16-08-20 |
530 рет қаралған
Алтынай Мұсабекова: «Оңалту орталықтары ашылса екен».
Алтынай Мұсабекова: «Оңалту орталықтары ашылса екен»

Шымкенттен Майбұлақ ауылына екі сағатта жеттік. Майбұлақ Бәйдібек ауданына қарайды. Бұл ауылдан Алтынай Мұсабекованы іздеп келеміз. Оған дүние есігін ашқаннан соң туабітті сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Карантинге дейін әр үш ай сайын арнайы жолдамамен Шымкентке келіп Оңалту орталығында айға жуық ем қабылдайтын. Тағдырлас, мұңдас достарымен бас қосып, сыр бөлісетін. Енді, міне, олардың жүзін көрмегелі жарты жылға жуықтады, емі де тоқтады.

Алтынай бала кезінен еңбектеп жүреді. Тілі күрмеліп, дұрыстап сөйлей де алмайды. Бала көңіл 2018 жылы Көксәйектегі арнаулы мектеп-интернатының 9 сыныбын бітірген соң, оқуға түсуді армандаған. Алайда, денсаулықтың болмауы оның оқып, білім алуына да кедергі болды. Ал өзімен қатарлас өзге қыз-жігіттер оқуға түсіп, асқақ арманның жетегімен үлкен өмірге құсша самғап кете барады. Ауылда жалғыз өзі қалып қойғандай күй кешкен жасөспірімнің өміріндегі ең қиын кезең осы кезде басталады.

«Қоғамнан шеттетіліп қалғандай, көңілім алай-дүлей құлазып, айналаммен араласпай, мінезім тұйықталып, өмірден баз кештім. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, басыма осындай тағдыр берілген екен. Көніп, қабылдамасыма шарам қалмады. Қашанғы өмірден түңіліп, бір шеңбердің ішінде отыра бермекпін?! Күндердің күнінде ата-анам «сәл-пәл алдансын» деді ме, смартфон сатып алып берді. Сөйтіп әлеуметтік желілерге кіре бастадым. Фейсбукты меңгеріп алдым.

Аудандық жастар орталығының басшысы Асыл Абжалов менің фейсбуктегі жазған жазбаларымды байқап жүрсе керек. Бір күні хабарласып «сіздің үйіңізге барып, жағдайыңызбен толық танысып қайтсақ болады ма?» деп сұрады. Мен, әрине, келісім бердім. Олар үйге келіп, бар жағдайды көріп-білген соң:

Сіздің қолыңыздан қандай іс келеді? – деді.

Тігін тігіп үйренгім келеді, – дедім. «Осы диалог болғаннан көп уақыт өтпей, Жастар орталығы маған тігін машинасын сыйлады. Сосын аудандық мәдени іс-шараларға шақырып жүрді. Қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалғым келмейтін. Кей кездерде дайын көлік болмай қалғанда, аталған орталықтың қызметкерлері үйден алып кетіп, қайта әкеліп тастайтын. 2017 жылы Асыл ағамыз және аудандық «Асқар тау» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер, көптеген қайырымдылық іс-шаралардың демеушісі болып жүрген Асқар Кенехан, сондай-ақ, өзге де аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен ауданымыздан 25 мүмкіндігі шектеулі азаматы «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне қатысып қайттық».

Бұл оған сілкініс болып, оның өмірге деген құштарлығын оятты. Ол енді аудандағы мәдени іс -шараларға белсене қатысатын ерікті боп шыға келді. Көптеген жастармен танысып, достар табады. Сөйтіп жүргенде 2017 жылы «Ең үздік ерікті» номинациясымен марапатталады. Кезінде оқуға түсе алмай, күйзеліске түсіп, күңіренген күндер артта қалғандай.

Ол мүмкіндігі шектеулі болса да, тігін тігеді, қолөнермен айналысады. Биссермен түрлі бұйымдар жасайды.

Алайда, коронавирус пандемиясы Алтынай сияқты денсаулығы сыр берсе де, өмірді шексіз сүйе түскен жандарды да тығырыққа тіреп қойғандай. Ол әр үш ай сайын Оңалту орталығына барып, бір айдай физотерапия, массаж, парофин қабылдайтын. Елімізде карантин басталған соң 3-4 ай ақылы емханада ем қабылдайды. «Бір күнге бес мың теңге төледік, ақшам таусылған соң ауылға келдім», – дейді шарасыз халге түскен ол.

Ал ауылда ерекше күтімді қажет ететін оған ешқандай жағдай жоқ.

«Шипажайларға барғым келеді. Ондай жерге өмірімде барып көрмеппін. Үй кезегіне тұрып, өзімнің жүріп-тұруыма ыңғайлы үй алсам деймін. Қазір ауылда әжетханада далада, кіріп-шығу қиын. Карантинде кітап оқыдым, ютубтан пайдалы дүние көрейік десек, сеть жоқ. Ауылда теле 2 мүлдем ұстамайды, билайн сәл ғана ұстайды. Інім де мен секілді диагнозбен ауырады. Оның жасы 16-да. Ал әпкемнің қызы, яғни сіңлім Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектептің 4-сыныбында оқиды.

«Балапаннан» суретке түсіріп аламыз, тапсырманы орындап апайға уатсаппен жібереміз. Сеть терезенің жанында жақсы ұстағандықтан, бәріміз қонақ бөлменің терезесінің алдын бермейміз. Оңалту орталығында мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын. Музейге, саябақтар мен демалыс орындарына апаратын. Қазір бәрі онлайн боп жатыр. Үйде, төрт қабырғаға қамалып отыру, ем қабылдамау, психологиялық тұрғыда өте қиын, ашуланшақ бола бастайсың, өзіңді ешкімге керексіз сезінесің, – дейді ішіндегісін ақтарғысы келген кейіпкеріміз.

Алтынайдың айтуынша, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын инватакси деген атымен жоқ. Бір жаққа жұмыспен барайын десе, ауылдан көлік шықпай қалатын кездер болады. Таксидің бағасы Шаянға дейін – 300, Шымкентке дейін – 1000 теңге екен.

 

Алтынайдың бір ғана тілегі бар. «Адам көп жиналатын базарлар мен спорттық кешендер, мәдени орталықтар, саябақтар мен сұлулық салондарының жұмысының басталуына рұқсат етілді. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнаулы әлеуметтік білім алу интернаттары мен оңалту орталықтарының жұмысына тыйым салынып отыр. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шектеп тастағанмен бірдей. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы күтім жасалып, денсаулығына байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, оңалту орталықтарына барып емделіп тұруы керек. Одан кейін олар да білім алуы қажет қой. Ал үйде ата-анасы мұндай ерекше балалардың қажеттілігіне сай білім бере алмайды. Мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттары мен оңалту орталықтарынын өз жұмысын басталуына рұқсат беруін сұраймын. Бұндай балалар қоғамнан шет қалмауы тиіс!» – дейді ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.