05-02-21 |
900 рет қаралған
«Креативті экономика», «Таланттар фабрикасы»: Тоқаев жастардан не күтеді?.
«Креативті экономика», «Таланттар фабрикасы»: Тоқаев жастардан не күтеді?

Президент талантты жастардың креативті экономика құрудағы рөлі маңызды екенін атады, әкімдерге тапсырма берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында президент креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент екенін айтты. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды.

Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады.

– Біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрін біртіндеп дамыту қажет.

– Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.    

Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек.

– Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.