Біз
әлеуметтік
желіде
13-06-25 |
320 рет қаралған
АСТАНАДА ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ.
АСТАНАДА ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астанада еліміздің денсаулық сақтау саласының үздік өкілдерін мемлекеттік және салалық марапаттармен марапаттау рәсімі өтті.

Жалпы 68 медицина саласының қызметкері «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Дәрігерлер, медбикелер, фармацевтер және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да мамандары кәсіби шеберлігі, жанқиярлығы мен мамандығына адалдығы үшін марапатталды.

Салтанатты шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін біз Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің ең таңдаулы өкілдерін – «Кәсібінің үздігі» байқауының жеңімпаздарын марапаттап отырмыз. Бұл жандар күн сайын адам өмірін құтқарып, денсаулығын қалпына келтіріп, жоғары кәсібилікті және өз ісіне адалдықты көрсетіп жүр. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, халыққа көрсеткен қызметтері үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін», – деді Ермек Қошербаев.

Бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 378 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде 271 мыңнан астамы – медицина қызметкерлері, шамамен 81 мың дәрігер мен 190 мың орта буын мамандары бар. Бұдан бөлек, саланың еңбек ұжымы құрамында кіші медициналық персонал, менеджерлер, әлеуметтік қызметкерлер, инженерлер және басқа да мамандар бар.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мемлекет медицина мамандығының тартымдылығын арттырып, кәсіби ортаны қолайлы етуге жүйелі түрде күш салып жатқанын атап өтті.

– Биылғы жылдың бес айында денсаулық сақтау мамандары 1,4 миллионға жуық науқасқа стационарлық көмек көрсетті, оның ішінде 399 мыңнан астамы – балалар. 445 мыңнан астам ота жасалып, соның ішінде 8,4 мыңнан астамы – жоғары технологиялы операциялар. 80 мыңнан астам науқас оңалту курсынан өтті, ал амбулаториялық-емханалық жағдайда 3 миллионнан астам оңалту қызметі көрсетілді. 2025 жылдың басынан бастап емханаларда 163 миллионнан астам адам қабылданды, жедел жәрдем қызметі 2,7 миллионнан астам шақыртуға барды. Акушерлер 132 мыңға жуық ананы босандырды, – деді министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен мәртебесінің маңыздылығын үнемі атап өтеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған заңға қол қойды.

Кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге кадр тарту жұмыстары жалғасып жатыр: 2023 жылдан бастап ауылға тапшылығы жоғары мамандықтар бойынша келген дәрігерлерге 100 АЕК (шамамен 8,5 млн теңге) көлемінде бір реттік төлем, тұрғын үйге жеңілдетілген несие, көтерілу жәрдемақысы және жалақысына үстеме ақы қарастырылған.

Саладағы үздік мамандарды марапаттау – медицина қызметкерінің жоғары миссиясын, яғни ұлт саулығының күзетінде тұру, үміт пен өмірді сақтап қалу жолындағы ерлігін еске салар маңызды сәт. Бұл мереке – тек мамандықтың ғана емес, ақ халатты абзал жандардың ерлігі мен жанашырлығына көрсетілген зор құрмет.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.