18-01-19 |
4300 рет қаралған
Митингіде ұсталған 21 адамға айыппұл салды.
Митингіде ұсталған 21 адамға айыппұл салды

Қырғызстан соты Бішкекте «Ала-Тоо алаңында өткен митингіде ұсталған 21 адамға айыппұл салды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов хабарлады. Оның айтуынша, митингіде ұсталғандардың әрқайсысына «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 3 мың сом (16 мың теңгеден астам) айыппұл салынған. Биыл күшіне енген Құқық бұзушылық туралы кодекске сай, айыппұлды ішкі істер бөлімінің басшысы сала алады.

Митингіде ұсталғандар айыппұл салынған соң босатылған. Енді олар айыппұлды бір ай ішінде төлеуі керек. Егер осы мерзім ішінде айыппұлды төлемесе, олардың ісін сот қарайды.

17 қаңтарда Бішкекте Қырғызстандағы Қытайдан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен жүздеген белсенді наразылық шарасын өткізген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Бішкектің орталық алаңына акцияға шыққандар талаптарын хатқа түсіріп, депутаттарға тапсырмақ болған. Бірақ парламентке барған оларды милиция ғимаратқа кіргізбеді.

Алаңға Қырғызстан сыртқы істер министрі Алмаз Иманғазиев шығып, елдегі қытай мигранттарының барлығы заңға сай жұмыс істеп жүргенін айтқан. Милиция акцияны тарату кезінде 21 адамды ұстап, ішкі істер бөліміне апарған.

Акцияға шыққандар Қытайдан келген мигранттарды елден шығарудан өзге қытайлық еңбек мигранттарына берілетін квотаны азайту, төлқұжатқа «ұлты» деген бағанды қайта жазу, белсенділерді қудалауды тоқтату, қырғыз қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына тыйым салу және парламент депутаттарының санын азайтуды талап еткен.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.