30-09-18 |
3300 рет қаралған
«Өмір желісі» көмек көрсетеді.
«Өмір желісі» көмек көрсетеді

Әлеуметтік осал топ дегенде біздің ойымызға ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың оралатыны анық. Алайда, қоғамнан қолдау күтетін жандар мұнымен бітпейді. Зейнет көрер шағында қамқорлықсыз қалған қарттар, жақындары тастап кеткен дімкәс жандар, тіпті, ұл-қызын бір өзі өсіріп отырған жалғызбасты аналар да айналасының қамқорлығына зәру. Сырт көзге біліне бермегенмен, үлпілдеп өсірген баласын шетелге оқуға жіберіп, соның амандығын тілеп отырған аналар да кейде қиын сәтте қорған болар жан таппай дағдаратын кездер көп. Осындайда «Өмір желісі» деген атпен танымал бола бастаған арнайы желінің қажет жерден табылып, қорғансыз жандарға көмек көрсетіп жүргенін құлағымыз шалды. Ең алдымен бұл туралы жедел жәрдем қызметкерлері айтқан болатын.

Жақыны жоқ жандардың ауру меңдегенде, аяқ астынан талса ұстағанда жедел жәрдем шақыруға да мұршасы келмей қалатын кездер көп. Көшеде, орта жолда жүрек талмасы ұстап құлап қалған жандарды нашақор, алқаш деп қате түсінгендер кейде сырқаттың басын сүйемек түгілі, жедел жәрдем шақыруға шамасы келмей жатады. Гүлшат апайды да көшеде құлап қалған жерінен соңғы сәтте жүргіншілер байқап, бізге хабарласқан. Жалғыз қызы шетелде оқып жатқан әйелдің басқа жанашыры жоқ. Оны үнемі көмек көрсетіп жүріп талай байқағанбыз. Күйеуімен ерте ажырасса да жалғыз қызының болашағы үшін қайта тұрмысқа шықпаған Гүлшат апай сияқты жандар біздің қоғамда қаншама. Жақында осы кісінің сырқаттанып қалғанын айтып  «Өмір желісінен» қоңырау түсті. Бұл қызмет бізге де, жалғызілікті жандарға да тиімді екен. Өйткені, біз сырқаттың мекен-жайын таппай, тіпті жедел жәрдем шақырғанмен, қандай жедел көмекті шақыру керегін білмей қиналатынбыз. Ал мына жүйеде жұмыс істейтіндер көмекке зәру жандардың мекен-жайын нақты ұсынып қоймай, немен ауыратынын, қанының тобын, қандай дәрінің аллергия беретіні туралы толық мәлімет ұсынады. Осы қызметті тек қарттар емес, жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар да пайдаланса жақсы болар еді, – деген пікірімен Алматы қалалық жедел көмек көрсету станциясының дәрігері Қуандық Ерболатұлы бөліскен еді. Осы сәттен бастап «Өмір желісі» туралы кең мағлұмат жинауды жөн көрдім.

Сөйтсек, қолдауға зәру жандарға көмек ұсынатын қорды Ернар Нұрбеков деген азамат құрған екен. Айтуынша, жүйе қызметі кәмелеттік жасқа толмаған балалардан бастап, қарт адамдарға дейінгі әлеуметтік топтарға арналған. Соның ішінде біз атап өткен жалғызілікті аналар да, балаларын әкесіз тәрбиелеп отырған аналар да бар. «Өмір желісі 24» қазіргі күні АҚШ елшілігімен бірігіп, «Зорлық-зомбылықсыз өмір» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Әсіресе, зорлыққа ұшыраған әйелдер бұл қызметтің игілігін көруде. Күйеуінен өмір бойы таяқ жеп, қорлық көрген әйелдер де жүйенің дабыл нүктесіне қосылған. Олар көмектің жедел келетініне сенгендіктен ғана бұрынғы күйеуінің үстінен шағым жазып, көрген зорлық-зомбылығын айтуға бел байлаған. Мұндай әйелдер ортамызда аз емес. Көпшілігі учаскелік испекторға барып, арызы қараусыз қалған соң өмірге өкпелі болған. Ал «Өмір желісінің» араласуымен осындай тірліктен баз кешкен талай әйел дағдарыс орталықтарына жеткізіліп, психологиялық, моральдық, материалдық көмек көрсетілуде.

Ернар мырзаның сөзінен түйгеніміз, дамыған елдерде мұндай электронды көмек жүйесі 30 жылдан бері қолданылып келеді. Әсіресе Еуропа, АҚШ және Канада мемлекеттерінде кең тараған. Көршілес Ресейде 4 жылдан бері жұмыс істейді, ал, Қазақстанда 2013 жылдың қыркүйегінен бастап қызметін бастаған. Осы жылдар ішінде алты мыңға жуық адамның түрлі қиындықтан шығуына сеп болған екен.

«Өмір желісі» тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты жалғызілікті жандарға жәрдем беру, қиын сәтте тығырықтан шығуына ықпал ету. Мысалы, анасы жұмысқа кеткенде кішкентайларды сыртынан бекітіп кетіп жатады. Бұл қауіпсіз деп ойлайды аналар. Ал бала жарақат алса, аяқ астынан улы химикаттарды ішіп қойса, құласа, кімнен көмек сұрайды. Анасы телефонға жауап бермейтін, көмектесе алмайтын кездер болады. Осындайда «Өмір желісі» таптырмас көмекші. Сондай-ақ, аяқ астынан талмасы ұстаған адамның өздігінен телефон нөмірін теруге шамасы келмеуі, үйде немесе аулада құлап қалуы, кенеттен сырқаты сыр беруі әбден мүмкін. Одан кейін адасып, мекенжайын ұмытып қалатындар бар. «Өмір желісі» осындайда аса қажетті қызмет. Жоба авторлары оны іске қосуда сегіз ай дайындық жүргізген. Алғашқы жұмыс Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға пилоттық жоба ретінде басталған.

Жүйенің артықшылығы аз емес. Ең алдымен тіркелген жандарға мобильдік, яғни, көшеде, күнделікті жұмыс барысында көмек көрсетіледі, екіншіден, қолдауға зәру жандар стационарлық құралдармен қамтамасыз етіледі. Бұл екі құралда да дабыл түймесі қарастырылған. Көмек керек адам дабыл түймесін басса, қоңырау бірден орталыққа түседі. Осылайша жедел көмек бірден жетеді.

Жұмысты жеделдету үшін, ең бастысы, көмек көрсететін орталықтарға мол мәлімет ұсыну үшін жүйе операторы алдымен хабарласушының абоненттік картасын толтырады. Тіркегенде оның аты-жөні, мекен жайы, қандай аурулары бары, жақын адамдары мен көршілері, қанының тобы, қандай дәрілерге аллергиясының бар екені, тіпті, үйдің екінші кілті кімде екені түгел жазылады. Яғни, бұл қызметте кез келген тәуекел ескеріледі. Мекенжайы туралы ақпаратта домофоннан бастап, жедел саты, есігінің темір не ағаш екеніне дейін сұралады. Өйткені, мемлекеттік қызметшілер көмек көрсетерде, мысалы, өрт сөндіруші, жедел жәрдем қызметкерлері алдын ала барлық ақпаратты білуі тиіс. Сегіз ай дайындық уақытында осының бәрі ескерілген. Қамқорлыққа алынған жандардың қандай проблемалары бар бәрі анықтап сұралады.

Ернар Нұрбековтің айтуынша, олардың базасында Қазақстан бойынша 5500-ден астам адам бар. Операторлар Қазақтелекомның базасында отырады. Қазақтелеком мен белайн бас әріптестері. Түскен хабарламалар он мыңнан, ал, нақты көмек алғандар бес мыңнан асқан. Жоба басында қарттардың көбісі құралды қалай пайдалануды білмей, ал, балалар дабыл түймесін ойнап басу оқиғалары жиі кездескен. Дегенмен, операторлар ондай жағдайларға әрқашан да дайын болған.

«Өмір желісінің» жұмысы негізінен қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары, Ана мен бала үйлерімен тығыз байланыста. Олардан  қорға ай сайын ақпараттар түседі. Мысалы, қанша қарт адам бар, оның ішінде мүгедектер қанша, олардың қайсысына шұғыл жәрдем керек, осының бәрі ескеріледі. Мемлекетімізде әлеуметтік осал топқа жататындар он екі түрге бөлінеді. Осының тоғызына бір жүйемен жәрдем берілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, қарт кісі дабыл түймесін басуға ғана шамасы келіп, телефонға жауап бере алмай қалуы әбден мүмкін. Сондай жағдайдың өзінде ол көмексіз қалмайды. Себебі, ақпараттың қайдан түскені операторларға бірден белгілі болады. Яғни, қоңырау түскенде оператор мониторында автоматты түрде абоненттің барлық дерегі көрсетілген жеке картасы шығады. Дереу жедел жәрдемге хабарласып, дабыл түскенін, бірақ, хабарласушының жауап бермегенін айтады. Мәселен, хабарласқан адамның жүрегі ауыратын болса жедел жәрдемге реанимобиль немесе кардиомобиль керектігі ескертіледі. Өйткені, жай жедел жәрдем жүрегі ауыратындарға көмек бере алмайды. Содан кейін оператор хабар түскен адамның туыстары мен көршісіне, т.б. хабарласып, жедел жәрдем жеткенше жақын тұратындарды көмекке жұмылдырады. Өйткені, жедел көмек уақытқа тәуелді. Осы себепті, операторлар уақытты неғұрлым ұтымды пайдалануға тырысады. Әзірге аты беймәлім болғанымен, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге дайын тұратын игілікті жобаның еңбегі бағаланар күн алыс емес.

Т.Смағұл

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.