01-04-24 |
13170 рет қаралған
Бізге революция емес, эволюция керек – Талғат Теменов.
Бізге революция емес, эволюция керек – Талғат Теменов

Қазақтың трагедиясына бірден бір ықпал еткен тек қана революциялар! Сондықтан қазақтың өнеріне революцияның еш қажеті жоқ. Бұл туралы театр және кинорежиссері Талғат Теменов «Қасқа жол» youtube арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, театр тек ән айтып би билейтін жер емес. Театр – тал бесік, ол идеология.

«Театрда ұлттың қамы, ұлттың намысы, ұлттың ары, әдебиеті, мәдениеті, тарихы мен тәрбиесі айтылады. Театр әрі идеологиялық орын әрі ана тілімізді сақтайтын тал бесік. Өкінішке қарай қазір Астанадағы театрлардың барлығы жалт-жұлт еткен бояуға құмар болып алды. Эксперименталдық Мәскеуде оқып келген балалардың қойылымдары студенттердің курстық жұмысының деңгейінде. Театр өсіп келе жатқан жастарға ұлттың тарихын, жоғын жоқтайтын, ұлттың дәстүрін паш етудің орнына ырду-дырдудың соңында, қызылды-жасылдының соңынан еріп бара жатыр», – дейді ол.

Кинорежиссер ертеңгі жастарды, еліміздің тұтқасын ұстайтын балаларды қазірден тәрбиелеуіміз керектігін айтады. Оларға ұлттық тәрбие мен құндылықты сіңіруде кенде қалып жатырмыз. Тіптен, Еңілік-Кебекті джинсы киіп сахналайтын жағдайға жеткенімізді айтты.

«Өнерде революция болу керек дегенді қолдамаймын. Біз 30 жыл бойы революциядан көз ашпадық. Бізге қазір революцияны тоқтату керек. Бізге тек эволюция керек. Революция дегеніміз – жою, жаңадан бастау, бұрынғыны таптау, өшіру, өртеу. Революцияның негізгі мақсаты сол. Ал, эволюция бұл табиғи өсім. Сорлы қазақ соңғы жүз жылда революциямен ғана келе жатыр. Халықтың өсу эволюциясы болады, ұлттың рухани байығаны керек, оған революцияның түк қажеті жоқ. Қызыл империя революция деп ұлтымызды жойған. Қазақтың трагедиясына бірден бір ықпал еткен тек қана революциялар!», – деді кинорежиссер.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.