21-02-19 |
3320 рет қаралған
«Времянкада» тұруға тыйым салынса – қиын.
«Времянкада» тұруға тыйым салынса – қиын

«Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды. Бәрібір тастамаймын
астанамды» деп келетін Қасым ақынның өлеңі бар еді. Сол секілді еліміздің
Астанасы болсын, Алматы секілді бас қаласы болсын, баспана бермесе де,
бұл шаһарларымыздың айналасына шоғырланып жатқандар көп-ақ.

Бір жағы, қазір «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды» деп
қасымшалатудың өзі «артық» болып қалды. Өйткені, ешкім (мемлекет те)
тегін үй бере салмайды. Тіпті, мұны Елбасының өзі ескерткен. Былтырғы 5
қазандағы Жолдауында «Мен тағы бір рет барлықтарыңыздың алдыңызда,
бүкіл ел алдында «қазір бізде әлем басқа, бізде нарықтық экономика» деп
айтқым келеді. Мемлекет тегін пәтерді ешкімге бермейді. Несиелермен,
жеңілдіктермен көмектесуге болады. Бірақ, ондай пәтер жоқ. Бізде бұндай
заң жоқ. Біз соғысқа қатысқандарға 10 реттен (баспананы айтып тұр) берген
шығармыз. Олардың балалары, немерелері мен шөбелерін қамтамасыз етіп
бердік. Жарайды, соғысқа қатысушылар ғой. Енді еш жерде тегін пәтерлерге
кезек болмауы керек. Олардан пайда жоқ, ешкім бермейді», – деді бұл жайлы.

Демек, тегін үйге мұрныңыз қышымай-ақ қойсын. Құқықтық
мемлекетімізде көп нәрсе «заңды, бірақ әділетсіз» болып жататыны бар. Бұл
да дәл сондай. Мемлекеттің өз азаматтарын тегін баспанамен қамту міндетін
мойнына алмауы нарық заманында заңды (өйткені, заңды шығару өз қолында
ғой), алайда елге бұл әділетсіз дүниедей көрінеді. Оқу бітірген жас маманды
жолдамамен жіберіп, жұмысқа тұрған жағы белгілі бір уақыттан кейін
қызметтік болсын пәтер беретін кеңестік заманды айтсаң, ескіні көксеуші боп
шыға келесің. Иә, ол коммунизм, қазір нарық заманы. Қош, бәрін
жарылқасын демейміз де. Тым құрыса, әлеуметтің белгілі бір санаттарын
қамтамасыз етсе. Мәселен, өзге елдер секілді бала санына қарай ипотеканың
пайызын шегеріп отырса, көп балалы отбасының ипотекасына көз жұмып
қарай салса, бюджеттің бүйірі тарылып қалмас еді. Қазірдің өзінде
азаматтары үшін осындай жомарттыққа барып отырған мемлекеттер де
Қазақстан секілді нарық заманында өмір сүріп отыр. Демек, мәселе
мемлекеттің қоғамдық құрылымында емес, адамдық ұғымында, түсінігінде.
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер»… Жаңағылардың
бірі де болмағасын, урбандалғандар не істейді?! Жалақы мардымсыз, үй жоқ.
Содан қаланың қиқы-жиқы шеткі аудандарындағы сыртынан қарасаң «ішінде
адам тұрады» деуге аузың бармайтын времянкаларды жағалайды. Соңы
өткендегі Астанада болған оқиға секілді қайғылы жағдайларға ұрындырады.
Иә, времянканы қалай болса солай салатын пәтер иелерінде де ұят жоқ.
Алайда, олар да дұрыстап салса бағасын көтереді не оған олардың да
мұршасы келмейді. Жалақысы жеткілікті болса, қаңғыған халық та ондай
времянкаларды жағалап, бастарын қауіпке тікпес еді. Демек, көбінің
времянкадан басқа барар жер, басар тауы жоқ.

Ал, Ішкі істер министрлігі болса, халыққа сол времянкаларды көп көріп
отырғандай. Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин елордадағы трагедиядан
кейін времянкаларды адамның тұруына беруге тыйым салынатынын ескертті.

Былай қарасаң, айтқаны, жанашырдың сөзі: яғни, өрт қауіпсіздігі және басқа
талаптарға сай келмейтін времянкаларды да қазір, жылжымайтын мүлікті
тіркеу жеңілдетілген соң, тіркеп алады да адамдарға жалға береді һәм көбіне
көп әлгіндей қайғылы оқиғалар сондай үйлерде болып жатады. Юрий Ильин
республика бойынша оның бәрі тексеріліп, ондай үйлерді пайдалануға беруге
тыйым салу мәселесі Үкімет алдына қойылатынын және оны шешуге қалай
да қол жеткізілетінін қаперге салған-ды.

«Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны…». Қала жағалаған қара
қазақтың жалғыз саялар жері (амалсыздықтан) болып тұрған времянканы
алса, сүтіне қарап отырған жалғыз сиыры өлген кедей құсап ел енді қайда
бармақ, не істемек?!  

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

– Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстан халқының 58
пайыздайы қалалық, 40 пайыздан астамы ауылдық жерде өмір сүреді.
Ал, ауылдық жерде тұрып жатқандардың дерлік бәрінде деп айтсақ
болады, үй-жайларына газ жүйесі қосылмаған. Үйлерінен бұрын, ауылдарына
әлі газ тартылмаған. Содан келіп барлық жерде сол баяғыдай әлі көмір мен
отын жағып, жан бағып отыр. Ондайлар жүз немесе бес жүз мың емес,
миллиондаған адам. Сондықтан, олардың бәріне бір мезгілде времянкада
тұруға тыйым салу керек деу, меніңше ойға қоныңқырамайды.
Бұл мәселеде жүйелі түрде жұмыс жасау керек. Мұнда времянка секілді
үйжайларды адамның пайдалануына беруге тыйым салғаннан гөрі, бірінші
кезекте елдімекендерге, ауылдарға газ тарту мәселесін шешу қажет.
Үймен қамтамасыз ету де шешілмеген түйткіл. Бір ғана времянка
мәселесін көтеріп шешеміз деу бекершілік. Мұның бәрі мемлекет тарапынан
қарастырылуы тиіс кешенді мәселелер. Халықты, әсіресе әлеуметтік
тұрғыдан аз қамтылған азаматтарды мемлекет тарапынан қолдау, оларға
жағдай жасау, мүмкіндік туғызу – мемлекеттің тікелей міндеті. Әрине, қазір
бұл бағытта жұмыстар жасалып та жатыр. Бірақ, бұл науқаншылық болып
қалмауы тиіс. Бір-екі салдарымен ғана күреспей, себептерін жүйелі зерттеп,
шешсе, алдын алса, сонда ғана бізде келеңсіздіктер болмайды.
Алыстағы ауылдар тұрмақ, Алматының іргесіндегі ауылдарда да,
мәселен газ жүйесі келген, бірақ соған үйді қосатын мекемелер ол қызметі
үшін көп ақша талап етеді. Кішкентай ғана времянкада немесе шағын
үйлерде тұратын тұрғындардың оны қалталары көтере бермейді. Мұны
мемлекет кешенді түрде шешуі керек, бәлкім ол үшін жеңілдіктер қарастыру,
пайызы төмен несиелер беру қажет шығар.

Кім отын жарып, көмір жағып, күлін бұрқыратып жүргісі келеді дейсіз.
Газ болса, оған қосылу бағасы қол жетімді болса, одан ешкім бас тартпас еді.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.