25-03-22 |
630 рет қаралған
«Самат Әбіштің де жауапқа тартылуы мүмкін».
«Самат Әбіштің де жауапқа тартылуы мүмкін»

Дулат Исабеков, жазушы:

Дулат Исабеков
Дулат Исабеков

 

– Президент жолдауы сізге қандай үміт сыйлады?

– Әлдебір өзгерісті күткендіктен бе, әлде күні кеше өткен қаңтар оқиғасына баға беріліп, «Жаңа Қазақстан» деген саяси-экономикалық бетбұрыстарды сарыла күткендіктен бе, бұл жолғы жолдауды асыға күтіп едік. Бұл жолы да жайдақ сөз, жайылма уәде болса өмірімізде оң өзгеріс емес, тоқырау үрдісі жалғаса берер ме екен деген әрі үміт, әрі күдікпен жолдауды бастан-аяқ тыңдап шықтым.

Бұл Жолдау – басқа жолдаулардың біріне де ұқсамайтын жолдау боп шықты. Егер Жолдауда айтылғандардың бәрі жүзеге асатын болса, бізді шын мәнінде «Жаңа Қазақстан» күтіп тұр.
Жұрттың көкейіндегі «Ертең не болады?» деген сауалға бұл жолдау сәуле шашып, елдің ертеңге деген сенімі мен еңсесін көтеріп тастады.

Мен ертеңгі күнге сеніммен қарай бастаған сияқтымын. Ішкі аласапыран мен алаңдаушылық уайымының беті қайтып, жаңа шығарма жазудың жоспарын ойлап бастадым.
Жазуды да балықшы сияқты ғой. Көл беті тулап жатқанда балықшы көлге қармақ салмайды.

– Жолдауда президент ешқандай партияға мүше болмайтыны, жақын туыстары саяси қызметке тағайындалмайтыны туралы айтылды. Бұл саяси өмірімізге қандай әсер береді? Және орындаларына сенесіз бе?

– Маған ұнағаны – «Аманат» партиясының аты. «Аманат» деген сөз маған қатты ұнап тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Президент ешқандай партияға мүше болмайды, барлық партияның құқығы бірдей болады», – деді. Әйтпесе бұрын көрдіңдер ғой, «Нұр Отан» партиясының әр облыстарда филиалдары бар, бұрынғы обкомның бірінші хатшылары отыратындай ғимараттары бар. штаттары бар қанша, қаншама қаржы кетті. Мемлекеттің ісіне кедергі келтіргеннен басқа ештеңе істеген жоқ. Енді партиялардың бәрінің құқығы бірдей болады. Тоқаев өзі партияға басшы болудан бас тартамын деді.

Президенттің туған-туыстарның мемлекеттің қызметке жақындамайтынын заңмен бекіту керек дегені өте жақсы болды. Парламентті күшейтеміз деді. Осының бәрі Жаңа Қазақстандағы саяси өмірді тірілтіп, ел өмірдегі маңызды шешімдерді қабылдауға ықпал етеді.

– Жаңа партия құрыла ма президентті қолдайтын?

– Құрылса құрылатын шығар. Бірақ оған президенттің мүше болмауы басты нәрсе деп ойлаймын. Өзгерістерді еңгізіп, мемлекеттің гүлденуіне оң қадам жасаған президентті қазір қолдау керек деп ойлаймын. Президент мүше болмаса, қандай партия құрылса да, онда саяси бастамаларға өз пікірін айта алатын адамдар болады деп ойлаймын.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын қоғамның алға жылжымай, тұрып қалуынан болғанын айтты. Тергеу кезінде қателіктер болды деді. Енді қандай өзгеріс болады?

– Президент Қаңтар оқиғасына көп тоқталды. Оның айтқан сөздерінің астарынан көп нәрсе аңғаруға болады. Ол оқиғаны кімдер ұйымдастырғанын ашып айтпаса да, кімдер екені белгілі болып отырды. Және олардың көбі қазір уақытша тергеу изоляторында жатыр. Сол тексерудің басы Кәрім Мәсімовтен басталып, Қайрат Сатыбалдымен жалғасты. Самат Әбіштің де жауапқа тартылуы мүмкін. Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған солар дегендей сөз айтты. Ол оқиғаның мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгерту, Тоқаевты билік басынан кетіру мақсатында ұйымдастырылғанын айтты. Билікті күшпен басып алмақ болғандықтан, амалсыздан ОДКБ-ға хабарласып, соларға негізгі нысандардың бәрін күзетуді тапсырғанын айтты. Атысқа олардың қатысы болған жоқ деді. Мен бұл сөзге иланып оытрмын. Енді Тоқаев бастаған істі аяғына дейін жеткізеді деп ойлаймын. Бәрін бірден төңкеріп тастау Тоқаевқа да оңайға соқпайын деп тұр. Бірақ бел шеше кіріскені көрініп тұр. Бізосы жолы шешімтал, белін бекем буған Тоқаевты көрдік. Оны қолдап отырмыз.

– Жаңа облыстардың құрылуы әкімшілік басқару жұмысын жақсарта ма?

– Сөзсіз жақсартады. Қаржылық мақсаттармен бұрын қосылды. Семей облысында бұрын өндіріс жоқ, Өскемен өндіріс ошағы деп қосқан болатын. Өзін өзі басқаруға мүмкіндік жоқ деген. Арқадағы облыстар да солай қосылған. Кейін халық тарап, тозып кетті. Енді халық есін жиғандай, үш облысты қайта құрып отыр. Жетісу, Алматы облыстарын құрғаны жақсы болды. Талғарда отырып, бір анықтама үшін Талдықорғанға бару деген қиын ғой. Солардың бәрін тоқтату керек деді. Бұл – құптарлық іс. Бұрынғы тозып бара жатқан қалалар қалпына келеді. Жезқазған, Семей жаңғыратын болды. Қаржылық мүмкіндік болғаннан кейін осы шешімге барып отырғаны түсінікті. Бұрынғы жолдаудың бәрі сөз боп келді, енді іс болады деді.

– Орталығы Семей қаласы болатын облыстың Абай атымен аталуына қалай қарайсыз?

– Абай атымен аталуын құптаймын. Жамбыл облысы бар ғой. Абайдың елі, Абайдың отаны. Абай атымен аталса, еш сөкеттігі жоқ.

– Бұрын өндірісі жоқ Семей облысының қазір де өндірісі жоқ. Қиындық болмай ма?

– Оны мен қиындық болады, болмайды деп айта алмаймын. Қиын болады, әрине, неге болмасын. Қаржылық тоқыраудың кезінде қиындық болмай тұрмайды. Тоқаев мүмкіндігі болмаса, ол сөзді айтпас еді. Демек бір нәрсеге сеніп отыр. Теңге өз алдына дербес банкнот болып, рубльмен байланысты үзеді деді. Осының бәрі орындалама ма, жоқ па алдынан ешкім шыққан жоқ. Бірақ біздің көп күткеніміз осы еді. Бұл жердегі ең бастысы территориялық тұтастығымызды сақтап, оған ешкімнің көз тікпеуін қамтамасыз ету деді. Бұл сөздің өзі көңілге қонған дұрыс сөз болды.

 

Сұхбаттасқан – Бағашар Тұрсынбайұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.