09-03-21 |
620 рет қаралған
Валентина Спиридонова: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мені ұмытпағанына қуаныштымын».
Валентина Спиридонова: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мені ұмытпағанына қуаныштымын»

Президент Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы ұстазы Валентина Спиридонованың 8 наурыз мерекесіне орай арнайы құттықтау хат жолдаған. 

Бұл туралы «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі дерегіне сүйене отырып хабарлайды.

Белгілі болғандай,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Үштөбедегі Кемел Тоқаев атындағы мектепке барып, ардагер ұстаз Валентина Спиридоноваға жеткізген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сізге құттықтау хатын жолдап, өз атынан 8 наурыз мерекесімен құттықтауымды тапсырды. Сізді көктемнің керемет мерекесі қарсаңында көргеніме және құттықтауды өзіңізге жеткізіп отырғаныма қуаныштымын», – деген Амандық Баталов әрі қарай құттықтау хатты оқып берді.

 «Құрметті Валентина Григорьевна! Сізді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Осы бір көктемнің көрікті де шуақты күнінде қайырымдылығыңыз, түсіністігіңіз және жемісті еңбегіңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әрбір атқан таң Сізге және сіздің жақындарыңызға мейірім, сүйіспеншілік пен жан жылуын сыйласын. Сізге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!», – делінген құттықтау хатта.

Өз кезегінде білім саласының ардагері Валентина Спиридонова Президенттің уақытының тығыздығына қарамай ұстазын, оқыған мектебін ұмытпағанына әрі өзіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізе отырып:  

«Мен бүкіл өмірін жастарды тәрбиелеуге арнаған ауыл мұғалімімін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мені ұмытпағанына қуаныштымын. Адамгершілік тұрғысынан шексіз ризашылығымды білдіремін. Қазақстанымыз көркейіп, гүлдене берсін», – деді.

Айта кетейік, Спиридонова Валентина Григорьевна білім беру саласында 1963 жылдан бері еңбек етеді. 1995-2009 жылдары Кемел Тоқаев атындағы мектептің директоры болды. 2009 жылдан бастап Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарады. Кәсіби жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі», «ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин», «Алтын барыс» төсбелгілерімен, ҚР Президентінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Шапағат» медалімен және басқа да бірқатар мерекелік медельдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталған.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.