14-12-21 |
450 рет қаралған
Адамдарға жақсылық жасау-абыройлы іс.
Адамдарға жақсылық жасау-абыройлы іс

Ақтөбе станциясындағы желілік полиция  бөлімі қызмет ету аймағында Мұғалжар ауданындағы Ақкемір станциясынан бастап Мәртөк ауданындағы Жайсан станциясына дейін ұзындығы 194 шақырымды алып жатқан жол телімінде қызмет етеді.  Еліміздің батысындағы ең үлкен қалалардың бірі Ақтөбе қаласындағы теміржол және әуе нысандарындағы қоғамдық тәртіппен атқарылып жатқан жұмыстарды бөлім басшысы полиция подполковнигі Айбек Адайханұлы  Бекжанов саралап берді.

Бөлімнің  құрылу тарихына және қызмет көрсету аймағына тоқталсаңыз?

-Көліктегі полиция департаментіне қарасты  – Ақтөбе станциясындағы  желілік полиция бөлімі- Қазақстанда ең бірінші болып 1918 жылы құрылған желілік полиция бөлімдерінің бірі және қазіргі таңда қызмет көрсету аймағында 10 станция, 9 разъезд орналасқан, сонымен қатар, 8 вокзал және 1 халықаралық әуежай бар. Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің жедел бағыныста Жайсан станциясы мен Әлия Молдағұлова атындағы  халықаралық  әуежайындағы  желілік  полиция   бөлімшелері  бар.

-Қазіргі таңда халыққа жақын полиция сервистік моделі ішкі істер жүйесінде кешенді түрде  енгізілуде. Бөлім басшысы  ретінде пікіріңіз?

-«Полицияның сервистік моделі» жаңа жұмыс форматына енгізілді, көлік полицейлері күнделікті сан мыңдаған жолаушылар ағымымен жұмыс жасайды.  Біздің қызмет әр санаттағы құқық бұзушылықтарды алдын алуға, қоғамдық  тәртіпті сақтауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция қызметкерлері қызметке асқан жауапкершілікпен және біліктіліктің жоғары деңгейінде болу қажет деп ойлаймын. Халықпен тиімді кері байланыс орнату  ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару сыңды мәселелер негізгі басымдықтар санатына енді. Мәселен.  Қазақстанға 1997 жылы тұрақты тұруға көшіп келген 57 жастағы Таджинисо Махмуджанқызы  Шарипова  жеке басын куәландыратын құжаттың болмауынан  өмірдің  қиын жағдайына түскенін айтып, бізден көмек сұраған болатын.  Мен бірден, көші қон  тобының қызметкерлеріне бұл жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырдым, нәтижесінде   Тәжікстан Республикасына құзырлы органдарымен келіссөздер жүргізіліп  24 жыл бойы құжатсыз жүрген  азаматшаның  мәселесін шешуге септігін тигіздік.  Қуаныштан жасын тия алмаған Таджинисо Махмуджанқызы  Шариповаға төлқұжаты табысталды. Ол өз алғысын  бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білдірген болатын. Халықтың алғысы-бізге әрі қарай   жақсылықты істерді жасауға ықпал етеді.

Биылғы қызметтегі көрсеткіштерге  және қызмет барысында ерекше орын алған жағдайлар туралы  айтсаңыз?

     Осы жылдың 11 айында  Ақтөбе  станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында барлығы 109 қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген,  оның ішінде 43 қылмыс және 66 қылмыстық теріс қылықтар. Олардың  жалпы ашылуы  100%-ды құрап отыр. Ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру тапсырмасы  аясында жыл басынан бері көлік полицейлері 3076  құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

     Қызмет барысында орын алған ерекше жағдай туралы айтар болсам, 2019 жылғы 17 ақпан күні кешкі жергілікті уақытпен сағат 18-35-те Ақтөбе станциясының темір жол перронында рейдтік іс – шара жүргізу барысында патрульдік полиция тобының полицейі полиция кіші сержанты Шыңғыс Ақылбекұлы Қамбарбеков Ақтөбе станциясының темір жол вокзалының өтпелі көпірінде өзіне-өзі қол жұмсағысы, сол көпірден секіргелі тұрған  бір қызды көреді. Теміржол перроны аумағын тексеру кезінде  теміржол вокзалының өтпелі көпірінен секірейін деп тұрған қыз баланы байқап қалады. Оқиға орнына тез арада келіп үлгерген полиция қызметкерлерінің әрекеттері қыз баланың өмірін сақтап қалуға сеп болды.  

        Полиция қызметкерлерінің бірден ден қою нәтижесінде  1997 жылы туған азаматша аман қалды.  

           

Теміржол көлігі арқылы есірткі арналарына тосқауыл қою мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

       Ағымдағы жылдың тамыз айында Ақтөбе  қаласына Оңтүстік аймақтардан тасымалданған ірі көлемдегі  есірткі өнімдері арнасының жолы кесілді Бөлімнің қызметкерлерімен жедел іздестіру шараларын өткізу кезінде Ақтөбе қаласына еліміздің Оңтүстік өңірлерінен есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқан  34 жастағы азамат анықталып, ұсталды. Тұрғылықты жерін тексеру барысында 115  поэтилен пакеттеріне оралған өсімдік тектес  заттар анықталып, тәркіленді. Сараптама  нәтижесі көрсеткендей, тәркіленген заттар жалпы салмағы 4 кг 704 грамм  «кептірілген марихуана» екендігі расталды. Аталған дерек бойынша  ҚР ҚК-нің 297 бабының 3 бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта  өндеу,  иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.

Есептік мерзім ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты  43 дерек анықталып, заңсыз есірткі айналымынан  4 килограмм  900 граммнан  астам түрлі есірткі заттары тәркіленіп алынды.

-16 желтоқсан Тәуелсіздігімідің 30 жылдығы мереке қарсаңында  тілегіңіз?

    Мерейлі мереке қарсаңында ІІО-ның ардагерлерін және барша әріптестерімді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттық­тай­мын. Тәуелсіз еліміздің күн санап  көркейіп , мәңгілік ел болуына  тілектестігімді білдіремін. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.