06-04-21 |
580 рет қаралған
«Ол істің адамы»: Тоқаев неге қазақстандық БАҚ-қа сұқбат бермейді.
«Ол істің адамы»: Тоқаев неге қазақстандық БАҚ-қа сұқбат бермейді

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев неге отандық БАҚ-қа сұқбат бермейді деген сауалға жауап берді.

«Мен президент отандық БАҚ-қа сұқбат бермейді дегенге келіспеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, ол «Ана тілі» газетіне, «Егемен Қазақстан» газетіне, отандық мерзімді басылымдарға сұқбат беріп жүр. Жалпы мемлекет басшысын көп адамдар сұқбатқа келген кезде дұрыс түсінбей жатады.

Президент көп сұқбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі, істің адамы десек болады. Көп жағдайда сөзден гөрі көбірек іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалайды», – деді Берік Уәли.

Бұл туралы ол «Хабар 24» телеарнасының «Сұхбат» бағдарламасында сілтеме жасап, Sputnik Қазақстан жазды.

Осы орайда Уәли көрші Қытай елінің төрағасын мысалға келтірді.

«Шығыстағы көршіміз Қытайдың төрағасы Си Цзиньпин мырза былтыр коронавирус өршіп, ошағы Қытайда пайда болған кезде, бір жылдың ішінде халықтың алдына екі-ақ рет шыққан шығар. Ол бір рет халық алдына шығып, індетпен қалай күресіп жатқанын, Қытайдың ұстанымын айтты, болды. Қайта-қайта жылтыңдап, сұқбат беріп, журналистер алдына шыққанын көрген жоқпыз. Әлі де олай емес», – деді ол.

Айтуынша, халық президентті көбінесе Ресей, Еуропа елдерінің мемлекет басшыларымен салыстырады. Десе де Уәли Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел екенін, өз жолы болуы керек екенін атап өтті.

«Баспасөз хатшысы ретінде өз ойым – мемлекет басшысы сұқбат бергеннен гөрі облыс әкімдерінен, салалық министрлер мен агенттік басшыларынан жұмысты көбірек талап етуі керек деп ойлаймын. Ал енді әр нәрсеге президентті араластыра берсек, президенттің басқа да жұмыстары бар. Шенеуніктердің атқарып жатқан жұмысын қадағаласа, халыққа сол тиімді болады деп ойлаймын», – деді Уәли.

Айтуынша, Тоқаев алдағы уақытта телеарнаға сұқбат беруді жоспарлап отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.