02-07-18 |
4090 рет қаралған
«Қазақтың рухы» көрмесі ашылды.
«Қазақтың рухы» көрмесі ашылды

Астанадағы Ұлттық музейіне британдық профессор Гэйвин Кретчмар мен Альпер Акдениздің «Қазақтың рухы» атты жеке көрмесі ашылды. Astana Finance Days халықаралық қаржы конференциясына орай арнайы ұйымдастырылған көрме аясында картина авторы Тимур Дайырбаев қазақстандық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сыныбын өткізді.

«Бүгін мен бірінші рет шеберлік сыныбын өткіздім. Мен үшін ең бастысы жұмыс процессі. Балалардың әлеуеті бар, олардың өмірі мен болашағы әлі алда. Барлық баланың қабілеті бірден байқалады. Өз басым бүгін балаларға сұлулықтың сыры мен өмірде өнер арқылы берілетін талай жақсы дүниенің барын түсіндіруге тырыстым», – деді Т.Дайырбаев.

Қылқалам шеберінің айтуынша, бұл картиналарды салуға үш жыл уақыт кеткен.

«Бұл коллекцияны салуға үш жыл бойы еңбек еттім. Алдағы уақытта коллекцияны жалғастыруды жоспарлап отырмын. Жаңа тың дүние жасасам деймін. Қазірдің өзінде болашақ картиналардың қандай болатынын тұтас көріп отырмын, кейбіреуі уақыт талабына сай өзгертілуі мүмкін», – деді ол.

Бұған қоса, картина авторы «Қазақтың рухы» көрмесіне қойылған туындыларының ішіндегі ең сүйікті картиналарын атап берді.

«Қазақтың рухы» деп аты айтып тұрғандай, бірінші туынды мен үшін қымбат. Себебі, ол қазақ халқының еркіндігі мен ұлылығын паш етіп тұрғандай көрінеді. Сондай-ақ картиналардан қазақ хандығының құрылу кезеңін көруге болады. Бұның барлығы тарихи шындық. Жалпы, көрмеде ұсынылған кариналарымның барлығы мен үшін қымбат. Тіпті, олар бағасыз десем болады. Өйткені, мен үшін балам секілді. Оның бағасын ақшамен өлшеу мүмкін емес», – деді Тимур Дайырбаев.

Белгілі суретшінің шеберлік сыныбына Қазақстанның әр аумағынан келген 30 бала қатысты. Олар – ата-ананың қарауысыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер.

«Бүгінгі шараға Өскемен, Талдықорған, Орал және т.б. өңірлерден келген жеткіншектер қатысуда. Бұл балалар күні кеше ғана елордада алғаш рет өткізілген республикалық дарынды балалар конкурсына қатысып жүлдеге ие болды. Балалардың барлығы шығармашылықпен айналысатын, дарынды балалар: сурет салып, ән айтып, бимен айналысады. Елордадан шалғай жатқан өңірлердің балаларының осындай шеберлік сыныбына қатысып, белгілі суретшіден сабақ алғаны елеулі оқиға деп ойлаймын. Болашақта бұл үрдіс жалғасын тауып, мәдени ынтымақтастығымыз нығая түседі деп үміттенемін», – деді музыкалық продюсер Бақытжан Тажинов.

Белгілі суретшінің шеберлік сыныбына қатысқан балалар да қуаныштарын жасыра алмады.

«Мен сурет сала аламын. Ал кәсіби суретшінің шеберлік сыныбына қатысқаныма және сурет өнерінің қыр-сырын үйренгеніме қуаныштымын. Мен Астанаға республикалық конкурсқа қатысу үшін келіп екінші орынға ие болдым. Бүгін мынадай керемет көрмеге тап болып, белгілі суретшімен кездестім», деді Шығыс Қазақстан облысынан келген Равиль Фомин.

Ал Екібастұз қаласындағы «Үміт» балалар үйінен келген Юлия Сименченко шеберлік сыныбынан алған әсерін былай сипаттады:

«Мен Астанаға алғаш келдім. Кеше республикалық конкурсқа қатысып едім, бүгін шеберлік сыныбына тап болдым. Менің сурет өнеріне деген қызуғышылығым зор. Оның үстіне өнер майталманынан дәріс алдық. Бұған дейін Тимур Дайырбаевты білмеген едім, енді оның шығармашылығын үнемі бақылап жүретін боламын».

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.