26-10-20 |
1550 рет қаралған
Ақпаратта шекара жоқ.
Ақпаратта шекара жоқ

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа технологияға бейімдеу мәселесі соңғы жылдары жиі айтылып, үнемі талқыланатын тақырыпқа айналды. Жаһандану әкелген жаңа технология жетістіктерінің жағымды жағы да, олқы түсер тұсы да баршылық. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл бастаманың да оң мен солы тең болып тұр. Әрине жаңа технология жетістіктері бәсекеге қабілетті, технологиялық революция заманында белгілі бір роботтандырылған алгоритмдер арқылы ақпарат таратушы БАҚ-қа айналуға бағыттаушы  фактор болары күмәнсіз. Енді осыны талдап көрейік.

Қазіргі уақытта «Кім ақпаратты игерсе, сол әлемді билейді» деген сөз заманның ең көп айтылатынын тәмсіліне айналған. Иә, рас! Ақпарат ағыны толассыз ағылған заманда ақпараттық технологияның дәурені жүріп тұр. Осы ретте қоғам өміріне де, ақпараттық кеңістікке де, қазақстандық медиа саласына да жаһандану феномені белгілі бір ықпалын жүргізе бастады. Нәтижесінде жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-тан бастап, әлеуметтік белсенділік өлшемін, халықтың менталитетін, өмір сүру салтын, адамның ежелден бауыр басқан әдет-ғұрпына да өзгеріс енгізуде. Оның салдары да көзге көрініп тұр. Айталық қоғамымыздың тұрақты дамуы және оның қауіпсіздігі қоммуникация арналарының өркендеуіне, объективті, әрі шынайы ақпараттардың болуына тәуелді. Соның кесірінен ақпарат айдынында еркін жүрген жалған, шындыққа жанаспайтын, жансақ ақпарлар өте көп. Ал қарапайым қараша ақ-қарасын ажыратып алмай, кез келген хабарға сенуде. Осыдан байқап тұрғанымыздай, әлеуметтік желінің белсенділігі ақпарат кеңістігіне тексерілмеген, күмәнді ақапараттардың жариялануына ықпал етуде. Өйткені ғаламторды бақылау, қарқынды жаңалықтарға тосқауыл қою өте қиын. Мұның соңы сүзгіден өтпеген, сүреңсіз ақпараттардың кедергісіз таралуына көмектесуде.

 Әрине, оған әлеуметтік желілердің де әсері бар шығар. Қазір негізгі ақпарат көздерінің бірі – әлеуметтік желілер. Қандай да бір желі арқылы бейнетаспа немесе дыбысжазба тараса, сол ақпаратты әлеуметтік желіде жаппай бөлісіп, оның ара жігін ажыратып алмай, оқиғаның жай-жапсарын білмей үлкен аудиторияға ұсыну белең алды. Егер мұндай күмәнді дүниелер әлеуметтік желілерде таралса, түсіністікпен қарауға болатын шығар. Толғандыратыны, кейбір журналистер берілген ақпаратқа жаңаша көзқараспен қарамай, фактчекинг жүргізу арқылы ақпараттың рас-өтірігін тексермей, ортаға тастай салады. Ең өкініштісі сапалы әрі шынайы ақпарат берудің орнына кейінгі уақытта ресми БАҚ та жалған ақпарат, елді елең еткізетін дүниені ұсынуда. Әлеуметтік желіге, сайттарға күмән көп болғанмен, қарапайым халықтың ресми БАҚ-қа көзсіз сенетіні талассыз. Тексерілмеген жаңалық ұсыну арқылы журналистер тұтынушы сезімімен ойнап отырғанын түсінуі керек. Мұндайда бұл теріс қадамға рейтинг үшін, оқырман тарту үшін бардым деген сылтау БАҚ өкілдерінің қателігін ақтай алмаса керек. Бұл айналып келгенде өзіңе сеніп отырған оқырманның сезімімен ойнау. Ақпараттың құлағында отырған әрбір журналист осыны түсінуі керек.

Қазіргі заманда БАҚ-пен санаспау мүмкін емес. Өйткені бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары белгілі бір күшке ие. Ал дәстүрлі БАҚ пен оны тұтыну тәсілдері сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен алуан пішінге енуде. Қазіргі кезде тренд жаға ұстататын жаңалықтар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ тұтынушының талабы өзгерді. Енді олар заң саласын, баспана мәселесін, бала құқығын білуге ұмтылуда. Танымдық, аналитикалық, салалық медиаға деген сұраныс артуда. Бұл жағдай өз кезегінде қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын, сауатты ұрпақ қалыптастыратын жаңа медианың келбетін қалыптастыруға жол ашуда. Расында да, қазіргі ақпараттық кеңістік жер жаһанды біріктіріп, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, психологиялық тұрғыдан айрықша ықпал етіп отыр. Географиялық шекара белгіленгенімен, ақпараттық шекара жойылды. Кез келген ақпарат қолжетімді.

Алаш  қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген мағыналы сөз бекер айтылмаса керек. Бүгінде ақпарат құралы арқылы тұтас қоғамды бір арнаға бұрып та, басқарып та алуға болады. Бірақ ол БАҚ-тың әлдекімнің қолшоқпары болуға итермелейтін іс-әрекет. Ал қазір уақыт талабы басқа.

Бұлай айтуымның себебі, естеріңізде болса, 2018 жылы Қытай елі алғашқы робот-тележүргізушіні көпшілік алдында таныстырған болатын. Осылайша, жасанды интеллект өнеркәсіп саласында ғана емес, ақпараттық платформаға да енді. Алдағы уақытта тіпті ақпаратты жеткізу мен тарату белгілі бір роботтандырылған алгоритмдер арқылы жүзеге асуы әбден мүмкін. Өйткені дәстүрлі журналистикадан бастау алатын бүгінгі заманауи медианың толықтай көрінісі осындай.

Жоғарыда айтылғандар отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың бір ғана жолын, технологияны меңгеруді айқындап тұр. Ал, бізге, дамытудың барысын қазіргі журналистика факультеттеріне түбегейлі реформа жасаудан бастау керек. Болашақ маманға дата журналистика, мультимедиа өнімдерін жасау, тіпті дизайн жасайтын түрлі бағдарламаларды үйрету қажет. Сонымен қатар болашақ мамандарға журналистік этиканы сақтау ақпаратты жылдам таратудан маңызды екенін барынша ұғындыру керек. Кей адамдар пікіріммен келіспеуі мүмкін. Аудитория сауатсыз деп айтар. Бірақ не ексең соны орасың. Аудитория, ақпарат өкілдері не ұсынса соны көріп, соны оқып жатыр.

 

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.