02-08-22 |
480 рет қаралған
Медведев Қазақстанды орыстарға геноцид жасады деп айыптады.
Медведев Қазақстанды орыстарға геноцид жасады деп айыптады

Ресейдің бұрынғы президенті, РФ қауіпсіз кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Қазақстан орыстарға геноцид жасады деп айыптап, КСРО-ны қайта құру жөнінде мәлімдеді.

Экс-президенттің айыптау сипатындағы жазбасы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланды.

Ол өз жазбасында 1990 жылдардағы қателіктің орнын толтырып, Одақтан тараған елдерді қайта біріктіру қажеттігін айтты. Оған қоса алдағы уақытта ешқандай Тәуелсіздік мейрамын тойлау болмайтынын жеткізді.

Сонымен қатар ол Украина, Грузияның Ресей империясының арқасында ел болғанын атай келе, Қазақстан да қолдан жасалған мемлекет, деп атады.

«Тағы бір мысал, XVII ғасырда орыстар Солтүстік Қазақстаның иен жатқан жеріне көше бастады. Бұл аумақты орыстардың отарлауы үш ғасырға созылды. Ол жерде Сібір темір жолы тартылып, Столыпиндік аграрлық реформа жүрді. Совет одағы тарағанға дейін Солтүстік Қазақстан тұрғындарының 62,5% славяндар болды. Қазақстан қолдан жасалған мемлекет, бұрынғы орыс территориялары Гурьев, Семипалатинск, тіптен Алма-Ата 1924 жылға дейін Верный деп аталды. Қазақстанның қазіргі билігі республика ішінде түрлі этникалық топтарды көшіріп жатыр, бұл орыстарға жасалған геноцид. Ол жаққа орыстар бармайынша, ешқандай тәртіп орнамайды»,-деп жазды Медведев.

Айта кетейік, бұрынғы президенттің жазбасы көп ұзамай әлеуметтік желіден өшірілді. Дегенмен, көптеген журналистер мен қоғам белсенділері оның постын скриндеп үлгерді. Жазба Медведевтің ресми парақшасында жарияланған және оны әлдекімнің бұзып кіргені тұралы мәлімет тараған жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.