08-06-23 |
840 рет қаралған
Годунова: Құны 5,9 млрд теңге болатын 292 сметалық құжат қажетсіз күйі қалды.
Годунова: Құны 5,9 млрд теңге болатын 292 сметалық құжат қажетсіз күйі қалды

2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуында ақау аз емес. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, апатты мектеп көп.

Үш ауысымда тығылған баладан қысылмай тұр бұл Үкімет. Денсаулық саласына дем жетпей тұр. Аңқасы кепкен ауылшаруашылығы субсидияға сусап отыр. Жол, энергетика, тау-кен, мұнай-газ секторында сетінеп тұрған тұс көп. Сын сағат таяғанда құшақ-құшақ қағазын құшақтаған үкімет мүшелері «алдағы жылға ақша мол берші» деп Парламенттің босағасын тоздырады. Том-том есептің астында қаламыз. Жоталы жобалардың мәселесін майшаммен қараймыз – дейді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіретінен кейін Үкіметке халықтың табысын арттыру бағытында арнайы Бағдарлама әзірлеуді қатаң тапсырған. Бірақ…

Мәжілістегі әріптестерім ел игілігі үшін бюджеттің бүйірі шықса екен деп барын салады. Ал, кешегі төменгі Палатаға есеппен келген Үкіметтің бағасы жоғары болмай тұр… Мақсатына жетпеген қаржы көп. Игерілмеген қаржы – халықтың соры болып тұр. Бұл сөзімізді 2022 жылдың бюджетін майшаммен қараған Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунова да растады. Көп жайттың бетін ашты – дейді журналист-депутат.

Сонымен қатар ол Наталья Годунованың баяндамасында айтылған бірқатар деректі келтірді.

Бюджет шығыстары стратегиялық мақсаттарға байланыспай отыр. Жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге түк әсері жоқ іс-шараларға қомақты ресурс жұмсалуда. Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді. Бір жақтан мыңдаған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек министрлігі жұмыссыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр. Жобалық қуаттарды кеңейту және оған шығу 3-5 жылдан кейін жоспарланған. Ал мұны ешкім бақыламайды – делінген баяндамада.

Сондай-ақ Наталья Годунова өз баяндамасында көп жоба іске асырылып болғаннан кейін бірден мониторингтен алынып тасталатынын атап өтті.

2022 жылғы нысаналы индикаторлардың 37 пайызының статистикалық деректері әлі қалыптаспаған. Министрліктер мен ведомстволардың теріс болжамдарының ауқымы емес, олардың әдемі есептері мен теріс статистикасының артында жасырылғаны алаңдатады. Ал Үкімет солардың негізінде басқарушылық шешімдер қабылдайды. Салық органдары өндіріп алуы тиіс резервтер Заңнан тыс қалуда. Бұл көлеңкелі экономика – жыл сайын мемлекеттік бюджетке түсетін 3 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейінгі салық екенін ескеріңіздер. Жоғары аудиторлық палата аудиті Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де 64 салықтық жеңілдікті ескермегенін анықтады, ал бұл тек 4 жылдағы бюджет шығыны шамамен 10 трлн теңгені құрады. Салдарынан созылмалы бюджет тапшылығы орын алды. Яғни, көрпеңе қарай көсіліп емес, қарызға өмір сүресің. Бұл ретте үкіметтік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыс бюджеттің таза кірісінің 25%-ын немесе 2,9 трлн теңгені құрайды – дейді ол.

Оның сөзінше бюджетті жоспарлау кезінде борышты басқаруға талдау жүргізілмейді. Оларды өтеу көздері есептелмейді. Мемлекеттік борыш құрамында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы есепке алынбайды. Ал бұл – 19,7 трлн теңге.

Біз биыл мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізсек дейміз. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау мердігерлер мен өнім берушілер арқылы көбірек жүзеге асырылады. Неге? Осыдан төрт жыл бұрын біз жобалау-сметалық құжаттаманы асыра көтеру 30%-ға дейін барады деп есептеп, осы соманы жылына триллион теңге деп бағаладық. Ал қазір, құрылыс материалдары бағасының өскенін, инфляция деңгейінің көтерілгені туралы әңгімені пайдалана отырып, жобалардың қымбаттауы эпидемияға айналды және бірнеше триллион бюджет қаражатына жетті. Осы ақшаға шешімін таппай келе жатқан апатты және үш ауысымды мектептер салу, жағдайы мүшкіл жылу электр орталықтары мен жылу желілерін қайта құруға болар еді – дейді Годунова.

Сонымен қатар, ол қаржыландырылуы ешқашан қамтамасыз етілмейтін мөлшердегі жобалау-сметалық құжаттамаға мөр басуды жалғастырып келе жатқанымызды айтты.

Мысалы, 2017-2018 жылдары құны 5,9 млрд теңгеге әзірленген 292 жобалау-сметалық құжаттама қажетсіз күйінде қалды. Экономика салаларын қаржыландыру өсіп жатқанмен, халықтың жағдайы бұдан жақсарып кете қойған жоқ. Министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға деген ұмтылысы анық көрінеді. Тек биылдың өзінде 2 трлн теңгеден астам қаражат жалпы сипаттағы трансферттер базасына берілген. Квазимемлекеттік сектор – Ұлттық холдингтер мен компаниялар жалпымемлекеттік міндеттерді шешуден бас тартуын тоқтатын кез келді. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан мемлекеттік қолдау нәтиже беруі керек. Тұтастай алғанда басқарушы холдингтердің қызметі ашық емес, олар Парламентке мүлде есеп бермейді – деді Наталья Годунова.

Arasha.kz

ФОТО: Әлеуметтік желіден

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.