15-09-21 |
560 рет қаралған
Елімізде алты айында 105 бала суицидке барған.
Елімізде алты айында 105 бала суицидке барған

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында балалардың құқығын қорғау мәселелері туралы заң жобасы талқыланды. Заң жобасының мақсаты – баланың құқықтарын қорғау саласында қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру.

«Мектеп жасөспірім үшін уақытының көп бөлігін өткізетін, өзін-өзі дамытатын, оқу мен тәжірибе жинау үшін мүмкіндіктер көзі саналатын орын және таныс, қауіпсіз орта. Десе де мектепте балалардың жәбір көруі, зорлық-зомбылыққа ұшырауы да сирек емес. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, мектеп климатына да теріс әсер етеді. Сондықтан заң жобасында білім беру процесінде жәбірлеудің алдын алу тетіктерін реттеу көзделеді», – деді депутат Динара Зәкиева.

Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, осы жылдың тек алты айында 105 бала суицидке барған, 193 бала өз-өзіне қол жұмсауға оқталды.

Бұл ретте бірқатар өңірде суицид көрсеткіші өскені байқалады. Зәкиеваның айтуынша, қорқынышты көрсеткіш Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.

«Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім ұйымдарында психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеу ұсынылады», – деді мәжілісвумен.

Сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй құқығын қорғауға қатысты да түзетулер қаралды. Тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытылы есепке алуды қамтамасыз ету үшін мұндай балаларды есепке қою мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған инфрақұрылым жетіспеушілігі де шешіледі. Ол үшін оңалту орталықтары көбейтілмек.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.