06-04-21 |
710 рет қаралған
Қазақстанда таралған коронавирустың қай штаммдары қауіпті?.
Қазақстанда таралған коронавирустың қай штаммдары қауіпті?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, «британдық» штамм 130 елде, «оңтүстікафрикалық» 80, «бразилиялық» 45 елде анықталған.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел аумағында анықталған жаңа штаммдардың қайсысы көбірек қауіп төндіріп тұрғанын айтты.

«Наурыз айында республика аумағынан «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штаммдар анықталды. Жуырда жүргізілген зерттеулер «британдық» штаммды жұқтырғандардың ауруханаға түсу ықтималдығы жоғары және көп жағдайда өлімге әкеп соғатынын көрсетті. «Бразилиялық» штаммның бұған қарағанда қаупі аздау, бірақ ол бастапқы штаммға қарағанда оңай таралады», – деді министр үкімет отырысында.

Сондай-ақ британдық штамм былтырғы штаммен салыстырғанда 1,7 есе, «оңтүстікафрикалыққа» қарағанда 1,5 есе, «бразилиялықпен» салыстырғанда 2 есе жылдам таралатыны анықталды.

«Репродуктивті көрсеткіш 1,1-ден 1,9-ға дейін өсуі мүмкін, ал бұл біртіндеп осы штаммдардың басым болуына әкеп соғады», – деді Цой.

Ол үкіметтің былтырдан бері қабылдаған шектеу шаралары 6 ай бойы елге жаңа вирустардың кіруіне жол бермегенін атап өтті. Жаңа штаммдарды мониторингілеу жалғасады.

Бұған дейін Цой ақпан айымен салыстырғанда наурызда аурудың таралуы 30 процентке өскенін мәлімдеді. Министр індеттің өршуін коронавирустың жаңа штаммдарының таралуымен байланыстырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.