26-06-19 |
9520 рет қаралған
Әміржан Қосанов: Арыс пен АЭС арасы.
Әміржан Қосанов: Арыс пен АЭС арасы

Саясаткер Әміржан Қосанов Арыстағы жарылыс пен соңғы кезде сөз болып жатқан АЭС-ке қатысты пікір білдіріп, фейсбук парақшасына жариялады.

«Арыс трагедиясы баршамыздың қабырғамызға батып жатыр. Қаза тапқан ағайынның отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын.

Сонымен бірге, Арыс оқ-дәрі қоймасындағы сұрапыл жарылыстың себеп-салдары туралы әңгіме тек қана әскери мамандардың еншісінде болмаса керек. Арыс арсеналының басқа да, қоғам мен билікке тікелей қатысы бар астары жоқ емес.
Оның мәні, сол баяғы, біз жиі айта беретін – саяси жүйеде.
Қазақстан оппозициясы үнемі айтып келе жатқан бұл тақырыптың әскери салаға, соның ішінде, оқ-дәрі мен қару-жараққа қатысты екі тұсы бар.

Біріншіден, оқ-дәрінің «кенеттен» жарылып, осыншама қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы ол арсеналдың сапасы мен сақталу мерзіміне сәйкес болу-болмауына кеп тіреледі. Жасыратын несі бар, біздің әскер көп жағдайда кешегі совет, қазіргі ресей әскери-өнеркәсіп кешенінің көзсіз берілген клиенті боп қалды. Әлемде әскери тауардың небір озық әрі, ең бастысы, қауіпсіз үлгілері бар десеңізші! Неліктен бізде қару-жарақ сатып алу ісінде де көпвекторлық жоқ? Мұның өзі сатып алу секілді таза нарықтық щаруаға геосаяси астар беріп жатыр!

Екіншіден, бізде погондыларға (және ол тек қана әскерге қатысты емес!) тиімді де табанды парламенттік, қоғамдық бақылау атымен жоқ! Бізде ол квазибақылау тек қана атқарушы биліктің өз ішінде жүріп жатады. Ал оның мәнісі о бастан белгілі – погонды қарға өзі секілді погонды қарғаның көзін шұқымайды! Егер де әскерде (не басқа, күштеу органдарында) болып жатқан жағдайға қоғам дер кезінде әрі жүйелі түрде бақылау жасай алатындай жағдай жасалғанда, небір теріс тенденциялар мен оқыс оқиғалардың алдын алуға болатын еді!

Мәселен, осыншама қаупі бар оқ-дәрі қоймалары неліктен елді мекендерде (не оларға тым жақын) орналасқан? Жә, совет басшылығына бәрібір болды дейік, 28 жыл Тәуелсіздік алған өз билігіміз осы мәселені неге дер кезінде шешпеді?!

Арыстағы жарылысқа жол берген бұл билік ертең АЭС-тің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді екен, ә?!

Немесе дәл осындай кезде жауапкершілік туралы әңгімені неге қозғамасқа?! Екі адам қаза тауып (жарылыстар жайы мен снарядтардың траекториясына қарасаң, құрбандар одан да көп болуы мүмкін екен, бұл не деген сұмдық?!), жүздеген адам зардап шегіп, 45 мың тұрғыны бар тұтас бір қала тапа-тал түсте тентіреп, босып кетсе де, неге біздің басшылардың мұрты қисаймайды?! Ол шенділер отставкаға кету үшін нендей апокалипсис, нендей катаклизм орын алуы тиіс?!

Арыстағы адам айтқысыз арпалыс атышулы төтенше жағдай жөніндегі құрылымдардың да бейшара халін алдымызға жайып салды! Сын сағатта халық өз күнін өзі көріп, өз-өзіне көмек көрсетіп жатты!

Тек қана форумдар мен астаналық басшылар алдында көпе-көрінеу спектакль өткізуге дағдыланып қалған жергілікті билік органдары да не істерін білмей, абдырап қалғаны да рас!

Бұл мәселе де баршамыз май шаммен қарастырып, талқыға салуға тиіс тақырыптар!

PS. Сөз жоқ, Арыс арсеналындағы жарылыс қоғамды біріктірді. Ортақ қайғы баршамыздың басымызды қосты. Оқ-дәрінің қауіпсіздігі секілді қатардағы мәселені шешуде дәрменсіздік танытқан билікке қарамай өз-өзі ұйымдаса алатын, мобильды әрі мығым, ықпалды күш бола алатын қоғам өз дамуында жаңаша бір сатыға, сапаға көшіп жатыр», – деп жазады Қосанов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.