23-09-19 |
1760 рет қаралған
Таласбек Әсемқұлов. Өгей.
Таласбек Әсемқұлов. Өгей

АЛҒЫСӨЗ

Мұқағали туралы киносценарий жазуды Таласбекке кинорежиссер Болат Қалымбетов тапсырған еді. Бұл міндеттің қиындығы сол – әдепкі ортада берік орныққан пікірге кереғар, Ақын кеңестік қоғамда жолы болып, тәп-тәуір табысқа жеткен жан: комсомол органдарында қызмет еткен, радиода диктор болған, Жазушылар Одағына біршама ерте мүше болып, сол замандағы ең беделді басылым «Социалистік Қазақстан»-да жұмыс істеген, Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыған, оның алғашқы «Ильич» және «Мавр» атты поэмалары Ленин мен Маркске арналып, тіршілігінде-ақ өлеңдерінің сегіз жинағы мен аудармаларының үш жинағы жарық көрген.

Сондықтан, сырттай күйлі-қуатты тұлғаның ішкі арпалысын ашып көрсету міндеті аса күрделі болды. Таласбек Мұқағалидың өмірбаянындағы сыртқы деректерге сүйенуді мүлде ниет еткен жоқ, тек Ақынның ішкі әлемін көрсетуді ғана жоспарлады. Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедия»-сын, дәлірек айтқанда, оның «Тамұқ» деп аталатын бір бөлігін қазақ тіліне аударды. Осы дәйек Ақынның ішкі әлемін суреттеуге, кинороманның бейнелер қатарын түзуге тірек болды.

Негізі, бұл – Таласбектің аяқталмай қалған жұмысы. Әйтсе де, автор көзі тірісінде бүкіл сюжетті, бейнелерді, негізгі көріністерді тиянақтап үлгерді, 2014 жылғы қыркүйекте Алматының кітапханаларында жұмыс істеп, Дантеге қатысты әдебиетті, М.Мақатаевтың қолынан шыққан «Құдіретті комедия» шығармасының аудармасын зерделеп, содан соң: «Сценарий дайын, қағазға түсіру ғана қалды» деген еді…

Кинороманды Таласбектің шимай жазбалары мен ауызша әңгімесінің нобайымен З.Наурызбаева жазып бітірді. Әрине, бұны Таласбектің деңгейінде жүзеге асыру мүмкін емес еді. Сырт жүйе, айқын арқаусыз сценарийді «Қазақфильм» редколлегиясында бекіту (бекіткізу) нысаналы туған Таласбектің ғана қолынан келер еді. Сондықтан, З.Наурызбаева, замандастарының естеліктеріне сүйене отырып,  М.Мақатаевтың шынайы өмірінен алынған деректерді қоса өрді. Өкінішке орай, сценарийді редколлегия қабылдамады, фильм басқа сценарий бойынша түсірілді.

Таласбек кинороманды орыс тілінде бастап, бірақ, атауын «Өгей» деп қазақша берді. Кинорманды қазақшалаған − Таласбектің шәкірті Айнаш Садық.

Зира Наурызбаев, мәдениеттанушы

***

ӨГЕЙ

***

Алматы. Түн. Көктемгі нөсер жауын. Аспан тесілгендей төпеп тұр. Республика Сарайы алдындағы алаң. Абай ескерткішінің қасындағы орындықта басын тұқыртып, бір ер адам отыр. Бұл – Мұқағали. Сом денелі, қазан бас, қайсар иекті. Болонья плащының бір түймесі ғана салынған. Қолшатыры ашылмаған күйі жанында жатыр. Иесі оны пайдаланып, қорғануға болатынын естен шығарған сыңайлы. Ол тек найзағай жарқылымен ауық-ауық көзін көтеріп, Алыптың мүсініне қарайды. Абайдың тас әлпетінде жарық пен көлеңке желігіп ойнақ салады. Төменде отырған пендеге Алып жазғыра қарайтындай. Найзағай жарқ еткен сайын иен көшелер, саябақтар мен маңайдағы үйлер үрейлі көкшіл сәулеге бөгеді. Ақырзаман орнағандай осынау ажарсыз қала көрінісі аясында тас мүсін мен адам, бейне, үнсіз тілдесіп отырғандай еді.

***

Мұқағали жауынға малшынып, Абай ескерткішінен аулақтай береді. Жүріп бара жатып: «Қорлық пен мазақ, қорлық пен мазақ… Ай менен күн шағылса да… Сорлы асық сарғайса да, сағынса да…» деп күбірлеумен болады.

***

10 жасар Мұқағали түс көреді. Түсінде тіркес-тіркес төбелердің арасындағы кең саймен жүріп отырып, аңғарға келіп кіреді. Шаң-шұң дыбыс шыққан жаққа беттейді. Құмыққан айғай-сүрен, қару қаршылы құлаққа шалынады. Бала сол толастай бастаған дыбыстарға қарай жүреді. Ақыры іздегенін табады. Шағын алаңқайда жаңа ғана ұрыс аяқталыпты. Өлген жауынгерлер жусап жатыр. Аяқ асты төгілген қан. Мұқағали кеудесінен жаны шыға қоймаған әлдебір адамның тырмысып, қан-қан саусағымен жерден шошайып шығып тұрған тасқа бір белгі сызбақ болғанын көреді. Әлгі адам құлап, шалқасынан түседі де, басынан ұшып кеткен дулығасы біраз жерге дейін домалап кете барады.

Мұқағали шыңғырып, шошынып оянады.

–          Не болды, балам? – деп сыбыр етеді жанында жатқан әжесі немересін кеудесіне басып. – Бісміллә, бісміллә! Неден шошындың, құлыным?

–          Апа, мен жауынгерлерді көрдім, – дейді Мұқағали, маңдайының терін сүртіп, – Өлген жауынгерлерді. Олардың біреуі тасқа бірдеңе жазды.

–          Қайдағы жауынгерлер?! – дейді әжесі ақырын ғана, оны басынан сипап.

Ол ошақтың отына ойлана қарап қалады.

–          Ешқандай да жауынгер жоқ, күнім. Түс – түлкінің боғы. Олардың бәрі кетіп қалған, ол жауынгерлер. Баяғыда кеткен.

–          Сонда олар болған ба, шынымен-ақ, болды ма сол жауынгерлер? – деп сұрайды Мұқағали, – Қобыланды, Алпамыс… Сол батырлардың бәрі қайда кетті, айтып берші, шеше?

Әжесінің көмейінен төгілгендей бәсең шерлі әуенге елтіп, ол да оттан көз айырмайды.

–          Иә, өтті ғой небір батырлар, – дейді әжесі, – Арашашы Ерлер. Қайран қасіретті Ерлер. Ескен желдей олар да көшті дүниеден. Өздеріне дейінгілер де, өздерінен кейінгілер де баратын жаққа кетті.

***

10 жасар Мұқағали бір топ баламен тау өзенінен балық аулап отырады. Шетінен сидиған арық, жалаңаяқ, бояуы қайтқан жамау шалбарларының балағын тізеге дейін түріп алған. Тек араларындағы – ірілеу – біреуі ғана тәуірлеу киінген. Ол – Керімбек. Қайта-қайта ыңғайлырақ жер іздеп, әрлі-берлі орын ауыстыра береді. Ұлдардың бірі – Нұразхан отырған жерде балық жақсы қабады. Керімбек оны көреді. Ол Нұразханға тақау кеп, қармағын қатар тастайды. Енді біразда салмағының ауырлығын пайдаланып, Нұразханды олжалы жерден тайдыруға тырысады. Нұразханның қармағы тағы қабады да, ол балықты жұлқып шығармақ болады, бірақ, екі қармақтың жібі байланып қалады.

–          Әй, шата, бұның не-ей! – деп Керімбек айғай салып, Нұразханды итеріп қалады. Анау тасқа құлайды. Қатты соғылса да, орнынан ақсаңдай тұрып, үн-түнсіз кеп, Керімбекті тарпа бас салады. Нұразханнан әлдеқайда ірі Керімбек оны тағы лақтырып жібереді.

Ұстасқан екеуге Мұқағали тұра ұмтылады. Керімбектің кеудесінен шап береді. Осы кезде автомобиль моторының дыбысы естіледі. Өзеннің төменгі ағысындағы бұрылысты айналып, шағын ауылға ескі машина келе жатқаны көрінеді. Ұлдар жаңа тұтанған төбелесті ұмытып, машинаға қарап қалады.

–          Әскерилер, – деп айғалап жібереді ұлдардың біреуі.

–          Әкем айтқан, соғысқа адам алуға келеді, деп. Енді әкелеріңді алып кетеді. Көресіңдер! – дейді Керімбек табалай.

Оны тыңдамастан, ұлдар бәрін ұмытып, ауылға қарай жүгіреді. Керімбек асықпай, Нұразхан мен басқалардың аулаған балығын жинап алады да, ырғала басып, ауылға қайтады.

***

Сабаннан соққан қоржын тамда жолға әзірлік жасалып жатады. Кіре берістегі ас үстелде Мұқағалидың анасы мен әжесі жол азығын қамдауда. Шешесі дайындағанын иыққапқа салады, ал, әжесі құрт, тары сияқты құрғақ азықты кішігірім матаға салып түйеді. Сосын төргі үйге кіреді. Онда, жерге жайылған жұпыны дастарқан басында орта жастағы жігіт ағасы отырады, тізесінде домбыра, бірақ, онысын тартпайды, құр жанында ұйықтап жатқан сәбиге қарап отыра береді. Әжесі түйіншекті шегеге іледі. Сосын ер адамға қарап, тіл қатады:

–          Бұл сенің тілеуазығың, Сүлеймен. Лайым, аман-есен оралып, осы дәмнен татуыңа жазсын!

Есік шалқалай ашылып, Мұқағали кіріп келеді. Ентелей басып, төрдегі ер адамға ұмтылады, бірақ, іле әжесіне жалт қарап, қымсынып тұрып қалады. Қайтерін білмей, көзінің астымен әжесіне қарайды. Әжесі күрсінеді:

–          Жә, жүгірмек. Қоштасып қал әкеңмен. Иә, әкеңмен. Білмегендей-ақ…

Рұқсат алған бала, имене басып, әкесінің жанына келіп тізе бүгеді. Әкесінің көңілі босап, екеуі ебедейсіз құшақтасады. Әкесі Мұқағалидың басынан сипайды.

–          Балам, шешеңе пана бол…

Ол мүдіріп, кәрі әйелге қарайды. Әйел жақтырмай, ернін жымырады, бірақ, көзінде жасы мөлтілдейді.

Әкесі сөзін жалғайды:

–          Шешең мен жеңгеңе, бауырыңа пана бол…

Мұқағали басын көтеріп, әкесінің жүзіне үңіледі.

***

Шағын ауыл шетінде жол киімін киініп, иыққап асынған әр түрлі жастағы бірнеше ер-азамат үйелмендерімен қоштасады. Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шешесін, ұлдары мен жарын құшақтайды. Әйелдер көз жастарын зорға іркеді. Егделеу жастағы сақалы аппақ, сыңараяқ Құрманбек қоштасқандарға жаны аши қарап тұрады. Нұразхан жападан-жалғыз оқшау тұр, оның қоштасатын ешкімі жоқ. Жалғызсыраған балаға көзі түскен Сүлеймен тақап кеп, оны басынан сипап, құшақтайды.

Әріректе ат үстінде отырған орта жастағы бұжыр бет еркек қоштасу көрінісіне немқұрайды қарап тұрады. Бұл – Бригадир. Қасында Керімбек тұр, сыңайында, бұлар – әкелі-балалы. Бір кезде Сүлеймен ширығып, Бригадирге әлдене айтуға оқталады, бірақ, анау ұлына иек қағады. Керімбек әкесіне мінгеседі де, екеуі үйлеріне тартады. Сүлеймен айтпақ сөзін қайта жұтып, бала-шағасына қарайды, сосын бұрылып, әскерге алынған өзгелерге ілесіп жолға түседі. Мұқағали мен басқа ұлдар үн-түнсіз олардың соңынан ереді. Әйелдер мен қарттар, балалар кетіп бара жатқандардың артынан қарап, жол үстінде қала береді.

***

Ер-азаматтар кең шатқал жолымен қызыл жалқынданған күнбатысқа қарай кетіп барады, ал, олардың ұлдары соңдарынан қарап тұрады. Сүлеймен Мұқағалиға бірдеңе айтқысы келгендей артына қарайды, бірақ, сол күйі үндемейді.

***

Ауыл құлқын сәріден оянады. Атқа мінген Бригадир ауылды айнала шапқылап, қамшысымен терезелерді ұрғылап, есіктерді теуіп, дігір салады:

–          Жұмысқа шығыңдар! Тұрыңдар! Шапшаң! Бәрі Отан үшін, бәрі жеңіс үшін!

Үйлерден ұйқысы қанбаған, жүздері солғын, жүдеу қарттар, әйелдер, жасөспірімдер шығып, жұмысқа жиналады.

***

Таң атқан шақ. Тау жолы. Орман шеті. Мұқағалидың анасы мен тағы бір әйел екісапты арамен зәулім шыршаны аралап жатады. Жұмыстары мандымайды, ара қайта-қайта сүрекке тұрып қала береді.

***

Күн арқан бойы көтеріледі. Қырман. Мұқағали мен Нұразхан кәрі, лақса аттармен қырман ішін айналып, астық бастырады. Шаң-тозаң мен кебек ұшып, күн шыжғырады. Екі ұл тоқтаусыз айнала береді, айнала береді, күн көздерін қарықтырады. Мұқағали кеберген ернін жалайды. Өзге ұлдар да осында еңбек етіп жүреді, тек Керімбек көрінбейді.

***

Күн тас төбеде. Мұқағалидың анасы қалтасынан шүберек алып, қанталаған үлкен күлдіреуігі жарылған алақанын орайды да, қайтадан арасын ұстайды.

***

Күн төбеден ауады. Нұразхан кеберсіген ернін жалап, атын шетке бұрады. Қалқаның жанына кеп, аттан түседі де, беті тақтайшамен жабылған шелекке жақындайды. Тақтайшада төңкерілген саптыаяқ тұрады. Нұразхан оны алып, тақтайшаны көтереді де, су көсіп алып, аузына апарады. Сол кезде бұған қарай қамшысын білеп, Бригадир шауып келе жатады. Нұразхан асығыс-үсігіс саптыаяқты қайта қоя салады да, атына қарғып мініп, қырманға жөнеледі. Оңбай тиген қамшы тозық жейдесін дар еткізіп, арық жауырынын осып түседі. Нұразхан ернін қымқыра тістеп, түк болмағандай жұмысын істей береді.

–          Күшік, жұмыстан сырғақсуын! Әкесі – халық жауы, бұл қайда барады?! – деп зіркілдейді бригадир.

Мұқағали ызаланып, бірдеңе айтқысы келеді, бірақ, өзін-өзі ұстап, жұмысын жалғастырады.

***

Мұқағалидың анасы тізеліктен суда тұрып, өзенмен шырша діңін ағызады. Ағаш оған көнбей, тастарға соғылады. Әйел әбден сансырайды.

***

Қырман ішінде жұмыс бір сәтке толастамайды. Күн көкжиекке құлайды. Осы кезде алыстан арба көрінеді. Арба үстінде қарны тойған, тыныққан Керімбек жатады. Ол атын енжар қырманға бағыттайды. Аяғының астында фляга мен ораулы шүберек жатады. Керімбек асықпайды. Ал, жұмыс істеп жатқан ұлдар оны бірден байқайды. Олар жұмысын жалғастырып жатып та бастарын бұрып, жақындай түскен арбаға қарайлаумен болады.

Керімбек қырманға жетіп тоқтайды. Арба үстінде түрегеледі. Кісімсіп, сұрлау шелпектердің шеті көрінген түйіншекті шешіп, фляганы ашады. Бұл кезде ұлдар ендігі өздерінің әр түрлі түсті шара, кеселерімен кезекке тұрады. Керімбек оларға көк сүттен ұйытылған нәрсіз айран құйып беріп, бір-бір шелпек ұстатады. Айранын бірден сіміріп салып, шелпегін жей бастаған Мұқағали, Керімбектің соңғы болып жеткен Нұразханға тістелген шелпек бергенін байқап қалады.

–          Әй, мынауың не?! – деп айғай салады Мұқағали жақындай түсіп.

–          Жә, қойшы сен де, сендерді немен тамақтандыратынын көргім келді. Шатаға сол да жарайды.

–          Қап, мынаны-ай… Сен бізге тамақты қашан әкелуің керек? Ал, қазір неше болды? – Мұқағали Керімбекті арбадан жұлып түсіреді. Төбелес басталады.

Екі ұл ұмар-жұмар шаңға аунайды. Өзгелері оларды қаумалап, кеу-кеулеп Мұқағалиға дем берумен болады. Төбелесушілерге Бригадир құйғытып келе жатады. Ұлдар тым-тырақай қашып, жұмысқа кіріседі. Тек Нұразхан ғана олардың қасынан кетпейді. Ол Мұқағалиға ымдап белгі беруге тырысады, бірақ, Мұқағали оған мән берместен, өршелене алысады. Бригадирдің тап жандарына кеп қалғанын кеш байқайды. Нұразхан Мұқағалиды қорғаштаймын деп, Бригадирдің қамшысының астында қалады. Соққы тура бетіне тиеді. Нұразхан баж ете қалып, қолымен көзін басады, саусақ арасынан қан сорғалайды. Мұқағали Бригадирге тап бермек еді, бірақ, оның өрт сөндіргендей әлем-тапырық түрін көріп, қаймығып тұрып қалады.

***

Түн ортасынан ауған. Майшамның көмескі жарығымен Мұкағалидың әжесі дұға қылады, сосын түрегеліп, қызуы көтеріліп, сандырақтап, арпалысып жатқан Нұразханға қарайды. Оның беті таңулы. Жанында Мұқағали ұйықтап жатыр. Қалжырағаны сонша, түк естімейді. Әжесі Нұразханға қайнатпа ішкізеді.

***

Таң атқан кез. Мұқағалидың әжесі мен Құрманбек Бригадирдің үйіне келеді. Есікті орта жастағы арықша, сұңғақ бойлы әйел – Бригадирдің әйелі – ашады. Өңінен текті сұлулықтың табы білінген, үстіне ендігі жаңа деуге келмейтін, Төңкеріске дейінгі кезеңдегі дәулетті қазақ әйелдеріне тән киім киген ажарлы әйел келушілерге суық көз тастап, төргі үйге кіріп кетеді. Ауызғы үйге Бригадир шығады. Құрманбек Бригадирге сөз қатады:

–          Бұл қай қылығың? Сұрауы жоқ деп басынғаның ба?

Бригадир зілдене мырс етеді:

–          Өкімет маған осы ауылды басқаруды тапсырды. Саботаж жасағаны үшін ол күшікті әкесінің артынан бір-ақ айдатып жіберуіме болар еді, қайта жолы болды оның.

Құрманбек күдер үзгендей басын шайқайды. Мұқағалидың әжесі Бригадирге тіл қатады:

–          Жетімнің көз жасына қалам деп қорықпайсың ба?

–          Соншалық не бүлінді?! Есесіне оны енді әскерге алмайды!

***

Мұқағали азын-аулақ отарды айдап келеді. Кезекті тоғайлы төбеден асқанда, ойламаған жерден жер кескінін тани кетеді. Бұл түсінде көрген жер еді. Ол тағы да қорқынышты түс көргендей болады. Бірақ, бұл жолы қанды қырғынсыз. Мұқағали шошақ тасқа жақындайды. Жарықтардағы нарттай қызыл қына, бейне, қанмен жазылған жазудай, көзге ұрады. Баланың жүрегі өрекпіп, бозарып кетеді. Кенеттен тас өлгелі жатқан жауынгерге айналып кетеді. Жылап жіберген Мұқағали оны құшақтап, басынан сипайды.

–          Ағатай! Ағатай!

Жауынгер риза кейіпте жүзіне күлімсірей қарайды. Елес ғайып болады. Мұқағали тастан ажырайды. Сосын осы жерді – соңыра арының мінәжат мекеніне айналар жерді – есіне сақтап алғысы келгендей, бірнеше рет артына бұрылып қарайды.

***

Мұқағали қойды қашаға кіргізіп, үйіне беттейді. Көшеде атқа мініп, иығына сөмкесін артып алған қарт пошташы қарсы алдынан шығады. Мұқағали оған үміттене қарайды, бірақ, ол баланың көзқарасын байқамаған сыңай танытады. Мұқағали басы салбырап, үйіне келеді. Келе әжесінен:

–          Хабар бар ма? – деп сұрайды

Әжесі басын шайқайды. Мұқағали бұрылып кетеді де, ауызғы үйдегі шелектен су ішеді. Әжесінің жанарында үрей мен күйзеліс тұнған.

***

Түнде Мұқағали ұйықтаған боп жатады, бірақ, айқасқан қабақтарының арасынан ошақтың жарығымен дұға қылған Әжесін бағып, оның: «Я, Алла, шырағымды сөндіре көрме, я, Алла» дегенін естиді.

***

Қым-қуыт жұмыс. Мұқағали өзге балалармен бірге біресе шөп шабады, біресе отын жарады, біресе шегіртке аулайды, біресе жер малалайды. Жұмыстан көз ашпайтын балалар күннен-күнге арып, жүдей береді. Және әр жолы олар пошташыға үмітпен қарайды, ал, ол жүзін тайдырып, сырт айналып кетеді. Әр жолы үйге келе салысымен, бала әжесіне қарайды, ал, әжесі басын шайқайды.

***

Үй іші ұйқыда. Мұқағали қолында қарындаш тұқылы, ошақтың жарығымен төсегінде газет шетіне әлдене жазып отырады. Жазғанын шимайлап, ернін жыбырлатады. Әжесі оянып кетіп, ақырын немересіне қарайды.

–          Мұқаш, не істеп отырсың? Ертең ерте тұрасың ғой.

–          Әжетай, тыңдашы, мен ағатайыма арнап өлең жаздым!

Мұқағали сыбырлап, балалық көңілден туған өлеңін оқиды. Әжесі өзінше сездірмей жасын сүртеді. Мұқағали оған:

–          Әже, жылайтын болсаң, ендігәрі саған өлең оқымаймын! – дейді.

***

Үйлердің тасасындағы оңаша жерде Мұқағали өлеңі жазылған газет қиындысын Керімбекке ұстатады, ал, анау қолын ықылассыз созып, Мұқағалиға шелпек береді.

***

Үй ішіндегілер сықсима шам жарығымен құр шай ішіп отырады. Мұқағали қойнынан шелпек алып шығады да, маңғазданып, оны бәріне бөліп береді. Інісі өз кесегін қомағайлана бас салады, бірақ, шешесі мен әжесі секем алып, жеуге асыға қоймайды, сұраулы жүзбен Мұқағалиға қарайды.

–          Еңбегіммен таптым.

–          Қалай? Қайда?

–          Өлеңімді саттым.

–          Қайдағы өлең? – деп сұрайды түк түсінбеген анасы.

–          Ағатайым туралы, ағатайыма жазылған хат.

Анасы бәрібір ештеңе түсінбей дал. Әжесі Мұқағалиға бір түрлі мүсіркей қарайды:

–          Балам, аян түсін бай баласына сатқысы келмей, үйінен безіп, елсіз дала кезген кедей туралы ертегі есіңде ме? Енді қайтып өлеңіңді сатушы болма!

Әжесі өз үлесін екі немересіне бөліп береді де, үстел басынан тұрып кетеді.

***

Қыс. Мұқағали үмітпен пошташыға қарайды, бірақ, анау оның тұсынан өтіп кетеді.

***

Қыс. Сырмалы мақта күрте киген Мұқағали қойын қарлы аңғарды ылдилата айдайды. Қолында ұзын таяғы. Ойға шомып, шамасы, өлең шығарып, күбір-күбір етеді. Абайсызда жолындағы тасты итеріп қалады. Тас төменге ұшып, басқа тасқа тиіп, соқтығысқан шаң-шұң дауыс шығады. Кенет жер гүрілдей жөнеледі. Қар тасқыны басталады. Кесек қар сырғып, Мұқағали мен отарды басып қалардай қауіп төндіреді. Мұқағали таяғын кеуде тұсына көлденең ұстай қояды да, қар оны іліп әкетеді…

Осы тапқырлығы баланы құтқарып қалады. Ол қалың қарда жатқан жерінде жөтеліп, түкірініп, есін жияды. Қолында әлі де көлденең ұстанған таяғы. Соның арқасында ол тереңге батып кетпеген еді. Ол қарды аршыңқырап, дүниені, қысқы аспан мен қарлы таулардың сұлулығын қайта көргендей, біраз жатады. «Мен тірімін», – деп қайталайды ол іштей.

Ол жан-жағына қаранып, қойын іздейді, бірақ, таба алмайды. Аңғардан шығып, сүрініп-қабынып, омбы қарға малтығып, ауылына ілбиді. Кенет таяқ тастам жердегі жолда ат тұяғының дүбірі естіледі. Мұқағали қуанып кетіп, жолға қарай жүгіреді. Ауылға барар жолда шана келе жатады. Ішінде Бригадир мен Керімбек отырады. Бригадир Мұқағалиға көзінің қиығымен қарап, ал, Керімбек ашықтан-ашық мырс-мырс күліп, тоқтамастан, жанынан өте шығады Мұқағали айғайлап, шақырып, шана соңынан біраз салпақтайды, одан қайран болмаған соң, шөке түсіп, еңкілдеп жылайды.

***

Мұқағали сол баяғы күртесімен әлдебір қараңғы қорада жылап отырады. Тесіктен жарық түсіп тұрады. Даладан даурыққан үндер естіледі. Мұқағалидың әжесі мен анасы Бригадирмен дауласып тұрады.

–          Бұның не, үсіп өледі ғой! Шығар оны, тым болмаса тамақтандыруға рұқсат бер!

–          Түрмеде тамақтандырады! Саботаж үшін бірден атып тастамаса!

–          Не айтып тұрсың? Қайдағы саботаж?

–          Колхоздың қойын арам қатырды я сатып жіберді! Сондай саботаж! Жауап береді бәріне!

***

Қораның сыртында үшеу тұр. Кенет әжесі сабырлы, салмақты дауыспен сөйлей жөнеледі:

–          Жауап береді, деймісің? Бәрі үшін бе? Менің жалғызым соғыста, отанын қорғап жүр, хат-хабар алмағанымызға қанша айдың жүзі болды. Ал, сен оның ұлын қорламақсың. Мен… сенің… бұныңды… кешпеймін…

Ол қорғасындай ауыр көзбен Бригадирге тесірейеді. Сосын жанарын әріректе тықыршып тұрған албыр бет, тоқ Керімбекке аудырады. Бригадир сасып қалады. Осы кезде шу естіледі. Бұл атқа мініп, көшкінге қалған отарды айдап келе жатқан Құрманбек болып шығады. Екі-үш қой ғана жетіспейді. Мұқағалидың әжесі үнсіз Бригадирді ығыстырып, қалтыраған қолымен қораның тиегін сырғытады.

***

Кешқұрым. Майшам жарығымен Мұқағалидың анасы қаптың түбін қағып, бір уыс дән жинайды да, қол диірменге тартып, ұнтақтайды. Ашыққан балалар одан көз алмай қарайды. Әжелері күрсінеді. Кенет есік қағылып, Құрманбек кіріп келеді:

–          Ассалаумағалейкүм!

Мұқағали мен інісі атып тұрып, ақсақалмен қолдасып амандасады. Ол болса, шалбарының қалтасынан әжептәуір ауыр қапшықты шығарып, Мұқағалидың шешесіне береді:

–          Келінжан, мынау балаларға.

Қапшықтың бауын шешіп, ішіндегі арпа дәнін көргенде, Мұқағалидың анасы қуанып кетіп, жалма-жан қол диірменге салып, тарта бастайды. Әжесі таңырқай сұрайды:

–          Қайным-ау, бұл қайдан келген байлық?

–          Е-и-и, балалармен бөліскеннен бригадирдің аты аштан қата қоймас…

Жұпыны дастарқан басы. Екі ұл шелпекті қарбыта асап отыр. Құрманбек домбыра шертіп отырады да, бір кезде жыр айта бастайды. Мұқағали асын қоя салып, ұйып тыңдап қалады, перне басқан саусақтарға қарап отырып, қалғып кетеді. Ұйқылы-ояу қалпында «Қара қамба» өлеңінің жолдары оқылады.

***

Көктем. Мұқағали мен басқа балалар арық-тұрық бұқаларды қарабайыр соқаларға жегіп, жер жыртады. Біреуі күшене бүкшиіп, бұқаны жібінен сүйрейді, ал, екеуі соқаның екі тұтқасын бар салмағымен басып, жүріп отырады. Олар аштық пен жұмыс азабынан титықтап, тәлтіректейді. Әлсіздік пен ауыр жұмыстан жүздерін жуған терді сүрте береді. Жаңа жыртылған құнарлы жердің иісінен жүректері лоблиды. Көз алдарында қызыл-жасыл сағымдар жүзеді. Кенет Мұқағали селт етеді. Жол үстінде бұларға қарай пошташы келе жатады. Ұлдар жұмысты тастай сала, жолға жүгіреді. Шаттанысып, жүздері алабұртады. Пошташы аттан түсіп, балаларға қарай бірер аттайды да, кенет тура жыртылған жерге жүгініп отыра кетеді. Балалар үдірейісіп тұрып қалады.

Пошташы оларға бір түрлі аянышты, тіпті, жазықты кісіше қарайды, оның бұл қарасынан ұлдар сескеніп, шегіншектейді. Бірақ, жыланға арбалған бозторғайдай, кетіп те қала алмайды. Пошташыдан көз айырмайды. Ол бөксесіндегі сөмкесін ағытып, бір бума хат алып шығады. Әуелі конверттің үстіңгі бұрышындағы жазуға, сосын ұлдардың біріне қарайды. Әлгі ұл жадыланғандай, өзіне тиесілі пакетті алады, бірақ, оқымайды, шетке кетіп қалып, пошташыға қарап тұра береді. Пошташы келесі конверттегі есімді оқып, тағы бір ұлға қарайды. Ол да жақындап кеп, өз конвертін алады. Осылай, кезекпен пошташы ұлдардың бәріне, арасында Мұқағали да бар, хат табыстайды. Сосын әлі құрып, аяқтары жұмсақ дымқыл жерге шым батқанын елемей, дүмін өкшесіне басып, отыра кетеді де, екі қолымен бетін жабады. Егістік үстімен қаз-тырналар сыналай ұшып, жыртылған жерде маңғаз басып ұзақтар құрт теріп жүреді. Қолдарына бір-бір конверт ұстаған ұлдар, бейне, биіктеп, есейе түскендей, үстеріне көне сауыт кигендей кейіпке енеді. Ал, пошташы бетін басқан күйі жерде отыра береді…

Бригадир шауып жетіп, дүрсе қоя береді:

–          Жұмыс істеңдер! Сен не былықтырып жүрсің?

Пошташы Бригадирді мүлде көрмегендей, өз-өзіне сөйлейді:

–          Ертеде қаралы хабар әкелгендерді өлтірген.

Сосын ұлдарға тіл қатады:

–          Кешіріңдерші мені, кешіріңдерші!

Бригадир оған шамырқана қолын бір сілтейді де, қайтадан айғайға басып, ұлдарға жекіп, қамшы сілтеп, ойқастаған атымен омыраулай береді:

–          Жұмыс істеңдер, әйтпесе…

Қолына конверт ұстаған Мұқағали да ересек тартқандай:

–          «Жетімдерміз біз. Жекімеңіз бізге! Жетімдерміз!».

***

Арада бірнеше жыл өтеді. Жасөспірім Мұқағали мен бір көзі таңулы Нұразхан әлдебір тар бөлмеге кіреді. Бұл – ауыл кітапханасы. Қарапайым ағаш сөрелерде кітаптар иін тіресіп тұр. Қақ ортадағы сөрелерді Лениннің, Сталиннің шығармалары жинағы емін-еркін жайлаған. Басқаларында түптері қырылған кітаптар – орыс классикасы – сықалған. Мұқағали кітаптарды сипап, авторлардың аттарын оқиды, бірдеңе деп күбірлейді. Кенет бұрышта бейберекет үйіліп жатқан кітаптарға көзі түседі, жанына барып, тізе бүгеді, бір-бірлеп қолына алып, мұқабаларындағы аттарын оқиды. Бұлардың бәрі – араб жазуы, латын әрпімен жазылған қазақша кітаптар, Төңкеріске дейінгі басылымдар да бар. Арасында Абай өлеңдерінің жұқалтаң жинағы жүр. Нұразхан бір бетін ашып қалып, оқиды: «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, ай менен күн аспанда шағылса да…». Мұқағали жалма-жан келесі кітапты ашады, бұл – Мағжан: «Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар!»…

***

Түн. Қызуы көтеріліп жатқан Мұқағали сандырақтап, Абайдың, Мағжанның өлеңдерін оқиды. «Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр. Қап-қара түн. Қайғы менен қан ойнап тұр. Қайғы менен қара қанға тұншығып…». Бас жағында отырған әжесі абыржып, әредікте алас ұрған немересіне су ішкізеді.

***

Ауладағы қоймада Мұқағали мен Нұразхан Құрманбектің көмегімен тақтайларды сүргілеп, шағын кітап сөресін жасайды. Кітапханаға әкеп қойылған жап-жаңа сөреге екі ұл қазақ кітаптарын тізеді. Сосын қуаныштарын Құрманбекке жеткізбек болып, мәз болысып, қоймаға жүгіреді. Бірақ, бұл кезде қолын артына қайырып, Құрманбекті чекистер «воронок»-қа әкетіп бара жатады. Мұқағали оларға ұмтыла бергенде, Құрманбек тыйым сала басын шайқайды. Мұқағали тоқтап: «Не үшін?» деп сұрайды.

Соғыс жылдарында денесі ауырлай түскен Бригадир қойма аузында тұрған күйі нығарлай жауап береді:

–          Колхоз астығын ұрлағаны үшін. Бүкіл ел барын майданға беріп әлек, ал, мына ұры тойынып жүр.

Мұқағали бірдеңе айтпақ еді, бірақ, Құрманбек қатты дауыстап, оның алдын орай қояды:

–          Қош, балам. Отбасыңның ендігі тірегі – сенсің. Құдай жазса, әлі-ақ көрісерміз.

***

Ержетіп қалған ұлдар жол үстінде түсі оңған гимнастерка мен пилотка киіп, соғыстан қайтып келе жатқан жасамыс солдатты ұшыратады. Балалар одан көз айырмай қарап қалады. Ол кінәлі кейіпте жер шұқып, шолтиған, көнетоз киімді қораш, арық жеткіншектердің жанынан өте береді.

***

Жайлаудағы ұлан-асыр той. Жұрт Ұлы Жеңісті тойлайды. Қаптаған әйелдер, балалар, қарттар, ара-тұра соғыстан оралған еркектер, көбісі – мүгедек. Қызылмен жазылған ұрандар. Біреулер домбыра, гармон тартып, ән салады. Жасөспірімдер мен қыздар алтыбақан тебеді. Оларға кеудесі медальға толы ұзын бойлы, жас, бірақ, бір қолы жоқ солдат жақындайды. Мұқағали алтыбақаннан қарғып түсіп, солдатқа орын береді. Солдат Мұқағалидың бала күнгі түсінде көрген жауынгерден айнымайды. Соны байқаған Мұқағали солдаттан көз алмай қарайды.

Солдат бас изей алғыс білдіреді де, тақтайға тұрып, сұлу қызбен тербеле бастайды. Ол бар күшімен алтыбақаннан құлап қалмауға тырысады, сау қолымен ғана емес, жоқ қолының тұқылымен де жіптің бірінен ұстанады, өзі ештеңесін сездірмей, жадырай күледі. Бойжеткен оның қиналысын байқап, абайлап тербеледі. Бригадир зымиян көзбен қыздарға қарап, аулақта тұрады.

Айтыс басталады. Бойжеткен қыздар, кексе әйелдер майдангерлермен сайысып, баршасы емен-жарқын күліседі. Әлдекім Мұқағалиды алға итеріп шығарады да, ол жас қызбен айтысады.

Аударыспақ басталады. Жас солдат атқа мініп, Бригадирге қарсы шығады. Екеуі ұзақ тартысады, ақыры солдат жеңеді. Мұқағали мен басқа балалар бұған жатып кеп қуанады. Мұқағалидың ауылдастары да қуанады. Бір апай күліп:

–          «Ит жоқта шошқа үретін» заман өтті, – дейді.

Бәрі қыран-топан күлкіге кенеледі. Бригадир бұл сөзді естіп, әлгі апайға, басқаларға, сосын солдатқа зілдене қарайды.

Бір топ ауылдас жолдастарымен тұрған Мұқағали тәуір ат мініп, жандарынан өтіп бара жатқан өзімен тұрғылас талдырмаш қызды көреді. Қыз біршама ескіше киінген: басында үкілі кәмшат бөрік, үстінде ұзын көйлек, камзол, күміс қапсырмалы белдік. Қолмен сызғандай әдемі қалың қасты, бұрымды қыздың аты – Маржан. Ұл біткен сол қызға қарап қалады. Ол да сұңғақ, өңді Мұқағалиға көз қиығын тастайды. Ол өтіп кеткен соң, біршама кідірістен соң Мұқағали: «Мен осы қызға үйленем» дейді. Қатарында тұрған Керімбек ақырын мырс етеді.

Жас солдат қазақша күресте де ешкімге дес бермейді. Мысықтай епті ол әр кез жығылғандай болса, лезде аяғына тұрып кетеді де, қарсыласының астына лып етіп сүңгіп, иығына сап көтеріп алып, бір-ақ лақтырады. Сосын жеңімпазға тән кейіпте жалғыз қолы мен екінші қолының тұқылын жайып тұра қалады. Оған бәрі риза болады, сүйсініп, арқасынан қағады. Жігіт бақытты, зеңгір көкке, айнала тауларға қарайды. Әжелер байқатпай жаулықтарының ұшымен жастарын сүртеді.

Бәйге болып жатады. Жеңімпаз солдат та көппен бірге ат жарысын тамашалап, делебесі қозып «жанкүйер» болады. Күтпеген жерден оған чекистер жетіп келеді де, әлдене деп, өздерімен ілестіріп «воронок»-қа алып әкетеді. Бәйгенің қызығына кірген көрермен жұрт бұны байқамайды. Тек Мұқағали ғана осы жеңімпазды тұтқындау көрінісіне таңырқай қарап тұрып қалады. Машинаға отырып жатып, есіл ер еркіндік ауасын, туған төскей ауасын ақтық рет жұтқандай, тұнжырай айналасына қарайды.

***

Мектеп түлегі Мұқағали таңды жалғыз өзі сонау бір кезде өлім аузындағы жауынгердің рухын көрген тастың жанында қарсы алады. Ол әлденеге құлақ түргендей, қолын тасқа қойып, басын иіп тұрады. Содан соң жайлап, қармалағандай кібіртіктеп басып, тура тастың алдына келеді, жүзін күншығысқа бере, аяғын алшайтыңқырап, басын шалқайтып, төбесіне көтерген қолдарымен көкті тірегендей болып тұрады. Көзі жұмулы, баяу әрі терең тыныстайды, жартылай ашық аузымен аспаннан құйылған ауаны жұтады. Әлеммен тұтасып, табиғаттың үнін, жылғаның сылдырын, құстың сайрауын естиді. Содан соң ақырындап әдепкі қалпын тауып, осы бар сұлулықты бойына сіңіргендей, бірер мезет көзін ашып тұрады. Ол тасты сипайды да, өзінің жаңа, ересек өміріне қарай аяқ басады.

***

40-шы жылдардың аяғы. Жаз кезі. Мұқағали, Нұразхан (баяғыша көзі таңулы), Керімбек және басқа балалар ескі жүк көлігінен түйіншек-қаптармен бірге Алматыдағы Көк базар маңында түсіп қалады. Олар қатал тау климатына сай жылы киінген. Қалаға алғаш келулері, әрі қуанып, әрі абдырап, жан-жақтарына алақтай береді. «Қызыл таң»-ның тұсынан өтеді, сосын жоғары жүріп, ҚазМУ-дің ескі ғимаратына (корпусына) келеді. Бәрі әбден терлеп, шаршап, қарындары ашады. Заттарын жол шетіне үйіп қойып, арықтан су көсіп алып ішеді, жуынады. Мұқағали мен Керімбек корпусқа кіреді. Қалғаны бұл кезде азықтарын шығарып, отырғышқа жайылған газет үстіне қояды. Мұқағали мен Керімбек оралады.

Мұқағали:

–          Директор әлі келмепті, – дейді.

Жігіттер үйдің тамағын жейді. Жүргіншілер қазақнамай топқа бұрылып тұрып қарайды. Кейбіреуі сырт киімін – ескі мақта күртесін, шинелін – шешіп, қолдан тігілген мыжық жейдемен отыр. Іштеріндегі Керімбек қана киімімен ерекшеленеді. Ол жұрттың назарын байқап, өзіне қатысы жоқтай, ауылдастарынан аулақтау отыруға тырысады. Мұқағали күртесін шешпейді. Анда-санда біресе ол, біресе Керімбек ғимаратқа кіреді де, басын шайқап я иығын қомдап қайтып келеді.

Бір кезде университеттен шыққан қазақ әйел Мұқағалиға тақайды, шамасы, лаборант я әдіскер:

–          Балам, біреуді күттіңдер ме? Қонатын жерлерің бар ма?

–          Апа, рақмет, бізге директор керек еді.

–          Жарайды.

Ол кетеді. Кеш қараяды. Көшеде кетіп бара жатқан түрі-тұлғасы күдікті бір қазақ жігіті Керімбекке жақындап кеп:

–          Інішек, неғып тұрсың? Түнейтін жерің бар ма? Менікіне жүрсеңші? – дейді.

Керімбек оған шүбәмен алара қарап, басын шайқайды. Жігіт мырс етіп, өте береді. Достардың бірі:

–   Керімбек, ана жігіт не деді? – деп сұрайды.

–   Түнемелге шақырды.

− Сен ше?

Керімбек күйіне, қолын сермейді:

–          Көрмеймісің? Ол бандит қой! Тасалау бір жерге апарады да, бандасымен жабылып тонайды.

–          Ал, мында, көшеде бізді тонамай ма? Анау директоры да жоқ…

Балалар үріккен балапандай, бастарын бұрып, жан-жақтарына қарайды.

Университет ғимаратынан орта жастағы арық қазақ еркек шығады. Жүзін ерте түскен әжім торлаған, басы аппақ, қарапайым, бірақ, таза киінген. Бұл – Мадияр. Ол ендігі қаңырауға айналған көшеде қалған ауылдың балаларын, олардың үйілген буыншақ-түйіншектерін көреді. Көше бойына ойлана көз тастап тұрған Мұқағалиға назары түседі. Оның тегін адам емес, елден ерек жан екенін бірден түсінеді. Сөйтіп, Мұқағалиға жақындайды:

–          Балам, кімді күтіп тұрсыңдар?

–          Сәлеметсіз бе, аға! Біз директормен сөйлессек деп ек.

–          Директормен? Жайша?

–          Оқуға түсу үшін.

–          Түсінікті… Құжаттарыңды қабылдау комиссиясына өткізулерің керек еді ғой, директор онымен айналыспайды. Бірақ, комиссия бүгін жабылды… Ертең келу керек. Түнеп шығатын жерлерің бар ма?

Мұқағали басын шайқайды. Мадияр Мұқағалиға, оның достарына тағы бір бағалай қарайды, содан кейін былай дейді:

–          Мен мына жақын жерде тұрам. Үйде орын жоқ, бірақ, аулаға жайғасуға болады. Атың кім сенің?

–          Мұқағали.

Мұқағали ойларын білгісі келген сыңаймен достарына қарайды. Баршасының жасы үлкен, оның үстіне университетте істейтін ағайдың ұсынысына қуанып кеткендері байқалады.

–          Рақмет, аға!

Жігіттер қапшық, бауларын ала салып, Мадияр мен Мұқағалиға ереді. Жол-жөнекей Мадияр көшелерді атап, олардың тарихын аз-кем баяндайды.

***

Мадияр, шынымен, жақын жерде тұратын болып шығады, ол қашаны ашып, аулаға кіреді. Аулада үлкен бау, алдыңғы жағында үш терезесі бар үй тұрады. Есік алдындағы ағаштың астында қазақ келіншек сандал үстіне қойылған елегенде бірдеңе жуып жатады.

–          Қызым, мына балалар ауылдан университетке түсуге келіпті. Бүгін аулада түнеп шығуға рұқсат ет, ертең құжаттарын тапсырып, жатақханаға орналасады.

Келіншек жігіттерге үңіле қарайды.

–          Жақсы, ағай. Тапшанға жайғассын. Шай ішсе, самаурынды алсын.

–          Рақмет, айналайын. Моншаға түсіп алса, бола ма? Отынның ақысын қоса төлеймін.

–          Өзіңіз біліңіз, аға. Сізге ыңғайсыз болады ғой.

–          Түк етпейді, мен шыдаймын.

Мадияр балаларға иек қағып, лапастың астындағы самаурынды көрсетеді.

–          Шай ішкілерің келетін шығар?

Жігіттер қуанып кетеді. Нұразхан балтаны алып, отын жарады, Мұқағали құдықтан су әкеледі, енді бір жігіт қапшықтардағы тамақты ауладағы тақтай үстелдің үстіне шығарады, келіншек бақтан жинаған алма, өрік салынған үлкен шараны үстелге әкеп қояды. Дастарқан қамдап жүрген жігіт:

–          Рақмет, жеңге! – дейді.

Мадияр жіңішке жолмен аула түкпіріндегі қисайған кішкентай аласа моншаға барып, кіреді де, ішінен майда-шүйде дүние, бір бума кітап алып шығып, киіз төселген тапшанның бұрышына қояды. Пенжегін шешіп, тапшанның бағанына іледі, қайтадан моншаға кіріп, ораулы көрпе, жұқа сұр жамылғы, жастық алып шығады. Оларды да тапшанға тастайды. Демалып отырған Керімбектің аңырған түрін байқап:

–          Моншаға түскілерің келе ме? Пеш жақ, – дейді

Керімбек сүлесоқ жұмысқа кіріседі.

Жігіттер қарын тойдырып, шөл басып, жан шақырады. Мадияр оларға:

–          Ал, барып жуыныңдар. Кезекпен кіріңдер, екі адамнан артық сыймайсыңдар, – дейді.

Мұқағали орнынан тұрып, күні бойы үстінен түспеген көнетоз күртесін шешеді. Астында еш киім жоқ. Мадияр:

–          Жуыныңдар, ал, таңертең базарға барамыз. Киім ауыстырыңдар. Қалада бүйтіп жүруге болмайды. Киімге ақшаларың бар ма? – дейді.

Керімбек елең етіп, сездірмей өз затына көз тастайды.

Мадияр мырс етеді:

–          Жарайды, көрерміз.

Ол өзінің көр-жерінен бір жейде алып шығады да, Мұқағалиға ұстатады.

***

Мұқағали мен Нұразхан жуынып болып, моншаның ауыз үйінде киінеді. Ауыз үй дегені –төбесі аласа аядай ғана бөлме. Түнде төсекке айналатын кең отырғыш, қабырғаға қағылған екі ілгіш, терезе тұсындағы үстел-тумба – жабдық атаулы осы ғана. Мұқағали Мадиярдың таза жейдесін қуана-қуана киіп алады.

***

Бірінші болып жуынып шыққан Мұқағали мен Нұразхан керосин шам жарығында Мадиярмен шай ішіп отырады. Шамның айналасына жынды көбелектер үйіріледі. Мұқағали Мадиярға жасқана сұрақ қояды:

–          Аға, заттарыңызды моншада сақтайсыз ба?

Мадияр ақырын мырс етеді:

–          Иә, мен моншаны жалдағам, сонда тұрам.

–          Қалайша?

–          Сенбі күндері үй иелері жуынып болғанша, заттарымды шығара тұрам.

Мұқағали ыңғайсызданып қалады да, Мадияр тақырыпты өзгертеді:

–          Қай факультетке түскің келеді?

–          ?

–          Кім болғың келеді?

–          Ақын!

Мадияр тағы да жеңіл мырс етеді. Оның бұдан арғы сөзінен мысқыл да, өршіл, өзімшіл жастық арынға деген жылы пейіл де аңғарылады:

−          Ау, әлбетте! Демек, филология факультетіне. Өлеңдеріңді оқып бересің бе?

Мұқағали құптай басын изейді, содан соң зор байыппен өлеңін жатқа оқиды. Болашақ радиодиктордың қуатты даусы:

Мен бақыттымын,

Бақытты жерде туылдым.

Айналайын Қарасаз,

Қасиетінен суыңның!

Мадияр езуіндегі кекесінді көрсетпеуге күш салады, бірақ, Мұқағали онысын байқап қойып, қысылып қалады. Мадияр салмақпен сұрақ қояды:

–          Олай болса, сенің атақты әрі дәулетті ақын болмасыңа қоймайтын Беатричең де бар болар?

Мұқағали бірдеңе түсінгендей басын изейді де, әңгімені басқа арнаға бұрады.

–          Аға, университетте кім болып істейсіз?

–          Филология факультетінде әдебиет тарихынан дәріс берем.

Мұқағалидың көзі жайнап кетеді.

–          Онда менің ұстазым боласыз ғой?

–          Егер түссең.

–          Түсем. Аға, кітаптарыңызды көрсем бола ма?

–          Көре ғой.

Мұқағали түрегеліп, тапшаннан кітаптарды алады да, үстелге келеді. Кір ыдыс пен тамақтың қалдығы шашылған үстелге қарап, бір қолымен нанның астындағы таза шүберекті алып төсейді де, үстіне кітаптарды қояды. Бұл көріністі үнсіз бақылап отырған Мадияр елеусіз ғана құптап басын изейді. Мұқағали бумадан бірінші кітапты алып, алтын бедерлі мұқабасын сипайды да, оқиды:

–          Камоэнс. Өлеңдері. Өлеңдер!

Кітапты ашып, оқиды:

Неужто я неровня вам, и мне

Всю жизнь страдать придётся терпеливо?

Но кто достоин вас? Такое диво,

Пожалуй, встретишь разве что во сне.

Мадияр Мұқағалиға анықтап қарайды:

–          Орысша оқи аласың ба?

–          Иә, соңғы жылы бізге жақсы мұғалім сабақ берді. Ауылдың кітапханасындағы кітаптарды да Нұразхан екеуміз түгел оқып шықтық.

Мұқағали иегімен досын меңзейді. Мадияр Нұразханға қарап, құптай, басын изейді.

–          Ақынға, біреулер ойлағандай, ұйқас қана емес керегі. Ақын көзі ашық адам болуы тиіс, көп оқуы керек.

Нұразхан да өзін еркін сезіне бастайды. Ол сұраулы жүзбен Мадиярға қарап, кітаптарға қол созады. Мадияр бас изейді.  Нұразхан буманың ортасынан семіздеу кітапты суырады.

–          Белинский.

Мадияр маңызды бірдеңе есіне түсіп кеткендей, селт етіп, Нұразханнан кітапты қайтып алмақ болып, қолын созғандай еді, бірақ, бала ол емеурінді елемей, кітапты аша береді де да, қалшиып отырып қалады. Сосын сасқалақтап, өңі қашқан Мадиярға, Мұқағалиға аңыра қарайды. Досының жанында отырған Мұқағали кітапқа үңіледі.

Мұқабасында «Виссарион Белинский» деп жазылған кітаптың бірінші бетінде Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» деген өлеңі басылған. Нұразхан басқа бетін ашады. Онда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз…» деген өлеңі тұрады. Бір мұқаба астында қуғынға ұшыраған қазақ ақындарының әр түрлі тыйым салынған шығармалары, газет, журнал қиындылары тігілгені көрінеді.

Балалар көзі шарасынан шыға жаздап, бір қуарып, бір бозарып, түрі өзгеріп сала берген Мадиярға қадалады. Ол болса, қайтерін білмей, үндемейді, енді бірдеңе дей бергенде, моншаның есігі ашылып, ішінен булары бұрқырап, қып-қызыл болған Керімбек пен тағы бір жігіт шыға келеді. Олар үстелге беттейді. Мадияр қолын созып, кітапты алады да, Мұқағали мен Нұразханға көз тоқтата қарап, үндемеуге белгі береді. Аналар қобалжи бастарын изейді.

Моншадан шыққандар шайға бас қояды. Мадияр орнынан тұрып, қолындағы кітабымен бақ түкпіріне қарай беттейді. Мұқағали да, бақты көргісі келген кісіше, солай қарай аяңдайды. Ауланың бұрышында кітапты тығып үлгерген Мадиярды қуып жетіп, құпиялай сыбырлап:

–          Аға, қорықпаңыз. Нұразхан екеуміз тісімізден шығармаймыз. Ешкімге, ешқашан. Тіпті, түрмеге қамаса да! – дейді.

Мадияр әлдене айтпақ болады, бірақ, үндемейді, тек бозбаланың көзіне бажайлай қарап, оның шоқтай жанған шыншыл, ақылды жанарын қайта танығандай болады да, көңілі орнына түсіп, күрсіне бас изейді.

***

Жігіттер бүктелген күртелері мен шинельдерін жастанып, тапшанда ұйықтап жатады. Тек Мұқағали ғана толқып, ұйықтай алмай, жұлдызды аспанға қарайды, ал, көңіл көзінің алдынан Сұлтанмахмұттың өлеңдері көлеңдеп кетпейді… Мадияр моншадан шығып, табалдырыққа отырады да, «Беломор»-ын тұтатады. Мұқағали орнынан тұрып, қасына барғысы келеді, бірақ, ыңғайсызданады.

***

Қалаша қарапайым, арзан костюм киінген жігіттерді Мадияр университетке бастап келіп, «Қабылдау комиссиясы» деген жазулы тақтайша ілінген есікке беттейді. Олар дәлізде ойламаған жерден Маржанды кезіктіреді. Мұқағали кілт тоқтап, бар дүниені ұмытып, қызға ғашық көзбен қарап қалады. Керімбек елеусіз мырс етіп, қабылдау комиссиясына кіріп кетеді.

Мұқағали Маржанмен тілдескісі келеді, бірақ, батпайды. Қыз жымиып, өз жөнімен кете барады. Мадиярға бұл көрініс бір түрлі қызық әсер етеді. Тегінде, ол Маржанды жақсы танитын сыңайлы. Оны көргенде, Мұқағалидың алабұртқанын көргенде, көңілі өрекпігендей болады, бірақ, онысын сездірмеуге тырысатындай сыңайлы. Маржан ұзап кеткен соң, Мадияр абдырауын білдірмей, әзіл аралас:

–          Осы қыз ба? – деп сұрайды.

Мұқағали басын изейді.

***

Мұқағали, Нұразхан және Мадияр университеттің қабылдау комиссиясының кең бөлмесіне кіреді. Онда бірнеше үстел тұрады, әрқайсысының үстіне факультеттің атауы жазылған қағаз қойылған. Мадияр үстелдердің басында отырған университет қызметкерлерімен амандасады. Бұл кезде ендігі құжаттарын тапсырып, жатақханаға жолдама бланкын алып үлгерген Керімбек «Заң факультеті» деген қағаз тұрған үстелден ұзап, серіктерін байқамағандай, бөлмеден шығып кетпек болады. Бірақ, кенет тоқтай қап, жерлестеріне қарайды. Мұқағали мен Нұразхан филология факультетінің үстеліне барады. Мұқағали бірінші болып қағаздарын ұсынады, хатшы қыз оларға бір қарап шығып, папкаға тігеді де, Мұқағалиға жатақханаға жолдама бланкын ұстатып, түсіндіреді:

–          Қазір мына адреспен барып, жатақханаға орналасасың.

Керімбек әлденеге бекінгендей, қабылдау комиссиясын басқаратын кекірейген мосқал еркек отырған үстелге жақындап барады да, еңкейіп, Нұразхан жаққа қарап қойып, ақырын бірдеңе айта бастайды.

Хатшы қыз бір көзі таңулы Нұразханға қарайды. Нұразхан қобалжып, құжаттарын береді. Қыз Нұразханның құжаттарына көзін бір жүгіртіп, папкаға тігуге ыңғайланады. Сол сәтте оған комиссия төрағасы жетіп келіп, Нұразханның құжаттарын алады да, анықтап оқып шығып, Нұразханға тесірейеді. Бозбала одан сайын сасқалақтап, қызарып кетеді. Еркек Нұразханның қағаздарын төбесіне көтере сермелеп, барлық қызметкерлерге тіл қатады:

–          Тағы да ескертем. Қырағылық! Жау мүлгімейді, олардың арсыз-аярлығында шек жоқ! Міне…

Ол айыптағандай Нұразханды нұсқап, сөзін үстейді:

–          Осындайлар мемлекетіміздің сеніміне кіріп алып, жоғары білім алуға тырысады.

Нұразхан есінен тануға шақ қалады, Мұқағали түк түсіндейді, есесіне, Мадияр бәрін түсінген сияқты. Ол бірдеңе демек болып, аузын аша береді, бірақ, сөзін жұтып, бөлмеден атып шығады. Сонда Мұқағали бастыққа қарап үн қатады:

–          Аға, не болып қалды?!

–          Жаныңда кім тұрғанын білесің бе?

–          Иә… Нұразхан, екеуміз бала күнімізден доспыз.

–          Ал, оның әкесі қайда?

–          Білмеймін, – Мұқағали иығын қомдайды. – Соғыста қаза тапқан шығар?

Нұразхан одан әрі шыдамай, жүгіріп шығып кетеді. Ал, қабылдау комиссиясының бастығы енді Мұқағалиды айыптай сөйлейді:

–          Сен комсомолсың ба?

Мұқағали басын изейді.

–          Дәл іргеңде дұшпан бұғып жатыр! Ал, сен оны байқамадың! Мүмкін, сен онымен сыбайлас шығарсың?!

Мұқағалидың жүзіне сан қилы сезім – түсінбеушілік, ыза, үрей – атойлап шыға келеді… Керімбек насаттана мырс етіп, бөлмеден шығып кетеді.

***

Мұқағали университет дәлізінде Керімбекке тістеніп:

–          Стукач, – дейді.

Керімбек мырс етіп, кете барады.

***

Кешкі мезгіл. Мұқағали мен Нұразхан қолдарындағы жүктерімен далада тұрады. Мұқағали жанашырлықпен:

–          Ауылға қайтасың ба? – деп сұрайды

Нұразхан басын шайқайды:

–          Тағы да Бригадирдің қоластына ма? Құрысын.

–          Мүмкін, мына анықтаманы жыртып, пединститутқа байқап көрерсің?

–          Жоқ… Осылай боларын білгем. Егер де менің әкем кісі өлтіруші я ұры болса, оқуыма болар еді. Ал, ол… халық жауы… Қайда ол? Тірі болса, ендігі босатса керек еді ғой оны.

Нұразханның басы салбырап кетеді. Мұқағали досын жұбатып, иығына қолын салады:

–          Әкең әлі тірі болуы мүмкін, бәлкім, көрерсің оны.

Нұразхан досының сөзін бөліп, қызына, өшіге сөйлей жөнеледі:

–          Мен оны қарсы алып, бәрін айтып салар ем…

Мұқағали не айтарын білмей, сасып қалады. Ол әңгімені басқа арнаға бұрмақ болады:

–          Ал, анаң ше?

–          Оны да отырғызды, әкем үшін. Мені де… халық жауларының балалаларына арналған балалар үйіне әкетпекші еді, мен қашып кеттім. Жаулардың балаларымен бірге болғым келмеді!

Мұқағали досына қарайды. Оған қатты қайран қалады. Нұразханды бала кезінен білсе де, оның неліктен жалғыз тұратынын, жұрттың оны неге «шата» деп атайтынын ойланбапты. Ол Құрманбектің, жас сарбаздың тұтқындалғанын есіне алады. Екі дос ұзақ үнсіз тұрады. Ақыры, Мұқағали:

–          Жатақханаға жүр, түнеп шығасың, – дейді.

Нұразхан басын шайқайды:

–          Болмайды. Сені шығарып жібереді.

–          Мадияр ағаға барасың ба?

–          Жоға, ұят қой. Бір жөні болар…

Нұразхан бұрылып, қараңғылық басып қалған көшемен кете барады. Мұқағали досының соңынан қарап қалады.

***

Мұқағали көзі шоқтай жанып, университет дәрісханасында Ермахан Бекмахановтың лекциясын тыңдайды. Лектор шабыттана сөйлейді:

–          Кенесары патша үкіметіне жазған хаттарының бірінде былай деген: «1825-жылдан 1840-жылға дейінгі аралықта олар біздің ауылдарымызды 15 мәрте тонаған. Сондықтан, біз, қазақтар, бұндай қысымға, тонау мен кісі өлтірушілікке төзе алмай, бетіміз ауған жаққа көшуге мәжбүр болдық. Алайда, бұл жерде де олар бізге тыным бермеді. Сол себепті де, мен, Кенесары Қасымұлы, қолға қару алып, ұлы күресті бастадым». Бұл әлді жауға ашық әрі батыл түрде жарияланған соғыс еді. Бірақ, Кенесары көтеріліс туының астына қазақ халқының басым бөлігі жиылатынын білді.

Ол сөйлеген сайын Мұқағали ұйи тыңдап, лектордың әр сөзін құлағына құйып алғысы келгендей, партасынан көтеріле түседі. Арт жағындағы әлдекім оны иығынан басып, қайта отырғызады.

***

Мұқағали алақтай, жан-жағын шолады, сосын қашадан ауа бүгіліп, қоршаудағы астралардың бірнешеуін үзіп алады.

***

Мұқағали ЖенПИ-дің жатақханасының кіре берісінде тұрады, қолындағы шоқ гүлін Маржанға ұсынады, екеуі қол ұстасып жүріп кетеді.

***

Мадияр дәрісханада шабыттана өлең оқиды:

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!

Студенттер тым-тырыс, Мұқағали аң-таң. Ал, Мадияр болмашы мырс етіп, әдепкі үнімен сөзін жалғайды:

–          Көріп отырғандарыңыздай, ақын Қасым Аманжолов әдебиеттегі партия принципінен ауытқып кетеді. Оның шығармашылығы партия органдары тарапынан әділ сынға ұшырап, буржуазиялық-ұлтшыл творчество ретінде бағаланды.

***

Мұқағали кітапханада айналасына кітапты үйіп қойып, конспект жазып, сабаққа дайындалады.

***

Мұқағали көше сыпырып жүрген Нұразханды жолықтырады. Нұразхан көше сыпырушы болып істейді. Мұқағали оны құшақтайды, екеуі әлдене айтысып, әңгімелеседі.

***

Мұқағали шала сауатты оқытушы қағаздан оқып тұрған маркстік-лениндік философия бойынша лекция үстінде қалғып-мүлгіп отырады:

–          Жыл сайын тағайындалатын Сталиндік премиялар Сталин жолдастың ғылымға, әдебиет пен өнерге деген айрықша ықыласы мен қамқорлығының көрінісі болып табылады…

***

Мұқағали мен Маржан Ленин алаңының (қазіргі Астана алаңы) бойындағы күзгі саябақта серуендеп жүреді. Ленин ескерткіші көрінеді. Мұқағали шабытпен өлең оқиды, Маржан тыңдап, қол шапалақтайды. Камера жақындай түседі. Мұқағали саялы қара еменнің түбіне келіп, алшайып тұрады да, тіктеліп, басын шалқайтып, көк тірегендей, қолдарын аспанға көтеріп, көзін жұмады. Терең, баяу тыныстайды. Маржан Мұқағалидың не істеп тұрғанын түсінбей, қызық көріп қарайды. Олар осылай недәуір тұрады. Сосын Мұқағали жайлап қолы мен басын түсіріп, көзін ашады да, сөйлей жөнеледі:

–          Жерді сезінуің керек, жан-жүйеңмен терең сезінуің керек. Көкті де. Сол жер мен көктің ортасында сен тұрсың. Кеңістік. Және сен. Өзіңді сондай күшті, сондай маңызды сезінесің. Білесің бе, мен өз күшімді сезем! Мен… менің өлеңдерім … жаңа Кенесарыны тудырады! Мен білем! Оның батырларын тудырады! Олар қайтадан дала төсін дүбірлете шауып, еркіндік үшін ұрыс салады! Мен оны көріп тұрмын! Әрине, мен әлі оқуым керек. Мадияр аға өлеңдеріме күлді, бірақ, менің қолымнан келеді!

Мұқағали құшырлана сөйлейді. Ол Маржанның түсі құбылып сала бергенін байқамайды. Оның әр сөзі қызға инедей қадалады. Әуелі ол аңырып тұрып қалады, сосын бойын қорқыныш буады, ол Мұқағалиды, бейне, басқа қырынан танығандай болады. Және осы зорая түскен, көк тіреген Мұқағали оны үрейлендіреді. Әр айтқан сөзімен үрейлендіреді. Үрей наразылық пен жиренішке ұласады… Қыз шалт бұрылып, кетіп қалады, Мұқағали бұны байқамайды. Ол тағы да көзін жұмып, қолын көкке көтереді. Содан соң ақырын көзін ашып, Маржанға бірдеңе айтпақ болады. Маржан жанында жоқ. Ол түк түсінбейді, сосын қызды алыстан көріп, артынан жүгіреді:

–          Маржан! Маржан!

Мұқағали қызды қуып жетіп, қолынан ұстамақ болады, бірақ, қыз оның қолын сілкіп тастап, кетіп қалады. Мұқағали тоқтап, соңынан қарап, түк түсінбеген күйі тұрып қалады.

***

Мұқағали Нұразханмен бірге асханада, терезе тұсындағы үстел басында отырады. Нұразханның әбден ашыққаны, көптен жуынбағаны, көшеде тұратыны көрінеді. Ол нан мен сорпаға қомағайлана бас қояды. Мұқағали досына аяушылықпен қарайды. Нұразхан астан ажырап, Мұқағалидың көзіне қарап, былай дейді:

–          Мен тағы жұмыстан қуылдым. Әкем жайлы біліп қойды…

Терезе сыртында көшеде Маржан Керімбекпен бірге кетіп бара жатады. Керімбек сыптай киінген, қалаға әбден төселгені байқалады, аттан түспеген адамның балпаң жүрісінен арылып, қала адамынша адымдайды. Ол сыпайысып, Маржанды шынтағынан демей ұстап барады. Қыздың қолында бір шоқ раушан гүлі. Мұқағали бұны көрмейді.

***

Мұқағали арзан астра гүлін ұстап, жатақхана аузында тұрады. Қоңыр күз. Жүргіншілер қыркүйектегіден гөрі жылырақ киінген. Бірақ, Мұқағали кербезденіп, жазда Мадияр алып берген киіммен келген. Жанынан қыздар өтіп жатады. Кейбіреуі сымбатты Мұқағалиға күлімсіреп қарайды, бірақ, ол ешкімге назар аудармайды. Студент қыздар жігіттерімен кездесіп, олардың гүлдерін алып, сөйтіп, жұптар бірінен соң бірі көше жағалап кетіп жатады. Мұқағали тұра береді. Сосын жатақханаға кіріп, вахтер әйелге жақындайды, әйел кілттер ілінген қабырғаға қарап, басын шайқайды. Мұқағали тұнжырап, жатақханадан шығады.

***

Мұқағали саябақта, баяғы қара еменнің түбінде, Маржанмен серуендеген жерде тұрады, Маржанды көруге үміттенгендей, жалтақ қағады. Содан кейін Маржанға көрсеткен тұрысын еске түсіре, талтиып, қолдарын көтереді, бірақ, сәлден соң-ақ қайта түсіріп, күдер үзгендей, басын шайқайды. Діттеген көңіл күйіне ене алмайды.

***

Мұқағали тағы да гүлімен жатақхана алдында тұрады. Баяғыша жеңіл киінген оның қоңылтақси бастағаны байқалады. Қыздардың біреуі жанынан өтіп бара жатып, көз қырын тастап, жатақханаға кіреді. Сосын тоқтап, әрі-бері тұрады да, Мұқағалиға қайта келеді. Оған аяушылықпен қарап, былай дейді:

–          Тұрма бұл жерде. 28-нде тойы болады.

Мұқағали түк түсінбей, оның бетіне қарайды.

–          Сен оны танисың, білем. Керімбек.

***

Мұқағали басын шалқайтып саябақта отырады. Түнгі аспан аясында Маржанның бейнесі көз алдында келеді. Мұқағали бекініп, орнынан тұрады да, жүріп кетеді.

***

Мұқағали ЖенПИ жатақханасының алдына келеді. Есікті нық тартып қалады. Есік жабық. Ол есікті ұрғылайды. Сосын тоқтап, бұрышты айналады. Өрт сөндірушілер сатысымен өрмелеп, одан бірінші және екінші қабаттардың арасында көлденең жүргізілген құбырға шығады. Құбырдан балконға мінеді, одан келесісіне өтеді, сосын таныс терезені қағып, шақырады:

–          Маржан! Маржан!

Алдымен ақырын, сосын барған сайын қаттырақ айғайлайды. Терезені бар пәрменімен тарсылдата бастайды.

Төменнен вахтер әйелдің даусы жетеді:

–          Түс, қане, мен милиция шақырып қойдым!

Бөлменің шамы жанып, терезе ашылады да, Мұқағалиға жеккөрінішпен қарап тұрған Маржан көрінеді.

–          Кет!

–          Сен мені сүйесің ғой!

Маржан басын шайқайды:

–          Енді қайтып сені көргім келмейді! Жоғал, мені ұятқа қалдырмай!

–          Мен… Мен сені бақытты қылу үшін бәрін жасаймын!

–          Жоқ! Күйеуімнің көзі тірісінде жесір атанғым келмейді!

Мұқағали түсінбеген кейіпте Маржанға қарайды, ал, ол сөзін жалғастырады:

–          Мен әкемді білмеймін, есімде қалмапты! Кішкентай кезімде тұтқындаған екен оны! Сен менің әкем сияқтысың! Сені де алып кетеді! Ерте ме, кеш пе! Сенің балаларың тірі жетім болады!

Мұқағали не дерін білмей, аузымен ауа қармай береді, ал, Маржан терезені тарс жауып, пердені түріп, жарықты сөндіреді. Күйінген Мұқағали кетпек боп, бұрыла береді, балконның қанатынан ұстанып, сыртқа аттайды. Сосын кенет Маржанға тағы бірдеңе айтқысы келетіні есіне түсіп, терезеге қайта бұрылады, бірақ, таяп қалған милиция газигін көреді. Милиционерлер Мұқағалиды байқамай, бұрыш айналып, жатақхананың кіре берісіне беттейді. Мұқағали балконнан жұмсақ жерге, үзілген жапырақ үйіндісіне қарғиды да, ақсаңдай басып, қашып кетеді. Дер кезі қашады. Екі милиционер ендігі бері жүгіріп, бұрышты айналады. Қашып бара жатқан Мұқағалиды көріп, ысқырады, бірақ, Мұқағали жылдамдата жүгіре жөнеледі.

***

Көпқабатты үйдің мүңкіген жертөлесі. Аласа бетон төбесіндегі құбырлардан су тамшылап тұрады. Құбырлардың біріне Нұразхан асылып қалған. Аласа жертөледе, отырған қалпы асылып қалған. Денені қарап шыққан екі милиционердің бірі басын шайқап:

–          Бұлай асылу деген… Ерік күші мықты екен, дегенмен, – дейді.

Оның жанында салбыраған басын қос қолдай ұстап, Мұқағали жүресінен отырады. Екінші милиционер оны тергейді:

–          Адресін білесің бе?

Мұқағали басын шайқайды. Милиционер нығырта сұрайды:

–          Адрес!

–          Жоқ адресі… Болмаған.

–          Жұмыс орны?

Мұқағали тағы да басын шайқайды, сосын есін жиып, баяу көтеріледі. Сонау жазда Мадияр алып берген костюмнің сыртынан ауылдан киіп келген ескі мақта күртесін киген. Шашы жалбырап өсіп, көзі кіртиіп кеткен.

–          Жұмысы жоқ… Болмаған, – дейді ол.

–          Семьясы?

–          Болмаған…

–          Протоколға қол қой.

Мұқағали милиционер ұстатқан қағазға қол қойып жатып, кенет парақтағы мерзімге көзі түседі: 28/ХІ. Көз алдына Маржан бейнесі кеп тұра қалады, енді бір кезде бала Керімбек өзен ішіндегі Нұразханға әкіреңдейді:

–          Әй, шата, бұның не-ей?!

Мұқағали милиционерге тіл қатады:

–          Кете берсем, бола ма?

Анау протокол толтырумен айналысқан күйі басын изейді. Мұқағали құнысып, басы салбырап, жертөледен шығады. Кей-кейде қабырғаларға соғылып, теңселе басып келеді. Мас адамша беті ауған жаққа жүре береді.

***

Мұқағали Керімбек пен Маржанның үйлену тойы өтіп жатқан кафеге келіп кіреді. Ең төрде – жас жұбайлар мен куәлардың қатарында Бригадир, Маржан жағынан ернін жирене жымырған, қалаша киінген саргідір әйел отыр. Құрметті қонақтар арасында − маркстік-лениндік филисофия оқытушысы, тағы бір маңғаз еркектер. Төменіректе жастар жайғасқан. Есік аузына тақау үстел шетінде тепсе темір үзетін екі-үш мықты жігітті отырғызып қойған. Бригадир сол сәтте-ақ Мұқағалиды байқап, иек қағып, кіре берістегі жігіттерге белгі берді. Олар атып тұрып, Мұқағалиды тықсырып шығармақ болады. Әлде мас, әлде кәріне мінген Мұқағали өзіне жетіп келген бірінші жігітті қатты итеріп жібереді. Бар даусымен айғайлап, Маржанға кісі қанын жүктеген қанішердің ұлы емес, әлдеқайда лайықты біреудің етегінен ұстамағанын бетіне басып, өлең оқиды. «Дастарқаныңдағы ас-дәмің қорлықтан қиналып өлген бейбақтың қанына суарылған, күйеуіңнің қойнында жатқаныңда түсіңе соның кесірінен ажал құшқан аруақ кірсін. Сен жендетке немере туып бересің. Ұлыңды басынан сипаған кезіңде, ол саған өлген бейбақтың көзімен қарасын».

Маржан Мұқағалиды әуелі жеккөрінішпен, сосын шошына тыңдайды. Философия оқытушысы:

–          Университеттен шығарылдың! – деп айғай салады.

Ақыры жігіттер жүгіріп жеткен милиционерлермен бірге Мұқағалидың қолын қайырып, кафеден сүйреп алып шығады. Мұқағали қарлыққан дауыспен:

–          Қанішерлер! Жендеттер! – деп айғайлауын қоймайды.

Далаға шыққан соң милиционерлер Мұқағалиды машиналарына итеріп кіргізуге күш салады. Сол сәтте оларға Мадияр жақындайды. Ол бүкіл түр-тұлғасымен ілтипат тудырады. Мұқағали сүйікті ұстазын көрісімен сабасына түседі. Ұстазы милиционерлердің үлкеніне бірдеңені түсіндіріп, әлдебір қағазды көрсетіп, көндіреді. Милиционер басын шұлғып, жолдасына белгі береді де, олар Мұқағалиды босатады. Мадияр Мұқағалиды мықтап шынтағынан ұстайды да, өзімен ертіп әкетеді.

***

Мұқағали тұнжыр сәскеде Мадияр тұратын моншаның аядай ауызғы бөлмесінде оянады. Кең отырғышқа салынған Мадиярдың төсегінде ұйықтап шыққан ол, көзін ашып, тіктеліп отырады да, қолымен бетін басады. Осылай едәуір уақыт отырады. Сосын екі қолымен беті-басын уқалайды. Жұпыны перде тұтылған кішкентай терезеден сығалайды. Төсекке қайта отырып, терезе алдындағы Мадиярдың кітаптарын ақтарыстырады. Бөгде мұқаба астына жасырулы жазаланған қазақ ақындарының жинағы жоқ болып шығады. Мұқағали Камоэнсті алып, оқымақ болады, бірақ, артынша кітапты орнына қайта қояды.

***

Мұқағали ендігі киініп, моншадан шығады. Жан-жағына қарайды – аулада ешкім жоқ. Бағанаға ілулі қолжуғышқа барып, саусақтарының ұшын сулайды да, беті-көзін жуған болып, тітіркене бүріседі. Ауладан шығады.

***

Қарашаның бұлыңғыр күні. Әлі қар түспеген. Жер қара, ағаштар жалаңаш. Алматы жат, суық қала болып көрінеді. Мұқағали бейсауат көше кезеді. Қаңғып жүріп, Дзержинский мен Киров көшелерінің қиылысындағы НКВД-МГБ ғимаратының тұсынан бір-ақ шығып, қарсы алдында кетіп бара жатқан Мадиярды көріп қалады. Ол қуанып кетіп, жақын барып, амандаспақ болады. Осы кезде Мадияр ұрлана жан-жағына қарайды, бірақ, артындағы Мұқағалиды байқамай, тездете басып, бүйірдегі қызметкерлерге арналған есікке барады да, күзетшіге әлдебір куәлікті көрсетіп, ішке енеді.

Мұқағали әуелде не болғанын аңдамай қалады. Ол бұның нендей қорқынышты ғимарат екенін білмейді. Мадияр кірген есікке тақап, ізінен кірмек болады, бірақ, күзетші оның алдын кес-кестеп, ақырын, бірақ, қатқыл үнмен:

–          Кімге? – деп сұрайды

–          Ана кісіге.

Мұқағали сасқалақтай, Мадиярды меңзеп, сол кірген есікті нұсқайды.

–          Рұқсат қағаз?

–          Бір минутқа кірем, сөйлесуге.

–          Келушілер негізгі есіктен кіреді.

Күзетші алдыңғы жақтағы негізгі есікті көрсетеді. Мұқағали сол жерге барып, «Управление Министерства государственной безопасности по г. Алма–Ата» деген маңдайша жазуды оқиды. Ол сасып қалып, сымдай тартылып, серейіп тұрған күзетшілерге қарайды.

Ол табалдырықтан түсіп, қызметкерлерге арналған есікке қайта барады да, шеткерірек тұрып, күтеді. Күзетші:

–          Бұл жерде тұруға тыйым салынған, – дейді.

–          Мен ағамды күтем.

–          Бұнда күтуге тыйым салынған.

Қызметкерлер есігіне воронок келіп тоқтайды. МГБ солдаттары машинадан әбден соққы жеген кісендеулі қартаң интеллигентті алып шығады. Топтың үлкені күзетшіге қағаз көрсетеді де, олар тұтқынды ішке кіргізеді. Мұқағалидың өңі бұзылып кетеді. Осы сәтке дейін ол қайда тұрғанын онша аңдамаған еді. Ол аулағырақ кетіп, ағаштардың арасына барып тұрады, бірақ, есіктен көз айырмайды.

Есік ашылып, сыртқа Мадияр мен аға лейтенант погонындағы МГБ формасын киген жүгенсіз, ожар жас қызметкер  шығады. Күзетші қолын шекесіне апарып, оған сәлем береді. Табалдырықта тұрып, Мадияр аға лейтенантқа бірдеңе айтып жатады, әлдене туралы өтініп тұрғаны байқалады. Аға лейтенант мырс етіп, Мадиярды қамқорси иығынан қағады, қысқа ғана бірдеңе дейді де, бұрылып, ғимаратқа кіріп кетеді. Қадірлі, жасы келген адамға көрсетілген осы оспадар қылық Мұқағалидың шамына тиеді.

Мадияр басын изеп, өзіне жауап қайырмаған күзетшімен қоштасады да, жолға түседі. Ол өзімен қатарласа бергенде, Мұқағали ағаштардың тасасынан шығып, жолына тұра қалады. Мадияр ойланып келе жатады. Осы сәтте біреу нұқып қалғандай, есін жиып, Мұқағалиға қарайды. Оның әрі айыптаған, әрі сұраулы жүзін көреді. Мадияр сасып қалады, сосын Мұқағали ештеңе түсінбеген, мына жерге кездейсоқ тап болған шығар деген үмітпен, бәлкім, тіпті, сасқанынан:

–          Оянып қойдың ба? – деп сұрайды

Мұқағали үндемейді. Салмақты әңгімеден құтыла алмасын түсінген Мадияр күрсініп, орындық жақты нұсқайды. Бірақ, Мұқағали кінәлаған қалпынан танбай, оған ыңғай бермейді. Мадияр әдепкі үнмен:

–          Саған Қасым Аманжоловтың өлеңдері ұнады ма? – деп сұрайды.

Мұқағали сауалдың мәнін ұғынбай, бас изейді. Мадияр ащы мырс етеді:

–          Ал, сенің екі курстасыңа ұнамай қалыпты.

Мұқағали жете түсінбей, үнсіз тұра береді.

–          Олар – әрқайсысы жеке-жеке – менің үстімнен арыз жазыпты.

Мұқағали бір мезгілде әрі қуанып, әрі абыржып қалады. Қуанғаны – сүйікті ұстазының МГБ-ға келуінің себебі анықталды. Абыржығаны – оның тағдырына алаңдағаны еді.

–          Сізді сол үшін шақыртты ма? Сіз… Сіз ақынның буржуаз ұлтшыл екенін айтып едіңіз ғой. Біз… Мен… бұны растай алам.

Бірақ, Мадияр Мұқағалиға әңгімені бұлай келте қайыруға мүмкіндік бермейді. Ол басын шайқайды.

–          Мені шақыртқан жоқ. Кезекті әңгімелесуде болдым.

Мұқағали оқытушысына қарайды. Көңілі алай-дүлей, сол сапырылысқан сезімдердің күштісі – жиреніш еді.

–          Сені университеттен шығармайды.

Мұқағали осыдан бірер минут бұрын Мадиярдың аға лейтенанттан бірдеңе өтінгенін, ал, лейтенанттың оны иығынан қаққанын есіне түсіреді. Мұқағали жақтырмай:

–          Сөзіңізді өткізген екенсіз ғой, – деп салады.

Мадияр сөз аяғын тосып үндемейді, ол еш қымсынбайды да. Мұқағали енді:

–          Немен өтедіңіз? – деп дүңк еткізеді.

Мадияр ләм-мим демейді. Мадиярдың жауабы көңіліндегі күдігін сейілтеді-ау деп үміттенген Мұқағали, одан біржола түңіледі. Ол бұрылып кетеді де, жүріп бара жатып:

–          Доносчик! Түкірдім университеттеріңе! – дейді дауыстап.

Мұқағали өзіне еріксіз қаратып, көз қылып кете барады. Мадияр кенет артынан ақырын ғана:

–          Маржан – менің қызым, – дейді.

Мұқағали адымын бәсеңдетіп барып, тоқтайды да, баяу басып Мадиярға қайтып келеді.

–          Тірі екенсіз ғой? Неге Маржанға айтпадыңыз?

–          Анасы қаламайды.

–          Ал, фамилиясы ше? Маржанның фамилиясы басқа ма?

–          Шешесі фамилиясын да ауыстырды. Сен білім алуың керек.

Мұқағали аз-кем үндемей тұрып, ащы мысқылмен:

–          Несіне? Дипломды стукач болу үшін бе? Менің сүйікті ұстазым, сүйгенімің әкесі – сөз тасушы жансыз, – дейді.

–          Менің кінәмнан ешкім отырған жоқ… Менің… біздің еркіміз жоқ.

Мұқағали жастық ұшқарылықпен:

–          Әркім өз еркіне өзі ие! – дейді де, қасқайып кете бармақ болады. Мадияр бұл әңгімеден қажып, енді ол да Мұқағалидың жанына тие сөйлейді:

–          Сенің арың таза ма? – дейді ол.

–          Иә!

–          Ал, бізде… зонада (Мадияр бұл сөзді әдейі қолданып, оған баса назар аудартады) Таза ар – әлі қолданысқа түспеген ар, дейді!

Енді Мадияр бұрылып кете барады, ал, Мұқағали есеңгіреп тұрып қалады. Ол кенет бала кезінде өзінің орнына Нұразханды қамшысымен осып жіберген Бригадирге тап бермей, тайсақтап қалғанын, кәрі Құрманбекті тұтқындағанда үндей алмағанын еске алады. Мұқағали алыстап бара жатқан Мадиярдың соңынан қарап тұра береді. Осылай МГБ-ның сұр ғимараты аясында ұзақ тұрады.

***

Мұқағали әке-шешесінің үйінде дастарқан басында отырады. Денесі жайылып, бетін түк басқан, үстінде ескі мақта күрте. Шешесі мен әйелінің көздері бақырайып, бір-біріне үрейлене қарағанына көңіл аудармастан, дағдылы қимылмен бір стақан арақты өңешіне тастай салып, бірдеңені тісіне басады да, есікті тарс еткізіп, аулаға шығады.

***

Аулада Мұқағалидың інісі үлкен күрекпен қар күреп жүреді. Мұқағалиды көре сала, сөйлесуге ыңғай білдірген оған ағасы назар да салмастан, ауладан кетіп қалады.

Мұқағали ауылдан шығып, қар басқан жолмен әлдеқайда жүріп кетеді. Қыстың ашық күні, күн жарқырап тұр, алыстағы таулар көркімен көз тартады, бірақ, Мұқағали оның бірін де байқамастан жүріп барады. Бір кезде оны шана қуып жетеді, ішінде Бригадир шалжиып отырады. Мұқағали Бригадирді қасақана елемейді. Бригадир мырс етіп, шанасымен Мұқағалиды күртік қарға жығады. Мұқағали омбылай құлайды. Ол малтығып, пысқырынып, бетінің қарын сүртіп, зығырданы қайнай бастайды, бірақ, осы жайт оған сонау бір кезде өзінің қар көшкіні астында қалғанын, ал, Бригадирдің міз бақпай, ұлымен бірге қасынан өтіп кете барғанын есіне салады. Мұқағали шананың соңынан қарап: «Мен тірімін, мен тірімін» деп сыбырлайды.

***

Мұқағали жуынып, шашын алдырып, қырынған. Үстіне сонау жазда Мадияр сатып алып берген, ендігі жуылып-тазаланған киімін киген. Шешесі оған жуылып, жамалған күртесін ұстатады. Мұқағали оны киіп, үйден шығады. Шешесі ұлының артынан қарайды, ал, әжесі мырс етеді:

–          Бәсе, әйтпесе, жүгермекті сабауға тура келетін шығар деп ем.

Шешесі енесіне таңырқай қарайды.

***

Арада бірнеше жыл өтеді. Мұқағали ауыл кітапханасындағы жұмыс үстелінің басында отырады. Үстінде арзан, бірақ, жаңа костюм, мойнында – галстук. Шашын алдырып, қырынған. Ту сыртында Ленин мен Сталиннің портреттері ілінген. Мұқағали Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеген «Социалистік Қазақстан» газетін оқып отырады. Оқып болып, газетті мұқият бүктейді. Орнынан тұрып, портреттерге қадалады, сосын Сталиннің портретін алып, кітап сөресіне төмен қаратып қояды. Лениннің портретіне, көсемнің қулана сығырайған көзіне ұзақ қарап тұрады.

Ленин шығармаларының жинағы тұрған шкафқа барады. Бір сәтке қазақ авторларының кітаптары тізілген сөренің – бала кездерінде Құрманбектің көмегімен Нұразхан екеуі жасаған сөре – тұсында бөгеледі. Қолымен кітаптарды сипап, есімдер жазылған түптерін көзімен сүзіп өтеді. Сосын басын шайқап, Ленин кітаптары тұрған сөреге жақындайды. Бірнеше томын қарап шығып, бір-екеуін таңдайды да, үстел басына қайта келеді.

Мұқағали кітаптарды үстелге қойып, жайғасып отырады да, мектепке арналған дәптерді ашып, басына ЛЕНИН деп жазады. Әлденеге көңілі толмайды. Бір томның басқы бетін ашып, шұқшия қарайды. Сосын ЛЕНИН дегенді өшіріп, әдемілеп ИЛЬИЧ деп жазады. Аз-кем ойланып, өзіне тән қимылмен екі қолымен шашын артқа қайырады да, дәптерге еңкейіп, жаза бастайды. Жазғанын өшіріп тастайды, ойланады, қайта жазады.

***

Мұқағали ауылдың шаңдақ жолымен ептеп басып, әке-шешесінің үйіне келеді. Шағын үйді жапсарлай сабан үй салынған. Аулада томпиған кішкентай қара қыз топырақпен ойнап отырады. Бұл – Мұқағалидың тұңғышы Майгүл. Ол әкесін көріп, атып тұрады да, құлдыраңдай жүгіреді. Әкесі қызын қағып алады да, әуелете көтеріп, айналдырады. Қыздың аяғынан үлкендер киетін ескі үлкен галош ұшып кетеді. Бірақ, Мұқағали оған мән бермей, қызын биік көтеріп:

–          Не көрдің? – деп сұрайды.

–          Алматы, Алматы!

–          Дұрыс. Біраз күннен соң Алматыға барамыз! Саған қызыл бәтіңке сатып аламыз! Сосын Москваға тартамыз!

Үйден, қолын сүлгімен сүртіп, Мұқағалидың келіншегі Лашын бой көрсетеді. Жадырай күліп:

–          Өй, Майшөк, әкеңнің үстін былғайсың ғой! – дейді.

Мұқағали жымиып, әйелінің бетінен сүйеді де, қызын ұстатып, үйге кіреді.

***

Кешкі дастарқан басына – Мұқағалидың әжесі, анасы, інісі, Мұқағалидың өзі, Лашын, Майгүл – төрт көзі түгел жиналады. Бұрынғыдай емес, тамақ түрлене түскен әрі мол. Үйдің өзі ағартылып, іші жаңа перде, сөре сияқты азын-аулақ дүниеге толғаны көрінеді. Төрде кітап сөресі. Бірақ, осы өзгерістерге қарамастан, әжесі, анасы, Мұқағали мен інісі сонау бір кезде, Мұқағали өлеңін сатып жібергенін хабарлаған бала күнгі көріністегідей ретпен жайғасқан.

Тамақтанып болған соң, Мұқағали жатқа өлең оқиды:

Бар ондай партия біздерде!

Мемлекет тізгінін алатын.

Бар ондай партия біздерде!

Мәңгілік ие боп қалатын!»

Бір адам мінбеге ұмтылды…

Мұқағали кідіріс жасайды. Үлкендер жағы не дерін білмей, үндемей отырып қалғандықтан, Лашын сүйсініп:

–          Неткен тамаша! Мына өлеңді оқушыларыма линейкаға жаттатсам бола ма? – дейді.

Мұқағали мәз болады, ол ойланып, былай дейді:

–          Әзірше болмайды. Әуелі газетке басамыз.

–          Қандай?

–          Енді… аудандық. Жоқ, бірден «Социалистік Қазақстан»-ға жіберу керек.

Әжесі жақтырмай, кесесін үстелге қояды да, немересінің сөзін бөледі:

–          Тағы нең бар?

Мұқағали сасыңқырап, сәл ойланады да, басқа үзінді оқиды:

О Волга! Өзіңнен кім басым?!

Буырқан, толқының туласын!

Тереңде шортандар теңселіп,

Жағада шағала шуласын!…

Отаным, уа, газез Русім!..

Әжесі тағы киіп кетіп:

–          Бұл қай Волга? Еділ ме? – деп сауал тастайды.

Мұқағали тосылып қалады. Әжесі оған жазғыра қарап, әлдене айтпақ болады, бірақ, үн-түнсіз түрегеліп, кетіп қалады. Мұқағали әжесінің соңынан аңыра қарап қалады, бірақ, назары Майгүлге ауып кетеді де, көңілі орнына түседі.

***

Жарты жыл өтеді. Ендігі мүлде қартайған – сол баяғы қара қағаз әкелген – пошташы сол баяғы атына мініп, ауыл ішімен шауып келе жатады. Қолында Мұқағалидың «Ильич» поэмасы басылған «Социалистік Қазақстан»-ның нөмірі. Пошташының артындағы бос сөмкесі далақтап, сартылдап келеді. Салт атты Бригадир алдынан шығады. Пошташы оған «Сүйінші!» деп кекете айғайлап, жанынан өте шығады. Бригадир түк түсінбей, пошташының соңынан қарап қалады, ал, ол Мұқағалидың үйінің жанына кеп, атынан түседі де, ішке асығады.

***

Мұқағалидың үйелмені мен пошташы үй ішінде отырады. Газетті қолына алған Мұқағалидың анасы оны терезенің жарығына еңкейтіп, дірілдеген саусағымен ірі әріптермен жазылған «Мұқағали Мақатаев» деген сөздің үстінен жүргізеді де, іштей күбірлейді. Мұқағали пошта конвертін ашып, хатты оқиды. Майшөкті көтерген қуанышты Лашын күйеуінің иығынан үңіліп, ол да оқиды. Мұқағали көңілі тасып, лепіре хабарлайды:

–          Алматыға, «Социалистік Қазақстан»-ға жұмысқа шақырып жатыр!

Әжесі екіұдай күйде пошташымен қатар дастарқан басында отырады. Пошташы тебіреніп, оған:

–          Беу, жеңге, қазақ «Орнында бар оңалар» демеуші ме еді. Жігіттерді соғысқа шығарып салғанда, мыналар, – Мұқағалиға меңзейді, – ересектердің орнында қалғанда, осы күнге жетеміз деп үміттеніп пе ек?

Бұл сөзден әжесінің де көңілі босайды. Соны байқаған Мұқағали әжесінің жанына кеп тізе бүгеді де, ақырын оқи жөнеледі:

Тілегім қайда менің көкке өрлеген?

Жүрегім қайда менің кек кернеген?…

Жанымда жалын барда, қиял барда,

Аядай аулаға мен сия алғам ба?

Аяшы, мені, ардағым-ау…

Әжесі немересінің басын қос қолдай ұстайды да, еңкейіп, маңдайынан иіскейді.

***

Мұқағали киелі тасқа барады. Дәл жанына кеп тұрады, сосын қолын тигізбек боп соза береді де, қайта түсіреді. Басын төмен салып, біраз тұрған соң, ойға батып кейін қайтады.

***

50-жылдардың ортасындағы Алматы. Мұқағали бала-шағасымен Алматыға келіп, жалдамалы пәтерге орналасады. Лашын Майгүлді көтеріп, Мұқағали көбісі бума-бума кітаптан тұратын жүгі салынған қол арбаны итеріп келе жатады.

***

60-жылдардың орта шені. Еңселі кабинетте Лениннің портреті астындағы әдемі жазу үстелінің басында қымбат киімді, күйлі Керімбек отырады. Танауында көзілдірік. Үстелде – «Кіріс қағаздары», «Шығыс қағаздары» деген папкалар, жазу құралдары. Ол баспасөзбен, жаңа шыққан кітаптармен танысады. «Қазақ әдебиеті»-ндегі Мұқағалидың өлеңдері топтамасын оқиды. Газетті шетке ысырады. Кітаптардың арасынан Мұқағалидың «Мавр» атты жап-жаңа кітабын суырып алады. Парақтап, оқиды. Қаламымен кітапты тықылдатып, ойға қалады. Содан кейін Жазушылар Одағының телефон анықтамасын алып, Мұқағалидың үй телефоны жазылған бетті табады. Ойлана қарап отырады да, қайта орнына қояды. «Социалстік Қазақстан» газетін алып, соңғы бетіндегі қызметкерлер тізімі мен телефондарды қарап, арасындағы бір нөмірді тереді.

***

«Хрущевка» аталатын кірпіш үй. Көктем. Елең-алаң шақ. Бүкіл үй көбең қараңғылыққа бөккен. Жалғыз-ақ терезеде жарық бар. Бұл өз кабинетінде жұмыс істеп отырған Мұқағали еді.

***

Мұқағалидың өз пәтеріндегі кабинет. Дүние-мүлкі қарапайым, жұпыны. Кітап сөрелері. Мұқағали үстел шамының жарығында бірдеңе жазып отырады. Ол шаршайды. Қаламын қойып, көзін уқалап, керіледі. Тағы жазады, өшіреді, жазады. Тағы да керіліп, жұмысты өндітіп істеген адамға тән риза кейіпте жымияды. Қаламын шетке қойып, үстелде тұрған Абайдың кішігірім мүсініне мақтаныңқырай тіл қатады:

–          Қалай, шал, бүгін тәп-тәуір жұмыс істедім-ау деймін. Ризамысың?

Мүсінге қарайды.

–          Жарайды, жарайды, қазір.

Мұқағали тағы да қағазына төніп, тұғжыңдап бірдеңесін сызып тастап, қайта жазады. Осы кезде пәтерде қыбыр-жыбыр басталады. Лашын тұрып, шайнекті отқа қояды, бірдеңені жуып, тамақ пісіреді. Ұйқылы-ояу Майгүл келеді. Ержетіп қалған. Әкесіне бас сұғады.

–            Бола ма?

Мұқағали масаттана керіліп:

–          Кіре ғой, – дейді.

Сосын Мұқағали дауыстап:

–  Қадірменді жолдастар, келіңдер өлең тыңдайтындарың, – дейді.

Кабинетке Лашын, Майгүл, әлі ұйқысын ашпаған маужыраңқы кішірек балалар кіреді. Диванға, орындыққа жайғасады. Мұқағали түрегеліп, ар жағында аппақ боп таң атқан терезеге барып, ашып қалғанда, балғын желек лап қойып, ішке ентелейді. Сосын тыңдаушысына сенім арта, бабына келген дикторлық даусымен ақырын оқиды:

Соғыстың соңғы көктемі

Жасылмен бояп қойған ба?!

Жап-жасыл таудың бөктері.

Қырлар да, мынау ойлар да,

Жап-жасыл болып көктеді,

Соғыстың соңғы көктемі…

Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,

Орманның жасыл шекпені.

Қуанта, бірақ, алмады,

Сонау бір үйді шеттегі,

Соғыстың соңғы көктемі.

Мұқағали әлденеге құлақ түргендей, үндемей қалады. Майгүл әкесін ұйып тыңдайды. Лашын алақанының қырымен жасын сүртеді. Мұқағали бұны байқап, көңілі елжірейді. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің көзіне қарайды. Осы қараста щексіз сыйластық, түсіністік, сүйіспеншілік тұнған. Сосын Мұқағали көңілдерді жайландыра күліп:

–          Шай тасып кетеді. Шапшаң! – дейді.

Бәрі асүйге дүрк береді.

***

Таңғы шай. Асүйдегі батарея астында балалар мен үлкендердің аяқ киімі тізіліп тұрады, іштеріне мыжылған газеттер сұғылған. Лашын шай құйып отырып, батареяны ұстап көреді де, қабағын түйеді.

–          Қап, батареяны өшіріп тастапты.

Әлі де шабыттанып отырған Мұқағали, мәз болып күледі:

–          Бәйбіше, күн жылыды ғой. Ал, түнде сені мен жылытам.

Бірақ, Лашын әзілдесуге құлықсыз еді. Ол балалардың бәтіңкелерінің ішіндегі тозыңқыраған біреуін алады да, газетін суырып, қолын сұғады.

–          Біліп ем. Шолпанның бәтіңкесі кеппей қалыпты.

Мұқағали оның қолынан бәтіңкені алады да, ол да тексеріп, қарай бастайды:

–          Лашын, Шолпатайға баяғыда-ақ жаңасын әперу керек еді ғой. Мен сатып әперем.

Лашын:

–          Ақша жоқ. Бізге мектепте премия береміз деп еді, бөгеп жатыр.

–          Бүгін өлеңімді газетке өткізем. Қаламақыдан аванс сұрап, алып берем.

Лашын қуанып кетеді:

–          Тура бүгін береді деп ойлайсың ба?

–          Әрине, бұл газеттің тапсырысы ғой, 9 майға, – дейді Мұқағали, сосын әзіл-шыны аралас: – Сен кімге шай құйып отырсың өзі? Білмейсің бе? Совет поэзиясының классигіне! Балаларына бәтіңке әпере алмаса, оның несі классик?!

***

Мұқағали газет редакциясының ішімен жүріп келеді, бас редактордың кабинетіне нық басып кіреді. Бас редактор – толық еркек – Мұқағалиға назар аудармастан, ауық-ауық қостап, күліп қойып, телефон арқылы әлдекімді мұқият тыңдап отырады. Мұқағали отыруға шақыруын күтіп, недәуір тұрады, сосын орындықты жылжытып, емін-еркін жайғасады. Бас редакторға бұл ұнамай қалады, бірақ, таңертеңгі көңіл-күйдегі Мұқағали онысын байқамайды. Телефонмен әңгімесін үзбеген күйі бас редактор Мұқағалиға қарап, сұраулы жүзбен бір қасын кереді. Мұқағали плащының ішкі қалтасынан бүктелген парақтарды алып шығады да, күлімсіреп бас редакторға көрсетеді. Бас редактор әңгімеден бас алмай, қолымен: «Әкел бері» дегендей белгі береді. Мұқағали оның өз өлеңдерін әңгіме үстінде оқығанын қаламайды. Ол күтетінін білдіріп белгі береді. Бірақ, бас редактор өктем қимылмен қолын Мұқағалиға созады. Мұқағали парақтарын беруге мәжбүр болады. Бас редактор бірінші параққа көзін жүгіртеді, ол парақты сәл қайырып, екіншісін қарап шығады да, немқұрайды Мұқағалиға лақтыра салады. Мұқағали дәнеңе түсінбейді. Жүзіндегі жымиысы сап болып, көзінің оты сөнеді. Отырып, күтеді. Ақыры, бас редактор:

–          Әрине, Сәке. Күмәніңіз болмасын. Бәрін жасаймыз, – деп жалпылдап әңгімені бітіреді.

Тұтқаны қояды. Жағымпозға тән сайқал кескінін сыпырып, сөзін кідіртіп, Мұқағалиға тұнжырай қарап отырады. Мұқағали әкелген парақтарын оған қайта ұсынады, бірақ, бас редактор алмайды. Мұқағали оған:

–          Оқысаңызшы. Өзіңіз тапсырдыңыз ғой. Жеңіс күніне, – дейді.

Бас редактор жалған күрсінеді:

–          Нені тапсырдым?

–          Жеңіс күніне. Мінеки.

–          Мен Жеңіс күніне тапсырдым. Ал, сен не әкелдің?

–          Міне. «Соғыстың соңғы көктемі».

Бас редактор шаршағанси күрсініп, басын шайқайды.

–          Мұқағали, сен бала емессің ғой.

Мұқағали бас редактордың нені тұспалдап отырғанын түсінбейді, ал, ол шаршаулы жүзбен жалғастыра береді:

–          Сенімен істес болғанымызға неше жыл?

–          Тоғыз, – деп салған бойдан жауап береді Мұқағали.

–          Міне, тоғыз жыл. Қарапайым нәрселерді түсінетін кезің болды ғой.

Мұқағали әлі де түк түсінбей, ол да ойнақылана қасын кереді. Бас редактор тағы да сөзін кідірте, күрсініп, Мұқағалиға қарайды. Мұқағали да оған қарап, үндемейді.

–          Жеңіс күні – ол не?

Мұқағали өзіне тән аңғал-қуақы жымиыспен үндемей, бас редактордың сөзіне ден қойып, күтіп отырған сыңаймен жауап бермейді. Бас редактор, «Сені қашанғы үйретем» дегендей, шаршай сөзін жалғайды.

–          Бұл – мейрам. Ұлы мейрам.

Мұқағали үндемейді. Бастық ызалана бастайды.

–          Ал, сен не әкеп тұрсың? … Мынау мейрамға арналған өлең бе?

–          Иә, – Мұқағали үстелде жатқан парақтарды тағы да бас редакторға ысырады.

Анау жарылады.

–          Соғыстың соңғы көктемі! Жеңіс! Ұлы Жеңіс кімді қуантпайды? Не жазғансың сен?

Мұқағали өзінің көңілінен шыққан өлеңі, шынында да, ұнамай қалғанын, оны қабылдамай тастауы мүмкін екенін түйсінеді. Бірақ, ол әлі де күресіп, қарсыласып бағады.

–          Бәке, Сіз түсінесіз ғой. Похоронка келген. Соғыс бітуге таяу, ал, мында похоронка кеп тұр. Солдаттың үйелменіне.

Бас редактор «Саған дауа жоқ екен» дегендей, шамырқана басын шайқап, парақтарды өзінен біржола итеріп тастайды. Мұқағали бейшара парақтарды алып, бүктейді де, ішкі қалтасына салып тұрып, солғын дауыспен үн қатады:

–          Жұрттың бәрі мыңыншы мәрте «Ура! Ура!» деп жазады. Сол баяғы. Мен…

Бас редактор сөзін бөліп жібереді:

–          Оқа емес, басамыз «Ура!»-ны тағы да. Бұндай жеңісті мың жыл жырлауға болады.

Мұқағали есікке беттейді, сосын тоқтап артына бұрылады:

–          Мүмкін келесіде басарсыз… Маған ақша керек еді…

Бас редактор қолын жайыңқырайды: керек болса – не істеу керек екенін білесің, дегені. Мұқағали еңсесі түсіп, шығып кетеді.

***

Түс мезгілі. Мұқағали үйіне қайтады. Қалжыраған, көзі іскен. Ішкені байқалады. Есік аузында қызы Шолпан мектепке жиналып, әлгіндегі дымқыл бәтіңкесін киіп жатады. Мұқағали отыра қалады да, қызын тоқтатып, бәтіңкесін шешкізеді, сосын қолын тығып, тыжырынады:

–          Кеппеді ме?

Қызы басын изеп, бәтіңкесін кимек болады. Мұқағали бәтіңкесін бермейді.

–          Мектепке бармай-ақ қой, мен саған жаңа бәтіңке әкеп берем.

Қызы шешінеді. Мұқағали ілгіште ілуі тұрған пальтосының қалтасына қолын тығып жіберіп, аздаған ұсақ ақша алып шығады да, күйіне қарайды. Сосын ендігі аяғын шешіп, пысылдап пальтосын шешіп жатқан қызына көзі түседі де, нық басып шығып кетеді.

***

Газет редакциясына қайтып келген Мұқағали, мәжіліс жүріп жатқан бас редактордың кабинетіне кіріп келеді. Баршасы оған таңырқай қарап қалады, ол болса, мән берместен, үстелдің аяғына отырады да, шетте отырған біреудің қалам, блокнотын алып, бірер парақ жұлып алып, бірдеңе жазады. Содан соң сол парақтармен үстелдің ең басында отырған бас редакторға тақап, жазғанын алдына тастайды да:

–          Бәке, міне әлгі айтқан «Ура»-ңыз. Қаламақы есебінен қарызға 3 сом беріңізші! – дейді.

Үстел басында отырғандар түсінушілікпен бір-біріне қарайды. Біреудің Мұқағалиды аяйтыны, біреуінің сөгетіні, енді біреудің табалайтыны байқалады. Бас редактор үнсіз ғана пиджагының қалтасынан әмиянын алып шығады да, ашып, қарайды. Үш сом болмаған соң, ол 10 сомдықты суырып, Мұқағалиға созады. Мұқағали басын шайқайды:

–          Мен 3 сом сұраймын.

Көпшілік қалталары мен әмияндарын ақтарыстырып, біреу 3 сом, біреу 1 сом шығарып, Мұқағалиға созады. Ол намысқа тырысып, бас тартады:

–          Мен Бәкеден қарыз сұрап тұрмын. Сіздердің ақшаларыңыз керек емес.

Бәкеге жағымси, үш сомдықты тықпалап жатқан орта жастағы еркекке көз тастап:

–          Жағымпаз! – деп салады.

Ақыры Бәке 1 сомға тиын қосып, үш сомға толтырады. Мұқағали сол намысын жықпай қасқиған күйі одан ақшаны алады да, басын изеп, үнсіз шығып кетеді. Бәрі артынан қарап қалады.

***

Мұқағалидың қызы су жаңа бәтіңкені киеді, көп киілген ескісі шетте тұрады.

***

Мұқағали «Социалистік Қазақстан» деген маңдайшалы есікке кіреді. Дәлізбен жүріп келе жатып, қарсы ұшырасқан адамдармен сәлемдеседі. Оның сәлемін алып, біреулері тоқтап, қолдасып амандасады, біреулері езу тартады. Әдебиет бөліміне кіреді. Ашаңдау егде еркек – бастығы:

–          Мұқаш, қайда жүрсің? – дейді.

Мұқағали сәл кінәлі кейіпте әрі әзілдей жымияды.

–          Сені қайдан іздегенін білесің бе?

Мұқағали елең еткенсіп, көзін бақырайтады.

–          ЛКСМ Орталық Комитетінен! Идеология бөлімінен.

Мұқағали салмақты қалпын табады.

–          Неменеге?

–          Білмеймін, бәлкім, Комсомол сыйлығына ұсынады «Мавр» үшін?

–          Мен комсомол емеспін ғой. Жасым асып кетті. Әрі-беріден соң, мен партия мүшесімін.

–          Онда не тұр?!. 35-ке толған жоқсың ғой әлі? 35-ке дейін комсомол сыйлығын береді.

Мұқағали желкесін қасиды.

–          Иә, сыйлық артық болмас еді. Қанша ақша беруші еді?

–          Айтады екенсің. Бастысы – атақ, даңқ! Жинақ мәселесі де бірден шешіледі.

Мұқағали қуанып кетеді.

–          Рас па?! Менде жарияланбаған дүние жетеді. Әлгі, газеттерге алмайтын өлеңдер.

–          Сыйлық иегерлері үшін тираж да үлкен, көлем де айтарлықтай.

–          Шіркін-ай десеңші!

Көкірегін сезім кернеген Мұқағали бастығын қапсыра құшақтап, көтеріп алады да, сейфке отырғызады. Бастығы басын шайқап:

–          Бар, қабылдау бөлмесінде қашан, қай кабинетке баратының жазулы, – дейді.

Мұқағали кабинеттен шығады. Бастығы артынан дауыстайды:

–          Мұқаш! –

Мұқағали қайта бұрылады. Бастығы салмақты сөйлейді:

–          Онда барғанда өзіңді дұрыс ұста. Бұл кездесу бүкіл өміріңе ықпал етуі мүмкін.

Мұқағали әзілдей қабағын түйіп, басын шайқайды, сосын бұрылып, көңілденіп кете барады.

***

Қызыл жол кілем төселген Қазақстан ЛКСМ ОК дәлізі. Шашын қиып, қырынған, үтіктелген костюм киген Мұқағали есіктердегі тақтайшаларға көз тастап, осы дәлізбен келе жатады. «Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі» деген жазулы есік. Мұқағали тоқылдатып, ішке енеді.

***

Керімбек жұмысбасты кісіше үстелге еңкейіп, бірдеңе жазып отырады. Мұқағали оны танымайды, кабинет ішімен жүріп келіп, Керімбекке жақындайды да, күлімсіреп, қолын созады.

–          Амансың ба, бауырым!

Керімбек өзіне кісі келгенін енді байқағандай, ойлы жүзбен жұмысынан басын алып, Мұқағалиды жаңа танығандай түр танытып, езуі жайылып, атып тұрады да, ол да қолын созады.

–          Мұқағали!

Мұқағали Керімбекті таниды да, қолын тартып алып, жылан шаққандай ыршып кетеді. Керімбек бұны әзілге айналдыруға тырысып, Мұқағали оқыстықтан осылай еткендей түр танытады.

–          Не, бауырым, таңырқап тұрсың ба?! Күтпедің бе? Иә, мына мен шақырттым сені.

Кабинетке көмекші әйел бас сұғады. Керімбек оған басын изеп, белгі береді. Әйел кесе-қасық, шәйнек, шұжықтан жасалған бутерброд, уылдырық, туралған лимон, ол-пұл салынған жайпақ табақ алып кіреді. Мұқағали состиып тұра береді, бірақ, Керімбек бұны байқамағансып, қонақжай үй иесіндей құрақ ұшады. Ол көмекшісіне кете бер дегенді ымдап, өзі үстелдің суырмасынан «Столичная» арағын, екі кішкентай стақан алып шығады да, оларды толтырып, біреуін Мұқағалиға созып, қолына тықпалап ұстатады.

–          Ал, ескі достардың кездесуі үшін бе?!

Мұқағали тартыншақтай, Керімбектің қолынан стақанды алады, ал, анау сөйлей жөнеледі:

–          Иә, осыдан жиырма жыл бұрын, мен мынандай кабинетте, – Керімбек кабинетін көрсеткендей стақан ұстаған қолын жайқайды, – сені – атақты ақынды – қабылдайды деп кім ойлаған.

Мұқағали әлі де мелшиіп тұрады. Ал, Керімбек бастырмалата береді:

–          Біз сенің құжаттарыңды Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығына дайындаймыз!

Мұқағали ақыры аузын ашады:

–          Сен білмейсің бе, қайда екенін… Мен… Құран оқиын деп ем, бірақ, таба алмадым.

–          Нені таба алмадың? Қайдағы Құран?!

–          Нұразханның моласы.

Керімбек, шынымен-ақ, Мұқағалидың не айтып тұрғанын түсіне алмайды. Ол Мұқағалиды ұққысы кеп, маңдайын тыжырады.

–          Кім?

–          Нұразхан.

–          Әәә… Ұмыт. Ешқандай да Нұразхан болған жоқ. Адам ықылымға сіңіп кетті, ал, сен Құран дейсің. «Адамға табын, Жер, енді!» – міне, тақырып. Осылай болуы керек. Саған осыны баяғыдан айтқым келген.

Мұқағали әлдебір ішкі ойын парықтағандай, селқос тұра береді. Ал, Керімбек сөзін жалғайды.

–          Жә, қойшы. Сөйлесетін әңгіме көп. Біз бірге қимылдауымыз керек, бөтен емеспіз ғой. Біріксек, біз тау қопарамыз. Мен сені бағыттап отырам. Ал, қалай?!

Керімбек стақанын көтеріп, Мұқағалимен соғыстырмақ болады. Бірақ, Мұқағали бұл ишараны байқамағандай, іштей түйініп, стақанын үстелге қояды да, Керімбектің көзіне тура қарайды:

–          Нұразхан болмады ма?! Сонда не болды? Сенің доносың болды ма?

–          Мұқағали, жетер! – Керімбек ойынды доғарып, стақанын үстелге қояды да, Мұқағалидың көзіне үңіліп, нығарлай, баппен сөйлейді. – Осы жылдар бойы мен сені оқып келем. Сен бұл өмірде не маңызды екенін ұққан сияқтысың. Кейде жаңылыс кетесің, бірақ, мен саған көмектесе алам. Біз бір-бірімізге көмектесе аламыз.

Керімбек, жадылағандай, Мұқағалидың көзіне тік қарап, қолын созады. Мұқағали оған өшпенділікпен, жиренішпен қарап тұрады, әлдене айтқысы келеді, бірақ, ішті кернеген ашу-ыза, наразылықтан булығып, ештеңе айта алмайды. Керімбек әлі де қолын ұстап тұрады.

–          Мұқағали, мен…

Мұқағали ауыр тыныстап, беті қызыл күреңденіп кетеді, ол әлде Керімбекті ұрып жібергісі, әлде тамағын жыртып айғай салғысы келетіндей.

–          Сен, сен қазір оны екінші рет өлтірдің. Мен… мен ойлап ем… үміттеніп ем… сен өкініп… тәубеңе келген шығар деп… Тарт қолыңды, доносчик!

Мұқағали, алқынып, жейдесінің жағасындағы түймесін үзеді. Қаны бетіне теуіп, бұрылады да, сонау кезде жертөледен, Нұразханның мәйітінен ұзап бара жатқандағыдай теңселіп сыртқа беттейді. Есіктің тұтқасын қармалап тауып, ашпақ боп тартып қалады, бірақ, аша алмайды, жұлқып-жұлқып, бір кезде, есінен танғандай, тоқтай қалады. Нұразхан асылып қалған жертөледен енді оны ешқашан шығармайтындай көрінеді оған. Сырттан Керімбектің көмекшісі кеп, есікті өзіне қарай тартып ашады. Мұқағали есіктен ытып шығып, дәлізбен қиралаңдап кете барады. Көмекші әйел түк түсінбей, біресе Мұқағалидың артынан, біресе, жүзі оңған шүберектей қуарып кеткен бастығына қарайды. Бастығы оған:

–          Жап! – деп ақырып қалады.

Әйел есікті жаба қойып, көзден таса болады. Керімбек стақанды шап беріп, арақты аузына төңкере салады, қалтыраған қолымен тағы құйып, тағы қотарады, галстугінің түйінін босатып, алақанымен шекесін уқалайды, тағы ішеді, үстелге отырады, атып тұрып, терезеге барады. Көшеде теңселе басып кетіп бара жатқан Мұқағалиды көреді. Кектеніп, өшіге қарайды, сосын уытын миығына жиып, мырс етеді де, ендігі сабасына түсіп, үстеліне отырады, Жазушылар одағының телефон анықтамалығын алып, телефон аппаратын өзіне жылжытып, дискін бұрай бастайды.

***

Мұқағали шалынып, шатқаяқтап көшеде келе жатады. Беті әлі де қып-қызыл. Мойнынан шешіп алып, пиджагінің жан қалтасына тыға салған галстугінің ұшы салбырап тұр. Оң қолымен жүрек тұсын уқалап келеді. Қарсы алдынан 30-жасар Асқар Сүлейменов шыға келеді. Ол әуелде Мұқағалиды мас біреу екен деп қалып, артынан танып, жымиып жақындай береді:

–          Ой, Мұқа…

Бірақ, Мұқағалидың жайы болмай тұрғанын көріп, салмақты үнмен, алаңдай:

–          Мұқа, Жедел жәрдем шақырайын ба? – деп сұрайды.

Мұқағали басын шайқайды. Асқар оны шынтағынан демей ұстап:

–          Онда халық емімен жазамыз, – дейді.

***

Мұқағали мен Асқар «Рюмочная»-да отырады. Алдарында ашылған армян коньягы, орауы жазылған шоколад. Аздап қана ішкендері көрінеді. Мұқағали әңгімесін аяқтайды:

–          Бұл қалай болғаны, Асқар?

Асқар Мұқағалиға сынай қарап, оның жеңілейіп, жүзі әдепкі түске енгенін, бірқалыпты тыныстайтынын көріп, көңілі орнына түседі. Ол абайлап, әр сөзін теріп сөйлейді:

–          Несіне таңырқайсыз, Мұқа? Айналаңызға қараңызшы. Бұлар Сталин өлгенде жылады.

Асқар сөйлеген сайын қызынып, Мұқағалидың дертін есінен шығарады.

–          Бұлар Сталинді жоқтайды, Ленинді жоқтайды. Бұлардың жүрегінде Сталин тірі. Әрқашан тірі болады. Ленин де. Сіздің поэмаңыздағы періште емес…

Мұқағали Асқарды онша түсінбейді, Асқардың соңғы сөздері дағдартқан ол, назарын шетке аудырады… Сұмдық-ай! «Рюмочная»-ға келушілердің бәрі кенет Ленин мен Сталинге ұқсап кетеді. Ал, Асқар жалғастыра береді:

–          …Өлігі Мавзолейде сақтаулы әзәзіл. Мыналарға қараңызшы.

Мұқағали онсыз да аң-таң болып тұрады.

–          Сонда қалай?

–          Кетейік бұл жерден.

Олар орындарынан тұрып, сыртқа шығады. Мұқағали айнала тола – Лениндер мен Сталиндерді көреді. Асқар Мұқағалидің халін көріп, шынтағынан демеп, әлдеқайда ала жөнеледі.

***

Екеуі Панфилов-Октябрьская көшелерінің қиылысындағы көркемсурет шеберханаларына келіп, баспалдақпен көтеріледі. Асқар есіктердің бірін тықылдатып, кіреді. Іште жұмыс істеп жатқан жас суретші меймандарды көріп, қуанып кетеді.

–          Мұқа, Асеке…- деп амандаса берген оны Асқар бөліп жібереді:

–          Суретті көрсетші. Анау.

Суретші аяқталған суреттерді, керілген кенептерді жылжыта бастайды да, ең түкпірден, қабырға тұсынан бір кішірек суретті алып шығып, жақтауға қояды. Мұқағали күңгірт көріністі көреді: зират, қазылған көрлер. Әр көрдің жанында, топырақ үйіндісінің үстінде бір-бір адам отыр. Бұлар – еркектер мен әйелдер, сол заманның сәнімен киінген Мұқағалидың замандастары. Мұқағали суретке ұзақ үңіліп қарайды, сосын батылсыздау:

–          Бұлар тірі ме? – деп сұрайды.

Оған ешкім жауап бермейді.

–          Өлі ме?

Тағы да үнсіздік. Сонда Мұқағалидың өзі өзіне жауап береді:

–          Бұлар өлі тірілер. Бірақ, неліктен?

Тағы да үнсіздік, тағы да Мұқағалидың өзі жауап береді:

–          Үрей. Біз бәріміз баяғыда-ақ үрейден шіріп кеткенбіз.

Ол шалт бұрылып, шеберханадан шығып кетеді. Асқар суретшімен қоштаса бас изейді де, Мұқағалидың артынан жүгіріп шығып, тағы да оны шынтағынан ұстап алады.

***

Мұқағали шеберханадан шығады. Тағы да Лениндер мен Сталиндер. Ол басын сілкіп қалады да, адамдар әдепкі түрлеріне енеді. Ол көшені өрлей жүріп, жүргіншілердің түрлеріне үңілумен болады, бұлар – кәдімгі өзінің замандастары. Асқар Мұқағалидың шынтағын босатады. Қарсы ұшырасқан жастардың кейбірінен Мұқағали өзінің түсіндегі жорықта қаза болған жауынгерлерді, жерлеу қағазы қолдарына тиіп, батырлардай сауыт киіп тұрған сәтіндегі бала күнгі дос ұлдардың кескінін шырамытады. Бірақ, айқын емес, тым көмескі.

–          Бұл қалай, Асқар?

Асқар жеңіл мырс етеді:

–          Сен өз үрейіңді көріп, сауықтың.

–          Мыналар ше?

Асқар иығын қиқаң еткізеді. Осы кезде екі достың қасынан бір топ студент жігіттер өтіп бара жатады. Кәдуілгі бәкене бойлы ауыл қазақтары. Мұқағали олардың түрлеріне анықтап қараса – жауынгерлердің түрлері. Ол солар жаққа басын шұлғып:

–          Бірақ…

Жігіттер қалыпты кейіптерін қайта табады. Мұқағалидың басы салбырайды:

–          Мен… сауыққан жоқпын. Үрей…

–          Мұқа, сен Моцарттың «Реквием»-ін тыңдадың ба?

Мұқағали басын шайқайды.

–          Мен саған пластинкасын берем. Бірде түн ішінде Моцартқа бастан-аяқ қара киініп, қара бетперде таққан бір адам келіпті. Келіпті де, марқұмның аруағына бағышталған мессаға тапсырыс беріпті.

Осы әңгіменің Мұқағалидың жан дүниесіне әсер еткені байқалады, ол Асқардың сөзін ынтыға тыңдайды.

–          Моцарт осы көріністен қатты шошынады, ол Реквием жазады, бірақ, Қара адам тапсырысын алуға келмейді…

Асқар әңгімесі жайлы ұмытқандай, үндемейді. Осы сәтте достар ендігі Абай даңғылына дейін көтеріліп, Абайдың ескерткішіне жақындайды. Мұқағали сұрақ қояды:

–          Асқар, бұны маған не үшін айттың?

Асқар жауап бермейді. Ол ескерткішке, Абайдың әлпетіне қарайды. Мұқағали да жоғары қарайды. Олар осылай үнсіз тұра береді, сосын Мұқағали:

–          Шалдың кескіні кейде өзгеретін сияқты болып көрінбей ме саған? – дейді.

Асқар басын изейді:

–          Бүгін ол риза.

***

Түн. Мұқағалидың пәтері. Жатын бөлмедегі Лашын ұйықтай алмайды. Оған музыка кедергі келтіреді. Музыка ақырын ойнайды, бірақ, ол ұйықтай алмай, аунақшып, күрсіне береді. Мұқағали кабинетінде қараңғыда Моцарттың «Реквием»-ін тыңдайды. Шам жарығымен алдында Абайдың шағын мүсіні тұрғаны көрінеді.

***

Мұқағали таңертең ерте ескі автобуспен аулына қарай жолға шығады. Үстіне плащ пен қалпақ киген. Автобуста ауыл тұрғындары, жас жігіттер отырады. Оның жанында отырған жігіт қалғып кеткен. Мұқағали терезеден өзі туып-өскен тауларға, шығып келе жатқан күн көрінісіне көзі тоймай қарайды, әлдене деп күбірлейді. Жігіт оянып, ол да терезеге қарайды да, ақыры Мұқағалиды таниды. Өз көзіне өзі сенбей, Мұқағалиға анықтап қарайды, сосын ақырын:

–          Мұқа, бұл Сіз бе? – деп сұрайды.

–          Мен шығармын, бауырым.

–          Мен… Сіз менің сүйікті ақынымсыз.

Мұқағали бозбаланың албырттығына жымияды. Бозбала онысын сенбегендікке балап, оқи жөнеледі:

Бабаларым, рақмет сендерге!

Балаларым болмасын деп көр кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде…

Мен Сіздің барлық өлеңдеріңізді жатқа білем. Сенбейсіз бе?

–          Ал, мына өлеңді білесің бе? – деп сұраған Мұқағали өлең оқиды:

Біздің таулар керуендей шұбалған,

Күнді өздері батырған да шығарған.

Тұлғаларын тұңғиыққа суарған,

Олар биік тұманнан да мұнардан…

–          осы өлеңді білесің бе?

Жігіт абдырап, үндемей қалады. Бұлардың маңайына өлең тыңдап, Мұқағалиға сәлем бергісі келген жұрт жиналып қалады. Мұқағали күліп, жігітті иығынан қағады.

–          Жә, қысылма. Бұл мүлде жаңасы, жаңа ғана шығардым.

Жігіт жеңілейе күледі. Айналасындағылар да күледі. Біреу:

–          Мұқа, қайда бара жатырсыз? – деп сұрайды.

–          Үйіме, Қарасазға.

–          О, біз Сізбен әлі ұзақ жүреді екенбіз ғой, Мұқа!

–          Мұқа, тамақ жалғап алғыңыз келе ме?

Кей жолаушылар сөмкелерінен азықтарын шығарып, біреу арт жақтан жәшік алып шығып, жолға, дәл Мұқағалидың жанына қояды, енді біреуі жәшікке газет төсейді де, аяқ астынан жайылған дастарқанға түрлі тағам қойылып, бәрі дәм тата бастайды. Айнала жымиған жүздер, ойын-күлкі, Мұқағали бақытты…

Мұқағали домбырамен халық әні «Бір бала»-ны шырқайды.

Жолаушылар қосылып, «Дедім-ай-ау» әнін айтады. Автобус әлдебір ауылға кеп тоқтайды. Жолаушылар сөмке-дорбаларын қалдырып, автобустан шығып, аяқ жазады. Жас жігіттердің қоршауындағы Мұқағали да автобустан шығады. Жастар ендігі ақынға бауыр басып, көпшілігі тым өзімсініп, оны иығынан қағып, құшақтасады. Сырахана көзге шалынады. Әлдекім:

–          Мұқа, жүріңіз, салқын сыра ішейік! – дейді дауыстап.

Жаңа таныстар сыраханаға лап қояды. Ересектеу жолаушылар дуылдаған топқа жақтырмай қарайды.

***

Жолаушылар орындарына жайғасады. Автобус орнынан жылжиды. Мұқағалидың жүзіне көлеңке түскен. Ол көршісіне еңкейіп, ақырын ғана:

–          Сыртқа сездірме, бірақ, қалтамдағы ақшам жоғалды, – дейді.

Жігіт ақынға аңыра қарайды.

***

Қарапайымдау киім, керзі етік киген Мұқағали көкпар тартады. Ол семіз серкені алдына өңгеріп, қарсыластарының алдында шауып бара жатады.

***

Мұқағали өзен жағасында, бір кезде ұлдармен балық аулаған жерде отырады. Кенет таудағы орманнан соғыс басындағы үлгідегі оңып кеткен гимнастерка мен пилотка киген жас қазақ солдат шыға келеді. Ол Мұқағалиды көрмейтін сыңайлы, тұсынан өтіп кетеді, ширақ қимылмен жылдам шешінеді, рахаттанып өзенге шомылады, қайта шығады, иыққабынан өңделмеген сүлгі алып шығып, сүртінеді, киініп, кетіп қалады. Бұл бүгінгі күнге келген елес, бүгінге келген Мұқағалидың ары, оның қиын әскери балалық шағы еді.

***

Мұқағали әке-шешесінің үйінде қартайған анасы, інісі мен оның бала-шағасымен бірге шай ішіп отырады. Қабырғадағы ағаш жақтауға, оның әйнегінің астындағы әкесі мен анасының жас шақтағы үлкейтілген суреті мен арасында әжесінің де суреттері бар тағы бірнеше кішірек суретке қарайды. Ол күрсінеді де, ескі әңгімені қаузап, шешесіне тіл қатады:

  • Шеше, Сіз көрдіңіз ғой, қалада менің өз пәтерім бар, ішінде жылы суы…
  • Жоқ, балам, бұл ата-бабаңның қара шаңырағы ғой. Көне жосықпен кенжемнің қолында тұрам.

***

Қайтадан қалаша киінген Мұқағали ауылдағы автобус аялдамасында тұрады. Жанынан атқа мінген кәрі ақсақал өтіп бара жатады. Басында тақия, үстінде ескі плащ. Ол Мұқағалиды байқап, тоқтайды да, қолымен көзін көлегейлеп, анықтап қарайды. Мұқағали онымен амандасады:

–          Ассалаумағалейкүм, ақсақал.

–          Әліксалам. Мақатайдың ұлымысың?

–          Иә, ақсақал.

Қария аттан жеңіл қарғып түсіп, Мұқағалиға тақайды да, ықыласы түсіп:

–          Бәсе, бағана қаладан Мақатайдың ұлы келді, деп еді. Біз сенің атаңмен талай көкпар тартқанбыз. Е, ол да бір дәурен еді. Өркенің өссін, бара ғой, жолыңнан қалма. Қалада абай бол, – дейді.

Қария лып етіп атына мінеді. Мұқағали көңілі елжіреп, оны тоқтатады:

–          Ата!

–          О не, балам?

–          Ата, тақияңызды маған сыйлаңызшы.

–          Ескі тақияны қайтейін деп ең? Әбден тер сасып кеткен.

–          Сыйлаңызшы.

Қария тақиясын шешеді де, еңкейіп, Мұқағалиға береді. Мұқағали басындағы жап-жаңа қалпағын шешіп, оны ақсақалға ұсынады:

–          Басыңыздан күн өтпесін.

Қария жымиып, қалпақты киеді де, бүйірін таянып, жүріп кетеді. Мұқағали көңілі босап, тақияға қарайды, ішкі жағымен бетіне тақап, құшырлана иіскейді де, қойнына тығады.

***

Мұқағали автобуста қалғып келеді. Ол әлде түс көреді, әлде көргені өңінде елестейді. Әйтеуір, тау ішінде бақташының таяғын ұстап, әуелі Саржайлаумен, сосын күнгеймен келе жатыр екен. Жазғытұрым. Таудың шөбі қаулап, гүлдер шешек атып, хош иісі мұрынды жарады. Ара атаулы гүлден гүлге қонады. Күн шуағын мол төккен, бірақ, таудың сәулесі, неге екенін, көз қарықтырмайды. Бір түрлі майда жарық, бейне, әрбір гүл, әрбір тас, алыстағы тау тізбегінің әрбір шыңы әлдебір ішкі сәулемен нұрланып тұрғандай.

Мұқағали қырқаға шығады. Қырқаның екінші жағында, теріскейінде, таулы жер болған соң, әлі қыс. Төменде асау тау өзені ағады. Анда-мында қойнауларда әлі де қаңылтақ мұз жатыр.

Мұқағали зәулім шыршаның түбінде жыраққа көз жіберіп, әлдеқайда аласа жоталардың ар жағын ен жайлаған қала тарапқа қарап тұрған кішкентай ұлды көреді. Мұқағали қайран, ол бұл маңда адамдар жоғын біледі. Мына балақай бұнда қалай келіп қалған? Өзі, әмбе, жеңіл киініпті, киімі заманға сай емес – ескіше пішілген жейде, жұқа былғары ыштан, аяғында шолақ былғары етік.

Мұқағали жан-жағына қарап, ересектерді іздейді, бірақ, ешкім жоқ. Ол балақайға жақындайды. Қасына тұрады да, түтін басқан қалаға көзін тігеді. Бала бұрылып, балаға тіптен тән емес мұңды дана көздерімен Мұқағалиға қарайды. Ол ақынды көргенде түк таңғалмайды. Қала жақты, сосын күн сүйген алқапты иегімен нұсқап:

–          Саған қай жер көбірек ұнайды? Анда ма, мында ма? – деп сұрайды.

Мұқағали күн шуағына малынған алқап жаққа қарайды. Енді екеуі бірге осынау жанды жадыратқан сұлулыққа қарайды.

–          Шаршадың ба?

Мұқағали басын изейді. Бала ауыр күрсінеді:

–          Демек, менің уақытым келді.

Ол теріскейге бұрылады да, қоштаспастан, тік сүрлеумен төменге, өзенге қарай түсе бастайды. Мұқағали оны кідіртеді:

–          Балам, қайда кеттің?

Бала бұрылмастан, қала жаққа қолын сілтейді.

–          Тоқта, бірге барайық.

Бала түсе береді. Мұқағали оны қуып жетіп, тоқтатады:

–          Бірге барайық.

Балақай басын шайқайды:

–          Жоқ, біз бірге бара алмаймыз.

–          Неге?

Бала иығын көтереді.

–          Аға, ренжімеңіз, білмеймін. Бірақ, болмайды, оның үстіне, Сізбен.

Ол тағы да түсе бастайды, бірақ, Мұқағали қалмайды:

–          Өзен ше? Сен одан өте алмайсың.

–          Мен тиіспін.

–          Жүр, көпір іздейік.

–          Бұл өзенде көпір жоқ. Мен кетуім керек, аға. Өйткені, Сіз шаршадыңыз.

Мұқағали түк түсінбей дал, бірақ, бала соншама қарапайым, соншама нық сөйлейді. Оған қарсыласу мүмкін емес.

–          Тым болмаса, таяғымды алшы. Бұл бола ма?

–          Рақмет, аға.

Бала таяқты алып, әрі қарай түседі. Мұқағали оның соңынан ұзақ қарайды. Шатқалдың тереңдігі сонша, бала өзенге түспей жатып-ақ, ақ қар аясындағы кішкентай ноқатқа айналады…

Мұқағали енді қарлы беткеймен жүреді. Таяқсыз. Айнала кіршіксіз аппақ қар. «Ақ қағаз. Қағаз, ата-бабалардың арындай, таза. Сол тазалыққа сай бол алам ба мен? Мен емес, менің өлеңдерім», – деп ойлайды Мұқағали…

Ол діңкесі құрып, шаршайды. Жым-жырт тыныштық. Кенет аяғының асты солқ етеді. Қар көшкіні жүріп, бала күніндегідей Мұқағалиға сырғиды. Ол сол кездегідей таяғын көлденең ұстағысы келеді, бірақ, таяғы жоқ. Көшкін оны іліп алып, сүйреп ала жөнеледі, ол қалың қардың астында тұншығып, қолымен есіп шықпақ болады, бірақ, ісі өнбейді…

Мұқағали демі қысылып, ендігі автобекетке келіп қалған автобус ішінде оянады. Ол қойнынан ескі тақияны алып шығып, иіскейді.

***

Мұқағали тура автобекеттен, қолындағы жол сөмкесімен ақырын аяңдап, Ленин алаңының іргесіндегі саябақ арқылы өтіп бара жатады. Мамыр айының жаймашуақ күні. Субұрқақтар атқылап, жастар жұптасып та, топтасып та қыдырып жүреді. Ленин ескерткіші көрінеді. Мұқағали «Аққу» кафесінің тұсынан өтеді. Осы жерде оны көздері сүйсіне ұшқын атқан үш студент тоқтатады.

–          Аға!

–          Мұқа! Мен бірінші таныдым!

–          Аға, қолтаңба беріңізші. Ешкім сенбес! – жігіттердің бірі Мұқағалиға өлеңдер жарияланған газетті созады.

–          Бауырым, атың кім?

–          Арыстан!

Мұқағали күлімсіреп, төс қалтасынан қаламын алып шығады да, газетті  сол қолының алақанына қойып, қол қойып бермек болады. Жігіт лезде бұрылып, арқасын тоса қояды. Мұқағали газетті оның арқасына қойып, қол қояды.

–          Міне, арыстаным!

Кафеден тағы екі жігіт шығады.

–          Аға, бізбен бірге отырыңызшы! Өлең оқып беріңізші!

***

Мұқағали жаңа танысқан жігіттермен «Аққу» кафесінде отырады. Ол өлең оқиды. Олардың үстеліне басқа да жастар жүгіріп келіп, енді біреулері жұрттың басынан асыра газеттерді қолтаңбаға беріп жатады. Мұқағали күшті даусымен өлең оқиды:

Қазақтын қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық

Сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым

Қанымен жазды мүмкін ағатайым.

Жастардың рухтанып, көздері оттай жайнағанын көргенде, Мұқағали кенет олардың балалық шағындағы түсінде айқасқа кіріп, бірінен соң бірі қаза болған жауынгерлер екенін көреді…

***

Сол күні. Мұқағали саябақтан тіке «Социалистік Қазақстан» редакциясына тартады. Редакцияға келіп кіреді. Оның келгені іштегілерді елең еткізеді. Ол жоқта бір жағдай болғаны байқалады. Біреу ақынға жаны аши қарап, амандасса, біреу жақтырмай мырс етеді, енді біреулер сыбыр-күбірге кіріседі. Мұқағали бұны байқамайды, оның көңілі қошуақ.

***

Мұқағали өз бөліміне кірмек болады, бірақ, есік жабық. Ол таңырқап, есікті тартып қалады, бірақ, ол ашылмайды. Мұқағали таңырқаған кескінде жан-жағына қарайды. Ол енді ғана қызметтестерінің мінез-құлқын байқайды. Азырақ ойланып, ақын бас редактордың кабинетіне беттейді.

***

Мұқағали қабылдау бөлмесіне кіреді. Хатшы қыз оған көзінің қиығын тастап, алдынан бас редактордың кабинетінің есігін ашады. Бас редактор креслосында, ал, Мұқағалидың бастығы жанама үстел басында отырады. Ауыр әңгіме болғаны, бастығының жабығыңқы екені байқалады. Ол басын көтеріп, Мұқағалиға аянышпен қарайды. Мұқағали ештеңе байқамағансып, үлкендермен емен-жарқын күліп амандасады:

–          Ассалаумағалейкүм, ағалар!

Бас редактор Мұқағалиға салқын тіл қатады:

–          Арыз жаз.

–          Қандай? – Мұқағали ештеңе болып жатпағандай кейіп танытады.

–          Өз қалауыңмен жұмыстан шығатының туралы.

–          Ал, мен қаламаймын.

–          Демек, бұйрықпен.

–          Не болып қалды?

–          Редакция бойынша кезекшілікке келмедің, оның үстіне, жалпықалықтық мейрам күні! 15 жыл бұрын жұмыстан қуумен шектелмес еді! Елдің бас газеті! Бұл – саяси провокация!

–          Қайдағы кезекшілік?

–          Арыз жаз!

–          Жазбаймын!

Іске, шыдамай кетіп, бөлім бастығы араласады.

–          Тоқтаңызшы, Аха. Мұқағали, сен не, кезекшілік туралы ұмытып қалдың ба?

–          Нені айтасыз? Түсінбеймін. Мен бір ай бұрын атқарып қойғанмын.

–          Кезектен тыс кезекшілік. Менің бұйрығымды елемегенің бе!? – деп жекіреді бас редактор.

–          Қайдағы бұйрық?

Бас редактор ызасы ішіне сыймай отырғандай түр танытады. Басын шайқап, қабырғадағы түймені басады. Кабинетке хатшы кіреді. Бас редактор оған:

–          Кезекшілік кестесінің журналы! – дейді.

Хатшы шығып кетеді де, бірер мезеттен кейін журналды алып кіреді. Бас редактор оны ашып, қаламының ұшымен әлдебір жазуды көрсетеді.

–          Міне!

Мұқағали журналды қолына алып, қарайды, сосын таңырқай:

–          Мынау менің қолым емес! Мен… – дейді.

–          Болды. Жоғал! Жұмыстан шығарылдың!

Мұқағали журналды үстелге лақтырып жібереді де, есікті тарс жауып, кабинеттен шығып кетеді. Жол сөмкесі кабинетте қалып қояды.

***

Мұқағали жынданып, редакция дәлізімен жүріп келеді. Алдынан быршиған, тақыр бас еркек шығады.

–          А, Мақатаев, қане, маған кіріп кетші.

Иек қағып, «Партком» деген маңдайшалы кабинеттің есігін меңзейді. Мұқағали оған мән бермей, әрі қарай өтіп кеткісі келеді, бірақ, еркек қоярда-қоймай оны шынтағынан алады. Мұқағалидың көнуіне тура келеді. Екеуі парткомға кіреді. Онда әлдебір кәрілеу әйел қағаздармен жұмыс істеп отырады. Партком хатшысы Мұқағалиға иегімен орындықты нұсқап, картотеканы қарай бастайды. Мұқағали отырмайды, тағатсызданып тұра береді. Ақыры, партком хатшысы Мұқағалидың карточкасын тауып, көрсетеді де, сұраулы түрде:

–          Партиялық жарнаны сен үшін кім төлейді? – дейді.

Онсыз да жүйкесі құрып тұрған Мұқағали, жарылады:

–          Қайдағы партиялық жарна? Мені жұмыстан шығарып жіберді! Балаларымды кім асырайды? Партия ма?!

–          Ә, Сіз бұған басқаша қарайды екенсіз ғой, Мақатаев?! Жақсы, Сіздің ісіңіз райком жиналысында қаралады!

–          ЦК-да қарасаң да, мейлің!

Партком хатшысы бұдан әрі Мұқағалимен сөйлеспейді, тек әлгі әйелге оны басымен нұсқап:

–          Сіз естідіңіз бе, жолдас? – дейді.

Мұқағали бұрылып, шығып кетеді.

***

Ашу буған Мұқағали екі қолы ербеңдеп, көшемен келе жатады. Оны бөлім бастығы қуып жетеді. Қолында Мұқағалидың сөмкесі.

–          Тоқта!

Мұқағали естімегендей жүре береді.

–          Тоқта!

Мұқағали тоқтап, артына бұрылады.

–          Мұқаш, не бүлдірдің?

Мұқағали үндемейді. Ол сыйлы адамға кәрін төккісі келмейді. Оның үстіне, не болып, не қойып жатқанын өзі де ұға алар емес. Бастығы:

–          Осы күндері не болып еді? – деп сұрайды.

Мұқағали иығын көтереді. Сосын оның қолынан сөмкесін алады да, «Рақмет» айтып, кетіп қалады.

***

Сол күні. Мұқағали әлдебір мекеменің кассасына жақындап, терезеден төлқұжатын ұсынады. Кассир әйел оған төлқұжатын қайтарып береді.

–          Сіз ведомоста жоқсыз.

***

Мұқағали Бәкенің кабинетіне кіреді. Ол тағы да біреумен телефон арқылы сөйлесіп отырады. Ол Мұқағалиға көзінің астымен қарап, немқұрайды, кабинеттен шығып, күте тұр, дегенді ишаралайды. Бірақ, Мұқағали оның үстеліне тақап:

–          Неге қаламақы жоқ? – дейді.

Мұқағали Бәкеге қадала қарайды. Бәке күрсініп, тұтқаға сөйлейді:

–          Ғафу ет, қазір…

Содан соң тұтқаны кеудесіне басып:

–          Қайдағы қаламақы тағы? – деп сұрайды

–          Сіз тапсырыс берген «Ура» үшін?

–          Біріншіден, есікті қағып кіру керек. Екіншіден, өлеңіңді басқан жоқпыз, олай болса, қаламақы да жоқ.

–          Неге?

–          Редколлегия мақұлдамады. Шикі штамповка.

Мұқағали бірдеңе деп, сыбап салмақ болады. Бірақ, әлдебір төтен жағдай болғаны түйсігіне жете бастайды. Сондықтан, үндемей шығып  кетеді.

***

Мұқағали енді басқа редакцияның кассасына барып, төлқұжатын береді де:

–          Ведомоста жоқсыз, – дегенді естиді.

***

Келесі редакцияда да Мұқағалиға қаламақы жоқ болып шығады.

Мұқағали редактордың кабинетіне көтеріледі. Бірақ, хатшы әйел оны бастығына кіргізбейді. Ақын шалт бұрылады. Тәлтіректеп кетіп, өкшесі қисайып қалады. Мұқағали боқтанып, өкшені біржола жұлып тастап, қабырғаға атып ұрады да, ақсаңдай басып кетіп қалады.

***

Бастапқы көрініс. Мұқағали нөсер жауында Абай ескерткішінің түбінде отырады. Осы кезге дейін болғанның бәрі – оның естелігі. Ол Абайдың ескерткішіне, сосын жаңбыр суының астында бұрқылдап жатқан шалшықтарға, сел боп аққан суға қарайды.

Мұқағали ойға батып, әлдене деп күбірлеп отырады, кенет оны біреу түртіп қалғандай болады. Ол елегізе, сағатына қарайды. Атып тұрып, ентелей басып, жолға жетеді де, Ленин даңғылының жиегімен төмен қарай жүре қолын көтеріп, көлік тоқтатады.

Ақыры такси тоқтап, Мұқағали көлікке қойып кетеді де, мекен-жайды атайды.

***

Үсті малмандай Мұқағали таксимен Ленин көшесінің бойымен келеді.

–          Тезірек, өтінем, тезірек.

Таксист жұбата бас изейді.

Машина 28 панфиловшылар саябағына жете бере, оңға бұрылады.

–          Бауырым, кешігіп барам, тездетші.

Ленин алаңынан жоғарырақ саябақ тұсымен, бір кезде Мұқағали Маржанмен серуендеген жерде келеді. Қолын жайып тұрған Ленин ескерткіші көрінеді. Мұқағали оған бір түрлі түңіліп қарайды.

–          Тағы басыңқырай түс!

Таксист тоңқ етіп, тежегішті басады. Саябақ бұрышын айнала бере, жолды бөгеп тастапты. Әріректе жол үстінде машиналар, адамдар қаптап, дабылдатып «Жедел жәрдем» келіп жетеді. Мұқағали таксиден атып шығып, жансыз тас тұлғаның тұсынан өтіп, тобырға қарай жүгіреді.

Жүгіріп жеткен ол, ақжаймамен бүркеулі денені зембілге сап, «Жедел жәрдемге» жеткізуге асыққан санитарларды көреді. Біреулер олардың үстінен қолшатырларын тұтып, зембілмен қатарласа жүгіріп барады. Зембіл «Жедел жәрдемге» тиеледі. Жүрегі өрекпіп кеткен Мұқағали жетіп барып, дененің үстіндегі ақжайманы ашып қалады да, зембілмен бірге машинаға кіреді. Мұқағалидың үрейі ұшып, түсі қашып кетеді.

***

Үсті-басы су-су Мұқағали аурухана дәлізінде, операция бөлімінің есігін күзетіп отырады. Дәлізбен операция бөліміне қарай үстіне асығыс бірдеңені іле салған Лашын жүгіріп келе жатады. Дымқыл жаулығы шашынан сырғып, иығына түскен. Мұқағали оны ұстап алып, құшақтайды. Ол операция бөліміне ұмтылады, бірақ, күйеуі оны жібермейді. Ол еңіреп жылайды:

–          Бұл қалай? Сен…

Лашын Мұқағалиды итеріп жіберіп, бетіне айғай салады:

–          Қарсы алам деп уәде беріп ең ғой?! Уәде беріп ең ғой!

***

Мұқағалидың пәтері. Айналардың беті жабық. Төргі үйге беті майлықпен бүркеулі жеті шелпек қойылып, шағын дастарқан жайылған. Бұрышта қара таспалы Майгүлдің суреті. Мұқағали қызының суретінен көз айырмай қарайды. Лашын да сол бөлмеде, бірақ, ортадағы қабырға, бейне, оны Мұқағалидан бөліп тұрғандай, кішірек балалар шешесіне жабысады. Мұқағали жалғыз.

***

Түн. Төргі бөлме. Мұқағали қараңғыда сол қалпы қызының суретіне қарап отырады.

***

Мұқағали жалғыз өзі сыраханада отырады. Бетін түк басқан, қалай болса, солай киінген. Құрдымға құлағандай, әлдеқайда алысқа қадалады. Сосын шөлмекті алып, рюмка үстіне төңкереді, бірақ, шөлмек бос. Мұқағали түк түсінбей, шөлмекке қарап, оны әрлі-берлі айналдырады. Осы мезетте біреу оның алдына ашылмаған шөлмек пен екі таза рюмка, аздаған тіскебасар қояды. Мұқағали ол адамға көз салмастан, шөлмекті ашып, өзіне құяды. Белгісіз адам шөлмекті алып, екі рюмкаға құяды.

Мұқағали назар салмастан, көзін жұмады да, басын шалқайтып, арақты аузына тастай салады. Көзі жұмулы отырған ол, кенет кәсіпқой емес, қарадүрсін, бірақ, риясыз ер адамның даусымен айтылған әсем әнді естиді. «Бейхабар жүр едім ғой махабаттан. Қол созып құшақ жайған қандай адам».

Мұқағали көзін ашып, алдында Шәмші мен Нұрғиса тұрғанын көреді. Олар Мұқағалиға сондай жылы, сондай жанашырлықпен қарайды. Шәмші әндетеді. Мұқағалидың жүзін жас жуады. Нұрғиса Мұқағалиды құшақтап:

–          Тілеушің болсын, бауырым! – дейді.

***

Қыс. Кеңсай. Сонар қарда сопиып жападан-жалғыз жүрген Мұқағалидың ізі. Жағы суалып, әбден жүдеп, еңкіш тартқан Мұқағали қырбақ қар астындағы уақытша ағаш сайғақ қойылған қабір басында отырады. Жанары жансыз. Кенет ол біреу нұқығандай, селк етеді. Ол сағынышқа, қасіретке толы дауыспен күбірлей жөнеледі:

Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін,

Мен тірімін.

Тірімін! Көресің бе!..

Мен деген – тірі жанмын,

Сен – елессің… Сен – елессің!

Күбір өксікті айғайға ұласады. Мұқағали орнынан тұрып, теңселе басып, қабір басынан кетеді.

***

Кеңсайдан қайтқан Мұқағали Көк базардың жанындағы көшемен сандалып келе жатады. Кенет жол шетінде лайсаңда аласа арбада (мойынтірек бекітіліп, тақтайдан істелген арбада) қайыр тілеп отырған аяғы жоқ мүгедекті көреді. Үстіне Сталин заманындағы форма киген: китель, галифе, хром етік. Китель үстінен киілген мақта күрте жамылған. Алдында НКВД-ға тән көк құрсамалы фуражка жатыр. Қайыршыға жақындағанда, Мұқағали фуражкаға тиын тастамақ боп, қалтасын ақтара бастайды. Кенет қайыршы басын көтеріп, Мұқағалиға қарайды. Бұл – Керімбек. Мұқағали қатты таңырқап, кейін серпіледі. Ол не ойларын білмей, қасынан өтіп кетпек болады. Енді ол кенет Нұразханды – қыршын жас күйінде – көреді. Жанында кәрі Құрманбек. Үстерінде – 40-шы жылдардың соңындағы киім, бірақ, өңдері нұрланып, жағдайлары жақсы көрінеді. Олар Керімбекке тақап, фуражкасына садақа тастайды, сосын Мұқағалиға бажайлай қарап, Керімбек үшін өтінгендей, иек қағады. Шошып кеткен Мұқағали, фуражкаға тиын тастап, өтіп кетеді. Бірақ, шыдамай, қайта жалт қарап, ешқандай да Нұразхан мен Құрманбектің жоқ екенін, ал, арбада кәдімгі қайыршы отырғанын көреді.

Осы сәтте Мұқағалидың басына бір ой сап ете қалады. Ол жүгіре жөнеледі, көшені өрлей, бүкіл қаланың ішімен жүгіреді. Керімбектің қабылдауына келген ЛКСМ ОК-не жүгіріп жеткен ол, жерлеу рәсімінің үстінен түседі. Адамдар табыт әкеле жатады, табыт алдында Керімбектің суреті, екі-үш қызыл жастықшада әлдебір медальдар мен төсбелгілер. Табыттың соңынан құрбысының демеуімен қара жамылған Маржан келеді.

***

Мұқағали баспа редакциясына кіреді. Онда жөндеу жұмыстары жүріп жатады, шкафтар ізбес тамған газеттермен бүркеліп, үстелдер дәлізге шығарылған, қолжазбалар қабырғаның жанына қатар-қатар үйіліп қойылған. Мұқағали ғимарат түкпіріндегі бөлмеге кіреді. Онда ұсқынсыздау егде әйел отырады. Ол Мұқағалиға шаршай қарайды.

–          Маған кітабымды жоспардан сызып тастады деді.

–          Кім?

–          Не «кім»?

–          Сіз кімсіз?

–          Мақатаев.

Әйел журналды ашып, қаламының ұшымен бағандардың үстінен жүргізеді, сосын:

–          Иә, тоқтатып қойды, – дейді.

–          Қалайша, гранкалары беттеліп қойды ғой.

–          Онда не тұр, қайта шашып тастады…

–          Неге?

Әйел немқұрайды иығын қиқаң еткізеді.

–          Рецензенттер пікірін өзгертті.

–          Қолжазбамды алып кеткім келеді.

–          Ала беріңіз.

–          Қайда ол?

Әйел иегімен қабырға тұсында үйілген қолжазбаларды нұсқайды:

–          Әне, өзіңіз іздеңіз, менің қолым тимейді.

Мұқағали түпкі бөлмеге кіріп, қолжазбаларды ақтара бастайды. Өзінің картон папкадағы семіз қолжазбасын тауып, шаңын қағады. Сосын шашылған қолжазбаларға қарап, қайта отыра қалады да, қолжазбаларды түзеп шығады. Түрегеліп, өз папкасына қарайды, содан соң кабинетке кіріп, қатқыл үнмен:

–          Мәселе былай! Мен редколлегияны талап етем! – дейді.

Әйел тағы да немкетті иығын қиқаң еткізеді:

–          Алдыңыздан жарылқасын.

***

Мұқағали ымырттап жалғыз өзі Алматы көшелерін кезеді. Ойда-жоқта Ленин алаңы жанындағы саябақта, сонау бозбала шағында Маржанға өз арманын айтқан, сырын ақтарған, Маржан оны тастап кеткен ағаштың жанынан бір-ақ шығады. Ағашқа жақындаған сайын сол күнді ап-айқын есіне түсіреді. Күтпеген жерден ағаш түбінде тұрған әйелді байқайды. Мұқағали тақап кеп, оның Маржан екенін көреді. Ол да, күйеуі өлген соң, жалғызсырап, еркінен тыс, жадынан өшпестей болған жерге келіп қалғандай.

Олар қол созым жерде бір-біріне қарап тұрады. Сосын Мұқағали мұңды жымиыспен бір сәтке жас күнінде Маржанға көрсеткен кейіпке енеді. Маржан жылайды. Мұқағали оған жақындап, құшақтайды. Екеуі қосыла жылайды.

Маржан сөмкесінен қол орамалын алып, жасын сүртеді, сосын оны Мұқағали созады. Бірақ, Мұқағали көзін, бала құсап, жеңімен сүртеді. Маржан:

–          Мұқағали, орны толмас қазаға душар болғаныңды естідім, қайғыңа ортақпын, – дейді.

Мұқағали басын изейді, көзі тағы да жасқа толады, ол оны тағы да қолымен сүртеді. Екеуі үнсіз тұрады. Маржан батылсыздау үн қатады:

–          Бірақ, сен де… Керімбекті ая.

Мұқағали басын көтеріп алады, әлдене айтпақ болады, бірақ, Маржан сөзін үстейді:

–          Жауың ретінде емес, жай адам ретінде.

Мұқағали үндемейді, бірақ, үнсіздігінің өзі қарсылық еді.

–          Білем, ол саған көп кесірін тигізді. Бірақ…

–          Онысын кеше алам. Бірақ, Нұразхан…

–          Әркімнің өз тағдыры бар…

Мұқағали тыңдағысы да келмейтінін білдіріп, сырт бұрылып кетеді.

–          Мұқағали, сен менің енемді танушы ма ең?

Мұқағали түсінбей, Маржанға қарайды.

–          Керімбектің шешесі? Ол да сенің жерлесің ғой.

Мұқағали басын шайқайды. Ол Маржанның нені меңзеп тұрғанын түсінбейді.

–          Енем дәулетті тұқымнан шыққан, байдың қызы. Нұразханның әкесі кезінде коммунист болған екен, сол әулетті түгел құртыпты, сосын өзі де жазаланыпты. Өрімдей жас енемді қырғыннан бір адам жасырып алып қалған екен, сол адам оған үйленіпті де. Енем «Нұразханнан өш алуға тиіссің» дегенді ұлының санасына жөргегінен сіңіріпті.

Мұқағали есеңгіреп, басы тұқырып кетеді.

–          Бұл сен ойлағаннан да күрделірек, Мұқағали. Әр адамның өз шындығы бар. Ал, сен… Сен тым өркөкірексің.

–          Өркөкірек? Мен жоқпын, қайдағы көкірек?

Маржан аңтарылып, Мұқағалиға қарайды, Мұқағали ұғындырады:

–          Мен өзімнен безінгем. Баяғыда, бала күнімде түс көргем. Қан жұтып, өлім аузында жатқан жауынгерлерді көрдім. Олар кіммен, не үшін айқасқан… білмеймін. Бірақ, мен… бойымда аяныш пен махаббат, аты жоқ әлдебір сезім оянды. Және әлдекім маған… менің сол жақтан, сол адамдардан екенімді айтқандай болды. Біздер, қазір өмір сүріп жатқандар оларды ұмыттық, біз шексіз қымбат әлденені ұмыттық… Содан бері мен – солармын. Өлең жазғанымда – шын мәнінде, солар сөйлейді…

Маржан басын шайқайды:

–          Әдемі сөздер. Бейнелер. Сен әлдебір өз өміріңді ойлап тауып, әлдебір өз заңдарыңмен өмір сүресің. Сен өміріңді… өлең сияқты құрғың келеді. Сен, бейне, әрі осындасың, әрі осында емессің. Бар бола тұра, жоқсың. Өмірде олай болмайды. Сен енді жас емессің. Бой ұсын да, жұрт қатарлы бол.

Мұқағали басын шайқайды:

–          Сен сол күйі ештеңе түсінбеген екенсің… Сен мені тастап кеткенде, олардан жерімек болғам, басқаның етегінен ұстағаныңа сені өкіндірмек боп, атақты, бай болғым келген. Бірақ, ол мүмкін емес екен.

Екеуі де үнсіз қалады. Ақыры, Маржан қапалана:

–          Өзіңді қандай тағдыр күтетінін түсінемісің? – дейді.

Мұқағали басын изейді:

–          Мен емес, ол мені таңдады.

Маржан ащы жымияды:

–          Ендеше, мен… сол кезде қателеспеген екем.

***

Керімбек қайтыс болады, бірақ, Мұқағалиды қудалау толастамайды. Мұқағалидың өлеңдері талқыланған, оның өлеңдері жинағының тағдыры шешілген редколлегия жүреді. Редколлегия мүшелері мәжіліске арналған ұзын жылтыр үстел басында отырады, араларында Мұқағалидың өлеңдерін қабыл алмаған газеттердің бас редакторлары да бар. Мұқағали үстел басында емес, шетте жалғыз отырады. Қолында машинкаға басылған қалың бір бума өлеңдері, кітабының макеті. Редколлегия мүшелері бірінен соң бірі сөз алып, ара-тұра көздерімен ата қарап, Мұқағалиды сынға алады. Сөйлеушілердің бірі қағаздан Мұқағалидың өлеңін оқиды:

–          Мәселен, міне:

Көргенім ылғи өгейлік,

Қуанам неге тоқсынып.

Жыл өткен сайын кедейлік,

Жыл өткен сайын жоқшылық.

Ол өлең басылған парақты жирене үстелге тастай салады да, қолын сермелеп, былай деп жалғастырады:

–          Мына өлеңсымақ не жайында? Неге Мақатаев социализм орнаған, коммунизм құруға бет алған қоғамымызда өзін бөтен, өгей сезінеді? Мақатаев қандай жоқшылық туралы айтып отыр? Партияның 23 съезінде…

Мұқағали мына соттан қажуға айналады. Іштей ол өлең жазып, парақтардың бірінің сыртына шимайлап жазады.

Несіне?

Несіне мен? Несіне мен?

Жазды екем жанды қинап есіл өлең?!

Жүрегіме жүк арттым несіне мен,

Жүре бермей өмірдің көшіменен?

Мұқағалидың досы Ғаббас тұрады. Ол ақынға жаны аши көз тастап, басқаларға қарсы келіп, қызу таласқа түсіп, қарысып бағады. Бірақ, оны түрі-басы келісті, сыптығырдай сыланған, бұйра қара шашты, қарынды қазақ бөледі. Бұл -Қаман. Қолында нашар оқушының дәптеріндей қызылмен шимайланған бірнеше парақ. Ол сол парақтарды сілкілеп, біресе жолдарды саусағымен нұқи, біресе саусағын тапанша құсатып Мұқағалиға кезей сөйлейді.

Мұқағали шаршап, көзін жұмады. Түсінде көрген шатқал көз алдына келеді, бірақ, енді Мұқағали тау өзенінің екінші жағында тұрады. Өзен арқылы тастан тасқа секіріп, кейде тайып кетіп, кейде жұқалтаң мұз қабыршағын басып, біресе таяғымен тепе-теңдікті сақтауға тырысып, біресе оған сүйеніп, бала өтіп келе жатады. Аяғы тізеден жоғары су. Мұқағали көмекке ұмтылып, жүгіре жөнеледі, бірақ, бала ендігі өзеннен өтіп, Мұқағалиға қарай келе жатады. Ол ақынның көзіне байыппен, қасіреттене қарайды:

–          Азырақ шыдаңыз. Ұзамай мен келем, сонда жаныңыз жай табады.

Мұқағали балақайды құшақтап, төбеге, сонау қарлы қияның ар жағындағы Саржайлау көсілген жаққа қарайды… «Жендеттің көзінен жас ағызатын, Туады, туады әлі нағыз ақын!»

Мұқағали көзін ашады. Отырғандардың бірі – орденді планкалар таққан қартаң қазақ, соғыс ардагері – оған жаны аши қарайды, бірақ, бірден көзін тайдырып әкетеді. Ол Қаманның сөздеріне наразы. Бірдеңе айтқысы келетіні, бірақ, жүрегі дауаламайтыны сезіледі. Өз-өзін ұстап, оқтын-оқтын Мұқағалиға аяушылықпен қарап қояды.

Қаман сөзін бітіргенде, оны Бәке іліп әкетеді. Ол да әшкерелеп, қамшылауға кіріседі:

–          Редакциялау! Редакциялау! Және өлеңдерді ғана емес! Мақатаев өз көзқарасын да, өз мінез-құлқын да қайта қарауы тиіс!

Мұқағали көзін қайта.жұмады. Енді оған әлдебір қарауытқан үңгір, меңіреу сұр кеңістік елестейді. Анда-мында алаулар жанып тұрады, олардың жойқын қанды жалқыны көз қарықтырады. Сол алаулардың арасында Т–бейнелі айқыштар орнатылып, оларға Абай, Мағжан, Ілияс, Данте және тағы басқа көптеген ұлы ақындар таңылған. Мұқағали сасып қалады, оған денесіз көлеңке боп қалқып, Вергилий келеді.

–          Тозақ бар ма еді?

Вергилий үндемейді. Мұқағали жан-жағына қарайды.

–          Бірақ… бұлар неге мұнда? Сен неге мұндасың?

Вергилий үнсіз. Мұқағали торыға сөйлейді:

–          Біз.. бұлардың ана дүниеде шеккен азабы аз ба еді? Бұлар жәннатқа лайық емес пе?

–          Өлең жұмақта тумайды. Тек осында.

Вергилий иегімен Абайды меңзейді, сосын Мұқағали жаны аши қарайды:

–          Бар, бауырым, жаз.

–          Тозақ туралы ма?

–          Ал, сен тозақтан басқа не білесің?

Мұқағали елестен айығады. Редколлегия аяқталады. Бәрі орындықтарын жылжытып, тұрады да, өзара сөйлесіп, Мұқағалиға көз салмастан, тарап кетеді. Ардагер ғана бөгеліп, орнынан тұрмайды. Бәрі шығып кеткен соң, ол Мұқағалиға жақындайды:

–          Кешір.

Мұқағали ащы жымияды:

–          Аға, үлкен бір елді жаудан қорғап қалғанда, кішкентай ғана ініңізге қорған бола алмағаныңыз ба?!

– Кейде мен өмір бойы осылармен алысқанша, бір рет амбразураға атылған артық па, деп ойлап қалам. Өзің де түсіндің ғой, бәрі алдын-ала шешіліп қойған. Ғафу ет, балам.

Ардагер ұнжұрғасы түсіп, бөлмеден шығып кетеді. Мұқағали жүрек тұсын уқалап, орнынан ауыр көтеріледі.
***
Мұқағали мен Асқар Ленин гүлбағы жанындағы саябақта серуендеп жүреді, тоғандағы аққулардың жүзгеніне, адамдардың оларға нан қиқымын лақтырғанына, тәкаппар құстардың тілемсектеніп, мойындарын игеніне қарайды. Асқар:
– Осы аққулардың қанаттары қырқылған дейді. Қалай ойлайсың, сол рас па? – дейді.
Екеуі де үнсіз, әрі қарай жылжиды.
– Асқар, жариялайтындай етіп, тозақ туралы қалай жазуға болады?
Асқар мырс етіп, Лениннің ескерткішіне қарайды:
– Тозақтың қатысы не? Біз жұмақта тұрып жатырмыз.
Бір топ жас бұларға жақындап, Мұқағалидан қолтаңба алады. Ол газеттерге, журналдарға қол қойып береді, оқушыларына күлімсірейді, ал, олар кеткен соң, жүрек тұсын уқалайды. Асқар досына қарап былай дейді:
– Мынандай бір тәсіл бар. Жазуға болмаса – аудар. Біздің өміріміздің тозағы туралы жазғанды аудар.

Олар тағы серуендейді. Мұқағали:
– Оны мен де ойладым. Бірақ, Данте… Маңына жуудың өзі қорқынышты… – дейді.
Асқар тоқтай қалады.
– «Божественная комедия» ма?
– Иә. Тек… мен ойлаймын… тозақ – әлдебір басқа жақта емес, ол… осында.
Асқар ойға қалып, әрі қарай жүреді, сосын былай дейді:
– Сонда бұл метафизика емес, памфлет пе?… Даулы, бірақ, қызық екен.
Мұқағали басын изейді. Олар жолдарын жалғастырады.
***
Нұрғиса өз кабинетінде рояль алдында отырады. «Сөнбейді, әже, шырағың» әнінің әуенін ойнайды. Мұқағали мұқият тыңдап, ойлана басын шайқайды. Жанындағы рояль үстінде шимайланып, мыжылған парақтар үйіліп жатады. Шыдамсыз Нұрғиса оған бетін бұрып, күйгелектене:
– Сен өзі кімнің баласысың? Ата-әжеңнің баласы шығарсың, – дейді.
– Иә…
– Ал. Әжелеріміздің өмірі қандай болғанын өзің білесің ғой.
– Иә…
– Ал, енді өз әжеңді есіңе түсірші.
Мұқағали ойланып тұрып, әжесінің түн ішінде ошаққа қарап, «шырағымды сөндіре көрме, я, Алла» деп жалбарынып, дұға қылғанын есіне түсіреді. Ал, Нұрғиса сөзін үстейді:
– Міне, мына сен, есейген адамсың. Не айтар ең, әжеңді бір сәтке көрсең, оған не дер ең?
– Әже, шырағың сөнбеді… Сөнбейді, әже, шырағың.

– О! – Нұрғисаның көңлі көншіп, қолын сермейді. – Ұмытып қалма, ойлана бер.
Нұрғиса әуенді тағы бір тартып, «Сөнбейді, әже, шырағың» деп әндетеді.
– Дөп бастың!

***

Тағы бірнеше жыл өтеді. Мұқағали Комсомольская-Космонавтов көшелерінің қиылысындағы ауруханада жатады. Палата терезесінен шығыстағы таулар көрінеді, терезенің түбі – көгал. Мұқағалидың көз алды күлтілдеп, өңі сарғылттанып, бүкшие түскен. Жап-жас медбике – сұлу дегеннен гөрі, ерекше нәзік, пәк жан – Мұқағалиға тамшылатқы қояды. Мұқағали ауырсына қабағын шытады, қолының бүгіндісі ине ізінен көрінбейді, медбике ине салатын жерді зорға табады. Оның қобалжып тұрғаны, Мұқағалидың қиналысы оған да бататыны байқалады. Ақыры, ол тамшылатқыны ашады да, қалай ағатынын бақылай бастайды. Оның тазалығына, байыптылығына тәнті болған Мұқағали үн қатады:

–          Атың кім?

–          Сәуле.

–          Жоқ, сенің атың Сәуле емес. Сенің атың Ақсұнқар, – дейді Мұқағали қиялданып.

Сәуле аң-таң боп, ақынға қарап қалады, сосын екі беті ду ете түсіп, палатадан ата жөнеледі.

***

Нұрғиса мен Шәмші бөлімшеге келіп кіреді. Кезекші медбике оларды тоқтатып, бірдеңе демек болады, бірақ, Нұрғиса күлімсіреп, оған бір шөлмек шампан мен торт ұстатады да, екеуі әрі қарай өтіп кетеді.

***

Нұрғиса мен Шәмші Мұқағалидың палатасына келеді. Мұқағали ортадағы орындыққа атқа қонғандай жайғасып, терезеге қарап отырады. Басқа науқастар төсектерінде жатады. Нұрғиса өзіне бұрылған Мұқағалиды құшақтайды, ал, Шәмші дорбадағы сәлем-сауқатты тумба үстіне қояды, сосын ол да кеп құшақтасады.

–          Оу, батыреке, мына жерден қашан шығасың? – деп сұрайды Нұрғиса.

Мұқағали жымияды.

–          Таяуда, таяуда шығып қалам.

***

Мұқағали халін сұрай келгендерді аурухананың есігіне дейін шығарып салады. Қоштасарда Нұрғисаны құшақтап тұрып, байқатпай, пиджагының қалтасына төрт бүктелген парақты салып жібереді.

Қайтып келе жатып, Мұқағали палаталардың бірінің ашық тұрған есігінен науқасқа тамшылатқы қойып жатқан Сәулені көреді. Қыз да көзінің қырымен Мұқағалиды шалып қалып, қымсына басын түсіреді.

–          О, Махаббат, сен әлі тірі ме едің?! – деп ақырын күбір еткен Мұқағали, өзі де қайран қала күлімдейді.

***

Түн ішінде Мұқағали көршілерінің қорылын елең қылмай, палата терезесінің алдында ай мен көше шамының жарығынмен «О, Махаббат, сен әлі тірі ме едің» өлеңін жазып отырады. Жүзінде әрі таңданысқа толы, әрі арманшыл жымиыс.

Жинағам құрып халім,

Жығылған отауымның уықтарын.

Содан бері мен сені ұмытқанмын.

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің?!

***

Мұқағали қысқа шалбарлы аурухана пижамасын киіп, үстінен түсі кеткен аурухана халатын жамылған қалпы редакциядағы досы Ғаббасқа келеді. Досы оны көріп:

–          Түріңе болайын! – деп күледі.

–          Үйімнің маңайында қыдырыстап жүргенсіп, қолымды артыма ұстап, асықпай жүріп келдім, – дейді Мұқағали қарқылдай күліп.

Ғаббас оған жаңа ғана баспадан шыққан өлеңдерінің жинағын ұстатады. Мұқағалидың көңілі өсіп, марқайып қалады, «Өмірдастан» кітабының мұқабасын сипап, ашады да, парақтарын иіскейді. Ғаббас оған мәз болып қарап тұрады, сосын түрегеліп:

–          Жүр кассаға, қаламақы аламыз! – дейді.

***

Достар баспа дәлізімен жүріп келеді. Кейбір баспа қызметкерлері Мұқағалиға жақын кеп, құттықтайды, қыздар жап-жаңа кітапқа қолтаңба сұрайды, енді біреулер ақынды көрмегенсіп, қасынан өтіп кетеді. Бірақ, Мұқағали бұны байқамайды, бәріне күлімсіреп, жүзі жайнап, көңілі шалқиды.

Достар баспалдақпен төмен түсіп, «Касса» деген маңдайшалы терезеге қарай бұрылады. Ғаббас шамырқана боқтанады. Кассаның алдында Қаман тұрады. Екі жағында еңгезердей екі жігіт. Біреуі қолына бүктелген мата қапшық ұстаған, екіншісі көлемі боқшадай қапшықтың аузын ашып тұрады. Қапшықтың үштен бірі толы. Қаман асықпай будадағы әр ақшаны санайды, алдында резеңкемен буылған сондай буданың әлі бірнешеуі тұрады. Санап болып, еркек епті қимылмен буданы резеңкемен буады да, жігіт тосқан қапшыққа тастайды, сосын қойын дәптеріне бірдеңе түртеді де, келесі буданы санауға кіріседі. Баспалдақпен кассаға жүгіріп түскен жұқалаң жас баспа қызметкерлері осы көріністі көрген соң, түңіле қолдарын сілтеп, кетіп қалады.

Ғаббас күйініп:

–          Бұл ұзаққа созылады. Жүр, шай ішейік. Кассада ақша жеткілікті деп үміттенем, – дейді.

***

Достар редакцияға қайтып келеді, онда қызметкер келіншектер шай ішіп отырады, олардың бірі Мұқағалиға қылымси қарап:

–          Мұқа, жумайсыз ба? – дейді.

Мұқағали атып тұрып, қалтасын ақтара бастайды, бірақ, қалтасы бос екені білінеді. Ғаббас оны ишарамен тоқтатып, әлгі әйелге:

–          Тоқтай тұршы, а. Қаламақысын алсын да, әуелі… – дейді.

–          Не, әлі алмады ма?

–          Жоқ, Қаман қаламақысын алып жатыр.

–          Ууу, бүгін бізге де жалақы жоқ десеңші… Соңғы жинағының тиражы қанша екен?

–          50 мың.

–          Соны біреу оқитындай-ақ, – деп мырс етеді әйел.

Егделеу әйел жақтырмай басын шайқап: «Біреудің көзінше біреуді сөз қылмай отырсаңшы» дегендей, көзімен Мұқағалиды көрсетеді. Сосын:

–          Әр ақынның өз оқырманы бар, – дейді естіртіп.

Бірақ, егдесінің сөзін құлағына ілмеген бірінші әйел, Мұқағалидан:

–          Ал, Сіздің тиражыңыз 4 мың ғой деймін, иә? – деп сұрайды.

Алдыңғы көріністі байқамаған Мұқағали, масаттана басын изейді.

***

Ғаббас пен Мұқағали касса терезесіне келеді. Сол жерде Қаман соңғы бір буда ақшасын санап болып, резеңкемен буады да, екінші жігіттің қолындағы қапшыққа тастайды. Жігіт қапшықтың бауын тартып байлайды. Бірінші көмекші қапшығын баяғыда-ақ буып-түйіп қойған. Кассир қыздармен қоштаспастан, тіпті, бас иземестен, кассаның жанында жиылғандарды көзге ілместен, Қаман бұрылады да, көмекшілерінің алдына түсіп, маңғаз басып ұзай береді. Баршасы оны көзбен шығарып салады.

Сосын кезекте тұрған жастардың бірі Мұқағалиға:

− Мұқа, қаламақыға келдіңіз бе? – дейді.

Мұқағали кінәлілеу жымиып, басын изейді. Кезек басындағы жастар дауыстап:

–          Аға, бері келіңіз, қаламақыңызды алыңыз! – дейді.

–          Аға, шығармашылық кешіңіз қашан?

Мұқағали кештің өткізілуі өзіне байланысты еместігін ұқтырғандай, сол кінәлі жымиыспен иығын қомдап, кассаға жақындайды. Кассадағы қыз оған бір қарап, ведомостан атын табады да, ведомосты алдына қойып, шаршай сұрайды:

–          Банктің қаптамасын ашайын ба, санайсыз ба?

Мұқағали оған аңыра қарап, сасқалақтай жымияды. Ол ведомосқа қол қояды. Кассир қыз банк қағазымен қапталған екі буданы оның алдына тастап, тағы бірер соманы санап алады да, терезе тақтайына қояды. Мұқағали ебедейсіз қимылмен екі буданы қойнына тыға салады, жеке берілген бірнеше қағаз ақшаны алып, кассир қызға созады:

–          Қарындас, шай ішіңіз!

Қалған ақша мен тиынды сыпырып алып, санап жатпай-ақ, сыртқы қалтасына тыға салады.

***

Сол күні. Ғаббас Жазушылар Одағына кіріп, баспалдақпен көтеріледі. Жоғарыдан Қаман түсіп келе жатады. Ғаббас онымен сәлемдеседі. Бірақ, Қаман:

−          Неге «он» дедім екен, «жиырма бес» деуім керек еді, – деп күңкілдеп қасынан өте шығады.

Екінші қабатқа көтерілген Ғаббас дабыр-дұбырды құлағы шалады. Сол жерде, дәлізде жазушылар қызыңқыраған Мұқағалиды қаумалап алыпты. Әлі де аурухана пижамасы мен халатымен жүрген ол:

–          Ал, ағайын, алып қал! Тағы қайсыңа қарызбын! – деп айғай салады.

Жазушылар қарқылдай күліп, қолдарын көтеріп, ақынға тақай түседі де, соманы атайды:

–          Маған үш!

–          5!

–          Маған 15!

Мұқағали қалтасынан қағаз ақшаларды алып шығып, санамастан, әлгілерге ұстата салады. Ғаббас күлісіп, мәз болысқан жазушыларды жарып өтіп, Мұқағалиға жақындайды, Мұқағали оның бетіне қарамайды, досын танымай, оған да ақша тықпалайды. Ғаббас оны құшақтап, тыныштандырады да, өзіне созған ақшаны қалтасына қайта салғызып, ертіп алып кетеді.

***

Сол күні. Кешқұрым. Пижама-халаттағы Мұқағали қолына торт пен шампан ұстап, ауруханаға кіреді. Медбикелердің бірі оны бөлімшенің кіре берісінде қарсы алады:

–          Аға, Құдайға шүкір, тездетіңіз, қазір тексеру болады!

Мұқағали оған ілесіп, бөлімшеге келеді. Дәл палатаның аузында ол қолындағысын медбикеге ұстатады:

–          Құрбыларыңмен шай іш!

Сосын тез палатаға кіреді. Халатын серпіп түсіріп, туфлиін сілки сап, аяғымен төсек астына әрменірек итеріп тастайды да, жата қалып, көрпесін жамылады. Палатаға дәрігерлік комиссия кіреді.

***

Дариға Тілендиева үйінде сырт киімдерді химчисткаға өткізуге жинап жатады. Кейбір өз киімін дайындап болған соң, Нұрғисаның Мұқағалиға барғанда киген пиджагын алып, күйеуінің кабинетіне барады.

–          Отағасы, мынаны тазалатуға берем. Қалтасын қарап алыңыз.

Нұрғиса ішкі қалтасынан пропускін, оң қалтасынан ақшасы мен кілттерін, сол қалтасынан қол орамалымен бірге бүктелген парақты алып шығады. Оны ашып, оқиды да, түсі бұзылып, әйеліне береді. Дариға да оқиды, бұл Мұқағалидың өз қолымен жазыған «Есіңе мені алғайсың» өлеңі. Нұрғиса тұрып кетіп, терезеге барады. Дариға жасын тоқтатқысы кеп, басын шалқайтады. Көзінің қиығынан төгілген жас самайына ағады.

***

Ауруханадағы кешкі астан кейін. Мұқағали дәлізбен келе жатады. Терезеден төменге қарап тұрған Сәулені көреді. Ол Мұқағалиды байқамады. Мұқағали терезеге көз тастап, қолына бір шоқ гүл ұстаған көрікті жас жігітті көреді. Ол Сәулеге қарап тұрады. Мұқағали жымияды, ол Сәуленің бақытты болатынын біледі. Сәуле Мұқағалиды, оның көзқарасын байқайды. Еңіреп жылап жіберіп, жүгіре жөнеледі. Мұқағали ажалдың алқымнан алғанын сезеді. Осылай ол өзінің соңғы махаббат хикаясына нүкте қояды.

***

Түн. Мұқағали төсегінде екі жастық жастанып, жартылай отырған күйі мүлгіп кетеді. Түс көреді. Абай мен өзге ақындарды көрген сұрқай ауасыз алакөбең кеңістік. Осы көмескі ымырт жарығында бір бала келе жатады. Мұқағали оның артынан қарап, кенет оның өзінің орнын басар бала ақын екенін түсінеді. Мұқағали артынан қарап-ақ, тани кетеді: иә, бұл сол баяғы балақай. Ол тұра ұмтылып, қуып жетеді де, басы кеудесіне түскен баланың алдына кесе-көлденең тұра қалады. Екі қолын иығына салады, бала жүзін көтереді. Жанарына күйзеліс пен азап тұнған. Мұқағали шошынып, баланың иығын босатпай, тізе бүгеді. Жүзінде үміт пен үрей. Баланың жүзіне үңіліп, әлдене ұғынғысы келеді. Содан соң:

–          Балам, бұнда неғып жүрсің? – дейді.

–          Аға, мен кетем. Кешіріңіз!

Мұқағали түсінбей, бетіне қарайды. Бала оның үнсіз сұрағына жауап береді:

–          Мені өлтірді. Бүгін.

–          Өлтіргені қалай? Сен әлі туған да жоқсың ғой?!

Баланың жүзіне жас сорғалайды. Ол Мұқағалиға аянышпен қарайды. Мұқағали баланы көндіруге тырысқандай, жалынышты үнмен:

–          Мен… Менің демім бітуге таянды ғой! – дейді.

Бала үнсіз. Мұқағали айғай салады:

–          Қалайша? Ал, аналар ше, аналар Ақынсыз қалады ғой?

Мұқағали баланың аяғына жығылып, ап-арық аяқтарын тас қып құшақтап, ұлып, кәдімгідей аңша ұлып жатып қалады.

***

Мұқағали оянады, бірақ, оның түсінде ұлығаны дәлізде жаңғырып естіліп жатады. Ол бұны түсі екен деп ойлайды, бірақ, ұлыған, зарлаған үн үдей түседі. Мұқағали орнынан тұрып, дәлізге шығады. Аурухана халатында, етегі қан-қан алба-жұлба түнгі іш көйлек киген жалаңаяқ жас қыз дәлізбен жүгіріп келе жатады. Оның әп-әдемі әрі күтімдегі бойжеткен екені көрінеді. Бірақ, дәл қазір ол долырып, жанары ұшқындап, шашы дудырап, жабайы аңша ұлиды. Оның артынан санитаркалар жүгіріп келеді. Қыз есірік көздермен Мұқағалиға қарайды. Кенет түсі жібіп:

–          Сен, сен мені бермейсің ғой? – дейді.

Мұқағали не дерін білмей, үндемейді. Ал, қыз палатаға зып беріп, Мұқағалидың төсегінің астына тығылады. Санитаркалар палатаға ентелей еніп, қолына ине ұстаған жасаңдау дәрігер қоса кіреді. Анайы көрініс. Санитаркалар палатаның шамын жағып, есалаң қызды төсек астынан суырып алуға тырысады, қыз жұлқынып, тырналап, ұлып, зар қағады. Бүкіл науқас оянады. Санитаркалар төсекті жылжытып, қызды бас салады, қыз бұлқынып бағады, бірақ, санитаркалар тырп еткізбейді, дәрігер жетіп келіп, тамырына дәрі егеді де, қызды сүйреп ала жөнеледі. Дәрінің әсері басталып, қыз тыншиды, бірақ, соңғы рет Мұқағалиға тіл қатады:

–          Бермеші мені.

Мұқағалиға қараудың өзі қорқынышты. Қызды баяғыда алып кеткен, ал, ол соңдарынан қарап, әлі де сілейіп дәлізде тұрады. Қасына Сәуле келеді, оның да зәресі ұшып кеткен. Бірақ, Мұқағалиға қарап, есін бірден жиған ол, өзінің кәсіби міндетіне оралады. Ол бір стақан су мен дәрі әкеліп, Мұқағалиға ішкізеді.

–          Кім? Бұл не?

–          Аборттан кейін бұндай болады, аға. Психикасы сыр берді.

Сәуле палатаға кіреді де, төсекті орнына жылжытып, Мұқағалидың төсегін жөндеп, шамды өшіреді, сосын науқастарға қарап:

–          Кешіріңіздер, ұйықтай беріңіздер. Бәрі бітті, – дейді.

Осы уақыт бойы Сәуленің сөзін екшеумен болған Мұқағали:

–          Бірақ… мерзімі жетіп қалғанда аборт жасауға тыйым салынған ғой, – дейді.

Сәуле Мұқағалиға таңырқай қарайды:

–          Сіз оны қайдан білесіз?

Ол Мұқағалиды шынтағынан алып, палатадан ауаша алып кетеді де, ақырын былай дейді:

–          Ерекше жағдайларда рұқсат етіледі. Естуімше, қыздың әке-шешесі өте ықпалды адамдар. Ал, қыз қарапайым жігітке ғашық болған. Сөйтіп, әке-шешелері өзара келіскен.

Мұқағали естігенін ой елегінен өткізеді. Сосын Сәулені балаша басынан сипайды. Бала құсатып, маңдайынан иіскейді де:

–          Бағың ашылсын, Ақсұнқар, – дейді.

***

Бозамық түн. Мұқағали төсегінде сандырақтап жатады. Ол осы күйінше – аурухана пижамасымен, жалаңаяқ – тағы да тауда, қармен жүріп келеді. Жұқалтым мұзды сындыра, тау өзенінен өтеді, өткір мұз жиегі аяғын жаралайды, бірақ, ол оған мән бермейді. Қарлы беткеймен қыратқа өрмелейді, кейде кейін сырғып кетеді, бірақ, бәрібір тырмысып, төбеге шығады да, алдындағы байырқалы қоныс, бейбіт мекенге қалта қарап тұрып қалады. Көз ұшында бір отар қой жайылып жүреді, шырқау көкте құс сайрайды. Мұқағали еміс-еміс күбірлейді: «Бозторғайлар… Қойлар… бозторғай… Мен… бозторғайша… Қойлар да… Ән салғысы келеді.. Саржайлау. Әндетеді… Қойлар… Жерұйық… Бұл ән…» Мұқағали сары белге аяқ басады.

***

Таңғы шақ. Палата терезесінің түбіндегі көгала концерт смокингін киген Нұрғиса пайда болады. Оған ілесе әдепкі киімдегі музыканттар келіп жетеді. Нұрғиса оларға ымдап, белгі береді. Олар терезеге жүздерін бере, аяқтарын айқастырып, шөп үстіне жайғасады. Нұрғиса оркестрге арқасын беріп, алдыға отырады да, өзінің «Алқисса» күйін жеке орындай бастайды, сосын белгі беріп, қолын көтергенде, оркестр күйді іліп алып кетеді. Күй тартылып жатқанда терезелерден науқастар мен дәрігерлердің таңырқаған, ұйқылы жүздері көрінеді, кейбіреулер сыртқа, есік алдына шығып тұрады. Кенет есіктен бетін жас жуған Сәуле жүгіріп шығады. Ол Нұрғисаға тақайды, Нұрғиса ойынын доғарады. Сәуле оған жылап тұрып әлдене дейді.

Қаны қашып, сұрланған Нұрғиса басын изейді:

–          Білем.

Сосын оркестрге белгі беріп, күй қайта жалғасады. Таулардан асып, күн көтеріледі.

***

Нөсер сабалап тұрады. Аспанды найзағай тілгілейді. Осы ақырзаман орнағандай алапат нөсер астында Абай ескерткішінің (басқа нұсқада – Мұқағалидың өзіне қойылған ескерткіш) түбінде жас ақын отырады.

Ұлы Ұғылмағандар Көші жалғасуда.

СОҢЫ

2014

[1] Бұл – Таласбектің аяқталмай қалған жұмысы. Әйтсе де, автор көзі тірісінде бүкіл сюжетті, бейнелерді, негізгі көріністерді тиянақтап үлгерді, 2014 жылғы қыркүйекте Алматының кітапханаларында жұмыс істеп, Дантеге қатысты әдебиетті, М.Мақатаевтың қолынан шыққан «Құдіретті комедия» шығармасының аудармасын зерделеп, содан соң: «Сценарий дайын, қағазға түсіру ғана қалды» деген еді…

Кинороманды Таласбектің шимай жазбалары мен ауызша әңгімесінің нобайымен З.Наурызбаева жазып бітірді. Таласбек кинороманды орыс тілінде бастап, бірақ, атауын «Өгей» деп қазақша берді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.