22-06-22 |
1480 рет қаралған
Ұлттық құрылтай сөзі өтімді азаматтарға мүмкіндік беретін алаң – Мәулен Әшімбаев.
Ұлттық құрылтай сөзі өтімді азаматтарға мүмкіндік беретін алаң – Мәулен Әшімбаев

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлытау облысында ұлттық құрылтай өтті. Әйтсе де билік жер-көкке сыйдырмай мақтаған құрылтайды сынаушылар көп. Олар «Мәжіліс пен Сенат тегеурінді болса, ұлттық құрылтай құрып керек емес еді» деген пікірді айтады. Алайда бұған қатысты ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ойы мүлде басқаша.

Ұлттық құрылтайдың құрылуы Мәжіліс пен Сенаттың өз миссиясын толық орындай алмай жатуының көрінісі емес пе? Өйткені мұндай сын кезінде қоғамдық сенім кеңесі құрылған кезде де айтылған болатын…

– Мен сіздің бұл пікіріңізбен келіспеймін. Ұлттық құрылтайға мүше азаматтардың тізімін көрдіңіздер. Оның ішінде облыстағы азаматтар, қоғамдық кеңестің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері және бизнес өкілдері кірген. Оның ішінде облыста халық сыйлайтын, сөзін тыңдайтын біраз азаматтар бар. Олардың ішінде Парламентке кіргісі келмейтін, енді біреуінің басқа жұмыстары бар. Сондықтан бұл жерде мәселені Парламентте ғана талқыламай, халықпен бірге талқылау жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға талпыныс деп ойлаймын.

Сондай-ақ президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі деп білемін. Ұлттық құрылтайды барлық облыстағы сөзі өтімді азаматтардың пікірін тыңдауға мүмкіндік беретін алаң деп те қарастыру керек. Ел үшін маңызды кезеңде ұлттық құрылтайдың құрылуы алдымызда тұрған үлкен мақсаттарды жүзеге асыруға өзінің үлесін қосады.

Дегенмен ұлттық құрылтайға қатысты «Бізде мәселе көтеретін Мәжіліс пен Сенат бар. Жаңа институт құрудың не қажеті бар?» деген сын бар. Жаңа сіз сөзі өтімді азаматтар туралы айтып қалдыңыз. Шын мәнісінде сөзі өтеді деген азаматтардың біразы құрылтай мүшелігіне кірмей қалған…

– Ұлттық құрылтайға осы адамдар ғана мүше болсын деген сөз жоқ шығар. Алдыңғы қоғамдық сенім кеңесінде ротация болған секілді жаңа адамдар мүше болатын шығар. Осы тізімнен кейін басқа адамдар кірмейді деген сөз жоқ шығар. Болашақта мүшелердің құрамында өзгерістер болады. Қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз» деп баршамыз жұмыс істеп жатырмыз. «Жаңа Қазақстанды» жүзеге асыру аясында жаңа алаңдар болғаны дұрыс. Сол себепті біз ұлттық құрылтайдың жұмысын қолдап, атсалысуымыз керек. Одан кейін жұмыс топтары жасақталып, оған жаңа адамдар мүше болады. Құрылтайдың алаңында көп нәрсені ақылдасып, одан ары Парламентте қарап, тиісті заңдарды қабылдауымыз керек.

Мәулет Сағатханұлы қоғамда «билік тығырыққа тірелген кезде комиссия құруды әдетке айналдырған» деген сөз бар. Мәселен жер дауы кезінде жер комиссиясы құрылды, 2019 жылғы президент сайлауы әділетсіз ұйымдастырылып, халық алаңға шыққан кезде ұлттық сенім кеңесі және Қаңтар көтерілісінен кейін Ұлттық құрылтай құрылып жатыр. Мұндай жасанды ұйымдар халықты алдарқату үшін құрылып жатыр деген пікір бар.

– Неге жасанды деп ойлайсыз?

Егер бізде Президент пен Парламент сайлауы әділетті ұйымдастырылатын болса, мұндай кеңестердің керегі жоқ еді. Себебі бұл жұмыстарды депутаттар атқаруы керек. Билік халықты алдаудың орнына неге әділетті сайлауды ұйымдастырмайды?

– Жалпы біз демократиялық жүйе қалыптастырып жатырмыз. Батыстың немесе Азиядағы демокртиялық жолға түскен елдердің тарихын сараптасаңыз ол осындай алаңдар арқылы пайда болады. Парламент пен мәслихаттар жақсы жұмыс істеуі үшін халықтың қолдауына ие азаматтар оған мүше болуы керек. Бұл бір. Одан бөлек әртүрлі кеңестер жұмыс істеуі керек.

Жалпы демократияның негізі батыс мемлекеттерінде өзін өзі басқару жүйесі. Өзін өзі басқару жүйесі деген бір адам өзі шығып алып өзі шеше беру деген сөз емес. Ол адамдар жиналып, ақылдасып, алаңдарда пікір таластартыру арқылы бір шешімге келу деп білемін. Демокртия қалыптасу үшін бізге осындай алаңдар көп керек. Әкімшілік пен министрліктің жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмыстарын дұрыстап ұйымдастыруымыз керек. Мәслихаттарға сөзі өтімді азаматтардың көптен келуін қалыптастыруымыз керек.

Серік Құдайбергенұлы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.