04-02-20 |
1950 рет қаралған
Қазақстанда АЭС салына ма?.
Қазақстанда АЭС салына ма?

Қазақстанда АЭС салу ұзақ жылдан бері сөз болып келеді. Әрегідік көтеріліп, қызу талқыға түсетін АЭС мәселесіне қоғам қарсы деуге болады. Алайда Қазақстан билігі АЭС салу туралы ойдан түпкілікті бас тартқан жоқ. Мәселен, Қазақстанда АЭС салу мәселесі былтыр тағы да көтерілді. Наурызда билік ауысып, екінші президент болған Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыры жылы сәуір айында Ресей Федерациясына сапармен барды. Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Сол кездесуде Путин Қазақстан атом электр станциясын орыс технологиясымен салсақ, сөйтіп екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерсек деп ұсыныс айтты. Путиннің бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланды.

АЭС қайда салынуы мүмкін?

Путиннің Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігі туралы ұсынысы әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан кезде Қазақстан билігі АЭС салынатын орынды таңдап қойғаны да белгілі болды. Былтыры, сол кездегі энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда АЭС салатын екі бірдей жер белгіленіп қойылғанын мәлімдеді. Вице-министрдің бұл сөзі онсыз да қызу талқыланып жатқан АЭС тақырыбына май құйғандай болды. Мырзағалиевтің сөзінше, АЭС салуға Алматы облысына қарасты Үлкен деп аталатын ауыл мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Курчатов қаласы көзделген. Биліктің бұл әрекеті Қазақстанда АЭС салыну мәселесінің ел ішіндегі талқысын одан әрі күшейтіп жіберді.

АЭС салу: Қазақстан Ресейге не деді?

Сонымен былтыры көктемде үлкен қоғамдық қызу талқыға түсіп, ел ішінде алаңдаушылық туғызған Қазақстанда АЭС-тің салынуына қатысты әңгімеге үкімет, нақты айтқанда энергетика министрлігі арнайы, ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Ол кезде энергетика министрі Қанат Бозымбаев болатын.

Мәлімдемеде «Қазақстанда АЭС салуға ресми шешім қабылданатын болса, онда халықтың пікірі міндетті түрде ескеріліп, қоғамдық тыңдаулар өтетіні және қазір АЭС салу туралы шешім жасалмағаны» айтылды. Алайда, дәл сол мәлімдемеде «2030 жылға қарай Қазақстанда энергетика тапшылығы болатынын, сол тапшылықты жою мақсатында АЭС салу проблеманы шешудің бір жолы ретінде қарастырылып келе жатқаны да» сөз болған. Соған қарамастан осы мәлімдемеден соң, Қазақстанда АЭС салу дейтін даудың талқылануы саябырсыды.

АЭС салынат болса, халықтың пікірі ескеріле ме?

Былтыры сәуір айында Ресейге сапарлап келген соң, президент Тоқаев Семейге сапарлады. Сол сапарында Қазақстан АЭС салу мәселесіне де тоқталып, «Елдің пікірімен санаспай, ондай ерекше маңызды мәселе туралы шешім қабылданбайтынын, шешім тек халықтың ой-пікірінің негізінде ғана болатынын» мәлім етті.

Президенттің мұндай ойын қостаған сөзді сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаев та айтқан еді.

Президент Семейге барып, жоғарыдағыдай тыныштандыратын сөз айтқан соң, іле Қанат Бозымбаев та сондай лепесте комментарий жасады. Ол өз сөзінде халықтың жадында Семей полигонының зардаптары терең із қалдырғандықтан ел атом электр станциясы дегенде үрке қарайды. Сондықтан түпкілікті шешім қабылданбаған дүниеге бола босқа дауырығып, байбалам салудың қажеті жоқ. АЭС салу шешімінде халық пікіріне билік құлақ асады, онсыз шешім қабылданбайды деп, ел ішін тыныштандыруға тырысты. Сөйтіп, АЭС салыну, салынбау мәселесінде билік тағы да халықтың наразылығынан қаймығып, екіұшты күйде АЭС тақырыбын тұйықтап қойды. Бірақ бұл Қазақстанда АЭС салу мәселесі енді қайтып көтерілмейді дегенді білдірмейді.

Қазақстан АЭС салу бойынша тендер өткізді ме?

Әлбетте, билік Қазақстанда АЭС салу бойынша тендер жарияланғанын ресми түрде мәлімдеген жоқ. Алайда, сондай тендер болғанын шетел ақпарат агенттіктері жариялады. Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power деп аталатын мемлекеттік корпорациясы 29 мамырда Қазақстанда АЭС салу бойынша тендерге өтініш бергенін сол елдің ақпарат агенттіктері жариялап кеп жіберді. АЭС тақырыбының онсыз да «қызуы» көтеріліп тұрғанда бұл тіпті шоқты үрлегендей әсер етті. Оның үстіне Оңтүстік Корея баспасөзі Қазақстан жариялаған АЭС салуға қатысты тендерге Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Қытай, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея компаниялары қатысып жатқанын да мәлім етті. Яғни, Қазақстан алты елдің ішінен АЭС салатын компанияны таңдап алады. Бұл ақпаратқа қарағанда, елде АЭС салуға тендер жарияланып қойған болып тұр. Жарияланбаған тендерге Оңтүстік Корея компаниясы қатыса алмайтыны бесенеден белгілі. Ал «АЭС салуда халықтың пікірімен санасамыз» деп бірнеше рет қайталап мәлімдеген билік АЭС салуға тендер жарияланғанын неге жасырып қалғаны түсініксіз. Қоғамның қорқынышы да биліктің әрекеттері болса керек. Егер шетел баспасөзінде АЭС ке қатысты тендер жарияланғаны айтылмаған да оны халық ешқашан білмей қалуы да мүмкін еді. Бұл өз кезегінде биліктің АЭС салуға қатысты жоспарын халыққа толық айтпай отыр деген ойға жетелейді.

АЭС салу мәселесі жабыла ма?

Қазақстанда АЭС салу тоқсаныншы жылдардан бастап әрегідік сөз болып келеді. Семей полигоны сынды алапат зұлымдықтан өте ауыр зардап шеккен қазақ халқы АЭС салу дейтін әңгіме көтеріле қалса, өре түрегеліп қарсы шығады. Бірақ билік АЭС салсақ дейтін ойын жасырынған емес, оның тоқсаныншы жылдардан бері араға уақыт салып қайта-қайта көтеріліп тұруының өзі соның айғағы деуге болады. Тіпті АЭС салуға жер белгіленгенінің өзі көп нәрседен хабар береді. Демек АЭС салу мәселесі уақытша ғана тоқтады деуге болар. Ол алда тағы да көтерілуі мүмкін. Бір қызығы, АЭС салуға жер таңдап, тендер жариялап жүрген билік АЭС-тің орнына жел, күн энергиясын дамытуға қатысты ешбір ұсыныс айтпайды, керек десеңіз, ондай қуат көздері туралы әңгіме де қозғамайды. Осы жерде Қазақстан билігі неге жел, күн энергиясын емес, атом электр станциясын салуға ғана жабысып отыр деген заңды сұрақ туады. Ал бұл сұрақтың әзірге жауабы жоқ.

Айтпақшы, Қазақстан билігі 2017 жылы «Болашақ энергиясы» деген атпен миллиардтаған бюджет ақшасын шашып, ЭКСПО өткізегені мәлім. Ал «Болашақ энергиясы» яғни жасыл энергия дегеніңіз күн, жел яғни табиғи энергия көздері. Осында ұран көтерген Қазақстан билігі АЭС салғысы келетіні биліктің өте түсініксіз психологиясынан ептеп хабар беретіндей.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.