19-08-22 |
12850 рет қаралған
Мемлекеттік сыйлық: Рушылдықпен әдебиет жасауға болмайды.
Мемлекеттік сыйлық: Рушылдықпен әдебиет жасауға болмайды

Жақында Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссиясының алғашқы отырысы өткен еді. Комиссия сыйлыққа ұсынылған шығармаларды қарады. Іріктеу кезеңінен өтпей қалған кейбір қаламгерлер хақында әлеуметтік желіде қаламгер, әдебиетшілер арасында дау туды. Осындай дауға қатысты Құлбек Ергөбектің facebook-тегі жазбасын өзгеріссіз жариялап отырмыз.

Arasha

 

Құлбек Ергөбек, әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор:

(Маржан Ершуға хат)

Телефонда інім күңіреніп сөйледі. Жақын кісісі қайтыс болған екен деп ойлап, абдырап қалдым. Жоқ. Аманшылық. Күңіреністің сыры – Мемлекеттік сыйлықтан «құлап» қалыпты. Мен де өтпей қалыппын. Бір-бірімізге «көңіл» айтыстық. Ол үміткерлер көбірек өткен өңірді бір руға теліп, қарақазандай өкпесін айтып, сыртынан біраз сілкіледі. Араға күн салып, Маржан (Ершу) қарындастың найман руын қарғап-сілеген жазбасын оқыдым ф/б-дан. Амалсыз қолға қалам алдым. Өзім Найман руынан болсам, жолым жіңішке болар еді. Найман руынан емеспін. Сондықтан таразы пікірімді айтуыма жол бар.

Өмірде де, өнерде де өз бойындағы сәтсіздікті бәсекелес азаматтың руына теліп, айқай-сүрең әңгіме айтатын болдық ұялмай-қызармай. Осымыз не, біздің? Жақсылыққа апаратын жол ма осы? Жақында Олжас Сүлейменов жайында пост жазып, қазақты ұлтшылдық тұтастыққа жібермеу үшін, рушылдық дерттің бізге сырттан таңылғанын біраз айтсам керек. Әйтпесе, қазақ ХХ ғасыр басында ұлтшылдық кезеңді басып өтіп, түрікшілдік биігіне дейін жетіп еді ғой. Енді, міне араға ғасыр салып рушылдық батпағына батып отырысымыз. Бөлінгенді бөрі ашар. (Башқұрт). Ресей мен Қытай секілді екі алып елдің арасында шықпа жаным, шықпалап отырған қазақ елі үшін бұл құрдымға құлаудың алғышарты. Мейлің күл, мейлің жыла, жағдай осылай!

Маржан қызым, Сенің Сәуле Досжанова (менің жеңгем) жайында араша түсіп жазған постың түгелімен даулы һәм бір найман руы үшін ғана емес, тұтас қазақ үшін қатерлі.

Мәселеге нақтырақ келейін.

1.Сен айтып, сыртынан жұдырық түйіп отырған, әлгі інім сыртынан сыпыра (Жазушылар одағын, хатшыларымен қоса) «боқтап» жіберген ( Қадірбек Сегізбаев, Тұрысбек Сәукетаев т.б) бәрі бірдей Найман руынан емес екен ғой. Бетімнің оты шыға отырып сұрап білдім. Тіпті Сен айтқандай, бәрі бірдей Найман руынан болған күнде, шығармашылық ісіне рудың қаншалық қатысы бар, қызым-ау? Сараптаушы комиссия бар емес пе?! Әлде, комиссия түп-түгел Найман руынан бас құраған ба? Мұның әділетсіздік, қалқам.

2. Сен менің жеңгем Сәуле Досжанованы бұрын Мемлекеттік сыйлық алған Роза Мұқановамен салыстырып бірін көкке көтеріп, бірін жерге тығып жіберіпсің. Бұл пікіріңмен де келісе алмадым, қызым. Неге? Роза – драматург. Сәуле – прозашы. Екі жанрдың дарыны әр деңгейдегі екі қызын өзара салыстырып, оны да рушылдыққа (найманшылдық) апарып тірейсің. Қалқам-ау, логика қайда?

3. Осының аз-ақ алдында Әлібек (Асқаров) дос телефондап, «Құлбек, құлап қалдың. Шартқа сәйкес келмедің. Бірінші турдан біздің өңірдің жігіттері көбірек өтті. Жұрт менен көре ме, қайдан білейін. Ал, мен соларға дауыс бергенім жоқ»-деген еді. Алаштың түбіне жеткен «Тілмәшті» айта келіп, «Сатқын біздің рудан шыққанда ғой, қоғамдық-саяси өмірдегі сатқындықтың бет пердесін сыпырып тұрып ащы айтар едім. Ал, мына «Тілмәштің» қиыны басқа рудан болып тұр. Әшкерелеп айтсаң, ағайындары ренжиді. Соңыңа түседі…» Бұл Сенің тағы бір кейіпкерің Тұрсын Жұртбайдың оңаша айтқан сыры. Осы екі азаматтың тұрмыстағы қалжыңға сүйеп айтқан (ондада айта қойса) пәндәуй сөзін Мемлекеттік сыйлықтың бұрмалануына әкеліп саясың. Қолдан ұйымдастырды дегің келеді. Бұның түбірімен қате, қалқам. Отқа май құюшылық. Құрыққа сырық жалғау. Ұят әңгіме.

4. Бірде Роза Мұқанованы, бірде Жанат Әскербекқызын іліп-шалуыңа қарағанда, әдебиетте азды-көпті еңбегі бар қыздармен Сенің өзара ынтымағың жоқ секілді. Жазушылар съезінде М.А.Шолоховтың «Әдебиетте әйел не бітіре қойсын?! Олар өз функциясын білуі керек»-деп қатты айтып жібергенін оқыған боларсың.Стенограммасы Ұлттық кітапханада сақтаулы. Қате пікір, әрине. Басқасын былай қойып, тарихты көлденеңінен басып өтіп келе жатқан, түрікке жиеншар Анна Ахматованың өзі не тұрады? Асқан жазушының астам пікірі дейміз дә мұны. Қазақта әрісі Мәриям Хакімжанова үкілеп ұстап, тәрбиелеп (өлгенін іздеп, тірісін тәрбиелеп) әкелген, берісі Фариза Оңғарсынқызы жетелеген бірсыпыра қаламгер қыздар бар әдебиетте. Екеуі жайында да жазған мына Мен әдебиеттегі қыздардың ынтымағын тілеймін. Ал, Сен Фариза болуға тырыспа, Маржан болуға тырыс. Мына заманда Фариза қайта туса бұрынғы Фариза бола алмас еді…
Сонымен, Маржан қызым, Сенің ф/б-да жазған постың біз сияқты Мемлекеттік сыйлықтан құлаған менің жеңгем Сәуле Досжанованы қолдау емес, құрыққа сырық жалғаған жалған өсек, Сәулені отқа итеру болып шығыпты. Әрі рушылдық отына май құюшылық… Басқа ештеңе де емес. Қазақ үшін қасіретті. Сәуле сыйлықтан құласа оны рудан көру – қате, оны Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссиядан көру керек. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның бұрынғы құрамы жөнінде өз пікірімді айтқанмын. (Жүсіпбек Қорғасбек сияқты сыйлас інілерімнің араша түсуіне қарамастан өз пікірімде қалам. Бұл мәселеге қайта оралуым да мүмкін.) Комиссияның биылғы құрамын жақсы білмейді екенмін. Темірхан Медетбек, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мереке Құлкенов құрамға биыл қосылды деседі. Үлкен байлық. Құдайы бар адамдар, турашыл жазушылар. Осындай құрамдағы комиссияға сенгім де келеді.

5. Мен архивариус жазушымын. Кезінде М.Әуезов, С.Мұқанов шығармалары КСРО Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтарға қатар ұсынылған кездері бір-бірінің үстінен жазған өкінішті эпистолярлық жазбаларды ОМӘӨ (ЦГАЛИ) архивінен оқығанмын. Кейбірін көшіріп алдым. Бүгінгі әдеби ортаға, жәми оқырманға ашылып әңгіме айтуға ұяламын. Екі алып үшін де. Ішімнен тынған сол сәттері ОК хатшысы Ілияс Омаровтың Жоғары мәртебелі комиссияға жазған ресми хатын оқып күйзелістен шыққан едім. Бұл күнде бақилық екі алыпты да пендешілік батпағына батырған СЫЙЛЫҚ деген нәпсі не деген ыстық еді, шіркін?! Ал, біз – бүгінгі ұрпақ бақилық қос алыптан әулие емеспіз. Классикалық шығармаларынан өнеге алатын біздер, пендешілігінен де сабақ ала білсек екен ендігі жерде.
Ал, Сәуле жеңгемнің арзан сөзге арандамағанын, сыйлық үшін күйзеліске түсіп, арзан жарнама үшін табанынан тозбауын қалаймын. Ол жазған «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы тақырыбын ашу, бағалау үшін, Семей ядролық полигонын жаптыру қадамына тұңғыш барған КПСС қайраткері Кешірім Бозтаевтай асыл азаматтың қаламынан туған деректі екі қасіретті хикаятты оқудан бастау керек шығар асылы. Тақырыптың игерілуі, әдеби дәстүр мәселесі жөнінен жапон жазушысы Кэндзабуро Оэ деректі дүниелерін де қатыстыра қарастыру жөн шығар. Өмір баспалдақтарын абыройлы басып өтіп келе жатқан аяулы жеңгемнің, өнерде де абыройлы жүруіне тілектеспін. Өнер жолында өлермендік керек десек те, «өлермендікпен өнер жасалмайтынын» (А.Сүлейменов) ұмытпайық!

6. Маржан қызым, Сенің қаламыңнан туған үлкенді-кішілі шығармалардың біразынан хабардармын. Тіпті Орхан Памуктен «Сезім музейі» (2021) атты аудармаңды да оқып шықтым. Сен әдебиетке енді беттеп келе жатқан әйел баласысың. Әдебиет – өнер. Өнер болғанда да, «СӨЗ ӨНЕРІ» (А.Байтұрсынұлы, Н.Гей, З.Қабдол). Ұлттың, жұрттың кір шалған, ласталған жанын тазартатын – өнер! Сондай өнерді рушылдық батпағын жағып кірлетпеген жөн. Өнер дүниесіне таза келгеніңді қалаймын, Маржан қызым!

Ал, ру және рушылдық асықпай талдайтын мәселе. Рушылдық жайында келесі хатымда жазармын. Сау-сәлеметтікте тұрайық, қызым!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.