27-10-20 |
1860 рет қаралған
Жастар саясаты жүйелі жүзеге асуда.
Жастар саясаты жүйелі жүзеге асуда

Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Ерлік те, жаңалық та алдымен жастардан шығады. Жастар кез келген жүйеге жан бітіруші, барлық саланың жұмысын алға сүйреуші. Қазіргі таңда елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы 3 миллион 800 мың жас бар. Демек, бұл жалпы халық санының 21 пайызы. Ал жас өлшемі бойынша 1 миллион 181 мыңы  ювеналдық топқа жатады. Яғни 14 жастан 18 жасқа дейінгілер кәмелетке толмағандар тобына кіреді.

Қай заманда болмасын қоғамның жастарға иек артатыны, жалындаған ұрпақтың әлеуетіне сенетіні белгілі. Бүгінде Қазақстан жастары еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысып, қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекет өмірінде маңызды рөл атқаруда. Нәтижесінде жаңа бағдарлама мен құнды ұстанымдарымен, жоғары мақсаттарға жетуге бағытталған экономикалық жобаларымен инновациялық жастар қалыптасуда. Сондықтан да жас ұрпақты жан-жақты қолдау мақсатында 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Нәтижесінде жас буынның ынтасын оятып, қолтығынан демеуге бағытталған түрлі іс-шаралар барлық өңірде тұрақты қолға алынды. Үкімет Жастар жылын өткізудің жол картасын қабылдап, жоба аясында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасын қолдау және тағы басқа бағдарламаларды іске асырды. Мемлекеттің болашағының жарқын, дамуының нәтижелі болуына тікелей ықпал ететін жастарға қандай қолдау көрсетіп, қалай ынталандырсақ та жарасады. «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген тәмсілмен мемлекеттік қызметтердегі жауапты лауазымдардың да жастарға сеніп тапсырылуының сыры осында. Ал биыл, 2020 жылы жастарды қолдау мақсатында қандай бағдарламалар мен жобалар жүзеге асты? Талдап көрелік.

Ең алдымен жастарды қолдап, оларға мемлекеттік деңгейде демеудің көрсетуі  заңдылық. Өйткені барлық елдерде жастар саясатын қолдаудың басты мақсаты – жастардың қоғамда шиеленіссіз ықпалдасуы мен өзін-өзі дамытуын арттыруға ықпал ету, қол ұшын созу болып есептеледі.

Биыл да жастарды қолдау мақсатында бірнеше жаңа жобалар, яғни «Алматы жастары», «Жастарға арналған жалдамалы пәтер», «Еңбек»  және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды.

Бірінші, алматылық жастарға арналған «Алматы жастары» бағдарламасының маңызы туралы айтайық. Алматы қаласының әкімдігі Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын қолдау мақсатында «Алматы Жастары» қалалық несие беру бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаның ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни заемдар бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй алу үшін жылдық 5% мөлшерлемесімен 13 миллион теңгеге дейін берілді. Несиелендіру мерзімі 3 жыл мен 25 жыл аралығында. Бұл игілікті іс жас журналистердің де тиімді бағада баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Өйткені журналистер қауымы да әлеуметтік мәртебесі айқындалмаған мамандық. Не мемлекеттік қызметке жатпайтын, не белгілі бір бизнестік құрылымдардағы секілді жоғары айлыққа қолы жетпейтін журналистер қауымының жеңілдетілген бағдарламалардан үнемі сырт қалып келгені жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда Алматы қалалық әкімдігінің бұл мәселеге назар аударып, жас журналистердің баспаналы болуына мүмкіндік ұсынуы үлкен қамқорлық белгісі.

Екінші, «Жастарға арналған жалдамалы пәтер». Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығы жоқ, жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастарға пәтер берілуде. Бағдарламаның басты ерекшелігі – пәтердің ай сайынғы төлемі шамамен 10-12 мың теңге. Және де пәтер 5 жылға жалға беріледі. Бағдарлама әзірше Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында іске асқан. Өзге өңірлерде 2022 жылдан бастап іске қосылады деп жоспарлануда. Осы арқылы арзан пәтерде тұрған жастардың тапқанын жинастырып, жер телімін алуына, тұрғын үйге қол жеткізуіне жол ашылып отыр. Әйтпесе талай арманшыл жастың жалақысы пәтерақыдан аспайтыны ешкімге құпия болмаса керек. Ендеше, бұл бағдарлама да үміт сыйлайлары сөзсіз.

Үшінші, «Еңбек» бағдарламасы. Жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарлама. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін бағдарламаға жастардың 33%-дан астамы қатысуға мүмкіндік алыпты.

Төртінші, «Мемлекеттік қызмет мектебі» жобасы. Жобаның мақсаты – Мемлекеттік қызметкерлердің қатарына сауатты, жауапты, ұйымдастыру және көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту және кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің аппаратын қалыптастыру. Жалпы жастар жүрген жерде жаңа идеялар айтылып, жедел жүзеге асатыны, жаңғырту, жаңарту жиі жасалатыны кім-кімге де белгілі. Бұл әрбір саланы қоғам талабына сай ілгерілетудің нақты тетігі болмақ.

Әрине, бұл тізімді ары қарай да толықтыра беруге болады. Себебі елімізде жастарды қолдау бағытына арналған іс-шаралар, бағдарламалар мен жобалар өте көп. Бірі жастар арасындағы баспана мәселесін шешуге, бірі жұмыссыздықты жоюға, бірі жастардың кәсібін, жеке қызығушылығын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Расында, ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік – өте үлкен. Ал қазіргінің жастарында білім мен біліктілік және шынайы патриоттық болса, біз, Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын боламыз. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, мемлекет тарапынан жастарды қолдау мен жастар саясаты жүйелі жүзеге асып тұрғанда, жастар тарапы болашақта еліміздің мықты іргетасын қалайды деп сенеміз!

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.