17-03-20 |
790 рет қаралған
Назарбаева: Арандатушылар – коронавирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз.
Назарбаева: Арандатушылар – коронавирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз

Сенат төрайымы Дариға Назарбаева коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады. Ол президенттің төтенше жағдай жариялағанын қажетті әрі уақытыла шара дей келіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресу ортақ мақсат дейді.

«Барлық мемлекеттік қызметтер, әкімдіктер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне барынша көмек пен қолдау көрсету қажет – олар осы аурумен күрестің алдыңғы қатарында, адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты.

Біз құқық қорғау органдарының әрекеттеріне және төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне  байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауымыз керек.

Мемлекеттік органдардың міндеті – пандемия және онымен күресу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпараттың барынша ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету.

Үрейлі көңіл күй, қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар – короновирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз.

Пандемиямен күресудегі біздің ортақ жетістігіміз, бірінші кезекте, бүкіл қоғамның, еліміздің барлық азаматтарының, біздердің, қазақстандықтардың жауапкершілік ұстанымына байланысты. Тыныштықты, тәртіпті, гигиенаны сақтау, оқшаулану, өзіңізге және жақын адамдарыңызға қамқорлық жасау – вируспен күресудің басты құралы.

Бүгін бәрімізге ынтымақтастық және өзара жауапкершілік пен көмек қажет.

Өзіңізді және жақын адамдарыңызды күтіңіздер.

Бәріміз бірге жеңеміз!» делінген Дариға Назарбаеваның мәлімдемесінде.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы деректер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам саны 27 жетті. Бүгін Астанада вирус 14 адамнан табылғаны хабарланды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.