03-01-20 |
950 рет қаралған
Бензин он теңгеге қымбаттайды.
Бензин он теңгеге қымбаттайды

Үкімет былтыр бензин акцизі бағасын өсіру туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп үкіметтің 2019 жылдың 13 желтоқсандағы қаулысы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енді. Қаулыға сәйскес авиобензин мен дизелден басқа жанар май түрлері бензин өндірушілерге көтерме саудалау үшін 1 тонна бензин бағасы 10 мың 500 теңгеден 24 мың 435 теңгеге өссе, жеке сауда үшін бензин бағасы 1 1 мың теңгеден 24 мың 935 теңгеге қымбаттады. Акциз бағасының көтерілуі жанар- жағар май стансаларындағы бағаға да тікелей әсер етері анық. Бұған дейін ұлттық экономика министрі АИ-92 маркалы бензин 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін екенін айтқан. Демек жаңа жыл демалыс күндері аяқталысымен халықты он теңгеге қымбаттаған бензин күтіп тұр десек те болады.

Енді үкімет мұндай қадамға неге барды дегенге келсек. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: «Бұл қандай мақсатта жасалып отыр? Өздеріңіз білетіндей, бюджет шығындары айтарлықтай өсті. Соның ішінде әлеуметтік міндеттеме. Республикалық бюджетте әлеуметтік сала шығындары 45 пайыздан асып кетті» деген еді. Бұл не деген сөз? Үкімет әлеуметтік салаға кеткен бюджет шығындарын бензин акцизін қымбаттату арқылы жапқысы келеді. Оның үстіне үкімет бензин акцизіне бағаны өсіруге көршілес елдердегі бензин бағасы да әсер етіп отырғанын айтқан. Үкіметтің «көрші елдер» деп отырғаны – Ресей. Ресейде бензин Қазақстаннан қымбат. Баға айырмашылығын Ресеймен көршілес жатқан облыстың алыпсатарлары тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, Қазақстаннан көлігіне толтырып бензин құйған адам Ресейге өтіп, бензин саудалайды. Бірақ үкімет бензин акцизін көтергенмен Ресейдегі бензин бағасымен теңестіре алмайды. Өйткені Ресейде АИ-92 маркалы бензин 252 теңге. Яғни, үкіметтің бензин акцизін көтерудің бір себебі ретінде бағаны көрші елдермен теңестіру дегені ойға қонбайтын, жай сылтау ғана. Бар мәселе – былтыры қоғамда әлеуметтік талаптардың тым күшейіп, көп балалы аналардың апта сайын митингіге шығуы және жалпы елдегі әлеуметтік дүмпуден үкіметтің қорқуы бензин акцизін көтеруге итермеледі. Сөйтіп, үкімет халықтың қалтасынан бюджеттің әлеуметтік салаға кеткен шығындарын аз да болса қайтармақшы. Бірақ бұдан қандай нәтиже шығары белгісіз. Себебі, бензин бағасының өсуі тауар және қызмет көрсету саласындағы бағаның да өсуіне алып келеді де әлеуметтік дағдарыс онан сайын шиеленісе түспесе, шешілмесі анық.

Айталық, былтырғы қаңтар-қазан айларында бензин акцизінен бюджетке 39 млрд. теңге түскен. Ал тура сол мерзімде әлеуметтік қамсыздандыру мен көмекке бюджеттен 2856 млрд. теңге кеткен. Яғни, бензин акцизінен түскен ақша барлық әлеуметтік шығындардың бар болғаны 1,4 пайызын ғана жапқан. Ал бензин акцизі бағасының өсуінен биылғы қаңтар-қазан айларында бюджетке шамамен 92 млрд. теңге түсуі мүмкін. Тура осы мерзімге әлеуметтік салаға бюджеттен 5712 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Сөйтіп, бензин акцизін он теңгеге өсіргеннен үкімет бюджеттің әлеуметтік шығындарының 1,8 пайызын ғана жабады. 1,4 пайызбен 1,8 пайыздың айырмасы шамалы-ақ. Үкіметтің бұған қандай экономикалық саясатпен барғаны түсініксіз. Айтпақшы, бензин бағасының өсуімен теңгенің құнсыздануы, тауар мен қызмет көрсетудің қымбаттауы қоса жүрері үйреншікті жайт. Үкімет зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақыны өсірдік деп сүйінші сұрап жатқаны мәлім. Алайда, үкімет қосқан ақшаны бензинмен бірге келетін қымбатшылық жұтып қоятын секілді. Солайша үкімет тағы да әлеуметтік наразылықпен бетпе-бет келеді. Үкіметтің қаншалықты қауқарлы екенін осыдан-ақ білуге болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.