26-10-20 |
970 рет қаралған
Петиция: «Ұлттың арнасын Тазабектен тазартайық!».
Петиция: «Ұлттың арнасын Тазабектен тазартайық!»

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек ұлттық арнадан шыққан «Talim Trend» бағдарламасына қатысты қауіпсіздік кеңесінің, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін комитетінің және ҰҚК-ның назарына онлайн петиция жариялап, қол жинап жатыр. Әзірге онлайн петицияға 303 адам қол қойды деп көрсетіліп тұр. Әлеуметтік желілерде «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтың «Қазақстан» ұлттық арнасындағы жобасы қызу талқыланып жатыр.

Айгүл Орынбек фейсбукке жариялаған постында «Халықтың 1% ғана қарсы деді ме? Мұхамеджан Тазабек бұл пайыздық көрсеткішті қайдан алған? Әлде бүкіл халықтан сұрау жүргізіп қойды ма? Халықты мына петицияға қол қоюға шақырамын! Біздің көп екенімізді көрсін! Ұлттың болашағы үшін, ұлттың арнасын Тазабектен тазартайық!», – деді. Петицияның толық мәтіні мынандай:

«Ұлттық арнадан тәлім тренд бағдарламасы жабылсын! Мұхамеджан Тазабек Ұлттың арнасына жоламасын!
Қауіпсіздік кеңесі назарына! «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті назарына» Ұлттық қауіпсіздік комитеті назарына! Бұл халықтың ресми шағымы! Сәлафизм идеологиясын ұстанған адам елге қауіпті адам болып есептеледі. Танымдық бағдарламаны діни көзқарасы бойынша сараптамадан өтпеген адамға бермеу керек! Елдің тағдырын алаңдай келе М.Тазабектің Ұлттық арнада жұмыс істеуін, әзірге қауіпті деп санаймын. Діни көзқарасына нақтылық енгізу үшін Мұхамеджан Тазабектің діни көзқарасына ҚМДБ өкілдері Сансызбай Құрбанұлы және Қайрат Жолдыбайұлы сараптамадан өткізсін! Егер ҚМДБ өкілдері М. Тазабекке дәстүрлі ханафи мәзһабымен амал етіп, мәтуриди сенімінде деп сенім білдірсе, біз халық құптаймыз! Сараптамадан өткеннен соң, қорытындысын ел алдына ашық жариялауды сұраймын! М.Тазабек Ұлттық арнада жұмыс істегісі келсе, Ұлттың талабын орындасын! “Мен сәләфит емеспін” деп жазсын! Ал ағайын қоғамның пікірін жоғарыдағылар білсін десеңіздер, бөлісіңіздер!»

Бұған дейін «Қазақстан» ҰТРК баспасөз қызметі: «Аптасына бір рет шығатын әр бағдарламада күннің өзекті оқиғасы, жемқорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты қоғамдағы қордаланған маңызды әлеуметтік тақырыптар аясында сөз қозғалып, қатысушылар өз көзқарастары мен пайымын білдіреді. Әлемнің тынысын, өмір сүру дағдысын өзгерткен пандемия, отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, Абай тағылымы мен мұрасы сынды көпке ортақ тақырыптар қозғалады.
Жоба жүргізушісі – ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек. Бүгінгі күні бағдарламаның алғашқы түсірілім жұмыстары жүргізілуде, жоба әзірге эфир кестесіне енгізілмеген», – деген еді.

Фото М. Тазабековтың инстаграмдағы парақшасынан алынды

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.