Жаңа жылды жақсылығымен, тыныштығымен келсін деп тілейтін елміз. Өкінішке орай, доңыз жылының «аяғы» аса құт болмай келгенін қайтіп жасырамыз. Қаңтар Қарағандыдағы қаралы оқиғамен басталды. Жаңа жылдық кеште қазақтың қарадомалақ баласы армян ұлты өкілінің қолынан қаза тапты. Басқаның төбемізге шығып тайраңдағанына ашынған ел енді ғана сабасына түсе бастап еді.
Алайда, ақпан да ақыртып, алаш баласын қайта аһ ұртып келді. Бетіне қарап отырған ерке Елорданың тап іргесіндегі Көктал-1 елдімекенінде түн қараңғысында үй өртеніп, қалың ұйқыда жатқан бір отбасының бес баласы отқа оранды. Алды 13 жастағы, кішкентайы небәрі 3 айлық бес қыз-қызғалдақ жалынға күйді. Қазақ даласын теңселтіп кеткен оқиғаның желісін тәптіштемей-ақ қоялық. Онсыз да бәріне аян.
Айтпағымыз, халық қара жамылған отбасының жанынан табылып, қайғысын бөлісе білді. Оған ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі сан мыңдаған жазба, жоқтау өлең дәлел. Тіпті, бақилық болған бес қыздың анасы Ситер Жанымгүлге тиесілі банктік есепшотқа ел қаржысын аударып жатыр. Иә, ол ақша бес бүлдіршінді қайтара алмайды. Бірақ, артында қалған тірінің тіршілігі үшін керек. Отбасының төрт бірдей несиесі бар екен, банктердің бірі азалы үйдің кредитін «кешіріпті». Банктің бұдан бүйірі қабысып қалмасы анық, есесіне қаралы жандарға ол да көмек және кредитсіз күн көре алмайтын елдің алдында осы арқылы кішкене болсын беделін көтеріп алды.
Билік ше?! «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» демекші, осы тұста кішкене тосылып қаламыз. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні болған қаралы оқиғаға сейсенбі күні барып Үкімет үн қатты. Республиканың шалғай бір қиырында емес, Астананың түбінде, иегінің астында болған жайтқа сейсенбіде барып көңіл айтқанын, көңіл айтқанда да жеңіл айтқанын қайтерсіз. Үкімет басшысы Б.Сағынтаев үйлердегі өрт қауіпсіздігін тексеретін «төтеншеліктерге» тексере барған үйден ақша сұрайсыңдар да, босағасынан қайтасыңдар, «олай етпесеңдер, бұлай болмас еді» деп «сес» көрсетті. Басқаны қайдам, өзімізге Сағынтаев бір үйдің бес баласы емес, біреудің қорасындағы бес қойы өртеніп кеткен оқиғаға қатысты айтып жатқандай әсер қалдырды. Әйтеуір, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бақилық болған бес қыздың анасы цехқа түнгі ауысымға жұмысқа кетіп, балаларын «қараусыз» қалдырғаны үшін жазаланбайтынын айтты. Адамды жазалайтын жағдай емес деді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жалмағанбетова «көп балалы ананың түнгі ауысымда жұмыс істеуі – өз таңдауы» екенін айтып, елдің ашуына тиді. «Самарқанда апам бар, бұдан да өткен сорақы» демекші, осыдан бірнеше күн бұрын 16 мың теңге жәрдемақыны көп балалы аналар үшін көпсініп, жұрттың жағасын ұстатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың өзі болса мүлдем жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайына жауапты министр ауырып қалыпты-мыс. Ал, қаралы оқиғадан соң қатты ашынған қоғам оның біржола отставкаға кетуін талап етіп отыр. Мәжіліс депутаты В.Косарев болса, адам үш айлық баланы қалай ғана үйінде қалдырып түнде жұмысқа шығатынын «түсіне» алмай дал. Астана қаласының әкімдігіне келсек, азалы ата-анаға уақытша баспана беретінін мәлімдеді. Астанамыз түбіне жарығы түспейтін шам іспетті болды ғой. Әйтпесе, мұрнының астындағы қара жамылған отбасыға барып көңіл айтса да, биліктің қай сатысы болсын, одан кеміп қалмас еді. Оған енді аяқтары жетпеді. Тек, осындай мәлімдемелері ғана жетіп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлері бір күндік жалақысын аудармақ.
Иә, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, қағанағы қарқ болса көп балалы ана түн жамылып жұмысқа жегіліп несі бар. Тұрақты тұрмақ, уақытша баспана берілу үшін бес бала құрбан болуы керек пе?!
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Астанадағы бес баланың өлімі сұмдық трагикалық оқиға. Мұндайда мемлекет қайраткерлері қара жамылған отбасыға барып көңіл сұрауы, осындайда билік халықпен бірге екенін көрсетуі, «билік қарапайым адамның қайғысына ортақтасып келіп тұр, біз бұл елге бөтен емеспіз» дегенді білдіретін батыл қадам жасауы тура осы жерде керек еді.
Алайда, өкінішке орай, бізде ондай реакция бірер аптадан кейін болады. Тұтас елді толқытқан осындай оқиғалар болған кезде билік, Президент әкімшілігі ең бірінші қажетті шараларды жылдам қабылдауы керек қой. Керісінше, бізде соңынан барып «оянып» жатады. Жаңа жылда Қарағандыда болған оқиға соның бір мысалы. Билік сондайда қарапайым, адами әрекеттер жасауды білмейді. «Біз тек мемлекеттік істермен айналысамыз, оның бізге қатысы жоқ» дегендей сыңай танытпауы тиіс. Саяси резонанс, әлеуметтік толқыныс тудырған оқиғаларға Елбасының өзі барып көңіл айтса да, артықтық етпейді.
Халықтың басындағы қайғыға адами, жылы қарым-қатынас танытып, билік оперативті түрде ортақтаса білуі керек.
Астанадағы оқиғаға байланысты қоғам Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың орнынан кетуін талап етіп жатыр. Негізі, бұл бірінші кезекте министрдің өзі көтеруі тиіс бастама. Мәселен, Батыс елдерінде осындай бір жағдай болса, министрлері өзіне тікелей қатысы болмаса да отставкаға өз еріктерімен кетіп, абыройларын сақтамақ түгілі, ел алдында өсіреді. Иә, ол да пиар-акция. Бірақ, ол саясаткердің ұяттылығын, саяси сауаттылығын, көрегенділігін көрсетеді. Ал, бізде Елбасы қумаса, орнынан кеткісі келмейді. Әрине, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тікелей кінәлі емес. Алайда, отставкаға кету не кетпеуі ұятына байланысты. Егер, бұл жағдайдан кейін менің министр болып отыруыма моральдық, саяси жауапкершілігім жібермейді деп кететінін мәлімдесе, ел, керісінше «мұның тікелей кінәсі жоқ қой» деп саяси тұрғыда араша түсуі де мүмкін. Бірақ, бізде ондай саяси мәдениет жоқ. Дегенмен, керек. Бұл мәдениет демократиясы дамыған халықтарда ғана болады.
Бұл бір отбасының қайғысы болғанымен, себепсіз емес. Бірнеше себептері бар. Елдегі шешілмеген экономикалық, әлеуметтік келеңсіздіктердің тікелей болмаса да, жанама әсері бар. Мұндай жағдай ертең тағы бір жерде қайталануы ғажап емес. Сондықтан, белгілі бір нақты, кешенді шаралар жасалуы керек.
Айбар САҚ
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024