27-02-24 |
13390 рет қаралған
«Design Battle» хакатонына екі жүзден астам дизайнер қатысты.
«Design Battle» хакатонына екі жүзден астам дизайнер қатысты

2024 жылғы 24-25 ақпан күндері Алматы қаласындағы Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, аталған жоғары оқу орны және «Сәби» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Design Battle» байқауының бірінші кезеңіне қатысушылардың жобалары таныстырылды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер UX/UI және графикалық дизайн бағытында өнер көрсетті. Тіл үйренуге арналған сайт пен мобильді қосымшаның дизайн тартымдылығы қазіргідей ақпарат тасқыны дәуірінде оң рөл атқарады. Әсіресе, жастардың ынта-ықыласын аударады. Осыны пайдаланып, қазақ тілін үйретудің заманауи құралын жасау идеясы жүзеге аспақ.

Онлайн және офлайн түрінде аралас өткен «Design Battle» хакатонына түрлі шығармашылық бағыттағы екі жүзден астам дизайнер қатысты. Екі күндік қызу сайыстың онлайн-трансляциясын 150-ден астам адам тамашалады.

Хакатонның алғашқы күні тәжірибелі мамандар мен дизайнерлік агенттіктердің құрылтайшылары оқыту семинарларын өткізіп, ол жерде этникалық стильмен, айдентика және дизайнның басқа да негізгі аспектілерімен жұмыс істеу тәжірибесін ортаға салды. Ал, келесі күні қатысушылардың өз жобалары бойынша қарқынды жұмыс басталды. «Алуан-алуан жүйрік бар, шамасына қарай шабады» демекші, он саусағынан өнер тамған дизайнерлер өз шығармашылық туындыларын, соның ішінде көздің жауын алар логотип, түстер палитрасы және бренд стилінің элементтерін ұсынды. «UX/UI дизайны» және «Графикалық дизайн» санаттары бойынша бірегей 70 жоба жасалды.

Үздік жобаларды анықтауға арналған шараны алғаш ұйымдастырушы, венчурлік инвестор Кеңес Рақышев, «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова, ХАТУ мамандары және дизайн саласындағы тәуелсіз сарапшылар қазылық жасады.

«UX/UI дизайн» категориясы бойынша 1-орынға Дильназ Мұқашеваның командасы ие болды. Екінші орынды Руслан Махматов бастаған топ жеңіп алса, үшінші орын Аружан Райымқұлованың командасына бұйырды. «Графикалық дизайн» бөлігі бойынша бірінші орынды Қасымхан Бұлхайырдың командасы қанжығасына бөктерсе, екінші орынды Ислам Тіркесбаевтың тобы иеленді. Үшінші орынды Ұлан Мүптекеевтің командасы еншіледі. Тіл үйренудегі ерекше де бірегей байқаудың жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құрады. Жеңімпаз алты команданың әрқайсысына бірінші орынға 500 000 теңге, екінші орынға 300 000 теңге және үшінші орынға 200 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Марапаттау рәсіміне Кеңес Рақышев, қазақстандық суретші Мария Ильницкая, сондай-ақ Vexel дизайн агенттігінің негізін қалаушы Бауыржан Абдукадировтар қатысты.

Алғашқы қарлығаш іспетті қанат қаққан бұл доданың отандық дизайн қоғамдастығы үшін маңызы зор оқиға болғаны және елдегі креативті индустрияны дамытуға, мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруға қосылған тамшыдай үлес екені даусыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.