11-10-23 |
1200 рет қаралған
Үкімет салафизммен не істерін нақты білмейді, билікте ортақ ұстаным жоқ.
Үкімет салафизммен не істерін нақты білмейді, билікте ортақ ұстаным жоқ

Жылдағыдай күзде басталған хиджаб дауы, одан кейін депутат Ринат Зайытовтың сұхбатынан соң қызу талқыға түскен діни тақырып әлі басылмай тұр. Мәжілістің кезекті отырысында депутат Ермұрат Бапи Қазақстандағы қоғамды ірітіп, ұлттың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған салафизм-уахаббизм ағымына қатысты үкіметтің қандай іс-жоспары барын екінші рет білмекке ұмтылып, үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенбоваға сауал тастады. Депутаттың сөзін аяқтатпай, микрофонын өшіріп тастағанмен, Тамара ханым жартылай қойылған сұраққа жауап беруге тырысты.

«2011 жылы «дін және діни бірлестіктер» жөніндегі заң қабылданған. Бұл заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қабылданыпты. Бүгінгі негізгі проблема – өздеріңіз айтып отырған проблема болып отыр.  Мен осы мәселемен тамыз айынан бастап айналыса бастадым, олардың пікірлері де сіздердің ойларыңызбен үндес. Ұсыныстарыңызды қолдап отыр. Бірақ бұған қоса, үш мәселе бар. Бірінші, әлеуметтік желідегі әртүрлі діндерді, әртүрлі бағыттарды уағыздайтын контенттерге тосқауыл қоя алмай отырғанымыз. Екінші, қоғамдағы діни сауаттылықтың төмендігі. Үшінші осы мәселелерді реттеу мен ұйымдастыру ісін жасайтын мемлекеттік органдардың жұмыстарында әлі де шалалықтар бар. Мектеп басталардың алдында хиджаб мәселесінде мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі қоғамда үлкен пікірталасқа алып келді. Дін  – өте нәзік мәселе. Ол – адамның танымы. Сондықтан бұл саладағы мәселені заңмен реттеу керек шығар деп отырмыз. Шетелдік тәжірбиелерді де қарадық. Сауд Араюиясының өзін де діни бірлестіктерді реттейтін механизмді күшейтіп жатыр. Заңға зайырлылық қағидаттарын күшейту және діни бірлестіктер мәселесін мемлекеттік реттеу мәселесін енгізсек, бүгінгі жұмысымызды дұрыстауға болады деп ойлаймын», – деді Тамара Дүйсенова.

Демек, үкімет алдағы уақытта «Дін және діни бірлестіктер» жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді деген сөз. Алайда, хиджаб дауында Тамара Дүйсенова мойындап отырғандай, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев нақты шешім қабылдамай, нақты жауап бере алмай қоғамда дау туғызғаны рас. Бірақ кеше сол министрі хиджаб мәселесі реттелді деді. Егер реттелетін, қолынан келетін іс болса, елді шулатпай неге тамыз айында реттемегені министрдің бір өзіне аян.

Бұл мәселеге қатысты республикалық педогогтар съезінде президент Тоқаев: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек – деген еді.

Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізген күннің өзінде Ермұрат Бапи және басқа депутаттар көтерген салафизм-уахаббазим ағымына тыйым салу, салмау мәселесінде үкімет не істерін білмейтіні, бұл мәселеде мемлекеттік ұлттық зайырлылық мүддесі тұрғысынан биліктің ішінде ортақ ұстаным жоқ екені байқалады. Оны министр Ғани Бейсембаевтың хиджаб мәселесінде шешімді сөз айтпай, қоғамдық дауға ұластырғаны, ҚМДБ-ның «уәкілетті органдарға орамалдың түсіне қатысты ұсыныстарымызды жібердік» деп мәлімдеуі, вице-премьердің мемлекеттік органдар жұмысында шалалық бар екенінің мойындауы, Конституциялық соттыңң зайырлылық және басты заңдағы дін мен мемлекет түсінігіне қатысты кең түсіндірме бермеу – осының барлығы қоғамды бөлшектеп, азаматтар арасындағы өшпенділікке апаратыны айқын көрінген және ұлттық құндылықтарға ашық шабуыл жасайтын діни ағымға қатысты билік ортақ ұстанымы жоқ екенін анық көрсетеді.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.