29-08-19 |
460 рет қаралған
Қоғамдық кеңестің не қажеті бар?.
Қоғамдық кеңестің не қажеті бар?

Президент пәрменімен құрылған Қоғамдық кеңестің жиыны өтіпті астанада. Көрдік. Оқыдық. Құлағдар болдық. Отырысқа жиналғандарды король Артур заманындағыдай дөңгелек стол басына отырғызған екен (фото). Онысы күлтөбеге жиналғандардың бәрі өзара тең дегенді білдіргісі келгендері ғой өздерінше. Оны да аңғардық. Дегенмен, фототілшілердің түсірген фотоларына, алынған ракурстарына көз жүгірте отырып, басты стендтің түбінде кімдердің отырғанына қарап, өзара тең дегендердің арасында «біріншілер» бар екенін де байқадық.
Жә, оның бәрі ұсақ-түйек қой. Бастысы жұмыс жүріп, нәтиже болса игі. Нәтиже дегеннен шығады, Қоғамдық кеңес жұмысқа кіріспей жатып, оның ісінде береке болмайды деп бал ашушылар көбейіп кетті. Оларды да түсінуге болады, әрине. Басшы атаулылардың талай бастамасының аяқсыз қалғанын көрген жұрт, мұндай шараларға сенуден әбден қалған. Қоғамдық кеңес те сол биліктің ұсынысымен құрылып отыр. Сондықтан халықтың бұл қауымдастыққа да сенімсіздікпен қарауы заңды құбылыс. Бірақ, бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанның саяси билігі біртұтас болудан қалып барады. Өздеріңіз байқап жүрсіздер, жоғарғы биліктің өзі бір қолда шоғырланбаған. Ал одан төменгі эшелондарда, үкімет пен парламентте, сот пен һақ қорғау органдарында, қаржылық институттарда билік үшін талас тағы да бірнеше топтың арасында жүріп жатыр. Оны мемлекеттік басқару ісіндегі, кадр саясатындағы болып жатқан анархиядан анық аңғаруға болады. Жанталасқан тартыс. Бірі кетіп, екіншісі келіп, оның орнын, екі-үш ай өтпей жатып, үшіншісі басып алып жатыр. Жаңадан тағайындалғандардың өзі қанша уақыт отыратынын білмейді. Ертең-ақ ұшырып жіберуі ғажап емес.

Мұндай хаосқа толы саяси жағдайда билік атаулы стагнацияға ұшырайды. Жаңа қызметке келгендердің ешқайсысының жұмыспен, тікелей міндеттерімен шаруасы жоқ. Жан-жағына жалақтап, қатер қай жақтан келер екен деп отырғаны сол. Ондай басшыларда нендей мақсат, нендей міндет болуы мүмкін? Еш ой жоқ. Есіл-дерті ауыспалы кезеңнен аман-есен өтіп, өз орнын сақтап қалу. Сөйтіп, қалтырап, дірілдеп отырған биліктен не қайыр, не үміт? Оппозициялық күштерде де бірлік жоқ. Бірлік түгілі бірлесуге ниет жоқ. Себебі түсінікті. Ортақ мақсат, ортақ мүдде қалыптаспаған. Әрқайсысы әр жаққа лағып жүр. Мұндай алауыздық пен бақталастық одан әрі жалғаса берсе елден береке біржола кетеді. Сондықтан мемлекетті басқару аппаратын барынша тез арада ес жинату керек. Ол үшін сол мем. органдарды түртпектеп, тыныштық бермейтін, табанға кірген тікендей мазасын алып отыратын күш болуы тиіс. Ондай күш бола алатын тек сол қоғамның өзі және сол қоғамнан шыққан ұйымдар. Солардың ішінде Қоғамдық кеңестің орны ерекше болуы әбден мүмкін. Мейлі, ол Президенттің жарлығымен құрылсын. Мейлі, арасында сіз бен біз жақтырмайтын азаматтар жүрсін. Менің өзім де сол кеңеске кірген бірталай адамның сонда отырғанын қаламаймын. Бірақ, ол менің, жалғыз менің ғана субъективті пікірім. Соған бола бүкіл кеңестің жұмысына күмән келтірсем, менің әділдігім қайсы? Сондықтан, жеке өзіме жақпады екен деп тұтастай бір қауымға топырақ шашу, оның үстіне жұмысын бастап та үлгермеген ұйымнан түк шықпайды деп лепіру жарамас. Дәл қазіргі таңда бұл кеңестің өнімді жұмыс істегені бәрімізге де тиімді. Себебін жоғарыда айтып кеттім. Мем. органдар параличке шалдығып, бұрынғы инерциямен ғана әупірімдеп жүр. Сол себепті мұндай ұйымдар қазір ауадай қажет. Тек солар арқылы қоғам биліктің тоқмейілсініп жатуына жол бермейді.
Ал біз әңгіме қылып отырған кеңестің жұмысы жемісті болуы үшін не керек? Ең алдымен бұл ұйымның статусын заң жүзінде бекітіп, құзыретін нақтылап, функцияларын белгілеу керек. Мемлекетте билік тармақтары президенттік, заң шығарушы, атқарушы және сот болып Конституциямен бекітілгені түсінікті. Алайда Қоғамдық Кеңестің де өзінің ықпал ету механизмдері болуы тиіс. Мәселен, атқарушы биліктің мерзімдік жоспарларының орындалуын тексеру немесе бұрын қабылданған заңдарды ревизиялау. Әлде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды тапсыруға болады. Осындай нақты құзіреттерсіз Кеңес жұмысынан ешнәрсе де өнбейді.
Қоғамдық Кеңес сияқты ұйымдар тағы бір себептермен керек. Мұнда саяси көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары әртүрлі, бірақ мақсат-мұраттары бір азаматтар өзара түсінбеушілікті жеңіп, бірлесе жұмыс істей білуге үйренеді. Біздің қоғамға дәл сондай тәжірибе жетіспейді. Ақылды, парасатты, ең бастысы бейқам емес азаматтар жетерлік. Тек солардың басы бір піспей қойды 30 жылда. Біздің елдің соры да сонда. Сондықтан, осы күлтөбеге жиналған ала-құла топ өзара мәмілеге келуді үйренсе, өзінің ғана емес, басқаның да мүддесімен санасудың үлгісін көрсете білсе, мемлекеттік мақсатты өз мансабынан жоғары қоя алса, онда өз басым, кей мүшелерін ұнатпасам да, бұл кеңесті қолдаушылардың алдыңғы қатарында болам.

Мұхтар Түменбай, журналист

Жазба автордың парақшасынан алынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.