20-12-24 |
12670 рет қаралған
Сұраған Рахметұлы. БІР МЕЗЕТТЕГІ ҮН.
Сұраған Рахметұлы. БІР МЕЗЕТТЕГІ ҮН

Ностальгия

Даланың сүгіреті бейғажайып еді. Сағым ойнаған құба белде құлын жусаған тыныштық бір кейіп.

Бақ айынан бастап балаусалы көңде бақайынан байлаулы бозботаның көмейінен аққан ақ құдыретті әуен одан да биік сюита. Құрақтың басына түнеген мөп-мөлдір шықтарды желпіп сүрткен тау самалы тіптен де таңғайып. Өлең жазғымыз келсе керек сол бір сәтте. Ескі дәптердің шикіл сары парағына жұққан сиқырлы шумақтар әлдеқашан ескірген сықылды!? Бірақ, тәңірлік әуезден жұққан табиғи бір ерекше ішкі дыбыстар қазақтың қара өлеңінде бықып жүр. Біз қара өлеңнің постулатты (poctulatum) ғажайыптарын байқамай зады үстірттеп барамыз.

***

Көл — көлем өң қалықтап, іңгә бұққан,

Бұп-бұйра бұлт астында ырғалып мән.

Құндақта құлпырған бір құдырет жүр,

Құстардың қанатынан ымға жұққан.

Ай күйлеп таңғажайып түн жұлымы,

Айдынның қаймағында жып-жылы мұң.

Май сәуір іш,сыртына демін тартып,

Аяғын бұтаққа іліп мүлгіді іңір.

Тамшылап таңның шығы талға үймелеп,

Таңғайып тау басына саңғиды — елең.

Бояулы қалғыған дөңде  сам кимелеп,

Бозтоғай оянады — «ән-күйменен».

Ән — әуен,  әуеде мән — «шіркін!» деген,

Кең дала,  керілген шың — сілкінген өң.

Беу, рок кері айғырдай жалы өртеніп,

Сарлықтың бұқасындай зіркілдеген.

Даланың үні киелі миссиетті таза сұлулығы мың түрлі қара әуезінде ғана сіңісіп тұрғандай. Біз біреудің санасымен өңгені ұғынып, бөтен зейінге, бөгде уәгізге тәуелді болған шақтан бері өзімізді жоғалта бастадық. Тастағы бәдіз жазудан кейінгі біздің дәурен бағзы түземдік үн сыпатқа шын ие болған еді. Раушан гүлінің бауыздау өңді қырмызы түрін түгелдей өңіріне түзген біздің бабалар өте күшті де күңіреңкі де нәзік әуендерді бізге мұраға қалдырыпты.

«Ала бұзау-ай, су іздеген…» (Our love is alive

And so we begin)

Субмәдениет кезеңіндегі қимылдың бәрі жоғарыдан төменге қарай бағыт алып мұнараға оранып көшіп барады!? «О, махаббатым тірісің, осылайша бастаймыз біз…» деп әннің әдепкі екпінін өзіңше әрлейсің!? («Ала бұзау-ай, су іздеген…» (Our love is aliveAnd so we begin)!?

Желдеткіштер ызыңдаған желдің үні сықылды ерекше бір үндер терезенің төменгі жақтауына саулап құйылады. Британияда Пинк Флойдтың аза бойды қаза қылып тітіркендірген ызыңдары үздігіп келіп ХХ ғасырдың елу,алпысыншы жылдарының бел ортасында бүткіл дүниені дүрліктірген Ұлы Британия мен АҚШ ансамбльдері «The Beatles», «The Rolling stones», «Lead zeppelin», «Pink Floyd» қанаттанып кеңге жайылып келе жатқан. Соңына қарай: 1979 жылдан әйгілі «Dschinghis Khan» ары,бері айдайды ән дүниені.

Орталық Азияның тынышын бұзып, керенау жатқан жұрттың ой өндіретін өресіне жеткені еді. Рок поптың тұңғыш ойыны әңгүдік музыкақұмарлардың санасына сәл қонақтағаны рас болуы мүмкін. Әйтеуір әжептәуір сілкіністер туындаған. Көшпенді сананың ерекше «теріс бұрауынан»  да асып түсетін құштарлық қыл қобыздың үнінен жұққан кезден бастап, мұмкін, қазақтың уыз жан-дүниесіне күй киесі сіңе жөнелгендей.

Субөнер жасаушылардың көбісін есі ауысқандар деп күмән мен шүбәны олардың тағдырына қатар нығарлап келген ерсі ғадет ғаламда толы.

Осыларды қалай тыңдасаң да жандүниеңде баяғы бір –  «Керім-ау, Айдай» – дала симфониясындағы үн: «Керім-ау, Айдай, кері маралдай, керімиығым, сағындым сені…» деген ғарыштық әуенді бұйырады да тұрады.

Шексіздік абсурды

Иоганн Себастьян Бах мені қатты қызықтыратын-ды. Бірақ…

Ата-бабасынан бері атақты музыканттар отбасындағы ізбасар өзалдына бір әлем шығар… Тумысынан дарыған дарындар: Фейт Бах, Иоганнес Бах әулеті қала әуендерінің атасы, сәл ғана  асырасілтесең бүткіл әуездің «құдайы» осы деп сеніп қаласың!?..

Демек мен үшін дала дауысынан өзге ешбір нәш, қайталанбас әуез жоқ секілді. Бұлғынның өзені басталатын бұйратты буаз төбеде жантайып жатсаң –  қорымтастардың түбінен естілетін ең ғажайып үндер лебі бұ дүниежүзін таңғалдырған классикалық музыкалардың бірінде де мұндай перуей дыбыстар жоқ шығар!?

XVII ғасырда нота графикасы мұтықабыққа (қағаз) таңбалана бастаса да: қынатас түбіндегі қыбырлардың дүйім жарқасы жаратылыстың жан-дыбысындай мүлдемге басқа, өңі де өзгеше һәм өзге. 

Моңғолдың әйгілі сазгері  Билэгийн Дамдинсүрэннің «Кентау биігінде» (1947) атты симфониясы болды. Құдыретше осы миында дыбыстардың шыр сәулесі бар сазгер  Б. Дамдинсүрэн 1956-1957 жылы Баян-Өлгий аймағында бір жыл бойы қызметте еді. Осы бей таланттың ірі симфониясының ең қарабайыр үнін біз 70-ші жылдары Қизатхан Қапан деген есе дарынды музыканттың тұғырдағы құстай құнтиып отырып, домбырамен шебер долбарлап  орындауында еститінбіз. Екі шектен сорғалаған тылсым бей күй, қабағын қарыс түйген қараторы ағаның ертегідей түр сықпыты мен сүйрік саусағынан құлап келіп, кәнігі әуез үніне ерей үйірген увертюра суылындай керемет. Бұйра қайыңнан тиегін қиған домбыраның жағымды күмбірі  жан тебірентер еді. Сұңлық тұнбалы бұлдыр үннің уысында сұлық қамалып қалатын сәттерің ғой.

Ботаның боздауы –  нотаның жетінші кілтінде

Үн мен әуен адамзатқа берген Жаратушының сыйы. Адамзаттың көз алдындағы кітабы – тума табиғаттың өзі. Табиғат бедері түб-түгел әзиз әуез. Табиғат пен тауратты оқыған саналы бүкір бабаның зиынына қондырылған құпиясы – ұшан құдыретті үнің ақиесі барлығын жаратушы тәңір. Бұны қазақ «күй»  деп шерткен домбырамен. «Күй»  атауы негізі  «кіндік» ұғымымен тіндес.

Баяғыда біздің үлкен үйдің қорасында бір көзіне ұшық тиген күшәле сәндеп қарашығын бүркеген  қаймал қара іңгені байлаулы тұратын-ды. Үлкен апам жарықтық буаз іңгенді бошалап кетпеуін қадағалап, аңдып қасында айналсоқтап жүретұғын. Бірнеше күнде әлгі («мал құлағы – саңырау» – Р.С) «соқыр» іңген бошаламай қорада боталапты. Қап-қара теңіз көзі бадырайған қара Бота тәлтіректеп аяқтанайын деп жүр. Енесі мен ботаның үш қара көздерінің ішінде бүткілдей үшкіл дүние қаймақтың бетінде жүзіп жүргендей керемет еді!?  Үш тұңғиық жанардан: жаһани дүниенің уақыт сұлбалары көрінгендей…

Қайран апам абысынының алақанына туған жас ботаны әппақ көнетоз жұқа мақталы шұға жабумен жабуласып,төбесіне бір тал үкі қадап көрімдік бергені есімде.

Қара шудасын самал аймалаған  қара іңгеннің көмейінен тамған мұңлы мекіренуі,өндіршегіне ықтаған жаңа туған сүлдерін иіскеп, көзінің жасы моншақтап, алысқа  жәудірей қарауы ғажайып күй сықылды еді!?

Кереңнің кереметі

Сексенінші жылдары ауылдан алыс кеттім. Кеш сайын батыстық ғажайып қаңғылес әуендердің жанкүйері  музкант досым Баатарға барамыз. Әлдебіреу сәуеттен сыйға берген ысылдақ күйтабақтан Ұрымның керең сазгері Людвиг ван Бетховеннің (1770.16 желді-1827. 26 мамыр) бесінші, тоғызыншы симфонияларын тыңдаймыз. Қырда өскен бізге классикалық музыка үні соншама таңсық болғанымен әйтеуір көкірекке тез сіңіп, елітіп кетпейді.

Керең болғанға шейін Ludwig van Beethoven  32 әуенді сонатасын ұсынған ұлы классик. Ол, 1812 жылы жанкешті өлермендікпен небәрі бір,екі ай айналасында 7-8 симфонияларын жазды.

Әмор раһаты оған «Ай соната»-ны берген сықылды. Махаббаты өзінен мүшел жас кіші кербез сұлу да сымбатты Жулетта Гвиччарди (1782.23 қараша-1856.22 наурыз) есімді графтың жас қызына арналды. Ол, сезім ұлы сазгерге қасірет әкелді.

Мүмкін тіл тиді, мүмкін тәңірі құлағын бітеп, сонарын соқырлады әйтеуір 1815 жылы 45 жасында таскерең болыпты…

Өлерінен үш жыл бұрын ғана мамырда  9-шы симфониясын ереуілдеткен сәті бүткіл батыстықтарды аңтарылтып кеткені бар…

Сағыныш көздерінде осындай ескі естеліктер сұлбасы қалады…

Бұл бір дәурен еді бөлекше шуақты!!!

Көксеркенің кежегесінен төкеріле төнетін толған айдың шуағын сағынып отырып сонау алыстан өлең жазатын едік…

Одан да  «родина-52» деп аталатын  өңкиме сары пірәміктен анда-санда бір берілетін Қорқыттың қобызының безілі мүлдем өзгеше етене сезіліп,естілетін-ді. Езіліп, бір ғайып сағынышпен қайтушы едік. Кереңнен келген керемет әсер етті ме, кім білген!?

«Ай соната»  шыр шуағынан соң Балуан Шолақтың «Ғалия» әніне не дерсіз!? Түпсіз шүңетті әуезді бейғайып соната осы! Иә…

Енді ойласақ біз өзімізге сездірмеген өзге өнердің өтпелі өткелінен өтіп келе жатыппыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.