Бүгін күйші, жазушы, сценарист, мәдениеттанушы қазақ руханияты алыптарының бірі – Таласбек Әсемқұловтың туған күні. Әдебиет пен мәдениетке зор еңбек сіңіріп, ерекше ойшылдығымен айрықша тұлғаланған Т.Әсемқұловтың бұрын еш жерде жарық көрмеген «Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» атты көлемді мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Материал көлемді болғандықтан бірнеше бөлікке бөліп беруді жөн санадық.
arasha.kz
Таласбек Әсемқұлов
Әлдебір әдебиетшінің көнетүрік мифологиясын қалпына келтірмек болған еңбегі текке кетуі мүмкін. Біздің қолымызда көнетүрік мифологиясының толық, нақты деректері жоқ, себебі, көнетүрік жазуы сол мифологияның киелілігі көнергеннен кейінгі кезеңде ғана пайда болды. Тек көңілге медеу болатыны − көнетүрік мифологиясының оқиғалық формасын ғасырлардың шаң басқан қабаттарынан аршып алу мүмкіндігі. Бірақ, сол мифтерді көнетүріктік (қазақтық) эпостардан іздеу үшін алдымен миф (аңыз, қиял) дегеннің өзінің не екенін анықтап алуымыз қажет. Адам мінезі уақытпен қалыптасады. Оның ерлігі мен ездігінің белгілері, ізгілік пен намыс туралы түсінік тек қана уақытқа байланысты, оның тарихпен тоғысуынан туындайды.
Махаббат қайдан пайда болады? Адамның кейде мұңға батуы не қуанышқа кенелуі, қайғысы мен күлкісі қайдан шыққан? Оның қатігездігін қалай түсіндіресіз? Жапырақтың сыбдыры әзер естілетін самалдың лүп еткенін адам жүрегі неліктен сезе қояды? Жұлдызды түннің көрінісін қызықтағанда адам жанына билік жүргізетін кім? Адам баласы тарихтың тәлкегімен күресетін күш-қуаттың қайнарын қайдан алады? Бұл сауалдар оны бағзы замандардан бері толғандырып келеді. Көне ғасырлардың өзінде адам жанының әлем кеңістігімен туыстығы туралы миф пайда болған. Өз сезімін адам баласы алдымен табиғат құбылыстарымен астастырып бейнеледі. Уақыт өте келе, көзге көрінген, түйсікпен сезінген дүние құбылыстарын құдайға балап, соған табыну басталды. Осылайша, құдайды бейнелейтін аңыздар біржолата қалыптасты.
Адам психологиясы негізінде жасалған аңыз-миф адамның рухани және адамгершілік құжатына айналды, адам сезімінің априорлық (долбар, жорамал) және мәңгілік символы болды. Аңыздағы екі Құдай әулетінің (Ізгілік құдайы және Зұлымдық құдайы) бір-бірімен мәңгілік қарсылығына негізделіп құрылған, қағидаланған сюжеті Ізгіліктің жеңісімен аяқталып, мәңгіліктің және Ізгілік заңдарының айнымас символына айналды. Және бұл сюжет – аңыз атаулының алтын қазығы.
Ғасырларды ғасырлар алмастырады. Бір ұрпақтың орнына келесісі келеді. Ең бастысы, таптық қоғам және оған қарсылықтың пайда болуы үшін көптеген объективті себептер болды. Сөйтіп, мифтің бастапқы киелік шарапаты көнере бастады. Мифологиялық бірегей, біртұтас эпопея бір-біріне тәуелсіз бірнеше жанрларға, дербес сюжеттерге бөлінді, бірақ, соның өзінде аңыздың бүкіл көркемдік қасиеттері сақталып отырды. Әр сюжет өз жанрының заңдылығымен дамыды, бірақ, уақыт өте келе, адамның жаңалық ашатын ұлылығының күшімен жанрлар өзара бір-бірімен байланыса бастады. Жанрлардың өзара қабысуы, бір-бірін толықтырып, байыта түсуі, іріленіп, кеңеюі басталды да, ақыр соңында белгілі бір айқын кезеңде, белгілі бір халықта жаңа эпопея пайда болды. Эпопея дегеніміз тек қана әдеби емес, саяси оқиға, себебі, онда тұтастай дәуірлердің философиясы шоғырланған.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс», «Қобыланды» және басқа да эпостық шығармаларда, ертегілерде, әпсана-тәмсілдерде, мақал-мәтелдер мен аңыздар арқылы әлемге көнетүріктік бірегей мифологиялық эпопея ашылды.
Мифологияға қайта оралуды жеңілдету үшін біз аңыздардың киелік шарапатының қандай жолдармен көнергенін бірден айтуымыз қажет. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лирикалық эпосындағы дуалистік идея махаббат драмасына, ал, одан кейін Иран мен Жоңғар хандығымен сан ғасырлық соғыстардың салдарынан «Алпамыс» және «Қобыланды» эпостарындағы тиранға қарсы күрестің тақырыбына айналды. Сонымен бірге, бүкіл пантеон десакрализацияланды, яғни, тәңіртекті қаһармандардың бәрі бұрынғы киелі қасиеттерін жойып, қарапайым адамдар қатарына қосылды.
Енді аңыздар дәуіріне еніп, оның болмысын барлауға талпынып көрелік.
***
Әлемде дуализмнің пайда болуы және қарама-қарсы күштердің тұңғыш рет қақтығысуы − көнетүрік мифологиясының алғашқы циклы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лирикалық эпосында көрініс тапқан. Әлі де болса бірегей, бірақ, іштей екіге бөліну мүмкіндігі бар ғарыш әлемі жыныссыз маралдың кейпінде бейнеленген. Маралдың құрсағында екі қозықасы бар, демек, бұл − екі жақты әлем. Сол екі жақты әлемді дүниеге әкелу үшін маралды өлтіріп, ішін жарып, ондағы егіз маралды босату керек.
Одан соң екі Құдай – Сарыбай мен Қарабай туралы айтылады. Сарыбай − жарық күннің сакральді (яғни, киелі) бейнесі, ал, Қарабай − қараңғы түннің образы. Сарыбайдың ұлы Қозы − мәңгілік таңның образы, Қозыны жақсы көретін Баян, мүмкін, таң жұлдыздарының бірі болар. Қозының анасы Мамабике − мұң мен құмарлық, қорқыныш пен күдіктің және адам болмысына қатысы бар басқа да құбылыстардың тәңіриесі. Келесі кейіпкер Қодар – құдық тәңіриесі (қазақтар әлі күнге дейін құдықты «Қодар қазған» деп атайды). Ал, Қарабайдың сан жеткісіз жылқысы – бұл әлем, кеңістік, кейіннен ол адам бойына еніп, оның жаны болмақ. Міне, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» қысқаша мифологиялық бейнесі осындай.
(жалғасы бар)
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024