07-12-18 |
1280 рет қаралған
Сенат кинематография туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Қазақстан парламентінің сенаты 6 желтоқсанда «Кинематография туралы» заң жобасы мен оған түзетулер енгізу жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң жобасында фильмдерге мониторинг жасайтын Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру қарастырылған. Заңға сай, Қазақстан аумағында фестиваль, семинар мен ретроспективалардан басқа жерлерде фильм мемлекеттік фильмдер реестрінде тіркеліп, рұқсат алған соң ғана прокатқа шығады.

Бұған дейін заң жобасын мәжілісте таныстырған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жобада «кино қорын» құру және фильм түсіруші студияларға осы қор арқылы қаражат бөлу қарастырылғанын айтқан. Оның сөзінше, студиялар кино түсіруге қажетті қаражаттың жартысын өздері табуға міндеттеледі.

Бұдан бөлек, заң жобасында кинематографистер құқығы, «Қазақфильм» киностудиясы аумағында еркін экономикалық аймақ құру, шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аудару, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақытын анықтау жайы да қарастырылған.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағында фильмдерді жүйелеп, тіркеу мақсатында фильм прокатына мониторинг жасайтын ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.

Мәжіліс бұған дейін заң жобасы мен оған түзетулер енгізуді екінші оқылымда қазанның 31-і күні мақұлдаған.

«Кинематография туралы» заң жобасы мне оған түзетулер енгізу жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Салық кодексі мен «Мәдениет туралы» заңға өзгеріс енгізілмек.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.