі сияқты өтеді», – дейді жас ана.

Баян Құмарқызы тұрмыс құрғаннан бастап, он жыл уақыт көлемінде бала көтере алмаған. Сұхбаттасымыздан не үшін ЭКҰ жасатуға кеш барғандығын сұрағанымызда, ол бұған дейін ЭКҰ кезегіне тұруға емханадан рұқсат бермегенін, себебі бала көтеруге әлі де денсаулығы жарайды деп айтқан. Бірақ жатырдан тыс жүктіліктің салдарынан операция жасатып, кейін өздігінен бала көтеру мүмкіндігінен айырылған.

Келесі кейіпкеріміз Майра Дәлелхан да экстракорпоралды ұрықтандыруға екі жыл бұрын жүгінген, қазір бір жастағы баласы бар. Майра ханым ЭКҰ-ны ақылы жасатқан. Алайда бастабында мемлекеттік квотамен жасату ниеті болғанын айтты:

«Мемлекеттен квота алу үшін құжаттар жинап, өткіздім. Жергілікті емханада міне, жауабы келеді, әне келеді деп созбақтап жүріп, жарты жыл уақыт жоғалттым. Кейін көп күтпей әрекетке көшейік деп шештік», -дейді Майра Дәлелхан.

– ЭКҰ-ны ақылай жасатқандар мен тегін жасатқандар арасында емхананың қызмет көрсетуінде айырмашылық бар ма?

– Ақылай жасатқанның тегін жасатқаннан ешқандай артықшылығы жоқ. Басқалар сияқты кезек күтеміз. Бәрімізге дәрігерлер теңдей қарайды. Бір кемшін тұсы бар, мысалы менде бірінші рет болмай қалды. Ондай жағдайда ақшаң қайтарылмайды әрі ЭКҰ жасайтын маман да балалы болатындығыңа 100% кепілдік бере алмайды. Мысалы, мен барғанда бір миллион теңге деді. Оның 450 мыңы клиниканың жұмысы үшін, қалған қаражат дәріханадағы дәрі-дәрмек үшін. Бірінші рет 8 ұрықтанды, оның төртеуі жарамды деді, екеуін салды, қалған екеуін тоңазытқышқа сақтайтын болды. Ұрықты тоңазытқышқа сақтау үшін 100 мың теңге төледік. Әр ай сайын сақтайтын мерзіміне қарай 3000 теңге төлейсің. Бірінші салған ұрықтар құрсақты жатсынды, екінші рет жасатқанда тоңазытқышқа сақтап қойған екі ұрықты салды. Оның біреуі сәтті шықты» -деді Майра ханым.

– Сіз екі рет жасатып, екі миллион теңге жұмсадыңыз ғой? Бұдан бөлек шығындар болды ма?

– «Барлығын есептегенде екі миллионға жуық ақша кетті. Сосын әр Ультра дыбыстық зерттеу (УЗИ) ақылы болды. Мен өзім ЭКҰ жасатқан жерге тіркеуге тұрдым. Ол жерге тіркеуге тұру үшін 200 мың теңге төледім. Бұл бағаның ішіне Ультра дыбыстық зерттеу (УЗИ), қан, зәр талдамалары кіреді. Сосын, босанғанға дейін сол мекеменің дәрігерлері өздері қадағалап отырды. Мен өзім ақылы палатада босанғандықтан, перзентханаға 300 мың теңге төледім. Жалпы алғанда осындай шығындар кетеді. Есесіне қазір маңдайы торсықтай бір жастағы ұлым бар. Құдайға тәуба деп отырмын. Себебі, әуелі Алла, сосын қазіргі заманғы медицинаның арқасында бала сүю бақытына ие болдым. Бұдан асқан қандай бақыт керек! Әйтпесе алты жыл бала көтере алмай, бір перзентке зар болып жүрген едік» -деп тебіренді жас ана.

Бүгінде Қазақстанда ЭКҰ -ға арналған 22 орталық жұмыс істейді, оның 17-і жекеменшік екен.

Акушерлік гинекология-перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Досалықызының айтуынша, қазіргі кезде медицина ғылымы қарқынды дамып, көптеген жұптарға бала сүю мүмкіндігін беріп отыр.

– «Мемлекетіміз тегін жасанды ұрықтандыруға көп қаражат бөліп отыр. 2018 жылы 900 квоталық бағдарлама жүргізілді. Егер бір бағдарлама 800 мың теңге екенін ескерсек, бұл қыруар ақша. Мемлекет қаржыландыратын осындай бағдарламалардың арқасында 2000 –дай бала дүниеге келді» -дейді Д.Досалықызы.

Биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова дүниеге дені сау бала әкелу үшін ата-анасы денсаулығын мұқият қадағалау керек екенін ескертеді.

Қазір бедеулікке шалдыққан әйелдер тек жасанды жолмен балалы болуды ғана көздейді. Баланың дені сау болып туылуы жайлы ойламайды. Экстракорпоралдық ұрықтандырудан бұрын генетика жоғары тұруы керек. Болашақта жасанды жолмен ұрықтандыруға тек бедеулікке шалдыққан аналар ғана емес, дені сау ата-аналар да жүгінетін болады. Өйткені, дүние жүзінде 10 мыңға жуық генетикалық ауру бар. Бәріміздің айналамызда осындай ауруға шалдыққан бір-бір танысымыз бар. Олардың бәрі дені сау адамнан туды. Бірақ бойларында ауру гендер бар. Соны эмбрион жасап, эмбрионнан генетикалық талдау жасау арқылы дені сау баланы өмірге әкелу жайлы мәселе қозғалып жатыр. Қазір бұл әдіс дамыған мемлекеттерде, әсіресе Америкада іске асып жатыр», – дейді Салтанат Байқошқарова.

Мамандардың айтуынша, ЭКҰ бағдарламасымен кезекке тұру үшін алдымен тұрақты тұрғылықты жеріңіз бойынша емханадағы салалық маманға тіркелуіңіз керек. ЭКҰ квотасын емдеуге келмейтін бедеулік немесе ЭКҰ көмегімен бедеуліктен құтылуға болатын жағдайда алуға болады. ЭКҰ жасатуға квотаға жолдама репродуктивті жастағы, дұрыс саматикалық, эндокринді статустағы сондай-ақ дұрыс овариалды резервті әйелдерге беріледі. Алайда белгілі бір дімкәстігі бар адамдарға жолдама берілмейді. Оған әйел жатыры, аналық без ісігі, қатерлі ісіктер (рак), эмбриондарды импланттау мүмкін болмайтындай немесе бала көтеру мүмкіндігі жоқ жатырдағы басқа проблемалар, ағзадағы кез келген ауыр қабынулар, бала көтеру және босануға қарсы көрсетілімі бар соматикалық және психикалық аурулар, овариалды резервтің төмендігі жатады.

Балжан Жеңісқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.