МАҚПАЛ МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сұхбатта қандай сұрақтардың қойылатынын көбінесе мемлекеттік қызметкерлер алдын-ала білгісі келуші еді. Сіздің сұрағаныңызға таң қалдым. Ыңғайсыз сұрақтарға дайындалғыңыз келді ме, әлде олардың сапасын тексергіңіз келді ме?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Екеуі де емес. Шынымды айтсам, Абайдың «Лап бергіш, көт айналғыш, қайта ойланғыш» деген ескертуін кеңсірігімді сыпырып, маңдайымды күйдіріп басқалы жатқандай алабөтен сезім болды менде. Бойындағы дарынына я қарымына сенемін деп шалт етіп, шалынып кеткен, жалт етіп, жоғалып кеткен жан қаншама? Бізде боксшы болса, не дейді? – «Бір ұрып құлатамын. Қолым ауыр». Бізде асаба болса, не дейді? – «Қазір тойға барамын да жапырамын. Арқам бар». Түсініңізші, қолдың ауырлығы, жөпелдемеде сөз табу, қиыннан қиыстыру салу – бұл тынымсыз еңбектің нәтижесі ме? Тиянақ қайда? Пысықтау қайда? Сұхбаттың сұрағын алдын ала алдыру дегенім сөзге жауапкершілік алу, мейлінше дайындықпен келу еді менің түсінігімде…
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Неге осы сізді министрліктердің баспасөз хатшылары шайға көп шақырады?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Сенерсіз, сенбессіз, сол баспасөз хатшыларының денімен ол қызметке бармай тұрып та сәлеміміз түзу еді. Баспасөз хатшыларының көбі, білесіз, журналистік ортадан қайнап-пісіп шыққандар. Кеше ғана «Хабардың» асханасында бірге шай ішіп жүрген Құрманбек Жұмағали, Бекзат Жүсіп, Жігер Сәрсен, Жасұлан Әбдіхалыққа дейін осы қызметке өсіп шыға келді ғой. Жарқын Түсіпбек те, Нұрлыбек Жеңісбек, Ғалымұрат Жүкел те баяғыдан аралас-құраласым. Осылай әрқайсысының тарихын айтып бере аламын.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Шай үстінде тек жолдастық әңгіме айтыла ма? Мемлекеттік тапсырыс, үгіт-насихатқа байланысты ақшасы төленетін ұсыныстар жасалатын шығар? Оқырманы көп блоггер ретінде сөз көмегіңізді сұрағандар болды ма?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Амал достықты өзім де жаратпаймын. Мәселе мынада: біраз блоггер билікпен жұмыс істеуді өзіне ар көреді. Болмаса, жасырады. Бүгінгі саяси режимге көмектеспейтінін сөз арасында айтып қалады. Жарайды, әркімнің өз қалауы. Мен мемлекетшілдік позицияны ұстанатынымды ешқашан ешкімнен жасырған емеспін. Қателеспесем, Грибоедовты Парсы еліне елші етіп жіберерде, патшасы айтады емес пе: «Сонша жыл билікті сынадың, ал енді өзің сын тимейтіндей етіп жұмыс істеп көр» деп. Сол сияқты, мемлекеттік билікті сынау оңай. Кейде сенің қорғауына татымайтындай қылық жасайды, ұялдырады. Бірақ, онымен біреу жұмыс істеу керек емес пе? Былтыр тоғыз облыстың әкімшілігімен тығыз қарым-қатынаста жобалар жасаппын. Әкімшілік қызметкерлерін әлеуметтік желідегі әдепке үйреттік, баспасөз қызметін жүйелеуге көмектестік, блогтур ұйымдастыруға, өз аумағымыздан да басқа да аймақ білсе екен деген жобаларына пиар жасауға жәрдемдестік. Енді дәл осы істі айтпайтындай, осы үшін арланатындай не бар? Түсінбеймін…
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Шайға шақырған адамға (достарыңыз болса да) қарыз болып қалам деп қорықпайсыз ба?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Жоқ. Бір ғана қарсы ереже (исключение) бар. Антикризисный коммуникация деген түсінік барын білеміз. Қарапайым сөзбен түсіндірсем, егер мемлекеттік маңыздағы немесе саяси тұлға абыройын айрандай төккен қылмыс жасаса, мейлі парақорлық, мейлі сексуальды өткені болсын, кәсіби блогер я журналист ол дауға араласпауы қажет. Неге? Абырой бүлінген тұсқа сен тек өз абыройынды төгіп қана құтқара араласың. Бірақ, өзің абыройсыз қаласың. Пажалыста, бар да анау бір тұлғаны қаралау немесе ақтау үшін 200 000 доллар сұрайтын Ратель сияқты сайттар тұр. Әлгі азамат жайлы көзқарасын өзгергенше төпелей береді) Ал Бауыржан Әбдішов немесе Серік Ахметовтың ісінде лебізін білдірген блоггерлердің жайы басқа. Себебі, бұған дейін образы жағымды, репутациясы кіршіксіз тұлғалардың бір сәтте боққа батып қалуына таң қалған, араша сұраған, қынжылған. Өзім де бір-екі кісіні солай қорғағам. Жақсы адамды жамандыққа қимайсың ғой.
Бір нәрсені түсініп алу керек. Рональд Хейфецтің еңбектерінде адамдардың рөлі мен өзін ажырата алмай қалуы жайлы жазады. Өткенде осыны Шыңғыс Мұқан да мысал етті. Мәселен, жасөспірім ұлыңыз сізге өкпелеп, ашуын көрсетіп жатса, балаңыздың жеке сізге деген өшпенділігі емес, сіздің рөліңізге көңілі толмай жүрген болар. Бала өсіп кетті, ал сіз оны әлі кішкентай көресіз, демек рөліңізді қайта қарау керек шығар дегендей. Ал бізге осындай даулы сәттерде блогерлік рөліміз бен өзімізді ажыратып отыру өте маңызды.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Бір-екі кісіні қорғағам» деп айтып қалдыңыз. Мысалы, кімді?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Алматыдағы жер дауында мыңдаған адам шеруге шықпақ болғаны есіңізде шығар. Сол кезде ашулы топқа басу айтамын деп жүріп, сәтсіз фотоға түсіп қалған Саясат Нұрбек (суретте) болды. Қатты құрметтейтін ағам. Көпшілік суретті сөйлеткісі келіп, ол кісіге күйе де жақты, жала да жапты. Бір ғана фото үшін Саясаттың қазақ жастарын қолдап жүрген еңбегін де, қоғамды зерттеуін де, адал ниетін де жоқ қылды. Ол кісіні жақсы танитындықтан, жаным ашыды, жаздым, менен кейін мыңдаған адам да ақтап пост салды. Тек ол жазбаны блогер Өркен емес, адам Өркен жазды деп қабылдау керек.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сізді танитын адамдар, олардың ішінде Арман Сқабыл ағамыз да бар, принципіңіздің тез және жиі өзгеретінін айтады.
Өркен КЕНЖЕБЕК: Жалпы, Арман ағам мені жақсы көреді ғой (күліп). Білмедім, маса өлтірмеймін, арақ ішпеймін деген секілді принциптеріме әлі адалмын) Ал сериозно айтсам, не халық жағында боласың, не билік жағында боласың деген ультиматумды қойған Арман секілді ағалар. Бұндай таңдау қою дұрыс емес. Егер мақтангерлікті қаласам, популизмді осылай аударғаным, онда «өл де қырыл, бульдозердің астына түссем де жер менікі» деп тепсініп жазу қолымнан келер еді. Бірақ, билік пен бұқараның арасындағы мәміленің дұрыс болуына мүдделі, сол бағытта іс жүруіне ықтияр болғанның бірі мен едім. Ыңғайсыз позиция, бірақ бұл менің азаматтық позициям еді.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сол кездегі ауылшаруашылығы министрлігінде жұмыс істейтін ағаларыңызбен жақсы араласпағанда жер дауына қатысты принціпіңіз басқаша болар ме еді?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Біріншіден, жер дауындағы мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі емес, Экономикалық даму министрлігі бастады.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Бірақ мәселенің у-шусыз шешілуіне аталған министрлік те мүдделі болды ғой?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Шыны керек, бір түйір мүддесі болған жоқ. Бұл тікелей сол кездегі Досаев министрлігінің қателігі болды. Қазір негативпен жұмыс тақырыбында семинар өткізгенде, осы жағдайды сәтсіз кейс ретінде қолданамыз. Өзі негатив істі насырға шаптырмауда қос фактордан көз жазып қалмау керек: уақыт және аудитория. Жер дауында аудиториядан жаңылысты. Қателеспесем, бізде жерді еміп отырған үш жүз елу мың фермер болы. Министрлік жерді жалға беру жайын тек осы азшылыққа түсіндірді. Кейін дау басталғанда, сол фермерлердің ешқайсысы аштық та жариялаған жоқ, алаңға да шыққан жоқ. Ал алаңға кімдер шықты? Осы фермерлерден басқа көпшілік. Осы кезде білесіз бе, кейбір сауатсыз журналистер «Қазақстан жері Қытайға сатылуы мүмкін» деген мақаласының фонына Бурабай, Қарқаралы, Көлсайдың фотоларын салып жатты. Бұл – ұлттық парктер. Сонда берілгелі жатқаны ауыл шаруашылығына арналған алқаптар еді. Қанша жерден Елбасыны сүйіп, «Нұр Отанның» куәлігін жүрегінің тұсында ұстайтын жан болса да, «Қытайға жер сатқалы жатырмыз» деген тақырыптан іле Көлсайдың фотосын көргенде, қандай сезімде болады? «Тууф, оңбағаңдар, мынау енді болмайды» деп күйініп, айналасындағы жүз адамның бетін ары қаратпай ма?
Әлдебіреулер айтқандай «халыққа қарсы шықсам», бар жазығым – осындай асыра сілтеушіліктермен арпалысқаным еді. Қызылордада полиция өлтірген деген қазақтың қытай екенін, Әзімбай Ғали парақшасына жариялаған өлімші етіп сабалған қазақтың Мәскеуде болған іс екенін, оның орыс екенін әшкереледік. Алматы шеруінде сәтті кадрға түсіп қалғаны үшін және 21 секундта Әнұранымызды айтып үлгергені үшін халық батыр атап жіберген «батырларға» қарсы пікір айттық. Мәселені алаңда емес, алқа отырыста шешу керегін айттық. Бұқараны сабырға шақырып, сабасына түсіру еді мендегі мақсат. Кейіннен Елбасы мораторийін жариялаған соң, «әп, бәсе, дұрыс» деп пікірімді жазғаным рас. Енді басқа не деуге болады? Мақсатым орындалды ғой. Мұнымды Арман ағамыз журналистік принциптің өзгеруі деп санап жатса, мархабат.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Негізі принципіңіз жиі өзгере ме?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Принципім өзгермейді, ал көзқарасым өзгереді. “Бір күні бір күніне ұқсаған адам ұтылды» дейді ғалымдар. Сол сияқты белгілі бір қоғамдық құбылысқа, тұлғаларға қатысты адамның көзқарасы өзгеріп тұрады. Өзі адамға бүгінгі күйіне қарап баға береміз ғой. Мысалы, бір алқашты студияға алып келіп, «мынадан болашақта керемет ғалым шығады» десең, әділ бола ма? Болмаса, «бұл кезінде тамаша адам еді» деп оның өткенімен баға берсең, оның қазіргісіне әділ баға бола ма ол? Жоқ. Адам бүгінімен бағаланады. Бірақ, ол бағаның әділ берілуі таразының екі басын тең ұстауда да жатыр. Мен бір қоғамдық пікір иесін танимын. Полицияны үнемі сынайды да жүреді.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:: Мұрат Әбенов қой…
Өркен КЕНЖЕБЕК: Иә. Жарайды, атын атай берейік, ренжімес. Былтыр Баянауылда оқушыларды қорғаймын деп полицей қызметкерлері көлік астына түсті. Ауыр жарақат алды. Қызметтік міндеті деп қарасаңыз да, азаматтық өмірде бұл арда азаматтардың ерлігі емес пе? Сонда байқағаным, полицейлердің ерлігін Мұрат ағамыздан басқамыз жарыса жаздық. Мәселе Мұрат ағаға әділдіктің қандай екенін үйрету емес, осылай әрқайсымыз бұл критерийге не жете алмай, не асыра орындап кетеміз. Сынайық, бірақ сол сынаған субъектіміздің бір жылт еткен жақсылығы көрінсе, оны да көрсетейік те.. Осы айтарым.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Ал «Эйр- Астананың» қызметін жеңілдікпен пайдаланбағанда мемлекеттік тілге байланысты дауда көзқарасыңыз басқаша болуы мүмкін ме еді?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Жоқ. Эйр Астана – Доған дауынан бұрын Скат – Жарылқап ісінде аузым оңбай күйген. Білесіз, ұлт жанашыры деген Жарылқап Қалыбай ағамыз ұшақ бортында қазақ тілін білмедің деп стюардессамен жұлысқан. Сонда мен алғашқылардың бірі болып Жарылқапты мақтап, ұстанымын жақтап жазғам, обалы не. Қайдағы, ертесіне бүкіл салон оған қарсы арыз жазды, ішімдік ішіп, шу көтергені анықталды, кейін өзі мойындады. Әрине, ренжідім, аямай сынадым. «Бір жұтым қазақ тілі» деген мақала жаздық «Жақсы» деген сайтымызға. Доғандікі дұрыс та шығар, мен басында ойлағандай популизм емес те шығар, бірақ, бәрібір мен үшін біртүрлі. Он бір мың метр биіктікте бір тілдің жыртысын жырту деген тым арзан тәсіл сияқты. Пажалыста, басқалардың өміріне қауіп төндірмей, жерге қон да, Шона атам секілді үй-үйді аралап, қазақ тіліндегі мектепке бала шақыр я Асхат досым сияқты блогтарды қазақшала. Көп қой тәсіл деген…
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Өзіңіз жоғарыдағы компаниялардың қызметкерлерімен қай тілде сөйлесесіз?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Мен олардың қай тілде сөйлейтініне мән бермейді екенмін. Білетінім, ешқашан бір тілді жетік білуімді А пунктінен Б пунктіне жеткізуді мойнына алған компанияның сол тілді жетік білмейтін өкілін таңдап алып, қинаудан ләззат алу деп білмеймін. Қазақтың бес облысын орыстың тырнағынан аман алып қалған Жұмабек Тәшенов тек орысша сөйлеген дейді көрген көз. Ну и что, сонда ол патриот емес деген сөз бе? Қазақшамен кез-келгенді сындыратын басшылардың сол қазақтың несібесіндегі ақшасын ұрлап жатқанын да білеміз. Оның қазақшаны супер білуі ұлтқа деген опасыздықтан аман алып қала алмады ма? Тіл деген құрал. Мен тіл инспекторы емеспін. Бірақ, уақыт біздің пайдамызға жұмыс істеп жатыр. Елбасы айтқандай. Түбінде барлығы қазақша сайрайтын болады. Орыс тілі – ресми тілмен қатар дегеннен де құтылармыз. Бірақ, оған дейінгі әрекетті сапалы, салиқалы түрде жасасақ.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Позициясы жиі өзгереді» деген сериядан соңғы сұрақ. Кеше ютубтан сіздің бұрын жазылған видеоңызды көрдім. Мені таң қалдырған цитатаңыздың жазбаша нұсқасы: «Нұротанның тоқалдан туған баласы «Дала мен қала» газетінде жұмыс істеймін. Ол Қазақстанның өсіп келе жатқанын таң атқаннан кеш батқанға дейін айтудан жалықпайтын газет, өкінішке қарай. Бізге үш нәрсеге табу қойылған. Ұлттық мәселе. Дін. Президент әкімшілігі әңгіме айтады. Одан соң саясат. Саясатқа тереңдеуге болмайды. Біз үшін Жәкішевтің мәселесі жоқ. Оның бәрі иллюзия. Біз қазақ журналистері билік құрған цензураны қалай айналып өтсек болады? Осы жолды тауып алсақ жақсы болатын еді».
Өркен КЕНЖЕБЕК: Бұл менің жас кезім (күлді).
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Ол кезде орақ тілді оппозиционер болыпсыз…
Өркен КЕНЖЕБЕК: 2009 жылы Алматыға келген аралықта ортам әсер етті ме, атмосфера әсер етті ме, білмеймін, оппозиялық ой-сарында болдым. «Жас қазақтың» бетінде Мәсімовты сынап, басқа министрлерді сынап қалғанға дәнігіп қалдым ба, «Өркен өткір жазады екен» деген мақтауға сеніп қалдым ба, сондай) Жанболат Мамаймен де, Инга Иманбаймен де жақсы араластым. Жанболатпен Алматы циркін айнала жүріп, алаңға он мыңдаған жасты қалай алып шықсақ болады деген сұрақтың жауабын іздей жүрген кез бұл. Биліктегі шіріген жемқорлық жайлы «Жас Алаштың» бас бетіне ұжымдық хаттар жазып жүрген кез еді ол. Өзімізше романтикпіз. Таяқ та жедік сол үшін.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Оппозициядан кетуіңізге сол қиындықтар түрткі болған жоқ па?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Әрине, жоқ. Жалпы, қазір адам тез есейеді ғой. Бір жылдан кейін-ақ көзқарасым өзгерді. Шындап келгенде, биліктен жаудың елесін құрып алып, қарсыласуға себеп жоқ екенін түсіндім. Ленин неге революция жасады дегенде бір нұсқаны жиі айтады. Ол он алты – он жеті жасына дейін ортасынан еш бөлектенбейтін, орташа жастың бірі еді деп. Бірақ, туған ағасы Александрді патшаның өміріне қастандық жасамақ болғаны үшін дарға асады. Владимирдің патшаға деген өшпенділігі оянады. Жеке басының қайғысы алып елдің тағдырын өзгертіп, әлемді бір шайқап алды. Бұл мысалды менің өміріме қалыптап көрсеңіз, еш келмейді. Ендеше, менікі не тірес деген ой келді, ол ой бекіді. Қазір бір нәрсені сынамас бұрын мына хикая ойыма келеді. Ерте заманда әділ патша болыпты. Оның иелік еткен дәуірінде қазіргі Мұхтар Шахановтың беделіндей беделі бар ғұлама өмір кешеді. Бір күні әлгі ғұлама патшаның көңіліне тиетін сөз айтып қояды да, патша ренжіп, оның басын шабуға бұйрық береді. Сол кезде бас уәзірі «Бұл аяулы адам еді. Бір жолға ашуыңызды берсеңіз. Ғұламаны халқы жақсы көреді ғой..» деп патшаға ақылын айтады. Патша да сөзін кері қайтарып ала алмайды. Ақыры, өлім жазасын дүре салуға ауыстырады. Бірақ, халықтың көзінше ғұламаның арқасына жүз дүрені сол уәзірге соқтыртады. Ғұламаны өлімнен аман алып қалған уәзір жұрттың көз алдында жексұрын болып шыға келеді. Демек, шымылдықтың ар жағында не бар екенін білместен, ол жайында сөз қозғамаған жақсы-ау. Айта берсе, ұзақ әңгіме. Осымен тоқтайын.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Елдің ішінде де, сыртында да көп жүресіз. Қазақстанның әлеуметтік саласында ең өзекті үш проблеманы атаңызшы?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Тозған ауылдар. Былай қарасаң, Астанаға келмеген газ көп ауылда тұр. Қорасында желіні сыздап сиыр тұрса да, «Щадринскоені» шайына қатып отырған ағайын көп. Интернет келді. Бірақ, мен айтып түсіндіре алмайтын әлеуметтік-рухани азғын-тозғын бар. Сосын жалақы деңгейі. Білем, қашанда аздық етеді. Бірақ, адамдардың бұл дүниеден қалау минимумы мен табысының максимумы бір нүктеде үйлеспей жатыр. Өкінішке қарай. Үшінші мәселе, қоғамның бар саласындағы маргинализация. Біздің қоғам бір-бірімен санаспайтын, бір-бірімен араласпайтын жіктерге бөлініп кетті. Бір бұтағында Байзақова, екінші бұтағында дінді бетке ұстағандар, ортасында ауаны қармап жүрген интеллигенция, ауылдағы 8 миллион адам, 45 жастан асқан 4 миллион егде адам, 5 миллион жас, оның іші тағы қанша қатпар. Осылардың арасында байланыс жоқ, әттең.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Осы күнге дейін Президентпен қанша журналист сұхбаттасты. Неге сол кездесулерде сіз айтқан сұрақтар қойылмайды?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Кезінде Шаханов ағамыздың Арал мәселесін айтамын деп биік мінбеден Желтоқсан көтерілісі жайлы айтып жібергені есіңізде шығар. Дәл осындай тентектік бойымыздан табылмай тұрған шығар… «Біз соңғы он бес жылда журналистердің басынан ұрып-ұрып, торға кіргізіп тастадық. Енді оларға сыртқа шығыңдар деп тордың есігін нұсқасақ, ешкім шыққысы келмейді». Абаев енді министр болған кезде айтқан сөзі еді. Мүмкін, сыртқы цензурадан ішкі цензурамыз артып кетті, мүмкін. Бұл сондай жауапсыз сұрақ. Жауапсыз қалсыншы.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Президентпен кездескенде жеңіл сұрақ қоюға келісер ме едіңіз?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Егер маған өзім қалаған сұрақты қойдырмай, «президентпен кездес» десе, мен ол мәртебеден бас тартар ма едім. Бірақ, алдымен, маған сондай ұсыныс тастасыншы біреу. Сол кезде көреміз (күлді).
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Біз кеңестік қоғамның стереотиптерінен, сол кездегі ойлау жүйесінен алыс кеткен жоқпыз. Осы себепті үгіттеу, насихаттау әдісін қолдану қажет болып тұр». Біздің елде үгіт насихаттау жұмыстарына үлкен қаражат жұмсалып жатыр. Бірақ халық қабылдап жатыр ма? Одан қандай пайда таптық?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Уағызды неге аптасына жеті рет емес, тек жұма күні, оның өзінде бір сағат қана айтады? Ойланып көрдіңіз бе? Адам уағызды тыңдағанда құлшылық жасауға құлшынысы артады. Осы құлшынысымен қойып кету керек. Осыдан сәл асырдың ба уақытын, көлемін – адам апатияға түседі. Құлықсыз боп қалады. Насихат та солай. Ең жақсы үгіт амалмен көрсетіледі, жетпеген жері ғана сөзбен толықтырылады. Сондықтан, ертелі-кеш үгіт айту халықтың миын үгітіп жібереді. Азайту керек. Формасын қайта қарастыру керек. Осы Ресей билікке тәуелді Соловьев пен Шевченколарына мінбер беріп қойып қана қаншама мәселесін былай шешіп отыр ғой…
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Біздің арналар сол норманы қашан ұстанады?
Өркен КЕНЖЕБЕК: БАҚ туралы жаңа заңнамаға үлкен үміт артып отырмын. Журналистердің шығармашылығына еркіндік берілуі тиіс. Еркіндік берілгенмен, журналистердің өзі жауға қандай қарумен шабарын білмей тұр ғой. Міне, найза алғалы жатыр едің, ол ескіріп, электрнайза орнына шығып жатыр дегендей. Дәл қазір журналистиканың қызығы азайып, ары не бері кететін өліара кезде тұр-ау. Газет форматы ескірді, радио қызықсыз, телеарна тек үй шаруасындағы қатын-қалаш көретіндей аудиторияға дейін тарылып келе жатыр. Ал әлеуметтік желіде тренд күн сайын өзгереді, сол тренд деген сөздің өзі ескіріп, хайп қалды. Ол жақта елдің аузынан түспеу үшін таң қалдырудан шаршамауың керек. Я шешінесің, я қоғамдық пікірге қарсы шығасың не Рашев секілді италиялық әйелді аласың) Мұнда үгіт дейсіз. Білмедім, біздің журналистикаға үлкен трансформация керек.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Журналистердің ауызбірлігіне көңіліңіз тола ма? Жоғарыда айтқанымыздай жақында ғана Ерлан Біләлге пара алды деген айып тағылды. Ол мойындап үлгерді. Бірақ соған қарамастан Қазақстандағы мүйізі қарағайдай актерлар күн сайын қолдау шараларын өткізіп жатыр. Біздің журналистер де істі болды. Бірақ біздің саланың мамандары дәл актерлар сияқты қолдау көрсетті ме? Бұрынғы досыңыз Жанболат Мамай сотталып жатқанда сіз бір пост жаздыңыз ба?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Жоқ, жаза алмадым. Себебі, қазір біз екі бөлек лагердеміз. Мен оларды ақтай алмаймын. Табаламаймын. Бұл демократиялық қоғам, сондықтан, ұстанымымыз бөлек шығып жатса, онда тұрған мәселе жоқ деп ойлаймын.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Мен сізге Жанболат Мамайды неге қолдамадыңыз демеймін. Бірақ біз неге кез келген журналист сотталып жатқанын естісек, осы шынымен кінәлі ме, жоқ па деген сұрақтың жауабын іздегіміз келмейді? Мысалы сізге Жанболатқа қандай айып тағылып жатқаны қызық болмады ма?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Шыны керек, Жанболатқа жаным ашыған жоқ. Әрбір адам өз тағдырының қожайыны деген сөзді кинодан көріп алып, жиі қайталаймыз әншейінде. Ол өз жолын саналы түрде таңдаған, соның қызығына (бар шығар) да, шыжығына да көнемін деп бас білдірген жігіт. Ол менің бағама мұқтаж емес. Сондықтан, ешнәрсе дей алмаймын. Негізі, баррикаданың екі жағы да дұрыс емес. Қызыл пропаганда да, қызыл оппозиция да. Ортасын ұстану керек.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз плюралист емессіз бе?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Плюралистпін. Бірақ мен оппозиционерді қолдасам оның ұстанымына қосылған боламын ғой? Не керек бұл?
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Мемлекеттік ұстанымда жүрген журналист істі болса ше?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Қылмыстық заңнамаларды бұзбайынша, кім болсын, қандай ұстанымда жүрсе де, өз еркі. Адамның миындағы ойы, ниеті үшін оны соттай алмайсыз. Сондықтан, журналист істі болып жатса, алдымен қылмыстан таза ма екен, сол жағына қарау керек шығар. Кім болса да.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Демек біздің (журналистердің) ауызбіршілігіміз жоқ. Біз істі болған адамның кінәсі бар-жоғына емес, оның ұстанымы біздің принципімізге ұқсай ма, жоқ па соған қараймыз.
Өркен КЕНЖЕБЕК: Осы күнге дейін журналистердің жақсы не жаман ісі болсын, бір рет біріккенін көрмеппін. Болған шығар. Бірақ, кейінгісі есімде жоқ.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Журналистің беделін көтеру үшін, оның танымал әрі табысты болуы үшін сіздің қандай ұсынысыңыз бар? Не істеуіміз керек?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Билік мықты журналистердің қалыптасуына мүдделі болуы керек. Біз Нұртілеу ағамыздан қазақтың Познерін жасай алмадық. Ары-бері жүріп қалды. Осы рөлге бәлкім, Серік Жанболатты дайындауымыз керек пе еді. Білімді журналистеріміз тиісті қолдау не промоушн көрмеген соң, ақшасы немесе ықпалы бар жақты таңдады. Себебі, журналистикада ықпал да, ақша да қалмады. Егер бұлай жалғаса берсе, жас журналистердің легі бұлай жалғаса бере ме, күмәнім бар. Менің журналистикамен қатар блоггерлікті қатар алып жүргенім осыған компенсация шығар. Журналистігімде жетіспей тұрған табыс пен танымалдылықты блогосферада толтырамын. Айтайын дегенім, бізге тәуелсіз пікір иелерін қолдан қалыптастырып шығару керек. Бірақ олар керек кезде үкіметтің сөзін сөйлеуі тиіс. Керек кезде.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Біздің халыққа моральді авторитет кім бола алады?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Бекболат Тілеухан, Ерлан Қарин… білмедім. Бірақ, тұтас Қазақстанның қоғамына сөзі бірдей өтетін лидерлер болмай тұр. Қос тілдегі аудиторияға да ықпалды, оның үстіне моральдық кейпі таза адам жоқ-ау қазір. Баян Есентаева қазақтілді консерватор қауым үшін тым либерал. Гүлнәр Бажкенова сияқты либерал қазақтар үшін Бекболат Тілеухан тым консерватор.
Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Әлеуметтік желіде ым-жымы бір достарына, бастықтарына халық атынан жоғары баға беріп, пост жазатындарға қалай қарайсыз? Жоғары қызметтегі адамдарға жағымпазданып пост жазасыз ба?
Өркен КЕНЖЕБЕК: Жоқ, ондайды жек көреді екенмін. Бастықтарыма, достарыма ризашылығымды жеке жеткізуге тырысамын. Ал қызметі жоғарылап жатса, мақтанып бір салған ештеңе етпейді. Осы орайда Черчилльдің ұстанымы есіме түсіп отыр. Ол кісі ешқашан ешкімді құттықтамайтын болған, кешіксе кешірім сұрамайтын болған және ешкімге шақырғаны үшін алғыс айтпайтын болған. Бұның барлығын банальность деп түсінген. Черчилль ақылды, мен Черчилльге қосыламын)
Мақпал: Әңгімеңізге рахмет!
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024