24-06-21 |
960 рет қаралған
Нұр-Сұлтанда вакцина алмағандар қашықтықтан жұмыс істейді.
Нұр-Сұлтанда вакцина алмағандар қашықтықтан жұмыс істейді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жолдады. Қаланың локдаунға қайта оралу қаупі туралы айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, қаламызда «Дельта» штаммы (үнді штаммы деген атаумен белгілі) инфекциясының алғашқы жағдайлары тіркелді. Науқастар саны азаймай тұр. Өткен тәуліктің өзінде инфекцияның 413 жағдайы анықталды. Мыңнан астам адам инфекциялық стационарларда жатыр. Төсек-орындардың жартысынан көбі толды», – деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанда реанимация бөлімінде 100 науқас жатыр. 21 адамға өкпені жасанды желдету аппараты қосылды. Медицина қызметкерлеріне артылған жүктеме бірнеше есе өсті.

«Қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес. Ғылымның көмегімен жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адам денсаулығын сақтап, аман қалады. Ғылым ғана адамды жаңа, қауіпті вирустар мен инфекциялардан сақтануға көмектеседі. Вакцина арқылы өзіңізді, отбасыңызды және айналаңыздағы жұртты қорғай аласыз», – дейді қала басшысы.

Осы орайда коронавирус инфекциясының жұқтыру көрсеткіші азаймаса, қала тұрғындары мен ШОБ нысандары қатаң санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, локдаунға қайта оралуға тура келетінін айтты.

Тәуекел тобындағы педагогтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мектеп, балабақша, университет қызметкерлері, қызмет көрсету салалары, яғни ХҚО, банктер, СОО/СҮ, шаштараздар, сұлулық салондары, талапкерлер (18 жасқа толған), сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер вакцина алуы керек. Егер аталған ұйым қызметкерлері вакцинацияланбаса, нысанның жұмысы тоқтатылады.

Вакцина алған қызметкерлер үшін жұмыс орындары қол жетімді. Екпе алмағандар (медициналық рұқсаты бар қызметкерлерді есептемегенде), қашықтан жұмыс істеу және оқу форматына жіберілуі керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.