14-04-22 |
870 рет қаралған
Халықты масыл деген жоқпын – министр.
Халықты масыл деген жоқпын – министр

Жуырда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халық 300 мың теңгенің жұмысын істемейтін масыл болып кетті деген еді. Министрдің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрттың наразылығын тудырды. Халықтың арасында «Үш жүз мың теңгенің жұмысы болса, барар едік» деп жазған азаматтар баршылық. Ерұлан Жамаубаев халықты масыл дегені үшін кешірім сұрай ма? Осы және өзге де сұрақты министрдің өзіне қойдық.

 

– Өткенде сіз халық 300 мың теңгелік жұмыс істегісі келмейтін масыл болып кетті деп айттыңыз. Бұл сөзіңіз әлеуметтік желіде қатты сыналды. Бұл қате сөз емес пе?

Жоқ, бұл сөз контекстен жұлып алынған сөздер ғой. Мен халықтың бәрін масыл деп айтқан жоқпын. Ол жерде халықты нақты еңбекке баулу мәселесіне көңіл бөлу керек дегенді айттым. Өзіңіз де, мен де ауылда өстім. Мектеп жасынан бастап картоп, сәбіз, қызылша және қырманға шығатынбыз. Студенттік кездің өзінде көкөніс жинауға шығатынбыз. Яғни біз қандай жұмыс болса да қашқан жоқпыз. Мен өзім студент болып жүргенде түнде күзетші болып немесе көмір түсіріп жүрдім. Одан біз қорықпайтынбыз. Мен осы тұрғыдан айттым. Халық қара жұмыс болса да қорықпауы керек. Мәселен Өзбекстан халқының 3 миллионға жуығы сыртта жұмыс істеп жүр. Олар жұмыстан қорықпай істейтінін мысалға келтіргім келді. Халық масыл деп тұрған жоқпын, біздің халық батыр әрі еңбекқор халық. Бірақ масылдыққа жол бермеуіміз керек. Көп жағдайда халықты, өсіп келе жатқан жас ұрпақты еңбекке баулуымыз керек.  

– Мәселен «300 мың теңге жалақы беретін жұмыс болса, барып істер едік» деп жазған азаматтар көп болды. Жоғары жалақы беретін жұмыстың қайда бар екенін нақты айтып берсеңіз…

Ірі компаниялардың барлығында бар. Көмір мен темір өндіретін және құрылыс саласында мұндай жұмыс өте көп. Кез келген құрылысшының жалақысын алып қарасаңыз болады. Керісінше құрылыс компаниясының басшылары «Біз жұмыс істейтін адамдарды таба алмай жүрміз» деп айтады. Мен осы тұрғыдан айттым. Адамдар ешқандай жұмыстан қашпауы керек.  Егер де біз нақты әл-ауқатымызды көтеріп, «Жаңа Қазақстанды» құратын болсақ, жастарды еңбекке баулу керек. Бәрімізде еңбектің арқасында өстік қой. Ауылды жерде өскен азаматтарға жұмыс табылады.

Мәселен биыл егін ексе жаман болмайды. Өйткені астық пен көкөністің бағасы өседі деген болжам бар. Кез келген ауылдағы үйде 5-6 соттық егін егетін жер бар. Сол жерге дәнді дақылдарды егіп, күн көріс көзіне айналдырып алуға болады. Бұрын баға қалай өспей тұратынын білесіз бе? Себебі үйдің маңайындағы шаруашылықтар картоп, қызанақ, қияр секілді көкөністер егетін. Соның арқасында артық сұраныс болмай, бағада өспейтін.

– Халықтың арасында «30 жылда халықтың жағдайын жасамаған Үкіметтің өзі масыл» деген сөз бар.  Осыған келісесіз бе?

Енді халық әр түрлі айтады ғой. Әлеуметтік желіні бақылап отырғанда халықтың арасында пікір көп. Жақсы пікірлер және дұрыс емес пікірлер бар.

– Үкімет отыз жылда мұнай сатудан артық шаруа жасаған жоқ. Мұнай секілді шикізаттан түскен пайда арқылы қызмет етіп келе жатырсыздар…

Дамып жатқан салалар баршылық. Бүгінгі таныстырымды қарасаңыз экономиканың барлық секторы өсіп жатыр. Құрылыстан бастап сауда, өңдеу өнеркәсібі секілді статистиканы дұрыстап қарау керек. Әрине мұнайдың бағасы өскен кезде оның көлемі мен көрсеткіштері және одан келіп түсетін қаржыда көбейеді.

– Халықты масыл деп айтқаныңыз үшін кешірім сұрамайсыз ба?

Мен халықты масыл деген жоқпын. Егер халықтың арасында масылдық болса, онымен күресу керек деп айттым.

 

Серік Жолдасбай, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.