16-08-20 |
660 рет қаралған
«JASTAR: ózekti másele» алаңында.
«JASTAR: ózekti másele» алаңында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізді ілгерілетудің, халықты жаңа биікке көтерудің соны бағдарламасы керек деген болатын. Соған орай президент бұл мақсатта ерекше ойлайтын, кез келген мәселені шешуге жаңа қадамдар жасауға бейім жастарға арқа сүйейтінін алға тартқан еді. Ал жастар мемлекет басшысының бұл тілегіне қалай үн қоспақ? Осы ретте «Жастар» ғылыми-талдау орталығы «JASTAR: ózekti másele» деген ашық диалог алаңын құруға басташылық танытқан болатын. Жақында креативті ойлайтын жастардың бір шоғыры осы диалогқа қатысып, өзінің пікірін ортаға салды.

Жоғарғы Сот Аппараты басшысының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов те «JASTAR: ózekti másele» сараптамалық талқылауға қатысқан жандардың бірі. Жоғары білім алғаннан кейін қызметін сот саласында бастап, сатылап көтеріліп келе жатқан Байтілесовтің еңбекқорлығы, ізденгіштігі кейінгі буынға үлгі етерліктей.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «JASTAR: ózekti másele» алаңының алғашқы сараптамалық онлайн-отырысы көптеген өзекті мәселелерді талқыға салды. Ашық диалогтың жаңа форматы жастарды әлеуметтік тұрғыда дамытудың маңызды тетіктері бойынша тиімді шешімдерді іздеуге бағытталған.

Аталған іс-шараға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері, түрлі қызмет салаларының сарапшылары, сондай-ақ жас ғалымдар қатысты. Қатысушылар Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын жастар саясатын іске асыру шеңберінде талқылады.

Диалог барысында спикерлер өз бастамаларымен бөлісті. Қазақстан жастарының түрлі санаттарының негізгі қажеттіліктері мен проблемалары ортаға салынды. Нұрсұлтан Байтілесов сот жүйесін цифрландыру мәселелері бойынша пікірімен бөлісті. Ол Мемлекет басшысы Жолдауда бұл бағытқа айрықша назар аударғанын, бұл ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы екенін атап өтті.

«Цифрлық трансформация идеясын әлемдік үрдіс деп атауға болады. ІТ-технологиялар экономиканың, сот төрелігінің және басқа да салалардың дамуында маңызды рөл атқарады. Жаһандану жағдайында біздің елімізде цифрландыру саласы күн өткен сайын дамып келеді. Пандемияның басталуымен бұл бағыт жетекші орынға шықты», – деді ол.

Сот жұмысына озық ІТ-технологияларды енгізу және ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын арттырды. Соттарда жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу бойынша алғашқы қадамдар 2014 жылы судьялардың VI съезінде Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру аясында жасалды. Сот жүйесін цифрландыру жұмысы карантиндік шараларды енгізу кезінде қарқын алды.

Қазіргі таңда құжаттардың басым бөлігі сотқа электронды форматта жолдануда, ал сот талқылауы онлайн режимде өтуде. Пайдаланушылар біздің сервистер арқылы 100-ден астам өтініш түрлерін жібере алады. Қол жеткізілген жетістіктерден бөлек, жаңа сервистерді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда.

Н.Байтілесов жұмыста кеңінен қолданылатын және іске қосу жоспарланған ІТ-сервистерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Бұған қоса, спикер медиация институтын көпшілікке ілгерілету және тұрғындардың құқықтық сауатын арттырудың түйткілді мәселелерін қозғады.

«Ақпараттық кеңістікке жүргізілген талдау азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және дауларды соттан тыс баламалы түрде, соның ішінде медиация арқылы шешу мәселелерінің өзекті екендігін көрсетті. Тараптар арасында дауларды татуласу жолымен реттеу тетіктерін кеңінен қолдану қоғамдағы шиеленіс деңгейін азайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың бірлескен іс-қимылы арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», – деді Н.Байтілесов.

Спикер сөзін түйіндей келе, азаматтық қоғамды дамытудың неғұрлым түйткілді мәселелері бойынша тиімді шешім іздеу үшін осы сарапшылар алаңының маңыздылығын атап өтті.

А.Садуақасов

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.