28-01-20 |
970 рет қаралған
«Күйшілер одағы» атынан өтірік дүниелерді ұйымдастыруға жол бермеймін.
«Күйшілер одағы» атынан өтірік дүниелерді ұйымдастыруға жол бермеймін

Еліміздің мәдени өмірінде былтырғы елеулі оқиғалардың бірі деп «Күйшілер одағының» құрылуы деп айтсақ қателеспеспіз. Дәстүрлі музыкалық өнерді насихаттап жүрген өнерпаздар үшін осындай ұйым болғаны әрине қуантарлық жағдай. Десе де әлеуметтік желіде сүйіншілеп жар салып, кейін аты еміс-еміс болмаса мүлдем шықпай қалған Күйшілер одағының бүгінгі жайы туралы көпшілігіміз бейхабар қалдық. Сондықтан атылмыш ұйымның төрағасы Рүстем Нұркеновпен тілдесіп, Одақтың бүгінгі жай-күйін, жоспарын сұрадық.

– Құрметті Рүстем мырза, былтыр осы уақытта «Күйшілер одағы құрылды» деп сүйіншілегеніңіз есімізде. Биыл тура бір жыл болыпты.

– Ия, «Күйшілер одағы» Әділет министрілігінен ресми тіркеуден өтіп, Республикалық қоғамдық бірлестік ретінде статус алғанына 28-қаңтар күні тура бір жыл болды.

– Халық үшін аздап есеп ретінде айта отырсаңыз. Қандай жұмыстар істелді? Не істелмей қалды?

– Есепті негізі тек Одақтың мүшелеріне ғана тапсырылуы тиіс. Десе де жалпылама тоқтап өтуге болады. 2019 жылы 3 концерт өткізіп (Астана, Петропавл, Семей қалаларында) бір күйлер жинағын баспадан шығардық («Қазақтың жаңа 100 күйі»). Жыл соңында домбырашы ұстаздарға арналған біліктілік арттыру курсын өткізгеніміз бар.

– Одақ мүшелері деп қалдыңыз. Сонда одақтың мүшесі атану үшін белгілі бір тәртіп бар ма? Әлде күй тартушы барлық өнерпаз одақ мүшесі атана ма?

– Күйшілер одағының мүшесі деп кез келген өнерпазда айтуға келмес. Мүшелікке өтудің тәртібі бар. Әрине, даладан келіп Одаққа мүше бола алмайды. Бірақ күй өнерінде жүрген 25 жасқа толған әрбір азамат, ол зерттеуші немесе насихаттаушы-ұстаз болсын мүшелікке өте алады.

Жасыратыны жоқ, өнерпаздар арасында Бірлестігімізге күмәнмен қарап жүргендер де бар. Рушылдық пен жершілдіктен бастап, жеке амбицияларына дейін сәйкес келмесек әңгіме арасында бізді даттап отыратындарын естіп жүрміз. Уақыт бәріне төреші. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Бір ғана айтарым бар. Бұл істің барлығы күйшілік өнер үшін ғана. Бір адам жауапкершілік алу керек болды.

Бұл жерде бір нәрсені түсіндіріп кету керек. Бәрінің ішінде бір сұрақ барын білемін. Ол сұрақ «Рүстемнен басқа Одаққа төраға табылмады ма?» деген. Құжаттарын реттеп жүргенде бірнеше ағаларымызға төраға болыңыз деп ұсынғанымыз бар. Сөзімізге сенбеді ме, әлде басқа да себептер болды ма әйтеуір қызыққандай болмады. Аманшылық болса осы жылдың соңында жаңа төраға сайлайтын шығармыз. Бұйырса әрі беделді, әрі пысық адам Күйшілер одағының төрағалығына келер. Әзірге бізді қанағат тұта тұрар енді.

– Күйшілер одағын қаржыландыру жағы қалай? Тұрақты жалақы алып отыратын қызметкерлеріңіз бар шығар.

Басында айтып кеткендей Одақ бұл мемлекеттік ұйым емес. Яғни, тікелей бюджеттен қаржыландыру жүрмейді. Мемлекеттік органдармен әріптестік қарым-қатынаста кейбір жұмыстар атқарып, сол негізде тиын-тебен алуға болады. Десе де Мәдениет министрлігімен болсын, әкімшіліктермен болсын әлі бірде-бір істі бірігіп жасамадық. Түрлі лауазымды адамдармен кездесіп те көрдім, хат та жаздық. Жауабы бірдей…

Бұл жерде менің де принципшілдігімнің кесірі бар шығар. Кейде түрлі ұсыныстар келіп түседі. Мысалға, күйді эстрадамен тарту немесе жастардың қызығушылығын арттыру үшін домбырамен шоу жасау сияқты шаралар ұйымдастыру. Бірден бас тартамын. Мүмкін жеке өзім болсам тиын-тебеніне қызығып ұйымдастырып берер едім, бірақ «Күйшілер одағы» атынан ондай дүниелерді ұйымдастыруға жол бермеймін.

Ал қызметкерлер жайына келетін болсақ, азды-көпті көмектесіп жүрген қыз-жігіттер бар. Бірақ жалақы төленбейді. Өз еркімен жүргендер. Дегенмен негізгі істің бәрін өзім істей беремін. Әрқайсының өз жұмысы бар, өз тіршілігі бар. «Мынаны істе» деп айтуға ыңғайсызданамын. Әрине, осының кесірінен біраз дүние істелмей жатыр. Бір ғана мысал. «Күйші» атты журналын әлі де дайындап бітіре алмай жатырмын.

–  «Күйші» журналы дегеніңіз жақсы екен. Қағаз күйінде шығармай-ақ, электронды түрде жариялай бермейсіз бе? Жалпы тағы қандай жоспарлар бар?

Электронды нұсқасын да дайындау үшін біраз істер атқару керек. Мәтіндер теру, сұхбаттар жасау, оны қағазға түсіру, редакторлық, дизайн… Айтуға оңай болғанымен нақты іске келгенде жеңіл емес. Күйшілер одағы атынан шыққан соң белгілі бір дәреже болу керек деп есептеймін.

Ойда жүрген жоспарым көп-ақ. Наурыз айының басында «Күйшілер форумын» өткізгім келеді. Қазір осы шараға спонсор болатын адамды не мекемені іздестірудемін. Бұл форум не Құрылтайдың бір ерекшелігі аймақтардан барлық мүшелерді, Одақтың құрметті мүшелерін бір жерге жинап күйшілік өнерінің бүгінгі және ертеңгі жайын талқылап, бір ортақ мәмілеге келсек деп едім. Бұйырғанын көреміз енді. Сонымен қатар, «Халық күйшісі» атты медалді Наурыз мерекеніне орай табыстаймыз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.