24-09-20 |
400 рет қаралған
Праймеризге қатысушының дауы:»Өзіңіз де партия қатарында жүріп түк бітірмегеніңізді мойындағаныңыз».
Праймеризге қатысушының дауы:»Өзіңіз де партия қатарында жүріп түк бітірмегеніңізді мойындағаныңыз»
«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы  Мартөбе бастауыш партия ұйымынан праймеризге қатысушы Оразәлі Кенжебековтің әлеуметтік желілердегі «партиядан шығамын» деген бейнемәлімдемесіне қатысты фейсбуктағы парақшасында жауап берді.
«Біз мұны мұқият қарап шықтық. Бірақ ішінен іліп алар, шындыққа жанасар түк таппадық. Құрғақ қызыл сөз бен негізсіз эмоция ғана.
Өткенде партия хатшысы Арман Қырықбаев Шымкентке арнайы келіп, праймериз қатысушыларымен кездесу өткізгенде де негізсіз әңгіме өрбітіп, «біреулер келіп, біреулерді мәжбүрледі-мыс» дедіңіз. Оған тиісті дәйек келтіре алмай дүйім жұрттың алдында жер шұқып қалғаныңыз да есімізде. Таспаға жазылып алынған. Теледидарға берейік дегенде, Арман Оразбайұлы: «өзіміз деп айтқан болар, оны жариялап азаматтың сағын сындырмайық» деп тоқтау салып еді. Оған сол жерде болған 50 шақты адам куә.
Соңғы мәлімдемеңізде «партия игілігі үшін өз қалтамнан 15 миллиондай ақша жұмсадым, маска тіктірдім» депсіз. Мұны жасасаңыз, партияға емес, халық үшін істедіңіз. Осы үшін елдің алғысын алдыңыз. «Біреу бергенін айтады» дегендей, бұл сөзіңізге жол болсын.
Мұндай істі тек сіз ғана емес, бүкіл партия мүшелері атқарды. Қаншама азамат ел басына күн туған күрделі кезеңде жарғақ құлақтары жастыққа тимей, шыбын жандарын шүберекке түйіп, елге қызмет етті. Қолдарынан келген көмегін аямады. Олардың ешқайсысы оны бұлдап, міндет қылып отырған жоқ.
«Партия халықтың бір де бір мәселесін шешпеді» дегеніңіз де барып тұрған өтірік. Партия, ең алдымен – оның құрамындағы азаматтар. Сонда өзіңіз де партия қатарында жүріп түк бітірмегеніңізді мойындағаныңыз ғой. Екінші жағынан, өз ісіңіздің нәтижесіздігін айту арқылы партиялас әріптестеріңізге де күйе жағып отырсыз. Сіз осыны түсінесіз бе? Осы арқылы «Көрмес түйені де көрместің» керін келтіріп отырсың. Мұны сіз көрмесеңіз де халық көріп отыр. Халықтың қолдауына ие бола алмай отырғаныңызға да партия кінәлі ме?
«Праймериз әділетсіз өтіп жатыр, еңбегімді елемей мені сатып кетті» дегеніңіз не сөз? Праймериздің нәтижесін партия емес, халық, қарапайым сайлаушылар шешетінінен хабарыңыз жоқ па? Праймериз басталмай жатып бұлай байбалам салғаныңыз не? Сіздіңше, партия сізге бөле-жара назар аударып, айрықша жағдай жасауы қажет пе? Онда әділетсіздіктің нақ өзі осы болмай ма?! Жоқ, партия мұндай қадамға бармайды.
«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген. Ниет түзелмей, іс оңға баспайды. Бақай есеп ұзаққа апармайды. Сондықтан, дана Абай айтқандай, «пайда ойламай, ар ойлаңыз».
Қосымша ақпарат бере кетейін. Өздеріңізге мәлім былтыр партия қатарына тазарту жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде жарғылық талаптарға сай келмейтін, партия құндылықтарын дұрыс ұстанбайтын, партиямен байланысын үзген, қоғамдық белсенділігі мен жауапкершілігі төмен 250 мыңдай адам мүшеліктен шығарылды. Есесіне партияішілік іріктеу басталғаннан бері жаңадан 40 мыңнан астам азамат мүшелікке қабылданды. Бір адамның партиядан шыққанынан қатарымыз кеміп қалмайды. Одан ешнәрсе де өзгермейді. Партияның осылай тазарып тұрғаны да дұрыс.
Әрине, партияға кіру және одан шығу әрбір азаматтың өз еркі. Партия ешкімді мәжбүрлеп мүшелікке қабылдамайды және шығамын деген адамды ұстап тұрмайды.
Атойлап кіріп, орнымен шыға білу – бұл да азаматтықтың, көргенділіктің белгісі. Шығып бара жатып, есікті қатты серпіп жабу – көргенсіздіктің белгісі. Осыны ұмытпайық, ағайын!» деп айтылған партияның әлеуметік желідегі парақшасында.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.