17-02-20 |
730 рет қаралған
Қордай қырғыны: Ұлттық намыс бізге төбелес үшін емес, өзгеден озу үшін қамшы болуы керек.
Қордай қырғыны: Ұлттық намыс бізге төбелес үшін емес, өзгеден озу үшін қамшы болуы керек

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Дүнген тегіне қатысты бір сөз

Қордай шиеленісіне байланысты дүнген халқының шыққан тегі туралы әр түрлі пікір көбейді. Шын мәнінде бұл толық зерттелген мәселе емес. Менің ойымша, дүнген этногенезі Таң династиясы дәуірінде, әсіресе 751 жылы араб-қарлұқ біріккен әскерімен соғыста қолға түскен немесе әртүрлі себептермен түркілер жағына өткендердің тұқымы. Дүнген атауы қытайдың тунькэнь (屯垦) — «шекаралық аймақтағы әскери қоныс» деген сөзінен шығатыны осыған дәлел. Кейіннен олардың құрамын шығысқа жылжыған соғды колониялары толықтырып отырды. Дүнгендер (хуэйхуэй) қытай тілінің диалектінде сөйлегенмен де, этнографиялық тұрғыда оларды қытай деп қабылдауға болмайды.

Дүнгендердің қазақ жеріне келуі

Дүнгендердің қазақ жеріне келуі 1860 жылдардағы Цин империясына қарсы Шығыс Түркістан халықтарының азаттық күресінің жеңілуіне байланысты. Бұл қозғалыс кезінде Шэньси, Ганьсу аймақтарында белсенді болған дүнген позициясы әсіресе Жақып бекпен қарым-қатынасы, жеке талдауды қажет етеді. 1877 жылы Тоқмақ маңына шегінген ұйғыр-дүнгендер, 1881 жылғы Санкт-Петербург шарты бойынша Құлжаны Цинге қайтарып берген орыстармен бірге шекарадан асып, Жетісу өңіріне қоныстанды. Жаңа қоныстанушылардың басым бөлігі (50 мыңдай) ұйғырлар еді, дүнген саны 5 мыңдай ғана болды.

Дүнген-қазақ дәстүрлі қарым-қатынастары

Дүнгендер Ресей патшалығы қамқорлығымен алдымен Ыстық көл, Шу бойында, кейіннен Қордай өңіріне қоныстандырылды. Бұл жерлерге дүнгендерді қоныстандыру орыс басшыларының ұйымдастыруымен жүрді және олар шекаралық аймақта бір жағынан жергілікті қазақ-қырғыздан бөтен, екінші жағынан Қытайға қарсы пайдалануға болатын буферлі құрылымды ұстап отырғанды жөн көргені анық. Дүнген өздерінің діни және патриархалды дәстүрлеріне берік, оның үстіне сауда-саттыққа және дихандыққа бейім, жалпы таңның атысы, күннің батысы аңызды айналдыра беретін еңбекқор халық.
Дүнгендер жылдар өте келе қазақ-қырғызбен араласа бастайды, бірақ шаруашылық жағынан араласқанымен қауымдық өмірінде автономдығын сақтады. Маған дерек берген адамдар совет кезеңінде дүнгендермен жақын араласқандарын, жергілікті қазақтың дүнген тілінде, ал дүнгеннің қазақ тілінде сөйлесе беретінін, қиындықта бір-біріне қол ұшын беретінін айтады, яғни совет кезеңіндегі жағдай дүнгендерді жабық этникалық топ ретінде қарастыруға болмайтынын көрсетеді. Қазақ пен дүнген, әсіресе жастардың арасында кей-кейде жанжалдар болғанымен, ол этносаралық наразылық деңгейіне жетпеген.

Қарым-қатынастың ушығуы

Менің деректерім бойынша, негізінен этнографиялық мазмұндағы, екі этнос арасында қарама-қайшылықтар 15-20 жылдай бұрын басталған. Оның басты себебі Қытаймен, Қырғызбен интенсивті шекаралық сауданың қызуы. Белгілі дәрежеде шекаралық сауда контрабанданы туғызатыны да, яғни халық арасында криминалды қауымдастықтардың пайда болуына әкелген. Қытай өз тарапынан дүнгендерге делдалдық қызметтері үшін ішкі аймақтарда жүріп-тұруына қажетті бірталай жеңілдіктер мен балаларына гранттар бөлген. Қытаймен арадағы делдалдық сауда дүнгендердің бір бөлігінің тым күшті қаржылануына әкелгені сөзсіз, оның үстіне осы байлыққа жергілікті әкімшілік, сот, прокуратура, полиция, фискальдық чиновниктер қызықпауы мүмкін емес. Бірте-бірте бұл жерде Қазақстан мемлекеті және оның заңын орындау, әділдік деген ұғымдар көмескіленген. Осылайша барлық мәселелерін ақшамен шешетін криминалды орта дүнгендерді жабық этникалық топ деңгейіне түсірген. Бұл байлық жиналған кезде этникалық топтар мен әулеттердің басынан кешетін жағдай.
Сонымен бірге шекара аймақтағы бақылаудың төмендеуінен дүнгендер мекендеген Масанчи (Қарақоңыз), Сортөбе, Ақ ауылдарына сауда ісімен, не басқа себеппен не қазақша, не орысша білмейтін Қытайдағы дүнгендердің, не дүнген атымен қытайлардың келіп қоныстана бастағаны да анықталады. Бұл мәселені, әрине, зерттеу керек, дегенмен дүнгендердің жергілікті қазақты адам құрлы көрмей дүлейлене бастауының бір себебі осы бөтен элементтер дейді.

Қордай қырғыны

Бір жағынан жемқорлық, криминалитет, екінші жағынан этникалық менменсу Қордай қырғының екі басты себебі. Әлеуметтік желілерде ең алдымен тараған екі таспаның бірінде біз дүнген жастарының полициямен жағаласып жүргенін, екіншісінде дүнгендердің қазақ қарияны екі ұлымен қоса ұрғанын көреміз. Екеуі екі жерде, екі уақытта болған, бір-біріне қатысы жоқ оқиғалар, біріншісі бұл аймақты жайлап кеткен сыбайластық нәтижесі (себебі параға үйренген полиция қашанда дүнген жағында болған), екінішісі этникалық менменсу көрінісі.
Оқиғаның барысы радикализмнің, қырғынның осы екі себептен туындағынан көрсетеді, яғни дүнгендердің өзімен Құдай аманаты көрші болып отырған қазақты басынуы. Бұл мәселе соңғы жылдары әбден қордаланып, басбұзарлықтан тіпті дүнген елді-мекендеріне кездейсоқ келген қазақтар да зардап шеге бастаған. Бас көтеру кезінде қазақтың наразылығын дүнгенге қарсы криминалдық топтар да пайдаланғаны, көтерілген елдің арасына сыналап кіріп, өз қылмыстарын жасағаны сөзсіз. Осыншама адам өлімі Қаракемердің бейбіт халқының қолынан болды деп ойламаймын.
Мені екі жақтың арасынан да өз жастарына, әкімшілік пен полицияға тиым сала алатын, ақыл-кеңес айтатын беделді ақсақалдардың болмауы таңқалдырады, яғни бірнеше мың жылғы қауым болып өмір сүру тәжірибесі бұл жерде жұмыс істемейді. Не елдің бәрі ақшаның соңында жүр, не жоғарыдан қойылған әкімдер халықтың ішкі басқару институттарын тас-талқан қылған. Бұл құбылыс наркосауда мен криминалитет билігіндегі Латын Америкасы елдеріне тән еді, енді бізге де келді.
Сонымен қырғынның негізгі себептері Қордай өңірін, жалпы Қазақстанды билеп кеткен сыбайлас жемқорлық, әкімшілік және күш құрылымдарының заң аясынан шығып кетуі, кез келген жағдайда өзара ымыраға келе алатын дәстүрлі билік институттараның өмір сүруін тоқтатуы.

Билікке арналған ұсыныс

«Қордай қырғыны» қазақ мемлекетінде талай жылдар бойы қордаланған мәселелердің айнасы деп айтуға болады, бұдан алдымен қорытынды шығаратын бүкіл әкімшілік, экономикалық рестурстар тізгіні қолында тұрған билік органдары болуы керек. Дұрыс қорытынды шығару біздің болашағымыздың кепілі, егер соңғы кезде жиілеп кеткен ішкі саяси және этносаралықтар наразылықтар тоқтатылмаса біз бір күні мемлекеттен айрылатынымыз әркімге де анық болса керек. Әлемнің дамыған елдерінің ешқайсысы өз ішінде бірін-бірі қырып жатқан, әлеуметтік теңсіздік және әділетсіздік жайлаған елмен дос болмайды.
Бірінші ұсыныс осы қырғынның басты себебінен туындайды, Қытай шекарасына мөлиіп қарап отыруды қойып, ішкі өндірісті дамыту керек. Мұнайға ғана тәуелді болып өзіне керекті тауарды өндіре алмаған ел қашанда көршілеріне тәуелді, бүгін Қытай, ертең Өзбекстан. Шағын және орта бизнестің ел экономикасында үлесі 75 пайыз болуы басты мақсат. Ішкі өндіріске, диверсификацияға арнайы протекциялық қолдау жасауды барлық елдер пайдаланған.
Екінші ұсыныс әлеуметтік құндылықтарға байланысты, ел басшылығы «алдымен -экономика» деп бүкіл ел байлығын бір қолға жинап алды. Қалған ел аштан өлмесе болды, байлығы екі сиырдан аспау керек деген саясат жүрді. Егер елдің азаматтарының 75 пайызы меншік иесі болмаса ол мемлекетте ешқандай болашақ, ешқандай тыныштық жоқ. Меншік иесі болмаған азаматта ешқандай жауаптылық та болмайды. Кешегі дүнген үйлері мен дүкендерін өртеп жүрген меншік дегеннің не екенін білмейтін адамдар. Мемлекет саясаты меншік иесін қалыптастыруға және меншікті қадірлеуге негізделуі керек.
Үшінші ұсыныс саяси тіршілігімізге байланысты, «Қордай қырғыны» әкімшілік-саяси жүйенің терең дағдарысын көрсетті. Біз көп уақыт жоғарыдан басқару мемлекет тұрақтылығы үшін, жекелеген аймақтар сепаратизмге ұрынбау үшін керек деп жүрдік. Егер Қордай мысалынан белгілі болғандай аудан облысты, облыс республиканы алдайтын болса ол не вертикаль? Билік вертикаліне әсер ететін күштер қашанда болған және бола береді, соңғы уақытта әр ниеттегі бұл күштер көбейген сияқты, ал олардың ойлағаны мемлекет тұрақтылығы емес, тек өздерінің пайдасы болса ше? Ретті сауда мен контрабанда аралас жүретін Қордайдағы жағдай шекаралық аймақтардың бәріне де тән болса қайтеміз?! Осы себепті жергілікті жерде әкімдер сайлануы, соттың тәуелсізідігі, прокуратураның ел алдында есеп беріп отыруы өте өзекті деп есептейміз. Саяси бәсекелестіктің болмауы жаңа саяси элитаның өсуіне басты кедергі. Тіпті алысқа бармай-ақ 65 жасқа келген Бердібек Сапарбаевтың кризис-менеджер болып жүруін алайық, осы өртті сөндіруге қазақтың 40- тағы қылшылдаған бір азаматы болмады ма?
Төртінші ұсыныс Ассамблеяға қатысты. «Қордай қырғыны» елдің Ассамблеяға наразылығын асқындырып жіберді. Осыдан 25 жыл бұрын құрылған Ассамблея өз ғұмырында халыққа пайдалы көптеген іс-шараның басы-қасында жүрді деп айта аламын. Бірақ саяси биліктің Ассамблеяны саясатқа кіргізуі (Президент сайлауы, Парламентке депуттар ұсыну) бұл ұйымның беделі кетуіне себеп болды деген ойдамын. Шын мәнінде бұл ұйым өте жақсы идеялардың төңірегінде құрылған, оның ең бастылары Қазақстанды мекендеген сан түрлі этникалық топтарды қазақ маңына топтау, қоғам ісіне жұмылдыру. «Қордай қырғыны» және басқа да этносаралық қақтығыстар Ассамблея өзінің негізгі функциясына қайтып келуі керектігін айғақтайды. Ассамблея этнос өкілдерінің бас қосатын жері, өз проблемаларын айтатын алаңы, Қазақстан этностарымен айналысатын ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін зертханасы болуы тиіс. Бізге қазіргі этникалық процестерді безбендеген сапалы және қазақ тілді этнографиялық зерттеулер керек.
Бесінші ұсыныс Білім мен Ғылым саласына қатысты. Әрине, менің әріптестерім оның этносаралық жанжалға не қатысы бар деуі мүмкін. Қатысы барлығы Қазақстан дүнгендерінің 3 мың жас азаматының Қытай жоғарғы оқу орындарында оқуынан аңғарылады. Неге олар Қазақстанның ЖОО-да оқымайды? Оның саяси да себебі бар шығар, бірақ негізгі себебі Қазақстан ЖОО-ның бәсекелестік қабілеті төмен. Сол себепті тек дүнген емес қазақтың қабілетті баларының өзі шетелдерге кетуде. Сол Қытайда Қазақстаннан 17,5 мың студент оқып жүр дейді ЮНЕСКО. Ресейде 100 мыңға жуық делінеді (өзімізде есеп жасалмайды, не жария емес). Еуропа мен Америкада қаншамасы бар. Олардың бәрі елге қайтама, менің күмәнім бар, қайтқан күнде де қандай дүниетаныммен қайтады? Әрине, біз балалардың шет елде оқуына шек қоя алмаймыз, бірақ оларға таңдау мүмкіндігін беруіміз керек, ол үшін біздің ЖОО әлемнің мықты университеттерімен терезесі тең болуы керек. Егер қабілетті балалардың бәрі шет елге кете берсе, біздің мемлекеттің жағдайы не болмақ, онсыз да автократиядан герантократияға келдік.

Алаңдайтын мәселе көп

Бәріміз де осы елдің азаматымыз, жақсылығы болса сүйінесің, жамандығы болса күйінесің. Қанша жерден биліктен көрсек те жақсылық та, жамандық қоғамның өзінен басталады. Билік те осы қоғамның ішінен шыққан шұбар жылан. Қоғам болып, этнос болып өзгеруіміз керек. Заманауи этностар өзінің қоңсыларымен төбелесіп жүрмес болар. Қазақта «өзінің төлеңгітімен дауласқан төре жаман» деген бір сөз бар. Өзіміз еңбекқор болсақ, билігіміз әділ болса, полицайымыз адал болса дүнген басқа шығар ма еді. Олар да, басқалар да өзінің орнын біліп, қоңсылығына қанағат етіп жүрер еді. Этникалық топтардың ішінде жаманы, жақсысы жоқ, бәрі бірдей, тек дұрыс басқаруды біл, олар да саған қарап қимылдайды. Біздің алдымызда заманауи этнос болу мақсаты бірінші тұр, біз тойшылдық, рушылдық, көп сөзділік сияқты архаизмдерден арылып өндірісін, мәдениетін, тарихын әлем мойындаған халық болуымыз керек.
Маған әлеуметтік желілердегі қаптап кеткен этнофобиялық агрессия ұнамайды, оқысаң, тыңдасаң тұла бойы өшпенділік: қырып жіберу керек, қуып жіберу керек т.б. Жарайды 50 мың дұңғанды қырдың, не қуып жібердің, содан кейін басылып қаласың ба? Жоқ, бұл өшпенділік кейін басқа этникалық топтарға ауысады, олар неге тіксініп, үндемей отыр, себебі келер жолы сіз солардың біріне тап беруіңіз мүмкін. Ал, енді мына алып территорияда, әлемдегі 9-шы кеңістікте жалғыз қазақ қалдың дейік, сонымен басыла қаласың ба? Жоқ, ру болмаса да рушылдығың жетеді, қырқысуға себеп бар, облыстық әкімшілік үйінің алдында бабаңа қойған ескерткіш маған этнограф ретінде сондай болжам айтуға мүмкіндік береді. Қазір біздің қазақтың ұлттық қаһармандарын түгендейтін уақытымыз, ал неге біз Абылай мен Кенесарының, Алаш Орда арыстарының аты аталса жиырала қаламыз?!
Біз ұлттық санасы жаңа оянып жатқан халықпыз, «Қордай қырғыны» соның бір көрінісі. Бұл қырғын оянудың дұрыс бағытта жүрмей тұрғанын көрсетеді. Біз қыс бойы табанын сорып ұйықтап, енді келіп жан-жағына ашулы аюға ұқсаймыз. Әлемдегі этностардың саны 3 мыңнан сәл ғана асады, мемлекет саны одан анағұрлым аз, бар болғаны 200-дің үстінде, яғни әлем мемлекеттерінің көпшілігі көпэтносты. Соңғы жылдары Еуропаны басып кеткен Афроазиаттық миграцияны қараңыздаршы, тек қана Францияда 5 миллионы жүр. Оның үстіне олар ТМД-дан да адам қабылдайды, ұйғыр, шешен т.б. ерекше квота бар, өткен жылы ғана Қытайдан қашқан қызыңды солар қабылдап алды. Ал біз болсақ шағын ғана этникалық топтарды басқара алмай, өзімізге сіңіре алмай, заңымызға үйрете алмай отырмыз. Себебі өзіміз онша сүйкімді емеспіз, өз әлеуметтік проблемаларымызды шеше алмай отырмыз, өз заңымызды сыйламаймыз. Иә, бүгінгі әңгіме қазақ- дүнген қарым-қатынасы еді ғой. Шекара аймағы қай заманда да қауіпті болған, бола да бермек, бірақ елдің ішін жөндесек сырты да жөнделеді. Отыз жылдай біз сыртқа жағымды болуы үшін күрестік, енді ішкі мәселемен айналысатын уақыт келді. Ішкі мәселенің бастысы мемлекеттік, азаматтық, мәдени, тілдік сәйкестік (идентичность) қалыптастыру. Біз өткен жолы «Бір мемлекет, бір мектеп, бір тіл-бір мүдде» деген ұранды ұсындық. Бұл басты ұстаным болуы керек. Ал оған жетудің жолы қырғын емес, терең білім, жанқиярлық еңбек, биік мәдениет! Қанша елдер біздің көз алдымызда бәйгенің алдына шықты. Оңтүстік Кореяны қараңызшы, шаруасы біткен ел еді ғой. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ондаған мың жастары мемлекеттің жаңа технологиялар үшін алған қарызын өтеуге Германияға ең ауыр жұмысқа жалданып барды. Президенті сол жастарын іздеп барып, қара-қожалақ түрлерін көргенде сөйлей алмай жылай берген екен. Ұлттық намыс бізге төбелес үшін емес, өзгеден озу үшін қамшы болуы керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.