Біз
әлеуметтік
желіде
02-11-21 |
1030 рет қаралған
Театр фестивалінің ресми жабылу салтанаты өтті.
Театр фестивалінің ресми жабылу салтанаты өтті

Алғашқы театр фестивалінің ресми жабылу салтанаты Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Іс-шарада фестивальге қатысушылар өздерінің үздік қойылымдарын көрсетті. Сондай-ақ, ТеатрALL сыйлығының иегерлерінің есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр әртісі, Қазақстан Театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, ҚазССР еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов, сол сияқты мәдениет қайраткерлері, Қазақстан театрларының директорлары мен шығармашылық ұжымдар қатысты.

Айта кетейік, театр апталығы Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары еліміздегі мәдениет саласының дамуына айрықша серпін берді. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бұл жай күндердің бірі емес, біз бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деп атап өтті. Осы оқиғаға орай бүгінге дейін республикалық және облыстық деңгейлерде мыңнан астам іс-шара өткізілді, олардың ішінде – көрмелер, концерттер, фестивальдар, қайырымдылық акциялары, флешмобтар және т.б. болды. Осы тізімдегі маңызды оқиғалардың бірі – театр фестивалі. Бұл фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өтпек, сондай-ақ оның аясында түрлі спектакльдер мен іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде Асхат Оралов бір апта ішінде фестиваль қатысушылары 30-ға жуық түрлі іс-шара өткізілгенін атап өтті.

«Қала әкімі Алтай Көлгіновтің атынан театр фестивалінің қатысушыларына, көрермендерге, шығармашылық ұжымдарға, әсіресе сарапшылар кеңесіне алғыс білдіремін. Бір апта ішінде 13 театр мен Ресейден келген 2 театр 30-ға жуық спектакль ұсынды. Қала әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бұл фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Нұр-Сұлтан әкімдігі шығармашылық адамдарға, өнер қайраткерлеріне және олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын», – деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары.

Фестивальдің жабылу салтанатында ТеатрALL алғашқы театр сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сараптамалық кеңес мүшелері іріктеп алған 30 үміткер марапатқа ие болды. «Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығын қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай Ешмұратова табыс етті. «Шығармашылық ізденіс үшін» номинациясын «А.И.» театрының директоры, актриса және әнші Айгүл Иманбаева иеленді.

Сыйлық иелері:

«Үздік театр менеджері» – «Астана Балет» театрының директоры Александр Севостьянов;

«Жарық бойынша үздік художник» – Айдын Досаев;

«Үздік сценография» – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов «Қыз Жібек» қойылымы үшін, «Астана Опера» МОБТ;

«Үздік дебют» – Айдар Ақыпбаев «№13» спектакліндегі рөлі үшін, «Astana Musical» мемлекеттік театры;

«Үздік эпизодтық ерлер рөлі» – Жандәулет Батай «Асауға Тұсау» спектакліндегі Грумио рөлі үшін, «Жастар» театры;

«Үздік эпизодтық әйел рөлі» – Ажар Шакиржанова «Ромео-Джульетта» қойылымындағы Леди Капулетти рөлі үшін, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры;

«Үздік хореограф» – «Наз» би театрының көркемдік жетекшісі Қадиша Ағымбаева «Туғындар» спектаклі үшін;

«Қуыршақ театрының үздік әртісі» – Дархан Мүслімов «Ер Төстік» қойылымындағы Ер Төстік рөлі үшін, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры;

«Үздік балет әртісі» – Әйгерім Бекетаева «Жизель» қойылымындағы рөлі үшін, «Астана Опера» МОБТ;

«Үздік солист» – Жәмила Жарқынбаева «Қыз Жібек» операсындағы Жібек ариясын орындағаны үшін, «Астана Опера» МОБТ;

«Екінші пландағы үздік ерлер рөлі» – Ақон Рысқалиев «Әзім әңгімесі» қойылымындағы айлакер қария рөлі үшін, «Наз» би театры;

«Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» – Самал Еслямова Римманың «Дүние-ғапыл» қойылымындағы рөлі үшін, Музыкалық жас көрермен театры;

«Ерекше көзқарас» – «Гоголь.Петербург» М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры;

«Үздік актер» – Иван Анопченко «Светлые думы» қойылымындағы Вени рөлі үшін, М.Горкий атындағы мемлекеттік орыс драма театры;

«Үздік актриса» – Айнұр Бермұхамедова «Жұбайлар жұмағы» қойылымындағы рөлі үшін, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры;

«Үздік актерлік ансамбль» – «Светлые думы» спектаклі, М.Горкий атындағы мемлекеттік орыс драма театры;

«Үздік режиссер» – «Дүние Ғапыл» қойылымы үшін Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров;

«Үздік қойылым» – «Асауға тұсау», «Жастар» театры.

«Жаңа есім – Үміт» номинациясы бойынша сыйлықты 10 әртіс алды. Олардың ішінде: Абусамат Түсіпбаев – елордалық қуыршақ театры, Асхат Мәден – «Наз» би театры, Дінислам Нұрмағанбетов – музыкалық жас көрермен театры, Инабат Әбенова – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Әлия Жиренбаева – «Astana Musical» мемлекеттік театры, Нұржігіт Мүслімов – Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Ермағамбет Ерқанат – «Астана Балет» театры, Дмитрий Маштаков – М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Назерке Серікбол – «Жастар» театры, Шыңғыс Расылхан – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры.

Естеріңізге сала кетейік, театр фестивалі алаңында 30-ға жуық түрлі спектакль қойылды, «BYTEREKTE» инклюзивті шығармашылық көрмесі, «Қазақ елі» қазақстандық суретшілер мен «Ұлы дала аңыздары» фольклоры, актерлік шеберлік бойынша мастер-класс және т.б. өткізілді.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шараларға кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.