27-10-23 |
8440 рет қаралған
Кемел Тоқаев – 100: Детектив жанрының дегдары.
Кемел Тоқаев – 100: Детектив жанрының дегдары

Әу баста Сөз болған деседі. Біздің қазақ осы сөзді өнерге айналдырған. «Өнер алды – қызыл тіл» дейтіні де сондықтан. Сөз өнері кез келген адамға қона салмайды.

Жүректің көзі ашылса ғана адамға сөз құдіреті қонбақ. Осы ретте қазақ халқы ақын-жазушыны ерекше құрмет тұтады. Сөзде кие бар деп біледі.

Жазба әдебиетке жол ашылғанда талай жазушы тың тақырып іздеді. «Социалистік реализм» деген болды. Қазақ елінде не нәрсе болса да соның бәрі кешегі кеңестік кезеңде осы бағыттың өзегіне жіпсіз байланды. Тың және тосын тәсілдер қабылдана қоймады.

Әдебиетке журналистикадан келу де бір үрдіс еді. Жазам деген адам әуелі газет-журнал редакцияларында тәжірибеден өтіп, жазу-сызуға әбден ысылып, содан кейін барып таза шығармашылық өріс табатын. Біз білетін талай қаламгер осы мектептен өткен. «Әдебиет алыптары» атанған Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Бейімбет, Ильяс, Сәкендердің қай-қайсысы да «Еңбекші қазақ» тәрізді республикалық басылымдарда тілшілік қызмет атқарған.

1932 жыл бұл шаңыраққа үлкен қайғы-қасірет әкелген. Қыс күндерінің бірінде Тоқа өзінің еңбекақысына алған ескі етікті нанға айырбастау үшін базарға барады. Қасым мен Жомарт та қала аралап кетеді. Оларды көшедегі қаңғыбас, бұзақы балаларды жинап жүрген милиция  патрулі ұстап алады. Сөйтіп балақайларды күшпен арбаға отырғызып, жетім балалар үйіне апарып тапсырған.

Сол қасіретті күні сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатқан әжей үйде кішкентай қызымен ғана қалған. Кемелдің үш жасар қарындасы қатты аяздан жылыну үшін пештің жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып кетіп, пештегі жанып тұрған оттың ортасына түсіп кетеді. Өкінішке орай, төсекке таңылған ана сәбиіне қол ұшын да соза алмайды. Туған перзенті тірідей өрт құшағына оранып, жидіп қалған қасіретті оқиғаны өз көзімен көруден басқа хәл-дәрмені жоқ ана жүрегі де осындай жан шошытарлық көрініске шыдас бермей, бірнеше минуттан кейін үзіліп кете барады.

Қасым Болтаевтың тағдыры да оңай болмаған. Ол бірде балалар үйінен қашып кетеді. Сқйтіп ата-анасы тұрған үйді іздеп табады. Сол жолы Яков оған әке-шешесі мен қарындасының қасіретін түгел айтып берген. Кейін ол көрген-білгенінің бәрін інісіне айтып береді. Бір жылдан кейін Қасым балалар үйінің бастығына өзі мен інісінің толыққанды оқу оқып, білім алуы үшін басқа балалар үйіне ауыстыру жөнінде өтініш жасайды. Сөйтіп олар алдымен Түркістан қаласындағы балалар үйіне ауысады. Кейіннен Шымкент қаласындағы Михаил  Калинин атындағы қорғасын-мырыш зауытының жанындағы жетім балалар арналған мектеп-интернаттан (қазіргі № 26 жалпы орта мектеп) бір-ақ шығады. 

1942 жылы Кемел Тоқаев әскерге аттанады. 1945 жылға дейін Сталинград майданында, Бірінші Украина, кейіннен Екінші Белоруссия майдандары құрамындағы Жетінші Гвардиялық бұзып-жаратын танкшілер полкына автоматшы болып қабылданып, қаһарлы жаумен кескілескен ұрыстарға қатысқан. Бір қызығы, сол полкте небәрі екі қазақ болған екен.

1945 жылы Польшаны жаудан тазарту кезінде оң аяғынан ауыр жараланып, госпиталға түседі. Әскери госпитальда емделіп шыққаннан кейін әскери комиссия дәрігерінің ұйғарымымен екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде әскери есептен шығарылып, елге оралады.

2 топтағы мүгедек болып елге оралды. Басында баспанасы, тұрақты жұмысы, не білімі жоқ жас жігіт өмірін осылай қайта бастаған. Өмір сүру үшін вокзалда да жұмыс істеуіне тура келді.  Ары қарай ҚазМУ-ге оқуға түсіп,  қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің дәрісін оқу бақытына ие болады.

18 жасқа толар-толмас сәтінде сұрапыл соғысқа аттанып, өмір мен өлім жайлы көзқарасын түбегейлі  қалыптастырған, есейген, өмір көрген, қиындыққа төзе білген Кемел Тоқаев болып елге оралды. Сұм соғыс оның мінезін шыңдады, жақсы мен жаманды айыра алатын жасқа жетті. Бірақ қатыгез болған жоқ. Жүректегі мейірім бәрібір сақталып қалды. Сол мейірім үлкен өмірге, жазушылық қадамға алып келді.

Шерияздан Елеукеновтің Кемел Тоқаев туралы әдемі естелігі бар. Онда:

«…Кәмекеңнен өз басым Баспа комитеті жүйесінде қызмет етіп жүргенде таныстым. Оған дейін сырттай есімінен қанық болатынмын. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанында бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алып қайран қалдырған лауреатты ол кезде білмейтін адам кемде кем еді. Жәкен детектив жанрына шеберленіп алған жазушының «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» повестерін кітап сөрелерінде шаң қауып жатпай тез арада өтіп кететіндігімен, баспа орындары пайда табу мақсатында әлденеше рет қайта басып шығарғанын да білетінмін. Сырттай сыйлап жүретін адамымен кездескенде қалай сөйлесіп шүйіркелесетінің белгілі. Оның бер жағында кешегі Ұлы Отан соғысында тарихтың ең ауыр жүгін арқалап, қазақтың абырой-даңқын аспанға шығарған, «Мен – қазақпын» деп кеудемді тік ұстауға жол ашқан жауынгер ұрпақтың өкшесін баса өскен біз сол ұрпаққа ілтипатты, махаббатты боп өстік. Осы бір орта бойлы, қапсағай денелі, толқынды қою шашын сол жақ самайына құлата қайыратын, үстіндегі киімін бипаздап, қыл жұқтырмай ұстайтын, әрқашан сабыр суы сепкен орнықты адаммен арамызда жылы шырайлы сыйластық қатынас орнаған. Есте қалған бірер жайтқа оралайын. Кәмекеңнің Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі ведомстволарының бас редакторы кезі. Бір күні маған «вертушкамен» телефон шалды. «Бірер минутқа кіріп шығатын шаруа еді».

– Сізге есігіміз әрқашан ашық. Келген шаруасы өзінің сөйлесіп бер деген адамымен ақылдасып тынған соң рақметін айтып, орнынан көтеріле берді. Сол арада мен сәл аялдай тұрсаңыз қайтеді дегендей белгі бердім.

– Көптен көкейімде жүрген бір сұрағым бар еді. «Атаманның ақыры» деген фильмге байланысты Шәкен Айманов ағамыз ерледі-ау! Қазақтың детектив киносын Одақтық биікке бір-ақ ырғытты. Ал бұл керемет оқиғаның кітап бетіне күні бүгінге дейін ізі түспеген. Кемекең жайдарлана жауап қатты.

– Түпкі ойыңыз түсінікті. Шытырман тақырыптың хал-қадары менен сұралатыны қызық… Қытайдың Іле округінде тұрған атаман Дутов әскерінің жалғыз-жарым оқпен-ақ тарағанынан мен де хабардармын. Жаркент уездік милициясының нәшәндігі Қасымхан Чанышевтың Жетісу облыстық ревкомына жазған хатымен, өзге де материалмен таныспын. Оқиға фильмдегіге ұқсайды да, ұқсамайды да…», – деп жазады Шерияздан ағамыз.

Қиындыққа мойымаған, адалдықты бойына ту еткен, қазақ әдебиетіндегі өзгеше жолды таңдады. Оразалинше айтқанда, «қаламының желі бар қарапайым қара бала қараша қазағына тосын детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шығарды».

Отызыншы жылдардың ойраны. Бішкектегі бақытсыздық. Түркістандағы балалар үйі. Шымкенттегі мектеп-интернат. Сұм соғыстың салдары. Жазушылық жол.

Мұның бәрі Кемел Тоқаев жүріп өткен өмір жолы.

Тыңнан түрен салу – құдіретті қаламгерге тән. Қазақта ең бірінші болып детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың еңбегі ерен! Ел сондықтан да қашанда құрметпен қарайды.

Arasha.kz

ФОТО: Владислав Воднев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.