03-10-18 |
1310 рет қаралған
Минск Бішкектің экс-премьерді қайтару туралы өтінішіне жауап бермеді.
Беларусь ресми органдары Қырғызстан Бас прокуратурасының бұрынғы премьер-министр Данияр Үсеновті елге қайтару туралы өтінішіне жауап бермеген. Бұл туралы Қырғызстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қырғызстанның бұрынғы үкімет басшысы Данияр Үсеновтің Беларусь елінде Даниил Урицкий деген атпен тұрып жатқаны туралы ақпаратты алғаш рет Беларусь басылымдары 2017 жылғы желтоқсанда таратқан. Содан кейін Қырғызстандағы «Айкөл Ала-Тоо» қоғамдық бірлестігінің өкілдері өткен жылы желтоқсанның 14-і күні Беларусь мемлекетінің Бішкектегі елшілігі алдына шеруге шығып, Минскіден Данияр Үсенов – Даниил Урицкийді Қырғызстанға экстрадициялауды талап еткен.

Оқи отырыңыз: Қашқын премьерге ұқсайтын Даниил Урицкий кім?

Беларусь ақпарат құралдары биыл 27 шілдеде Данияр Үсеновке қатты ұқсайтын адамның суретін тағы  жариялаған. Тілшілердің бірі өзін кәсіпкер Даниил Урицкиймін деп таныстырған бұл адаммен сөйлескен.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі 28 шілдеде Беларусьтің Бішкектегі уақытша өкілі Сергей Ивановты шақыртып алған. Қырғызстан тарапы уақытша өкілге наразылық нотасын табыстап, Қырғызстанда өмірлік түрме жазасына кесілген адамның басқа атпен Беларусьте еркіндікте жүруіне қарсылық білдірген.

Данияр Үсенов 2010 жылы сәуірде президент Құрманбек Бакиев пен оның үкіметін құлатқан толқулар кезінде елден қашып кеткен. Қырғызстан соты 2010 жылғы сәуірдегі қантөгіс оқиғаларына байланысты айып тағылған Данияр Үсеновке сырттай өмірлік түрме жазасын кескен.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.