22-05-23 |
1140 рет қаралған
«QazMed»  денсаулық сақшыларының қорғаны.
«QazMed»  денсаулық сақшыларының қорғаны

Бірер жыл бойы күллі әлемді үрей құшағында ұстаған пандемия адамзаттың көп нәрсеге көз жеткізді. Бұрын назарымыздан тыс қалған құндылықтардың мән-маңызын түсінгендей болдық.

Тіпті бетпердесіз емін-еркін тыныс алудың, арқа-жарқа болып жүздесудің рахатын сезіндік. Сонымен бірге тағы бір мәрте жер бетіндегі барша мамандық атаулының ішінде дәрігерліктен асқан қадірлі, қастерлі мамандықтың жоқ екенін түсіндік. Адам жанының арашасы болып жүрген асыл мамандарға құрметіміз арта түсті. Десе де соңғы кездері қоғамда дәрігер беделін түсіретін әрекеттер көп байқала бастады. Осы орайда «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағы ақхалатты абзал жандардың қорғаны болуға ниетті.

Жасыратыны жоқ пандемияға дейін де, одан кейін де медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы мәселесі өзектілігін жоймады. Тіпті жедел жәрдемге шабуыл жасау, жұмыс орнында дәрігерге жұдырығын ала жүгіру, өміріне қиянат келтіру фактілері артпаса, кеміген жоқ. Сәйкесінше Мемлекет басшысының өзі бас болып, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне көпшіліктің назарын аударды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қолдау көрсету жалғаса беретінін атап өтті.

2027 жылы елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржынының көлемі жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 5 пайызына жетеді. Дәрігер мамандығының беделін арттыру мақсатында олардың мәртебесі заңмен бекітіледі. Медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Президент. 

Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ететін «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағы да бұл мәселеге баса назар аударады. Осыдан 8 жыл бұрын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау үшін құрылған ұйым 2019 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына еніпті. «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Әлиакпар Мәтішев осы уақыт аралығында ұйым шын мәнінде ақ халатты абзал жандардың қорғаудың қоғамдық институты ретінде қалыптасып үлгергенін айтады. Оны ұйымның түрткі болуымен салада жүзеге асырылған жаңашылдықтардан да байқауға болады.

Кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен 2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім қабылданды, 2023 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы төлеу жүйесінде арттырушы коэффициент 1,15-тен 3,32-ге дейін көтерілді. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын индекстеу мүмкіндігі қарастырылды. Ең бастысы дәрігерлер мен мейіргерлердің, емдеу персоналының ақылы еңбек демалысының мерзімі де ұзарды, – деді Әлиакпар Мәтішев.

Кәсіподақ федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин салалық  кәсіподақ ұйымының медицина саласы қызметкерлерінің де әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды бақылауда ұстайтынын тілге тиек етті.

Кәсіподақ ұйымдары медицина қызметкерлерін қолдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдарының араласуымен барлық медицина қызметкеріне, соның ішінде, денсаулық сақтау ұйымдарының қосалқы қызметкерлеріне санатына қарай жалақыларына үстемеақы төленеді. Бүгінде «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының 300 мыңнан астам мүшесі бар. Олардың көбі қарапайым еңбек адамдары. Демек кәсіподақ ұйымына денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде мол жауапкершілік жүктелген. Әсіресе медицина саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен   еңбекақысын арттыру, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру,  даулы жағдайларда құқықтық тұрғыдан әділ қорғалуы мәселелері өзекті болады түсті, – дейді Сатыбалды Дәулеталин.

Бүгінде  «QazMed» салалық кәсіподақ ұйымының кеңесшісі қызметін атқаратын Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғау күллі қоғамның жауапкершілігі екенін алға тартады. Әрине бұл мәселеде салалық кәсіподақтарға ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз.

Медицина саласын дамытуда салалық кәсіподақтарға зор сенім артылады. Медицина қызметкерлерін жан-жақты қорғау қазір өзекті бола түсті. Әсіресе дәрігерлер мен мейіргерлердің мүддесін қорғаудың заңнамалық базасын жетілдіру маңызды, – дейді  Елжан Біртанов.

Қазір Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасына  салалық кәсіподақ ұйымы белсенділерінің араласуымен дәрігерлік қателіктерді қылмыс деп танымау туралы ұсыныс енгізілді. Бұл ұсыныс  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бапты алып тастауға бағытталған. Осылайша сала мамандары дәрігерлік қателіктің ауырлығына байланысты денсаулық сақшыларының айыппұлдан бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілікке тартудың құқықтық негізін қайта қарауға ниетті.

Әрине бір кездері ұстаздардың қоғам алдындағы беделін биіктету үшін қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңнан кейін жекелеген сала мамандарының мәртебесін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осының ішінен басқа-басқа дәрігерлердің де мәртебесін көтеруден ұтарымыз көп болмақ. Ал бұл істің басы-қасында сала мамандарының қалауын жетік білетін «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағы сияқты қоғамдық ұйымның жүргені қуантады.

Arasha.kz

ФОТО: basnews.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.