20-05-19 |
5930 рет қаралған
Д.Сатпаев: Алматы да бейбіт шеруге рұқсат бермесе, бұл биліктің тарихымызды  маңызды деп таппағанының айғағы.
Д.Сатпаев: Алматы да бейбіт шеруге рұқсат бермесе, бұл биліктің тарихымызды  маңызды деп таппағанының айғағы

Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігі ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Алашқа тағзым» бейбіт шеруіне рұқсат бермегені мәлім. Бейбіт шеру өткізу туралы өтінішті әкімшілікке «Ақ жол» партиясы түсірген еді. Бұл қоғамда қызу талқыланды. arasha.kz – «билік неге ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шеруіне рұқсат бермейді?» деген сауалды саясаттанушы Досым Сатпаевқа қойған еді. Бұдан бұрын дәл осы сауалға Дос Көшімнің және Айдос Сарымның берген пікірлерін жариялағанбыз.

Досым Сатпаев, саясаттанушы:

  • Бұл жерде екі себеп бар. Біріншісі, өкінішке қарай, Қазақстанның ресми билігі Ресеймен тығыз байланыста. Бұл биліктің жасап жатқан істерінен нақты көрініп отыр. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы ресми іссапарын Ресейден бастаған болатын. Өкінішке қарай, Ресейлік вектор біздің билік үшін басымдыққа ие болып отыр. Осыдан келіп, Қазақстан билігі Мәскеуді үнемі ренжітіп алмауға тырысады.   Мысалы, «Бессмертный полк» сияқты шерулерді өткізуден бас тарта алмай келеді. Жеңіс күнін Владимир Путиннің билігі идеологиялық, насихаттық құралға  айналдырды. Яғни, соғыста құрбан болғандарды шынайы еске алғаннан гөрі, Ресейдің идеологиясын насихаттауда. Елімізде Жеңіс күнін еске алу сияқты өткізілуде, дегенмен бұл Ресейдің әдейі жасаған  ісі. Оның үстіне бұл шеруде көптеген адамдар Сталиннің портретін көтеріп шығуда. Ол Қазақстанда үлкен қылмыс жасаған адам. 1921-2 және 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде біздің халық жойылып кете жаздады. Сталин біздің елге қаншама халықты депортациялады, мұнда «Карлаг», «Алжир» салды. Біздің тарихымыздың көптеген парағы осы адамның кесірінен қанды оқиғалармен жазылғанын біле тұра, билік оның суретін алып шығуға тыйым сала алмай отыр. Меніңше, бұны баяғыдан қолға алу керек еді. Адам көп жиналатын жерге Сталиннің портретін қолдануға тыйым салу қажет. Өйткені оның есімі Қазақстанда жетістіктен гөрі жауыздықпен  көп байланысты.
  • Екіншіден, елімізде ашаршылық ресми деңгейде әлі геноцид деп танылмады. Қазақ халқына қарсы жасалған геноцид деп неге мойындамады? Осы тұрғыдан да сұрақтар туындайды. Дегенмен бұл баяғыдан талап етіліп келе жатыр. Мұның барлығы Қазақстан билігінің саяси ерік-жігеріне байланысты. Неге мойындамады? Тағы да сол, Мәскеумен қарым-қатынасқа кірбің түсіріп аламыз деп қорқады.  Өйткені Мәскеу бұл жағдайға теріс көзқараста. Мәселен, осы тақырыпта Жанболат Мамай «Зұлмат» фильмін түсірді, мен «Кочевники мертовый степи» атты фильмдерді түсірдім. Сонда Ресей тарапынан «мұның бәрі шындыққа жанаспайды, кең көлемді ашаршылық болмады» деген сияқты теріс пікірлер айтылды. Өкінішке қарай, біздің ресми идеологтарымыз Ресейде болып жатқан нәрселерді жиі көреді де, Қазақстанның ұлттық мүддесінен шыға алмай отыр.
  • Нұр-Сұлтан қаласында ашаршылық құрбандарын еске алу шеруіне рұқсат бермеу, Қазақстан билігі бұқаралық шаралардан қорқатынын көрсетсе, екінші жағынан ашаршылық тақырыбын ресми деңгейде көтеруге құлықсыз екендіктерін көрсетті. «Ақжол» саяси партиясы бұл мәселені көтерді. Ал оның өтуіне Нұр-Сұлтан әкімшілігі қарсы. Яғни, ашаршылық тақырыбының белсенді талқылануына қарсы.
  • Біз әрдайым биліктің 20 ғасыр тарихын көлегейлеп, оны көтермеуге тырысатынын байқап отырмыз. Бізде одан ерте  кездегі  тарихи оқиғалар көп айтылады. Хандар жайлы көптеген фильмдер түсірілуде. Ал 20 ғасырдағы Алашорда, Мұстафа Шоқай жөнінде көп айтыла бермейді. Тіптен, Алашорданың 100 жылдығы да дұрыс атап өтілмеді. Ол кезде бізде EХPO өтіп жатты, яғни оны маңыздырақ деп шешті. Бұл да биліктің өз тарихына немқұрайлы қарайтындығын көрсетеді. Менің ойымша, мұның барлығы мақсатты түрде жасалуда. Егер 20 ғасырдың басындағы саяси тұлғалардың істерін дәріптейтін болса қазіргілер оларға сәйкес келмей қалады.
  • Қазір Алматы қаласында да ашаршылық құрбандарын еске алу шеруін өткізу мәселесі қаралып жатыр. Егер Алматы әкімдігі де рұқсат бермесе, ол  өкінішті әрі қате жағдай болады.  Бізде осы күні көбінде саяси репресия құрбандарын еске алады да ашаршылық құрбандарын көп айта бермейді. Оларға саяси баға беріп, ресми деңгейде айтатын уақыт жетті. Егер Нұр-Сұлтан қаласындағыдай Алматы билігі де «адамдар бас көтеріп кетеді» деген қорқынышпен рұқсат бермейтін болса, саяси әрі тарихи тұрғыда үлкен қате. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі кім екеніне назар аударсақ, ол жас зиялы қатарына жататын Бақыт Сұлтанов, ол ескі гвардияға жатпайды. Алматыда да сондай жағдай. Өкінішке қарай, еліміздің жас басқарушылары да  мемлекет дәрежесінде ойламайды, олар көбінде саяси конъюнктурамен ойлауда. Яғни, қоғамның талабынан гөрі биліктің көңілін тапқысы келеді. Егер Алматы қаласы да бейбіт шеруге рұқсат бермесе, бұл биліктің өз тарихымызды  маңызды деп таппағанының айғағы болады.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.