14-12-20 |
490 рет қаралған
Евгений Федоров: Ресей Қазақстаннан территорияны қайтаруды талап етуі керек.
Евгений Федоров: Ресей Қазақстаннан территорияны қайтаруды талап етуі керек

Ресей тарапынан қазақ жеріне көз алартқандардың қатары толығып жатыр. Бұл жолы мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров (суретте) Никоновтан да асып түсіп «Ресей Қазақстаннан территорияны қайтаруды талап етуі керек» деді. Бұл бер жағы.

«Негізі Никонов жаңа ештеңе айтқан жоқ. Бұған дейін Путин не деп еді?  Бірақ Путин Қазақстанды сыйлықтың субъектісі ретінде атаған жоқ. Әрине, Украина делінді, тіпті Қазақстанның бір шенеунігі Путин Украинаны меңзеді деді. Қазақстанның шенеунігі неге Путиннің не дегісі келгенін Путиннің атынан айтады, түсініксіз.

Бір жағынан алғанда, ақ көңіл орыс адамы сізге сыйлық жасады. Сіз ол сыйлықты қадірлейсіз әлгі адаммен доссыз. Екінші жағынан алғанда, бетіне түкірдіңіз, қазіргі жағдайда Қазақстан СІМ-нің істеген әрекетіндей. Біз территорияны қайтару және 91 жылғы заңсыз шешімді қалпына келтіруді көтерген кезде бізді тоқтатып тұрған нәрсе –  мораль шектеуі. Яғни. Қазақстан СІМ-нің мәлімдемесінен кейін моральдың соңғы аргументі құлады. Сондықтан Ресей талап етуі тиіс, егер сыйлық екенін мойындамаса, онда қайтарсын! Өйткені заңсыз алдыңдар» дейді Евгений Федоров.

Орыс депутатының эмоциясына ерік беріп, лепіріп сөйлегеніне қарағанда Никоновқа қатысты СІМ-нің табыстаған нотасы шымбайына батқан болса керек. Федоровтар Қазақстанның ресми билігі ешқашан Ресейдің депутаттарының айтқанына қарсы шықпайды деп ойласа керек. Сол ойының тас-талқаны шыққанда Федоров терісіне сыймай жоғарыдағыдай сөз айтыпты.

Тіпті Федоров қызды-қыздымен: «Жолдас Назарбаев, Тоқаев, СІМ кеткілеріңіз келе ме? Чемодандарыңызды алып, территоияны Верный – Алма-Ата және басқаларын беріңіздер де кетіңіздер! Олар айтады: «Бізде территория қалмайды ғой«. Оған біздің қандай қатысымыз бар?!» деп салған.

Никонов енді Федоров. Одан бұрын Лимонов, Жириновскийлер қазақ жеріне қатысты осы тектес сөздер айтып келеді. Қазақстанның ресми билігі Ресеймен арадағы қарым-қатынасты сақтағысы келе ме әлде Кремльден жасқана ма мұндай өрескел, елдің намысына тиетін әрі мемлекеттік территорияға қатысты негізсіз ұшқары пікір айтатын орыс депутаттарына қарсы батыл әрекет жасамай келеді. 

Федоров та, Никонов та дума депутаттары. Демек Қазақстанның территориясына қатысты мұндай әңгімелердің дума депутаттарының аузымен жиі айтылуының ар жағында Кремльдің көрінбейтін қолы тұрмағанына ешкім кепілдік бермейді. Демек, Қазақстанның ресми билігі Ресей тарапынан жасалып жатқан мұндай шабуылдарға түбегейлі тойтарыс беретін шақ келді.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.