16-11-18 |
2200 рет қаралған
Тәжікстанда Рогун ГЭС-і іске қосылады.
Тәжікстанда қарашаның 16-сында Рогун ГЭС-інің алғашқы турбинасы іске қосылады. Ашылу салтанатына шетелден қонақтар, атап айтқанда CASA-1000 жобасына мүше елдерден, халықаралық ұйымдардан өкілдер, дипломаттар мен журналистер қатысады. Станцияның алғашқы турбинасын ел президенті Эмомали Рахмон іске қосады.

Мамандардың айтуынша, бірінші іске қосылатын N6 турбина сынақтан өткізілген. «Су қоймасында қазір 214 миллион текше метр су жиналған, ол ГЭС турбинасын іске қосуға жеткілікті» дейді мамандар.

​Рогун ГЭС-і алты турбинадан тұрады, әрқайсысының қуаты 600 мВт. 850 тонналық ротор үлкен күштің, көптеген мамандар мен ауыр техникалардың көмегімен жиналған.

Станцияның екінші турбинасы келесі жылы сәуір айында іске қосылады. Қуаты 3600 мегаватты құрайтын Рогун ГЭС-і аймақтағы ең ірі гидроэлектростанциясына айналайын деп тұр.

ГЭС құрылысы 1970-жылдардың соңында басталып, кейін құрылысы тоқтап қалған еді. Бұл ГЭС-тің құрылысына көршілес Өзбекстанның бұрынғы президенті, 2016 жылы қыркүйектің басында қайтыс болған Ислам Каримов қарсы болған. Каримов Рогун ГЭС-і салынса, Өзбекстанның мақта алқаптарына келетін су көлемі азаяды деген. Каримов қайтыс болған соң, 2016 жылы 29 қазанда Вахш өзенінің арнасы бөгеліп, құрылыс қайта жанданды. Құрылысты аяқтауға тендерді Италияның Salini Impregilo компаниясы жеңіп алды.Тәжікстан билігінің хабарлауынша, бұл компаниямен жасалған келісім құны – 3,9 милиард доллар.

Душанбе Рогун ГСЭ-і Тәжікстанның электр қуатына деген мұқтаждығын өтеп қана қоймай, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістанға электр қуатын сатуға мүмкіндік береді деп үміттенеді. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.